Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қытайдаға қазақтардың қоныстануы тарихы (Демографиялық талдау)

2032
Бұл күнде Қытайдың Шинжяң провенциясына қарасты үш қазақ аймағы қазақтардың тарихтан мекендеген ұлы қонысы.

15.01.15

Тарихи шындыққа жүгінер болсақ, үш қазақ аймағы қазақтың ұлы қонысы болса, ал, бұл күнде сол Шинжяң атауымен жүрген Шығыс Түркістан даласыда тұтастай алғанда түркі халықтарының кір жуып кіндік кескен ата жұрты. Шығыс Түркістан сонау ықылым заманда сақ, үйсін тайпаларының өсіп-өнген жері екенін айтпағанның өзінде VІІІ-ХІІ ғ. керей мен неймандардың, VІІІ-ХV ғ. Шыңғыс ұрпақтарының қоластында болған. Тіпті, бертінгі ХVІІІ-ХІХ ғ. дейін билігі түркі халықтарында болған.

Қазіргі таңда Шығыс Түркістанда 13 ұлттың өкілдері өмір сүреді. Соның ішінде қазақтар тарихи мекені болған территориялық-әкімшілік жағынан Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарынан бөлінуден сырт Үрімжі, Құмыл аймақтарына қарасты Баркөл, Мори аудандарындағы тұрғылықты халықтардың басым көпшілігі қазақтар [2.216 б.]. Сонымен қатар, Шығыс Түркістаннан басқа Қытайдың Гансу, Шинхай провенцияларындағы Алтыншоқы, Ақсай аудандарында тағдыр тәлкегімен жан сауғалап көшіп барып қоныстанып қалған қазақтарда бар.

Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың айтуында 1990 жылғы халық санағы бойынша Шинжяңда 1 млн. 500 мың қазақ бар десе [1.74 б.]. 1992 жылғы жасаған демографиялық жағдайына қарасақ, Әлемдегі түркі халықтары саны 133 мил 482 мың болса соның 12 млн. 280 мыңы қытайда тұрады екен [1.87 б.]. Соның 1 млн. 233 мың қазақ [1.119 б.]. Үш қазақ обылысы мен екі ұлттық аудан және екі ұлттық дуанда өмір сүретін тұрғындарының не бәрі 25–26% құрайды, басқада ішкі Қытай аймақтарында 40 мың қазақ өмір сүреді [1.74 б.]. 

Атап айытқанда:
Іле-Құлжа, аңғарында 400 мың. (35%)
Тарбағатай-Шәуешек аудандарында 250 мың. (20%)
Алтай-Сүмбе өлкесінде 210 мың. (25%)
Үрімжі-Баркөл жағында 300 мың. (10%)
Алтыншоқы-Мори дуанында 19 мың. (20%)
Көкнүр-Цинхай бетінде 14 мың. (15%)
Ішкі Қытай провенцияларында 40 мың.
Ішкі Монғол аймақтарында 15 мың [1.121 б.].

