БАЯНДЫ БОЛСЫН БАС ҚАЛА!

ЕЛОРДАНЫ КӨШІРУ ЖӘНЕ АСТАНА ҚҰРЫЛЫСЫ

2 бөлім. 2.БАЯНДЫ БОЛСЫН БАС ҚАЛА!

Жаңа астананың қажеттілігі: көңіл түкпіріндегі көрікті ой



Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ

Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі.

нұрсұлтан назарбаев

«Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді. Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асты. Астана туралы мәселені кейінге қалдыруға болмайтын еді. Көп созбай, жаңаны ескінің құндағынан «аршып алып», тәуелсіз Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесін жасау қажет болды»

Н.Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша астана болуға лайық қалалар сарапқа салынды. Үміткер қаланың географиялық жағдайы да, табиғаты мен климаты да, әлеуметтік-экономикалық, әскери-стратегиялық, көлік және инженерлік инфрақұрылым, құрылыстық, демографиялық, ғылыми және мәдени даму мүмкіндіктері де астанаға қойылатын талаптарға сай келуі тиіс еді. 

Қазақстанның солтүстігінде және оңтүстігінде экономикалық жағынан қуатты екі бірдей даму орталығын құрса қалай болады? Тұңғыш Президент осының бәрін ой сарабына салып, екшейді

Кеңес өкіметі кезінде Ақмола – құрамына Қазақстанның бес облысы кірген тың өлкесінің орталығы еді. Сондықтан қалада өлке орталығы болған кезден қалған ғимараттар да аз емес-ті. Бұларға көшіп келген республикалық министрліктер мен ведомстволарды уақытша орналастыруға болатын.

Сол кезде көлік инфрақұрылымының да үлкен маңызы бар еді.

Ақмолада республика аймақтарын және көршілес мемлекеттердің шекаралас өңірлерін байланыстыратын ірі темір жол торабы тоғысатын. Қазақстандағы негізгі қатынас құралы темір жол болғандықтан, жаңа астананы таңдаған кезде қаланың осы артықшылығына айрықша көңіл бөлінді. 

Сонымен қатар экологиялық фактордың да рөлі аз болған жоқ. 


Ақмола зілзаладан қауіпсіз аймақта орналасқан еді.

Жер ресурстарының байлығы, сулы-нулы өзендерінің болуы, Бурабай курортты аймағының жақындығы қала төңірегінде қолайлы микроклимат қалыптастыратын экологиялық жасыл белдеу құруға мүмкіндік туғызатын. Ескі қала маңындағы бос жатқан жерлерде керемет әсем сәулеттік жобаларды іске асыруға емін-еркін, батыл кірісуге болар еді.

НұРСұЛТАН НАЗАРБАЕВ

«Астананы жаңа жерге көшіру елдің саяси-әкімшілік элитасын да жаңғыр тып-жаңартуы тиіс болатын. Билікке ескі сүрлеуді шиырлай бергісі келмейтін жаңа саяси күштердің қосылуы республикадағы мемлекеттік және әкімшілік басқару жүйесінің дамуына тың серпіліс әкелері анық еді»


Әлеуметтік-демографиялық факторлар да жете ескерілді

Қазақстанда ішкі және сыртқы көші-қон жүріп жатқан кез болатын. Оңтүстік аймақтардағы артық еңбек ресурстарын орталық және солтүстік аймақтарға бағыттау қажет еді. 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы қарқынды ішкі көші-қон осы арадан басталды.

1990-шы жылдардың басында жаңа астана жобасының келешегі зор, ерекше батыл жоба екенін айтып, әділ бағасын бергендер аз болды. Бір қарағанда тосын жаңалық сияқты көрінетін мұндай тың бастаманың келешегі кемел екенін ұғыну үшін ой алғырлығы, республика жағдайын терең зерделей алатын білім-білік пен пайым-парасат қажет еді. Мұндайда алысты болжай білетін ішкі түйсік те, қиядағыны көре білетін қырағылық та, сондай-ақ саяси және әкімшілік қызмет мектебінің тәжірибесі де керек.  

ЧАСТЬ II.2 НОВОЙ СТОЛИЦЕ БЫТЬ!

Астананы көшіру: күмән, тәуекел, сенім



Елорданы Алматыдан қазіргі Астанаға көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болды

Жаңа астананың бой көтеруі – еліміздің жедел дамуына жол ашар жақсылықтың басы сияқты көрінеді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Жарлық – жаңа астананың мәртебесін биіктетер игі істердің басы болды. Көпшілік күтпеген бұл шешім Ақмоланы қайта салу қызу жүріп жатқан кезінде, 1996 жылдың мамырында қабылданды.

