Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әл-Фараби мұралары жөнінде Ақжан Машановтың Кувейтте жарық көрген мақаласының тарихы (мұрағат мәліметтері бойынша)

1640
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болғандықтан дербес сыртқы саясат жүргізіп, әлемнің алпауыт елдерімен және ірі халықаралық ұйымдар мен тікелей қарым-қатынас орнатқан.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болғандықтан дербес сыртқы саясат жүргізіп, әлемнің алпауыт елдерімен және ірі халықаралық ұйымдар мен тікелей қарым-қатынас орнатқан.

Бірнеше ондаған жылдар бұрын бұл қарым-қатынастар болмайтын мүмкін емес шаруалар еді. Кеңес Одағы тұсында Ақжан Машановтар армандаған Шығыс елдерімен байланыстар бүгінде толық іске асып жатыр.
Ақжан Машанов Кеңес өкіметі тұсында Советтік Қазақстанда өмір сүріп, тоталитарлық қоғамның күші шырқау шегіне жетіп тұрған уақыттың өзінде де шығыс елдері мен араласуды батыл түрде, жасқанбай көтеріп, қоғамдық пікір туғызып жүрді.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігіне қарайтын Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Ақжан Машановтың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметіне былайша өз бағасын береді: «Ақжан Жақсыбекұлы Машанов қазақ ғылымы мен білімінде өзіндік орны бар беделді ұстаз болды. Ол 60-шы жылдарда-ақ тек геомеханика ғана емес, сондай-ақ шығыстану ғылымында да сүбелі еңбектерімен үлкен абыройға ие болған зерделі зерттеуші.

Араб, парсы тілдерін білген қазақ зиялылары 30-шы жылдары сталиндік зобалаңның құрбаны болғаннан кейін қайтадан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайнар бастауы тереңде, әсіресе соның бір саласы — мұсылман шығыс елдерімен де тығыз байланыста екендігін айтып, ашық үн көтерген батыл азамат. Үн көтеріп қана қана қоймай, Шығыс Аристотелі атанған әл-Фараби бабамыздың өшпес мұрасы түрлі халық мәдениетінің тарихына телініп жүрген жылдары, оның қазақ даласының ұланы екенін дәлелдеп, әл-Фараби туралы тарихи танымы зор еңбектер жазды» [1, 13].

Ақжан Машановтың әл-Фараби мұраларын зерттей жүріп, мұсылман елдерімен мәдени-рухани байланыс орнатуға деген ұмтылысы зор болды. Әл-Фарабидің шығармаларын түпнұсқадан оқып біліп, жалпы халыққа насихаттау үшін жасы елуден асып кетсе де араб тілін меңгеруге шындап ден қойды. Оның мұсылман елдеріндегі болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей бақылап отырғанын біз 1983 жылы Кувейттен келген журналистпен арнайы жолықанынан көз жеткіземіз.

1983 жылы Кувейт мемлекетінің «Аль-Ғараби» ғылыми журналының тілшісі Мұстафа Набил Алматы қаласына туристік сапармен келеді. Осыны естіген Ақжан Машанов осы шетелдік журналист Мұстафа Набилді тауып кездеседі.

Ол кездесу 1983 жылдың қыркүйек айында болады. Бұл уақыт әлемнің милитаристік державасы ретінде танылған Кеңес Одағының мәңгілік деп саналған заманы болатын. Шетелдік қонақтарды, туристерді МҚК (КГБ) қызметкерлері қатаң бақылауға алып, олардың жүріс-тұрыстарын, жергілікті кеңес адамдарымен кездесуін жіті қадағалап отыратын уақыт еді. Қарапайым кеңес адамдарының барлығына да түсінікті осындай шектеулердің Ақжан Машановтың білмей қалуы мүмкін емес еді. Бірақ өз ісіне шын берілген фанатик патриот ғалым тәуекелге барып, Кувейттен жарық көретін «Аль-Ғараби» ғылыми журналының тілшісі Мұстафа Набил мен кездеседі. Ондағы мақсаты әл-Фарабидің есімін иеленіп тұрған мерзімдік баспасөз арқылы әлемге Қазақ деген елдің барлығын және осы ол елдің әл-Фарабидің отаны екенін дүние жүзіне паш ету болатын.

Бұл күтпеген кездесуге басында сенімсіз күдікпен қараған шетелдік журналист таң қалысын жасырып қала алмады. Журнал тілшісі осы күтпеген оқиғаны әл-Фарабимен кездесумен тең санайды. "Ол кездесу Кеңестер Одағындағы мұсылман әлеміндегі ең әсерлі, ғұмырымда ұмытпайтын кездесуім болды«,-деп жазыпты журналдағы мақалада Мұстафа Набил. Еліне барған соң уәдесінде тұрып Қазақ ғалымы Ақжан Машановпен әсерлі кездесуі жайында «Аль-Ғараби» журналында арнайы мақала жариялады. Сіздерге Мұстафа Набилдің мақаласын ұсынуды жөн көріп отырмын.