Қытайдағы қазақтар көп шоғырланған үш аймақ дерлік Қазақстанмен шекаралас, ежелгі қазақ жері деугеде болады. Кейбір тарихи пікірлерде былай дейді; «Біздің соңғы мәлметіміз бойынша Қытай мен Монғолияда кезінде патшалық отаршылдық пен Сталиндік зұлыматтың кезіндегі қысымшылық пен қудалаушылықтың салдарынан ата-жұртын тастап қоныс аударуға мәжбүр болған 1 мил. 615 мың отандасымыз тұрады». Қытайдағы қазақтар орыс билеген Қазақстан тұсындағы нәубет жылдары ауып барған.«- деп көрсетіледі. Меніңше, бұл жаңсақ пікір, орыс заманындағы қазақстаннан ауып барған қазақтар қытайдағы қазақ диаспорасының негізін қалаушылар емес, есесіне диаспорадағы қазақтардың үлес салмағын көбейтіп диаспора қазақтарының санын көбейтушілер деуге келеді, олай дейтінім: Қытайдағы осы үш аймаққа қазақ ру-тайпалары ежелден қоныс тепкен. Іле аймағынан ежелде сақ, ғүн тайпаларының мекендегені туралы талай архелогиялық деректер айғақ. Шағатай билеген ортағасырда бұл жерлер қазақ халқын құраған ру-тайпалар мекен еткен, кейін Жоңғар ойраттарының қолына өтіп қазақстар қырғын көрген. Жоңғар хандығы талқандалған соңда Іле алқабына қазақтар ХVІІІ ғ. аяғына қарай көшіп келіп қоныстана бастады.
Көк бөрінің бел баласы шыр етіп дүние есігін ашқан Алтай даласы ежелгі түрік қағанатының шаңырақ көтерген жұрты болса, орта ғасыр заманында керей мен найман хандық құрып дәурендеген. Қалмақ қырғынынан кейін Ержәнібек бастаған 12 абақ баласы жөңкіле көшіп келіп қоныс тойын тойлаған. Кейін 1790 жылы Көгедай 18 жасында Пекинге барып Манжур патшалығынан «Гүң" атын алып Қытайға қарап алым-салық төледі дегені болмаса ХХ ғасырдың ортасына дейін өз-өзіне қожа болған ел [3,301 б.].
Тарбағатайда талай қазақ баласын бауырына басып басын қосқан, Қабанбайдың туып өсіп, Ақбас атанының басы қалған, қазақтың исі сіңген құтты жер.
Мақаш Тәтімов өз еңбегінде: Қазақстан республикасының қазіргі шекарасымен және Қытайдағы үш қазақ обылысы (Іле қазақ автономиясы) қосып, қазақ жерін тұтасымен байқап қөрсек, ол бейне бір батыстан шығысқа қарай жатқан алып балықтың денесіне ұқсас екенін байқаймыз. Оның «құйрығы» Батыс Қазақстан (төрт облыс) «денесі» сарарқа (сегіз облыс), «қарны» Оңтүстік Қазақстан (үш облыс) және «мойны» Қазақстанның шығысы (төрт облыс), ал «басы» Қытайдағы үш қазақ облысы. Отарлау кезінде Цин империясы балықтың басын мойнының түбінен кесіп алған, ал «майлы сазан» іспеттес манағы балықтың негізгі денесі мен қарнын және құйрығын Ресей империясы өзіне оңай олжа еткен [1.147 б.].
«Қазақ қазір Кенесары, кеудесі бар басы жоқ« — деп, Серік, Ақсұңқар, ағамыз айтқаны сияқты, М.Тәтімовтыңда бұл теңеуі тарихты білген адамға — рас — ау ә? — деген ой салары хақ. Ал бұл тақырыпта қозғалатын мәселе осы «балықтың басы» болған Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасу тарихына шама келгенінше өзімдік талдау жасап көрсем деймін.

