Тарихи әділеттілік салтанаты

Тәуелсіздікті жариялау және егемен мемлекет құру стратегиясы

I бөлім. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Күні батқан КСРО және Қазақстан



1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басында КСРО аса қиын жүйелік дағдарыстарды бастан кешіп жатты. Мемлекеттің соңғы басшысы, қайта құрудың сәулетшісі Михаил Горбачевқа мұраға қалған көнерген және қабілетсіз кеңестік мемлекеттік машина сыр бере бастаған еді. КСРО ауыр да жүйелі дағдарысты бастан кешіп жатты. Негізінен ол жаңа билік шамасы жетпеген бағзы ішкі проблемалардан туындады, ал қолайсыз сыртқы факторлар бұл құбылысты күшейте түсті.

Өнеркәсіп өндірісі күрт қысқарып, ұзаққа созылған шахтерлер ереуілінен кейін көмір өндіру айтарлықтай азайып, елдегі мұнай өндірісі апатты деңгейге дейін төмендеді. 


Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандауы экономикалық ахуалды одан әрі қиындата түсті. 1990 жылы төлем балансының керіс сальдосы 17 миллиард доллардан асты. Елдің валюта резерві сарқылып, ол шетелдік несиелер есебінен ғана өмір сүріп жатты. Шетелдік әріптестер кеңес басшылығына өтелмеген борыштары туралы жиі ескерте бастаған, сондай-ақ әлемде Кеңес Одағының көп ұзамай банкротқа ұшырайтынына сенімділердің қатары да көбейе түскен кез еді.

Мемлекет бюджет тапшылығын жабу үшін баспа станогын бар қуатымен іске қосуға мәжбүр болды және сол арқылы айналымдағы қаржы массасын көбейтіп, ақыры оны бақылай алмай қалды.

РУБЛЬ ҚҰНСЫЗДАНЫП, ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІ БОС ЖАТТЫ, КӨПТЕГЕН АЙМАҚТАРДА НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАЛОНМЕН БЕРІЛЕ БАСТАДЫ, АЛАЙДА ҰЗЫН-СОНАР АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЗЕГІНЕН ОЛ ДА ҚҰТҚАРА АЛМАЙТЫН. АЛЫП ЕЛГЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚАТЕРІ ТӨНДІ.

Осының бәрі – әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеліп соқты. Оның үстіне құйылған заңсыз қаржы ағымымен күшейген көлеңкелі экономика жаңадан пайда болған бизнесті тұншықтыруға ұмтылған ұйымдасқан қылмыс қатарын көбейте түскен еді.
 

Сонымен бірге идеология да күйреп жатты. Коммунистік партияның беделі төмендеп, ол басшылық рөлінен толықтай айырылды. Ұлтаралық қатынастар шиеленісе түсті, республикаларда тәртіпсіздіктер туындап, дүрдараздық қантөгіс пен соғыстарға ұласты, жүздеген мың адам босқынға айналды. 1987 жылы Таулы Қарабахтағы әзербайжан мен армян халқының арасындағы жанжал басталып, арты соғысқа ұласты. Басқа аймақтарда да ұлтаралық қақтығыстар болып жатты.

1990-ШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНАН БАСТАП РЕСПУБЛИКАЛАРДА КСРО ҚҰРАМЫНАН ШЫҒЫП, ТӘУЕЛСІЗДІК АЛУҒА ҰМТЫЛҒАН САЯСИ ҚОЗҒАЛЫСТАР ПАЙДА БОЛДЫ

Кеңестік басшылықтың күш қолдануға тырысқан әрекеттері кері нәтиже берді: қарсылық күшейіп, тіпті бұқаралық сипат ала бастады. 1991 жылдың көктемінде он бес республиканың алтауы Кеңес Одағын сақтап қалу қажеттігі туралы бүкілодақтық референдумға қатысудан бас тартты.

«Одақ басшылығының тактикалық қателіктерін талдаған, біз КСРО-да болған оқиғалардан маңызды сабақ алдық. Сол сабақтар Қазақстанның алдынан шыққан көптеген қиындықтарды жеңуімізге көмектесті. Ол кездегі республика өнеркәсібінің дені (93 проценті) орталыққа бағынышты болды».