Астананың экономикалық рөлі күшеюінің маңызы ерекше болды

1996 жылы Ақмолада арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Астанаға инвестиция тартуға соның көп ықпалы болды.

Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен дамыды. Қала құрылысы жобаларына Түркиядан, Израильден, Италиядан және басқа көптеген елдерден келген инвесторлар белсене қатысты. Қазақстан компаниялары айрықша белсенділік көрсетті.

нұрсұлтан назарбаев

«Жаңа бастамаға сенімсіздік танытып, сары уайымға салынатындар аз емес екенін білсем де, Астананы көшіру туралы шешімге келдім. Сол шешімімді кейінге қалдырғым келмеді. Мемлекетіміз, қоғамымыз және экономикамыз үшін стратегиялық мәні бар шешімді кейінге қалдырғым келмеді. 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес алдына астананы көшіру туралы мәселені төтесінен қойдым. Астананы Алматыдан – республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру қажеттігін логикалық тұрғыдан дәлелдеп, мұндай шешімге негіз болған нақты себептерді ашып көрсетуге арналған Парламент сессиясының пленарлық мәжілісіндегі сөйлеген сөзімді осы күнге дейін ұмытпаймын. Мінберге шықтым. Ішкі толқынысымды басып, сәл кідірдім де, өз ойымды дәлелдеуге көштім».

Елбасының астананы ауыстыру туралы бастамасын депутаттар ду қол шапалақпен қарсы ала қойған жоқ. Дағдарыс жағдайында осындай орасан зор жобаны қолға алудың қаншалықты қажеті бар? Парламент мүшелерін мазалаған сұрақ осы еді. Көпшілігі мұны құрғақ қиял деп білді. Ал таяз ойлайтын кейбіреулердің ойынша, астананы ауыстыру мемлекет мүддесінен емес, менің себебі өздеріне ғана белгілі жеке қалауым екен. Қысқасы, дәл сол сәтте осы батыл бастаманы көп ешкім қолдай қойған жоқ

Республикалық органдарды Алматыдан Ақмолаға көшіру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды

Үкімет қаладағы жаңа нысандарды салуға қатысатын инвесторлар үшін жеңілдіктер бағдарламасын жасауға нұсқау алды. Бюджеттен тыс қаражаттарды жинақтау үшін арнайы «Жаңа астана» қоры құрылды. 

 Елімізге оңай соқпаған 1996 және 1997 жылдарда істің басы-қасында болып, нақты шешімдер қабылдау үшін және қарқыны күннен-күнге үдеп келе жатқан жұмыс барысын бақылау үшін Нұрсұлтан Назарбаев өзі Ақмолаға келеді. 

Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыстары қатысты

Астана көші басталар тұста әр аймақ мемлекеттік орган қызметкерлерінің отбасылары үшін көп пәтерлі екі үй салып беруді міндетіне алды. Бұл үйлердің тұрғындары кейін осы үйлерді «Алматының үйі», «Қарағандының үйі», «Қостанайдың үйі» деп атап кетті. Жаңа астанада сәулетшілердің, инженерлердің, прорабтардың, құрылысшылардың, көші-қон жұмысын ұйымдастырушылардың ерен еңбегінің іздері бар.

1997 жылдың 20 қазанында оқиға барысын жеделдету үшін «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулы мәтінін Президент ауызша айтып жазғызады және дәл сол күні осы қаулыға қол қояды.

Бұл қаулы «Қазақстан-2030» Жолдауын жария еткеннен кейін тура 10 күн өткен соң қабылданды. Мұның да символдық мәні бар болса керек.

Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды.

нұрсұлтан назарбаев

«Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы билік органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы екені жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады»

Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды.

Бір күннен кейін,1997 жылдың 12 желтоқсанында, жаңа астанада бірқатар ел басшыларының – С. Демирел (Түркия), И. Каримов (Өзбекстан), А. Акаев (Қырғызстан), Э. Рахмонның (Тәжікстан) қатысуымен жоғары деңгейдегі бірінші халықаралық кездесу өтті. 

Сол жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойылды

Астана деген жаңа атау қаланың мемлекеттік деңгейдегі бас ты қызметін дәл бейнелеп тұр

Тарихи сабақтастықты сақтау үшін Ақмола облысының атауын бұрынғыша қалдыру жөнінде шешімге келдік. 

1998 жылдың 10 маусымында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсім мерекелік той-думанға ұласты. Айтулы оқиға еліміздің барша халқының, сондай-ақ шетел жұртшылығының назарында болды. 






©️ 07.07.2020 «ҚазАқпарат» ХАА