Жалпы ежелгі қазақ ата-мекені 4 млн. Шаршы километр алып жатқан екен, оның 60 мың кв. шақырымы Ресейге, 200 мың кв. шақырымы Орта Азия елдеріне, 400 мың кв. шақырымы Қытайға қарап кеткен. 1992 жылғы санақ бойынша осы жерлерде және Қазақстанна басқа әлем мемлекеттерінде 3 млн. 400 мың қазақ бар. Осы шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың 1.8 млн. өз ата-мекендерінде өмір сүрсе, 1.6 млн. қазақ бөтен жерлерде бытырап жүр [1.146 б.]. Соның бір қытайдағы үш аймаққа шоғырланған Қытайдағы қазақ диосперасы үш аймақ аудандары, жоғарыда біз айтып өткендей қазақтардың ата-мекені. Тіпті, Ғалым Т.Жұртбай «Балқаш Бафйн» атты кітабында, «Кезінде Шыңжаңның Қашқар, Қотан, Яркент қалаларымен қоса онау сары ұйғырларға (қытайдың Гансу, Шинхай өлкелеріне) дейінгі ұлан-байтақ территория қазақ руларының мекені болған» деп оны тарихи деректермен дәлелдейді [4.112 б.].
Үш аймақ қазақтарын негізінен Алтайда керейлер, Тарбағатайда наймандар, Іледе албан-суан, жалайыр руларының басымдылығы демесек, басқа руда аралас қоныс тепкен. Ежелден ру-ру, тайпа-тайпа болып қоныс тебетін қазақтар алапат жылдар бірін-бірі білмей, бет-бетімен кетіп бұл күнде бір ауылдан бес-алты рулы елдің ұрпағын көресің.
Ал осы қытай диаспорасын құрайтын 1 жарым млн. қазақтың басы қалай қосылды деген сұраққа жауап іздейік.
Ертеректе бұл жақтағы қазақтар саны туралы; Шәуешек қаласындағы Россия консулы Балкашинның мәлметі бойынша Алтай бетіндегі абақ керейлер саны 60 мың болған дейді [4.117 б.]. Тарбағатай аймағына қараған қазақтардың саны 5600 түтін, яки 32 мың адам, ал солтүстік Жоңғария бойынша жалпы қазақ халқының саны 88 мың деп есептеген [4.116 б.].
Жетісу уалаятының соғыс губернаторы және әскери қолбасшысы генерал-лейтнантГ. А. Колпаковскийдің тікелей басқаруымен 1871 жылдың 22 маусымда ұйымдастырған экспедицияның мәлметі бойынша, Іле аймағына қараған Суандар 2 мың 162 түтін (9 мың 10 жан), қызайлар бір мың 610 түтін (6 мың 448 жан), байжігіттер бір мың 409 түтін (5 мың 652 жан) бар екенін есептеген [4.117 б.]. Осы деректерге сүйене отырып, жалпы ХІХ ғ. екінші жартысында қазіргі Шинжяң территориясында 150 мыңдай қазақ мекендеген деп топшылауға болады.
Қазақ елі орыс отарына айналғалы бері түрлі қырып-жоюшылықтардан бас сауғалап бірді-екілі қытай асып жатқан қазақтарда аз болмады, кейін, ел оңалған тұста қайтып келгендеріде болды. Олар қытайдағы бүгінгі қазақ диаспорасының негізін қалаушылардың біріне айналды.
Осы тарихи оқиғаларға байланысты ата-қонысын тастап Қытай асу бірнеше ірі кезеңдерден тұрады;
1. Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы және қазақ жерлерінің шұрайлы жерлерін тартып алу нәтижесінде. Патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс басшысы Кенесары ханның бастауындағы он жылдық соғыс аяусыз жаныштаған орыс отаршылдары 1853 жылы Түркістанда, 1854 жылы Тәшкентті басып алды. 1915 жылға дейін ең шұрайлы жерлерін тартып алу нәтижесінде 200 мың қазақ Қытай, Монғолия мен Орта Азияға ауа көшкен. Ал, 65 жылға созылған (1783–1847) отаршылдыққа қарсы көресте 200 мың адам құрбандыққа ұшыраған [1.50 б.].
2. 1916 жылы болған патша өкіметінің «Тыл жұмысы» туралы жарлығына қарсы шыққан ұлт-азаттық көтеріліс пен артынша 1921 жылға дейін жеткен Ресейдегі, ақ пен қызылдардың азамат соғыс. Бұл талай қазақтың басына қара бұлт үйірген, Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі екінші ауыр қасіретті жылдар әкелді. Жалпы есепте, 1916–1921 жылдары қазақстандағы қазақтардың саны 5 млн. 650 мыңнан 4 млн. 800 мың адамға кеміген [1,49 б.]. Шынында да ешкімге зәбірі жоқ жуас халық «тыл жұмысына» қарсы дүр көтеріліп, көсеумен қылышқа қарсы шығып аяусыз жанышталды. Артынша болған азамат соғысы жылдары шегіне қашқан, ақтар мен ізін қуған қызыл әскерлердің ортасында, екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледінің кебін киып арада жазықсыз қарапайым қазақ қырғын көрді.
Осы табаны күректей алты жылға созылған (1916–1921) ұлт-азаттық күресі мен төңкеріс және азамат соғысы жылдарында аштыққа қырылғандары мен оққа ұшқандары 900 мың адамға, туған жерінен бір жола көшіп кеткендер 200 мың адамға жетіп, кемушілік милион адамнан асқан, Қазақстан аумағындағы қазақтар 15% кеміген [1.50 және148 б.].
Бұл тұста үш аймақ жеріне қазақтар босып келіп жатты, Қазақстан тарихы кітабының 4-томынада; «1916 жылғы патша жазалауларынан қащқан қазақтардан 100 мыңға жуығы Алтай бетіне өткен» [5,671 б.]. «1916 жылғы патша жазалауларынан қащқан қазақтар Тарбағатайға 60–70 мыңға жуық адам бас сауғалап келген» [5,671 б.]. 1916 жылғы Ресейдегі, ақпатшаның озбырлығына қарсы қазақ халқының көтерілісінде жеңілген қазақ шаруалары патша жазалауынан босып Ілеге 100 мыңнан аса адам келіп қоныстанғаны туралы дерек көрсетеді [5,671 б.]. осы дүрліккен елдің ішінде Алашқа аты танымал, ақын, сазгер Әсет Найманбайұлы сияқты тұлғалар бар еді.