Осынау күйреудің қатерлі салдары да көп күттірген жоқ. 1989 жылдың 19 маусымында қарағандылық шахтерлер ереуілге шықты. Олардың әрекеті аймақтың экономикасын толықтай құлдыратты. Ереуіл толқыны одан әрі өрістесе, Қазақстанды не күтіп тұрғанын көзге елестетудің өзі қорқынышты еді. Өздерінің жеке мақсаттары мен мүдделері үшін қазақстандықтардың санасын қасақана улап, кешегі бейбіт көршілер арасында этностық және діни алауыздық тудырған саясаткерсымақтар отқа май құя түсті.

Қазақстанда қоғамдық жікке бөліну қатері төнді. Орталық республика басшылығына тағайындаған Г. Колбин бұл қатердің алдын алуға дәрменсіз екені түсінікті болды. Ол апатты процестерді тоқтататындай көшбасшы болмақ түгілі, сауатты басшы да емес болатын. Түбегейлі саяси өзгерістердің уақыты келді.

«1989 жылдың мамыр айында мен КСРО халық депутаттарының І съезінің мінберінен елдің мүшкіл жағдайы одақтық биліктің көп жылдық тиімсіз саясатының салдары екенін ашық мәлімдедім»

1989 жылы 22 маусымда өткен коммунистік партияның Орталық Комитетінің Пленумында Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды.

САЙЛАНҒАННАН КЕЙІН БІРНЕШЕ КҮН ӨТКЕН СОҢ ОРТАЛЫҚТЫҢ ӨТІНІШІМЕН НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚҚАН ШАХТЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Шахтерлердің бірінші кезектегі қажеттіліктері қанағаттандырылды. Мұндай келіссөздер Қарағанды облысындағы барлық шахтер қалашықтарында – Шахтинскіде, Саранда, Абайда жүргізілді. Көп ұзамай ең өткір мәселелер шешілді де, қарағандылықтар ереуілді тоқтатты. Бұл кезде КСРО-ның басқа көмір өндіруші аймақтарындағы жаппай толқулар одан әрі жалғасып, күшейген үстіне күшейе түскен болатын.


1990 ЖЫЛДЫҢ 24 СӘУІРІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІ ҚАЗАҚ КСР-інің ПРЕЗИДЕНТІ МӘРТЕБЕСІН БЕКІТТІ


"Тек атқарушы және заңнамалық билік тармақтарының ерік-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын президенттік билік қана бүкіл мемлекеттік механизмнің тиімді қызметін қамтамасыз етіп, экономикадағы қатаң орталықтандырудан арылып, республика мен оның азаматтарының мүдделерін қорғай алатын еді", - Нұрсұлтан Назарбаев

I БӨЛІМ. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Тәуелсіздік жолында



1990 ЖЫЛЫ 25 ҚАЗАНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІ «ҚАЗАҚ КСР-ІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІГІ ТУРАЛЫ» ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАП, РЕСПУБЛИКА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАҢДАРЫНЫҢ ПӘРМЕНДІЛІГІН МӘЛІМДЕДІ. ҚАЗАҚСТАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ СУБЪЕКТІСІ, АЛ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ – МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ БІРДЕН-БІР ҚАЙНАР КӨЗІ ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ.

Шынтуайтына келгенде, декларация құқықтық емес, саяси құжат болды. Оның ережелерінің ешқандай заңдық күші болған жоқ. Қазақстанның егемендігіне тек конституциялық акт ғана заңды негіз бола алатын еді. Десе де, декларацияның баға жетпес символдық мәні бар болатын, ол бізге тәуелсіздікке бастайтын жолды ашып берді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕРБЕСТІККЕ ЖЕТУІН МАҚСАТ ЕТЕ ОТЫРЫП, НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ КСРО-ДАН БӨЛІНУГЕ АСЫҚПАДЫ ӘРІ ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКАЛАР АРАСЫНДА ОНДАҒАН ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТЫ БІРДЕН ҮЗУ ЖОСПАРЫНА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ЖАСАДЫ.

Энергожүйелер, темір және автомобиль жолдарының тораптары, алып Одақтың әр қиырындағы бір-біріне тәуелді кәсіпорындар – осының бәрінің кеңес үкіметі жылдарында өзара байланғаны соншалық, олардың қатынасын бірден үзудің зардабы орасан болар еді. Оның үстіне бірде-бір республика қысқа мерзімнің ішінде өзінің әскери қауіпсіздігі мәселесін шеше алмайтын.

