Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының тарихи танымы және шежіресі мәселесі

3108
Қазақ халқының тарихи танымы және шежіресі мәселесі - e-history.kz
Тарихпен айналысатын ғылымның да, оның зерттеу нысанының да «тарих» деген бір терминмен білдірілуі бірқатар қолайсыздықтар тудырады.

Қазақ хылқының тарихи танымы және шежіресі мәселесі

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХИ ТАНЫМЫ ЖƏНЕ ШЕЖІРЕСІ МƏСЕЛЕСІ

Тарихпен айналысатын ғылымның да, оның зерттеу нысанының да «тарих» деген бір терминмен білдірілуі бірқатар қолайсыздықтар тудырады. Сондықтан тарихи үдерістің өзін ғана «тарих» деп, ал оны зерттейтін арнайы ғылымды «тарих ғылымы» немесе сол баяғы грек тілінде «историология» деп атаған дұрыс болар еді. Ал тарих ғылымы туралы тарих «тарихнама» (историография) деп аталады. Сондай-ақ тарих ғылымында деректану (орысша источниковедение) сынды қосымша пәннің де бар екенін айта кету керек. Тарихнама тарихты ғылыми тұрғыда түсіндіру мен бағалауды, басым көпшілігінде, тарихты баяндау мен тарихи зерттеулердің нәтижелерін бағалауды білдірді және ол өзінің жазбаша сипатымен айқындалады. Әлемді түсінудің батыстық парадигмасында жазбаша тарихнама антикалық замандағы тарихтың атасы саналатын Геродот пен Фукидидтен    бастау алады. Ал ауызша тарихи шежірелер мен аңыздар күні бүгінге дейін ғылыми тарих ретінде мойындалмай келеді. Дегенмен тарихтың тарихнамадан (жазба тарихтан) бұрын басталатыны баршамызға мәлім. Жер бетінде қай ұлтты немесе қай халықты алып қарамасақ та, олардың кез-келгені - тарихи дамудың туындысы. Зерттеліп жазылған тарихи кітабы жоқ болуы мүмкін, бірақ тарихсыз халықтың болуы мүмкін емес. «Тарихнама ең алғашында ауызша тарихи-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін келе, жарыққа шығып, кемелденіп отырған. Жер жүзіндегі ең ежелгі марқа мәдениеті, бағзы заманнан үзілмей келе жатқан жазба та- рихы бар жұғоның (қытайдың) да шияшаң дәуірінен бұрынғы хуаңди, янди жөніндегі деректері тарихи аңыз-ертегілерден басталады. Ежелгі Египет, Индия, Иран, Грек тарихтары да осындай» /1, 39 б./. Ал енді осыдан Еуразиялық Ұлы Дала мен Орталық Азияны мекен еткен көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының төл тарихын тануы мен тарихи санасында шежіренің қандай орын алатынына, оның тарихнамасының қалай түзілгеніне тоқталайық. Тарихты шынайы жазу үшін деректердің алатын орны зор. Дерек- темелердің қатарына тарихи айғақтардың барлығын, яғни археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық, жазбаша, заттық, ауызша айғақ-деректердің кез келгенін жатқызуға болады, өйткені олар белгілі бір заман мен қоғам туралы тарихи таным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай деректер тобына, әдетте, шежіре немесе генеало- гия да жатқызылады. Жалпы жоғарыда айтылғандай, тарих ғылымында шежірелік деректерге қосалқы немесе жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан /2/. Басым көпшілігінде генеалогияға «ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу тарихын білдіретін және ата-текті түсіндіре тарата- тын тарих ғылымының бір саласы» деген академиялық анықтама беріледі. Кейде тіпті шежірені «отбасы тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тетік» деп те қарастырады. Мұндай ұстанымнан кеңестік тарихшылардың, олардың ықпалынан әлі ажырай алмай жүрген қазақстандық тарихшы- этнологтардың да ұзап кете алмай жүргені де жасырын емес. Шындығына келгенде, тарихи деректану саласында әлі түпкілікті зерттеле қоймаған, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау көшпелілік болмысқа тән тарихи ой- сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Расында да дәстүрлі қазақ мәдениетінде, оның ауызекі төл әдебиетінде үлкен тарихи деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келеді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сыни көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет та- рихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе. Алайда көшпенділерде, әсіресе қазақ халқында шежіре дәстүрінің ұғымдық ауқымы деректемелік сипаттағы тар түсініктен анағұрлым кең. Көшпелі