«Қазақстанның астанасы Алматыда мен үшін «тарихта екінші ұстаз деген атпен қалған» әл-Фарабиді аштым. Әл-Фараби мен бұл кездесу менің кеңестік мұсылмандар әлеміндегі болған кезімдегі ең әсерлісі және ең маңыздысы болды. Сонымен қатар Кеңестік Одақтың мұсылмандық ортасындағы исламның жаңғыруының белгілі деңгейіне де көз жеткіздім. Бұның бәрі менің қонақ үйге қайтып келе жатқанымда өзімді күтіп тұрған 40-50 жастағы адамды кездестірумен басталды. Ол менен «Сіз мұсылмансыз ба...» деп сұрады. Мен оған дұрыс жауап бергенімде ол мені құшағына алып жылай басталды, және "Әлемде не болып жатыр. Қашанға дейін мұсылмандардың арта қалушылығы жалғаса береді«,- деп сұрады. Мен таң қалдым және одан абайлап сұрадым. Сізге менің осында екінімді қайдан білдіңіз деп сұрадым. «Ол кадидан» деді. Сосын ол геология профессоры Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің есімін атады.

Менің геология бойынша зерттеушім мені осы ғылымның 1100 жыл бұрын негізін қалаған әл-Фарабидің еңбектеріне алып келді. Әл-Фарабидің шығармалары арқасында мен жомарат ислам әлемімен таныстым. Мен мұсылмандардың өз қолдарында қандай мұра бар екендігі туралы айтқандарына таң қалдым. Бұл мұра барлық адами адамзаттың қиындықтары мен бейбіт мәселелерді шешудің кілті болып табылады. Ол өз зерттеулерінің қортындылары туралы жан-жақты әңгімелей бастады. Оларды өз портфелінде толып тұрған суреттер мен сызбаларымен дәлелдеп берді.

Ол уақытқа дейін бар әлемге Әл-Фараби Хорасан провинциясының Фарабынан шыққан адам ретінде белгілі болса, менің жаңа әңгімелесуші адамым ұлы ойшылдың Қазақстанда орналасқан Отырар қаласынан шыққандығын дәлелдедей бастады. Бұл тыңғылықты ізденіс пен зерттеуді қажет ететін таң қаларлық факті болды.

Профессор әл-Машани әл-Фарабидің көзқарасы мен шығармашылық еңбектеріне арнап сегіз кітап жазған. Оның барлығы да жергілікті тілмен жазылған. Сонмен қоса ол үлкен сүйіспеншілік пен өзінде бар зерттелмеген қолжазбалар туралы айтты. Әл-Фарабидің жазбаларының бір бөлігі жоғалған, кейініректе Братислава қаласында ұлы ғалымның осы уақытқа дейін белгісіз болған қолжазбалары табылған. Әл-Машани Әл-Фараби шығармаларының үлкен мәнін дәлелдеуді бастады. 1100 жыл бұрын ғалымдардың жазғанын бүгінгі күнгі ғалымдардың зерттеулері нақтылайды.

Мысалы оның орыс және француз тілдеріне аударылған музыка туралы теориясы тура неміс музыканты Кеплердің аударуымен сәйкес қайталанады. Әл-Фараби музыка мен музыкалық гамманың және галлактикадағы аспан денесінің қозғалысының тығыз байланыста екендігін дәлелдеді және маған бұл фактіні дәлелдейтін суретерді көрсетті. Бұдан кейін әл-Машани әл-Фарабидің математика, астрономия, музыка мен қасиетті құранның арасындағы байланыстың бар екендігі туралы тұжырымға қалай келгендігін түсіндірді. Бұның барлығы соншалықты дәрежеде дәлелді көрсетілгендіктен әл-Фараби қайтадан кеңестік мұсылмандарың зерттеуінде екендігіне көзім жетті.

Қоштасар сәтте менің әңгімелесім қолымды қатты қысты және оның көзінен жас тамып былай деп қайталады: «Мен өзімнің барлық ғұмырымды зерттеуге арнаған бұл мәліметтерді барлық мұсылмандарға жеткіз олар өздерінің мұрасы жөнінде ақиқатты білуі керек. Мүмкін бұл олардың еліндегі немесе бар әлемдегі өмірді өзгертер».

Осы оқиғадан кейін Орта Азия тұрғындарының мұсылман ғалымдардың шығармаларын қайта жаңғыртып қастерлеп, оған көңіл бөлуге құштар екендігіне көзімді жеткізді.

Мұсылмандар аймағының кейбір облыстарын да мысалы Өзбекстандағы Ферғанада адамдар дәрігерге қаралудың орнына Ибн Синаның әдісі мен емделуге жүгінеді.

Маған кездескен бұл жағдай жалпы көріністің бір ғана бөлігі болды.

Мәдени жаңғыру қозғалысы бұл аймақта тұратын исламдық өркениетті жасаған көне ғалымдардың ойын көп мазалады.