Осы тарихи оқиғалар нәтижесінде 1917 жылы Қытайдағы қазақстар саны 350 мың адамнан 1920 жылы 550 мың адамға өсті [1.45 б.]. Айналасы 3 жылда 200 мың қазақтың негізгі есебін Жетісу, Шығыс Қазақстаннан босып барған қазақстар толтырған.
Азамат соғысы аяқтап, Қазақстанда Кеңес Үкіметін орнатқан қызылдар жығылған үстіне жұдырық деп қазақ даласына бұрын соңды болып көрмеген аштық апатын алып келді.
3. 1928 жылғы 27 тамыз — «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декрет жарияланды. Декретте бай-феодалдар өздерінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге кедергі жасайды деген ұстаным негізге алынды. 657 бай жер аударылып, 145 мыңы тәркіленіп, олардың ауылшаруашылық құралдары — 877 колхозға, 24. 491 жеке шаруашылыққа бөлініп берілді. Тәркілеу заңды бұзу арқылы жүзеге асырылды[6].
Осы тәркілеуге қарсы халық толқынысы болды, қазақ байлары мен бай санатына кеткен орта шаруалары бар көптеген адал жазықсыз сотталды, жер аударылды, атылды. Қытаймен шекаралас жетісу, Шығыс Қазақстан аймақтарының бір сыпыра байлары соғыса жүріп Қытай асып кетеді. Қазақстан халық жазушысы Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш» романының желісі осы кәмпескі мен аштықтан бастау алады.
Осы ұжымдастырудың арты үлкен зобалаң аштыққа әкеліп соқты. Халық жаппай қырылды. Аштыққа ұшыраған қазақ халыққы туған жерін тастап Қазақстанна шет аймақтарға босып кетуге мәжбүр болды. Тарихи статистикаға қарап отырсақ қазақ халқының саны қазақ хандығының құрылуынан осы уақытқа дейін 3 рет өсуден кему сатысында болған екен. Олар:
1. 1723–1725 жылдары 3 млн. 330 мыңнан 2 млн. 222 мыңға.
2. 1916–1921 жылдары 5 млн. 650 мыңнан 4 млн. 800 мыңға.
3. 1931–1933 жылдары 5 млн. 450 мыңнан 3 млн. 400 мыңға [1,49 б.].
Осы үшінші қырғын қазақтар үшін өте ауыр болды, қазақ демографиясы күрт түсіп, 2 млн. астам адамға кеміген, яғыни 40%. Милион қазақ аштық пен аурудан өлсе, милион қазақ шетелге тентіреп кеткен.
Қазақтардың Қытайға қашуы жаппай ұжымдастырудың қатал да қатігез саясатына байланысты 1929–1931 жылдары өте кең өріс алды. Асіресе, Қытаймен шекаралық Қазақстанның Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Қатонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Ұржар аудандары тұрғындарының жартысы Қытай асыып кеткен. 1931 жылы аталған шекара аймақтарда 505 мың адам тіршілік етсе, қазақтар 338 мың адам болған. Қытай асушылар тек қана қазақтар емес [7.151–153 б.]. Осы шекаралық аймақта өмір сүретін 338 мың қазақтың 150–160 мыңдай қазақ Қытай асып кеткен. Ал СССР-дің барлау органдарының мәлметі бойынша 1932 жылға дейін Қытайда онда өткен 60 мыңдай қазақ тіркелген [7.154 б.]. Осы деректер арқылы Т.Омарбеков пен М.Қойгелдиев мырзалар аштық жылдары қытайға 100 мың дай қазақ, яғни сол жердегі қазақтардың 4/1 ғана босып кеткен және олардан кейін қайтып оралғандар да болды деп есептейді. Бірақ, осы босқын халық Кеңес-Қытай шекарасынан да тыныш өтпеген, шекараға сыры қанық, топ бастаған жылпостар тағдыр тәлейімен аман өтсе кей босқындарды шекарашы әскерлер ұстап алып, қаруларын қанға бояған. Мысал келтірсек, бір ғана 1930 жылдың өзінде Іле округының шекарасынан Қытайға өтерде Кеңес шекарашылары 1000 нан астам босқындарды өлтірген[7.169 б.].
Осы жылдары, бұрынғы Кеңес Одағының байырғы ресми деректерінде Құлжа-Іле, аңғарында — 450 мың, Шәуешек-Тарбағатай аймағында — 300 мың, Сарсұмбе-Алтайңаймағындаң-ң230ңмың, Үрімжі-Баркөл жағында — 225 мың, Ішкі Қытайда — 85 мың қазақ бар деп көрсетеді [1.150 б.]. Бұл қаншалықты нақты мәлмет екені белгісіз, әрі күдік пен күмәні тудыратын санақ.
«ИСТОРИЯ КАЗАХСТАНА в западных источниках ХІІ-ХХ в." деп аталатын көп томдық кітаптың «КАЗАХИ КИТАЯ очерки по этническому менышенству» деп аталатын Ингвар Сванберг жазған 3 том еңбекте Қытайдағы Шынжаң демографиялық жағдайын былай деп көрсетеді:
«1949 жылға дейінгі Қытайдың халық санына байланысты мәліметтер толыққанды емес, себебі азаматтық соғыс және жапон оккупациясы бұл елде санақ жүргізуге мүмкіндік болдырмады. Шыңжаңда бұл соғыстар болмаса да, 1949 жылға дейін бұнда қытайларға қарсы көтерілістер болды. Сонымен қатар 1940 жылдардың бірқатар мәліметтері бар. Олардың ең алдыңғылары 1940–1941 жылдары полиция жасаған зерттеуіне жатады. Бұл мәліметтерге сәйкес халықтың жалпы саны 3 миллион 730 мың адамды құраған.