 «Жаңа Одақтық келісімнің жобасын қолдағанда мен осындай дәйектерді басшылыққа алдым. Жоба қабылданған жағдайда, КСРО – Тәуелсіз Мемлекеттер Одағы (ТМО) болып қайта құрылар еді. Бұрынғы кеңестік республикалар экономикалық дербестікке қол жеткізіп, өздерінің саяси өкілеттілігін айтарлықтай кеңейтетін, ал жалпыодақтық орталық бірыңғай сыртқы саясат пен ортақ қауіпсіздікке жауап беретін еді», - Нұрсұлтан Назарбаев

БАРЛЫҚ ЖАРЫЛЫСТАРДЫҢ ҚУАТЫ

2500 есе күшті болды

Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан

 

1991 ЖЫЛҒЫ 29 ТАМЫЗ

ҚАЗАҚ КСР ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ ЖАБЫЛДЫ

Егемен Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік актісі бүкіл планетаға біздің еліміздің ядролық қатерден азат, бейбіт өмірге ұмтылысын паш етті

456 ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ жасалған

1949 жылдан 1989 жылға дейін полигонда

1,5 МИЛЛИОННАН АСТАМ АДАМ зардап шеккен

Түрлі есептер бойынша полигондағы сынақтардан


КЕҢЕС ОДАҒЫНДА «СЫНАҚТАР АЛАҢЫ» РӨЛІН СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ АТҚАРДЫ. АЛҒАШҚЫ СЫНАҚТАР БҰЛ ЖЕРДЕ 1949 ЖЫЛЫ 18,5 МЫҢ ШАРШЫ ШАҚЫРЫМ АЛАҢДА БАСТАЛДЫ.

1989 жылғы ақпанда Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысы құрылды»
 

1991 ЖЫЛҒЫ 2 ҚАЗАН

Күллі әлемнің көз алдында өзінің жарқын болашағына сенімі нық жаңа мемлекет құрылды, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылы 2 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан кеңестік-австриялық экипаж құрамында ғарышқа самғауы осы сенімнің символына айналды.

«СОЮЗ ТМ-13» ҒАРЫШ КЕМЕСІНІҢ КӨК ЖҮЗІНЕ АТТАНУЫ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ОҚИҒАҒА АЙНАЛДЫ ӘРІ КЕҢЕСТІК КОСМОНАВТИКА ТАРИХЫНА НҮКТЕ ҚОЙДЫ.

АДАМЗАТТЫ ҒАРЫШ КӨГІНЕ АЛҒАШҚЫ БОЛЫП АТТАНДЫРҒАН ЕЛДІҢ ТАРИХЫ ОСЫДАН ЕКІ АЙ ӨТКЕННЕН КЕЙІН БІРЖОЛА АЯҚТАЛДЫ. 1991 ЖЫЛЫ 8 ЖЕЛТОҚСАНДА БЕЛОВЕЖЬЕ ОРМАНЫНДА РЕСЕЙ, УКРАИНА МЕН БЕЛАРУСЬ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ӨМІР СҮРУІН ТОҚТАТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ.
 

I БӨЛІМ. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы




ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ 1991 ЖЫЛЫ 1 ЖЕЛТОҚСАНДА ӨТТІ


"Сайлаушылармен кездескенде проблемалардан қашқақтауға тырысқан жоқпын, популистік уәделер де бермедім, керісінше адамдармен ашық әңгімелестім. Сайлаушыларыма елді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, одан қалайда өту керектігін, себебі тәуелсіздік пен игілікке жетудің ептеп айналып өтетін басқа жолы жоқтығын түсіндірдім", - Нұрсұлтан Назарбаев

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

"БІЗ ДЕРБЕС ӨМІР СҮРЕТІН ЖАҒДАЙДАМЫЗ"  

" Жаңа сайлау егемендік ұғымына шынайы және көңілге қонымды мазмұн беруге, Қазақстанның халықаралық беделін көтеруге және Президент лауазымына кім сайланса да оған аса күрделі жағдайда батыл әрекеттер жасау мандатын беруге тиіс еді. Ол қалайда алға басуға шешім қабылдаған елдің айналып өтуі мүмкін емес, қатаң, ауыр әрі қиын қадамдар жасауға тиіс болды"


" Сайлау учаскелеріне 8 681 276 адам келді. 98,8 процент дауыс алған сәтте мен елдің Президентін ғана емес, болашаққа баратын жолын таңдап, менің маңайыма ұйысқан еліммен бірге айтып тіл жетпейтін тұтастықты сезіндім"

I БӨЛІМ. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Тәуелсіздікті жариялау. Әлем назары Қазақстанда



1991 ЖЫЛҒЫ 16 ЖЕЛТОҚСАНДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІГІ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ.