мал шаруашылығының үстемдігі ықпалымен қазақы дәстүрде жаз- ба мәдениеттен гөрі ауызекі мәдениеттің басым болғаны рас. Сондықтан қазақ тарихнамасы, көршілес отырықшы елдермен салыстырғанда, ауызша дәстүрде, аңыз-шежірелерде жүзеге асырылды. «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге бола- ды. Бұл, әрине, ерекше артық жаратылғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуымен сабақтастырған жөн. Ал салт атты көшпелілер өркениетінің Еу- разия ойкуменінде үш мың жылдық тарихы бар» /3, 31 б./. Қазақ мәдениетін зерттеумен терең айналысқан белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақтың шежірешілдігін көшпелі өмір салтымен қатар жеті аталық үрдіс пен қандас- туыстық қатынастармен байланыстырады. «Адамның күні адаммен» деген принципке негізделген бұл жүйе тек моральдық-этикалық өлшем ғана емес, этнобиологиялық және этномәдени тұтастықты қамтамасыз ететін тетік, әлеуметтік және экзистенциалдық өмір сүруді реттеудің нормасы қызметін де атқарған. Үш жұрт бойынша (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты) сараланатын туыстық байланыс шежіренің тарихи айқындамасын анықтап отырған. Ал осы туыстық қарым-қатынас нормасын бұзғандар «ата салтты аттаған», «жетесіз» (жеті атасын білмеген – жетесіз), «мәңгүрт» аталып, өлімнен артық жаза болып саналатын өз ортасынан аластатылатын болған. Өткен тарихтың көпшілік ортасында ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос тарихының ұжымдық жадыға айналуы, ең алдымен, шежіре деректерінің объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған. Бұл үрдістің ұлттық таным-түсінік пен моральдық-этикалық нормаға енгендігі сонша, қазақ ұғымында әруақтар (өлгендер) туралы ғайбат сөйлеп, жаңсақ айту да күнәнің ең ауыры саналған. Мұндай қарым-қатынас, А. Сейдімбектің айтуынша, «әрбір қазақтың та- рихи танымын ұдайы кеңейтіп отыруына, шежірелік зердесін ұдайы шыңдап отыруына себепші болған. Мұның өзі далалық ауызша тарихнаманың, бірін- шіден – ұзақ есте сақталуына, екіншіден - өзара салғастыру мүмкіндігінің молдығына байланысты көп өзгеріске ұшырамауына, үшіншіден – субъективизмге ұрынбауына, өтіріктің айтылмауына себепші болып отырған» /3, 41 б./. Тарихи сананың сергек қалыпта сақталынуының ерекшелігін Шоқан Уәлиханов та атап өтеді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным- сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» /4, 150/. Бұл ойды қазақтың белгілі әулие ғұламасы Мәшhүр-Жүсіп Көпеев былай деп жалғастырады: «Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айту- ымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан- ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған» /5, 9 б./. Немесе, «кез келген қазақ жеті атасын айтып берсе, ешқандай паспорттық дерек мағлұматтарға сүйенбей-ақ оның қай ел, қай жерден шыққанын шежіре білген саңылауы бар қазақ баласы дөп басып тауып бере береді» /6, 5 б./. Қазақ халқының шежірешілдік қасиетінің кейбір қырына XIX ғасырдың көрнекті тарихшысы Құрбанғали Халид те назар аударады: «... Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекеленген жазба тарих- тары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезіндегі бағзылар тарихты анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндал- мады... [Бұлардың] көнеден келе жатқан жазылған тарихы болмағанымен, ата-бабаларымен, түрлі ұрпақтарының ақпарлары ауыздан-ауызға аңыз болып ұласып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, уақыт оза келе бұл шежірелер өз негізінен артық-кемі болып, ілгері-кейінді айтылып, шатастырарлықтай жағдай болса да, өзге тарихи мәліметтермен салыстыра отырып, реттестіру нәтижесінде белгілі бір шындыққа жақын, тоқтамды пікір айтуға болады. Бұл хабарлар негізсіз дәлелденбесе де себепсіз жалғанға шығарылмайды. Негізінде, шындығы басым тари- хи оқиғалары анық. Себебі бұл тайпалар өздерінің тарихты тереңдетіп оқымағанының салдарынан нақтылы анық айтып, білімге таласатындары болмағанымен, бабаларының сөздерін зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып әр мәжілісте, әр-жиын отырыстар- да үнемі қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, нассабшыларына шежіреші деп ат қойған» /7, 50-51бб./.  