1 Иллюстрация. Шыңжаңдағы халық санының 1940–1985 ж. өсуі.

1946 жылы провинция үкіметі нақтыланған санақ өткізді. Ол кезде үш аудан 1944 жылдан бастап көтерілісшілердің қолында болғанымен (Іле, Тайчен, Алтай аудандары), бұл санақ мәліметтері 1940 жылдар үшін нақты болу ықтимал.
Халықтың жалпы саны 4 миллион 015 мың 350 адамды құраған, былай бөлінген:
Ұйғырлар 2988528
Қазақтар 438575
Қырғыздар 69923
Монғолдар 59686
Хань қытайлары 222401
Дүнгендер 99607
Өзбектер 10224
Татарлар 5614
Тараншылар 79296
Манжурлер 762
Сибо 10626
Солондар 2506
Орыстар 19392
Тәжіктер 8210
Қытайдың Коммунисттік үкіметі алғашқы санағын 1953 жылы өткізді. Бұл санақты сенімсіз деп сынаған, себебі үкіметке ұсынылған санақта қарама-қайшылықтар анық болған. Бірақ, оған қарамастан 1982 жылға дейін елдегі халық санының ресми мәліметтер осы болды. Біз мұнда салыстыру мақсатында мәліметтердің екі тобын да келтіреміз. 1982 жылғы санақ одан алдыңғы санаққа қарағанда бірнеше жаңа топтарды қамтиды:
1953 ж. санақ 1982 ж. санақ
Ұйғырлар 3640125 5949661
Қазақтар 504500 903370
Қырғыздар 70000 112979
Монғолдар 59000 117460
Дүнгендер 200000 570778
Хань қытайлары 300000 5286533
Өзбектер 13600 12433
Татарлар 6900 4106
Саларлар — 2945
Тәжіктер 14000 26484
Манжүрлер 1000 9137
Сибо 3600 27364
Даурлар 2000 4369
Орыстар 13000 2662
Жуандар — 4495
Дунсяндар — 40319
Тибеттіктер — 1990
Қалғандары — 4585
Келесі бейресми мәліметтер 1984 жылы Шыңжаңдағы қытай емес халықтар санының бағасы болып табылады:
Ұйғырлар 6 170 000
Қазақтар 964 500
Қырғыздар 119 300
Монғолдар 121400
Дүнгендер 588 300
Сибо 28 700
Тәжіктер 28 300
Манжүрлер 8 900
Даурлар 4 600
Орыстар 4 200
Татарлар 3 500
Өзбектер 8 800
Қалғандары 44 000
Төрт аз ұлттарының халық санының өсуін 2 диаграммадан қараңыз. Ұйғыр, қазақ, қырғыз, монғол халықтарының саны 1940 жылдардың соңынан екі есеге өссе, қытай мен дүнгендердің саны одан бетер өсті, қытайлардың бұл аймаққа көшу нәтижесінде.
Ал өзбек, орыс, татар халықтары саны азайды. Қытай деректеріне сәйкес, 1949–1982 жылдар арсында өзбектердің саны 28 пайызға, татарлар саны 40 пайызға және орыстардың саны 80 пайызға азайды. Бұл халықтардың азаюының себебі КСРО-мен арадағы көп жылдық байланыс. Алғашында бұл топтар Ресейден, ал 1917 жылдан кейін Кеңес Одағынан көшкен. Оларда екі жақтың да азаматтығы болу мүмкін еді, 1940 жылдары оны алу Ресей және КСРО-ның бұрыңғы тұрғындарына оңай еді.