ӘЛЕМНІҢ САЯСИ КАРТАСЫНДА ЖАҢА ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАЙДА БОЛДЫ

Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

" ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ТЕК РЕСМИ БЕКІТІЛГЕН МЕРЕКЕЛІК ДАТА ҒАНА БОЛУҒА ТИІСТІ ЕМЕС. БҰЛ КҮННІҢ ОДАН АНАҒҰРЛЫМ МАҢЫЗЫ ҮЛКЕН МАЗМҰНЫ БАР. ОЛ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСТІҢ НҮКТЕСІН ҚОЮМЕН БІРГЕ, ОНЫҢ БАСТАЛҒАН КҮНІ ДЕ БОЛДЫ. БҮГІН ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОНЫ ӨЗІНІҢ ЖЕКЕ ТӘУЕЛСІЗДІГІ МЕН ТАБЫСТЫ КҮНІ ЕСЕБІНДЕ МЕРЕКЕЛЕЙ АЛАДЫ "



ӘЛЕМ ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА МҰҚИЯТ ЗЕР САЛДЫ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАШҚЫ БОЛЫП ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫ МОЙЫНДАДЫ. ОҚИҒА ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАННАН КЕЙІН БІРНЕШЕ САҒАТ ӨТКЕНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТҮРКІ ЫНТЫМАҒЫНЫҢ МҰНДАЙ КӨРІНІСІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ. КЕЛЕСІ 11 ЖЕЛТОҚСАН КҮНІ ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ, 25 ЖЕЛТОҚСАНДА АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ МОЙЫНДАДЫ. 1992 ЖЫЛДЫҢ 3 ҚАҢТАРЫНДА БҰЛ ҰЛЫ ДЕРЖАВАЛАРҒА – ҚЫТАЙ, АЛ ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ТАҒЫ 102 МЕМЛЕКЕТ ҚОСЫЛДЫ.


1993 ЖЫЛДЫҢ 2 НАУРЫЗЫНДА БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ПЛЕНАРЛЫҚ МӘЖІЛІСІНДЕ ҚАЗАҚСТАН БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНА ҚАБЫЛДАНЫП, ӘЛЕМДІК ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ МҮШЕСІНЕ АЙНАЛДЫ.


I БӨЛІМ. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Саяси бағдар: Егемен мемлекет стратегиясы



ЖАС МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАҢА САЯСИ БАҒЫТЫН АЛҒАШ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН 1992 ЖЫЛҒЫ СТРАТЕГИЯ ОДАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ІРГЕТАСЫНА АЙНАЛДЫ.

СОЛ ҚҰЖАТТА КӨРСЕТІЛГЕН КӨПТЕГЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР, ОДАН КЕЙІН ГІ ЭКОНОМИКА МЕН САЯСАТТАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БЕТБҰРЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСҚАН КЕЗЕҢДЕ, ТОЛЫҚ МӘНІНДЕ ДАМЫТЫЛДЫ. 


СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ МЕН ҚОҒАМДЫ ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТТЕРДІ ШЕШУГЕ ЖҰМЫЛДЫРУДЫҢ ТҰҢҒЫШ ТӘЖІРИБЕСІНІҢ СӘТТІЛІГІН ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, ӨМІРДІҢ ӨЗГЕРМЕЛІ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗ КӨЗҚАРАСТАРЫМДЫ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАДАҒЫ СТРАТЕГИЯ ТҮРІНДЕ ҚҰРДЫМ, ОДАН КЕЙІНГІЛЕРІ 1992 ЖЫЛЫ ҚАЛАНҒАН ІРГЕТАСҚА ТАБАН ТІРЕДІ. 


©️ 01.07.2020 «ҚазАқпарат» ХАА