Орта Азия сияқты бірде-бір аймақ мұсылмандық өркениетке осыншама атақтыларды берген жоқ. Бұл тізімнің соңы жоқ: әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Рази, әл-Ферғани, Ұлықбек, Имам әл-Бұқари, ан-Насифи және Абу Хамид әл-Ғазалиге дейін."

«Әл-Фараби» журналынан 1984 жыл, маусым № 38 Б. 70-71." [2].

Мақала осылай аяқталады. Бұның өзі әл-Фарабидің туған Отаны Қазақстан екенін, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұламаның шығу тегі қазақ халқы болып саналатынын жер жаһанға жариялау жолында көзсіз ерлікке барып жүрген Ақжан Машановқа да, елімізге де зор жеңіс әкелген тарихи оқиға еді.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жүніс Сахиев 1986 жылы Мәскеуге жұмыс сапарымен барғанда Ақжан Машановтың өтініші бойынша аталған мақаланы «Шет елдер кітапханасынан» Кувейттік «Аль-Ғараби» журналының 1984 жылдың маусым айында жарияланған номерінен іздеп тауып, арнай көшірмесін елге алып келіп, ғалымның қолына тапсырады.

Мақала қолына тиген соң Ақжан Машановтың қуанышында шек болмады. Ол жөнінде Ғылым академиясының арнайы мәжілісінде айтылды. Мерзімді баспасөзде жазылды. Енді әл-Фарабиді алыс шетелдік ғалымдар да оның шыққан тегі Қазақ жері екенін мойындай бастады.

Қазіргі уақытта мұндай мәселелер күнделікті қатардағы оқиға болып көрінуі мүмкін. Ал сол уақыт шеңберінен қарайтын болсақ осы жарияланған мақала үшін Ақжан Машановтың қауіп-қатер ұшырауы да мүмкін еді.

Кейініректе Кувейттік араб ғалымы "әл-Машани өз пікірін толық дәлелдеді«,-деп жазады [3, 5].

Осы оқиғадан кейін Қазақ Елі тәуелсіздік алғаннан соң Ақжан Машанов өзінің жазған ғылыми мақалалары мен еңбектеріне әл-Машани деп фамилиясын өзгертіп жазып жүрді.

Көптеген адамдар Ақжанды тарихшы деп таныды. Осы тұста Рахманқұл Бердібаевтың мына ойларын келтіруге болады: «Фанатик деп, шын берілген деп Ақжан Машановты айта аламын. Ғылымның біраз саласына көп мұра қалдырды. Қазақ фантастикасына үлес қосқан, мамандығы бойынша оқулықтар жазды. Қазақ халқының мәдениеті, төл дәстүрі, төл философиясы тақырыбында ғажайып қызметтер атқарды. Әл-Фарабиді 1950-ші жылдары бірен саран адамдар ғана білетін. Атын естімеген кез. Сол тұста Ақжан Машанов қазақ тілінде де, орыс тілінде де мақалалар жазып, конференцияларға қатысып, әл-Фарабидің қазақтан шыққан ғалым екендігін тапты. Ол ісіне қарсы кездескен кедергілер, қарсы кеңестер де айтылды. Ақжан алған бетінен қайтқан жоқ. Әл-Фарабидің данышпан екендігін дәлелдеп, кітап жазды. әл-Фараби жөніндегі игілікті істерге бастамашы болып, ұмыт қала жаздаған ғұлама ғалымды туған халқымен қауыштырды» [4, 3].

2007 жылы Ақжан Машановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Барша қазақ халқы ұлы тұлғасының есімін әл-Машани деп үлкен құрметпен бірауыздан атағанына барлығымызда куә болдық.

Академик Салық Зиманов Ақжан Машановқа "Бүгінгі күннің тірі жүрген Фарабиі",-деп баға беруі де ғалымның ұзақ жылдар бойы ізденісінің жалпыхалықтық тұрғыдан мойындалғаны деп түсінеміз.

Ақжан Жақсыбекұлы Машанов әл-Фараби мұраларын зерттеуге жарты ғасырлық ғұмырын арнап, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді туған еліне қайтарып, оның Отаны бүгінгі қазақ жері екенін өзінің нақты ізденісімен ғылыми тұрғыдан дәлелдеген патриот ғалым.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Дербісәлиев Ә. Өнегелі ғұмыр //Қазақ Әдебиеті № 38 1996 ж. 17 қыркүйек 13-бет.
2. ҚРОММ, 2285 қор, 1-тізімдеме, 238-іс.
3. Сәулебектегі А.Ақжан әл-Машани // Жас Алаш. — № 73 — 19-маусым. — 2003, 5-бет.
4. Төлеубаев Е. Ақжан Машани және қазақ дүниетанымы // Орталық Қазақстан.-2006.-15 маусым-3-б.

Смағұлов Н.Б., тарих магистрі, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ. Smagulov_ist@mail.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?