1950 жылдардың соңында КСРО мен ҚХР арасы бұзылып кеткенде, бұл топтардың өкілдері КСРО-ға орала бастады. „Ұлы серпінге“ байланысты Іле өзені ауданындағы жағдай ушыға түскенде, бұл ауданнан жаппай көшу басталды: 1962 жылы әртүрлі ұлтты 60 мың адам Шыңжаңнан кетті. Сол кезден бері Шыңжаң мен КСРО арасындағы шекара қатты күзетілсе-де, көш тоқтамады.»
Жалпы аштық жылдардан кейін кеңестік Қазақстаннан Қытай асқан бірлі жарым адамдар болмаса үлкен тарихи ауа көшу процесі орын алмады, есесіне Қытайда коммунистік партия билікке келіп, 30 жыл бүрынғы Кеңес Одағының жағдайы орнаған 50-ші жылдардан бастап Қытайдан қайтып келу үдерісі орын алды.
Егер тарихқа көз салар болсақ, кеңестік Қазақстан қазақтары Қытайға ауып барғанда ол жақтағы қазақтардыңда жағдайы мәз емес еді. Осы уақытқа дейін бүрынғы Қытай үкіметінің зорлық-зобалаңына қарсы қытайдағы қазақтарда түрлі ауыртпашылықтарды бастан өткерді, талай қазақтың басы қытай қылышының астында домалады. Зуха, Оспан бастаған Алтай көкжалдары қолына қару алып халық жоғын жоқтады. 1949 жылы Қытай коммунизм жолындағы бір тұтас елге айналды. 1950 жылға дейін Қытайдың бұрынғы өкіметі бар, қызал үкіметі бар қытайдағы сан мың қазақ теңдік жолында осылармен арпалысып шейт болса, Елісхан, Қалибек бастаған сан мың қазақ туған жерін тастап Түркияға ауып кетті.
Осы аласапыран жылдардан кейін Қытайдағы қазақтардың санын Қазақстан тарихы сайытында 1949 жылы — 493 000 адам, 1979 жылы — 898 000 шамасына өсті деп көрсетеді. Басқасы емес 50-ші жылдардағы Қытайда болған теріс саясат пен аштықтан қашып кезінде ауып барған Қазақстан қазақтары Кеңестік Паспорттарымен шекарадан қайта өтіп жатқанын, 1962 жылғы неше он мың қазақтың Қытай шекарасын бұзып Қазақстанға өтіп кеткенін және 1967–1976 жылдардағы Қытайдағы асыра сілтеушіліктен болған реперецияда талай қазақтың жазықсыз тепкіге түсіп өлгенін ескерсек осы 30 жылда 500 мың адамның 900 мың адамға өсті дегеніне өз басым шұба келтіремін. Ал, 1982 жылы — 927 000, 1985 жылы — 994 000, 1990 ж. — 1 500 000, 2005 жылы — 1 млн. 596 мыңнан 2 млн. 500 мыңға дейін деп көрсетеді.
Осыда 3–4 ай бұрын Түріктер әлемде 20 милион қазақ бар, соның 2 миллион 250 мыңы Қытайда деп жар салса, азаттық радиосы сайтында Қытай қазақтарының саны туралы; «Біздің қолымыздағы ең соңғы дерек — 2005 жылы Қытайда жүргізілген жалпы халықтық санақ. Сол санақ нәтижесі бойынша қазақтар соңғы он жылда 15%-ға өскен екен. Ресми дерек бойынша, Қытайдағы қазақтар — 1 миллион 413 900 адам болған. Қытайда халық санағы 5 жылда бір рет жүргізіліп тұрады, 1998 жылдан бері Қытайдан Қазақстанға 100 мыңның шамасында қазақ қоныс аударған» деп көрсеткен.
Өзіміздің отандық демограф М.Тәтімов 1993 жылғы «Қазақ әлемі» кітабында, биылғы 1993 жылдың ортасында қазақ саны толық 11 млн. толды, қытайдағыларымыздың барлық саны 1.5 млн. болды деп есептейді[1.151 б.].
Сонымен осы зерттеу мақалада мен отандық және шетелдік зерттеушілері бар ізденіс нәтижесінде Қытайдағы қазақ диаспорасындағы қазақтардың саны туралы санақ есебін жинастырдым, әр түрлі санақтар мен пікірлер бойынша төмендегідей сандар топтамасы жинақталды:
1917 ж. — 350 000
1920 ж. — 550 000
1944 ж. — 320 000
1946 ж. — 438575
1949 ж. — 493 000
1953 ж. — 504 500
1979 ж. — 898 000
1982 ж. — 903 370
1982 ж. — 927 000
1984 ж. — 964 500
1985 ж. — 994 000
1990 ж. — 1 500 000
1993 ж. — 1 500 000
2005 ж. — 1 413 900

Егерде М.Тәтімов мырзаның болжамы дұрыс болса осы күнге дейінгі 20 жылда Қытай қазақтарының саны 2 млн. болады деуге негіз бар. Ал, 2005 жылғы Қытай санағы бойынша қазақ саны 1.4 мың болғаны рас болса, қаншама қазақтың ата-жұртқа оралып жатқанын, Қытай саясатының аз балалы болуға үгіттеген демографиялық қысымын ескерсек, онда осы аяқталар 10 жылдықта қазақ саны 1.6.-1.7 млн. деп есептер едім. Ал, 2 млн. жету үшін жаңа туылған нәрестенің азамат жасына тоғанға дейінгі уақыт керек деп айтар едім.
Ал, қазіргі Қазақстанғағылып келіп жатқан Қытай қазақтарын нәубет жылдары елден ауып кеткен қандастар деген сөзге өз басым толық келіспес едім. Себебі, олардың кейбіреуі жатқа кеткен тарихи отанын тастап, ұлт тағдыры үшін мәжбүри түрде қазақстанға оралғандар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мақаш Тәтімов. Қазақ әлемі. — Алматы. 1993. — 147 бет.
2. Ахылова Айнур Нурлыбековна. Евразийское сообщество «Шығыс Түркістан қазақтары». — Алматы, 2010. — 216 б.
3. Зейнолла Сәнік. Сергелдең. -Үрімжі, 1999. — 366 б.
4. Т.Жұртбай. Балқаш Бафин. — Алматы. 2007. 575 б.
5. Қазақстан тарихы. 4-том. Алматы, 2010. — 694 б.
6. www. IREFERFN.kz. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру шаруалар қасіреті. 10.11.2011
7. М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков. Тарих тағылымы не дейді? — Алматы. 1993 ж.
8. Қазақстан тарихы сайты. Басты бетң«ң Халық тарих толқынында " Бағдарламаны жүзеге асыру " қазақтардың ұлттық тарихы бойынша тұтас зерттеулер " Қытайдағы қазақтары.
9. Ингвар Сванберг. «ИСТОРИЯ КАЗАХСТАНА в западных источниках ХІІ-ХХ в.». 3 том. «КАЗАХИ КИТАЯ очерки по этническому менышенству». 38–41 б.

Шынқазы Барлық, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих ғылымдарының магистранты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?