Еліміз бен жерімізде болып өткен тарихи үдерістерді қайта қалпына келтіруде жазба деректермен қатар, ата-бабаларымыздың қолданған тарихи білімін де, ауызекі тарихи дәстүр мен шежірені де пайдалану мәселесі бүгінгі күннің ғылымындағы өзекті мәселе. Халқымыздың ауызша мәдениеті, та- рихи санасы мен қазақ тарихнамасындағы шежірелік дәстүр мәселелері өзінің кешенді түрде зерттелуін күтіп жатқан тың тақырыптардың бірі. Өзінің бастауын ежелгі заманның аңыз-әпсаналарынан, әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресінен», Рашид-ад-Дин, ибн-Халдун, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулат, Ұлықбек, Әбілғазы, Қадырғали Қосымұлы, Өтеміс-қажы шежірелерінен алып, Ш. Уәлихановтың, И. Халфиннің, Абай мен Шәкәрімнің, Қ. Халид пен М.Ж. Көпейұлының, Н. Наушабайұлы мен М. Тынышбайұлының еңбектерінде жалғасын тапқан бұл шежірелік дәстүр кеңестік дәуірде «ескіліктің зиянды қалдығы» ретінде тоқтап қалды. Бірақ бұл кезеңнің өзінде Ә. Марғұлан, С. Аманжолов, М. Ақынжанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов сынды зерттеушілердің осы тақырыпқа қалам тартқанын атап өту керек. Қазақстандық ғалымдар өз зерттеулерінде шығыстық жазба ескерткіштердің үзінділерін мейлінше көбірек пайдаланып, оларды ғылыми айналымға енгізе отырып, отандық деректану ғылымының қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Тарих философиясымен және тарихи зерттеулердің методологиясымен, деректанумен айналысатын еліміздегі тарихшы-медиевистердің бір тобы белгілі шығыстанушы- ғалым В.П. Юдиннің төңірегіне шоғырланды. Олар ортағасырлық шығыстық жазба деректерді салыстырмалы-мәтіндік талдау, оларды идеялық-саяси және текстологиялық ерекшеліктері бойынша жіктеу сияқты деректанулық мәселелерге үлкен көңіл қойды. Осының нәтижесінде ортағасырлық қазақ тарихына қатысты жазылған он жеті парсы және түркі деректерін жинақтаған «XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы бойынша материалдар» атты ұжымдық аударма-еңбек жарияланды. Қазақ хандығы дәуірінен мәлімет беретін бұл маңызды жазба ескерткіштер мsналар еді:  «Тауарих-и гузидайи нусрат-наме» («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихтары», авторы белгісіз); «Фатх-наме» («Жеңіс туралы кітап», авторы – Молла Шәді); «Шайбани-наме» («Шайбан туралы кітап», Камал ад-дин Бинаи);  «Зубдат ал-асар» («Жылнама қаймақтары», Абдаллах Балхи); «Та рих-и Абу-л-хайр-хани» (Әбілқайыр ханның тарихы», Мас уд бен Усман Кухистани); «Бадаи ал-вакаи» («Таңғажайып оқиғалар», Зайн ад-Дин Васифи); «Та рих-и Рашиди» («Рәшидтің тарихы», Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати); «Тазкира-йи Ходжа Мухаммад Шариф» («Қожа Мұхаммед Шәріптің тұрмысы, авторы өзі); «Шараф-наме-йи шахи» («Шахтың даңқы кітабы», Хафиз Таныш); «Сығанақтан шыққан грамо- талар»; «Бахр ал-асрар фи минакиб ал-ахйиар» («Ізгі кісілердің биік қасиеттері құпиясының шалқар көлі», Махмұд бен Әмір Уәли); «Та рих-и Шах Махмуд бен Мирза Фазыл Чорас» («Шах Махмұд бен Мырза Фазыл шорастың тарихы», ав- торы өзі); «Та рих-и Кыпчаки» («Қыпшақ тарихы», авторы Қыпшақ-хан деген ат- пен белгілі Қожамқұли-бек Балхи); «Та рих-и Кашгар» («Қашқар тарихы», авторы белгісіз); «Ислам-наме» («Ислам кітабы», авторы Шаир Ахун деген лақап атпен белгілі Молла Әбд-әл Әлім); «Фирдаус ал-икбал» («Бақыттың жұмақ бағы», Шир- Мұхаммед бен Әмір Ауаз-бий мираб, лақап аты – Му нис); «Та рих-и амнийа» («Аманшылық тарихы», Молла Мұса бен Молла Иса-қожа Сайрами) /8/. Қазақ хандығы мен қазақ халқының саяси тарихынан, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени өмірінен хабар беретін бұл жинаққа енбей қалған маңызды жазба деректер қатарына Захир ад-Дин Бабырдың «Бабыр-намесін», Жа- лайыр Қадырәлі Қосымұлының «Жәмиғат-тауари-хын», Өтеміс-қажының «Шыңғыс-нәмесін», Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме- йи Бухара» («Бұхар қонағының жазбасы») еңбегін, Әбілғазы Баһадүрханның «Түркі шежіресін» және т.б. жатқызуға болады. Алайда бұл жазба деректердің басым көпшілігінің тимуридтік, шайбанидтік, аштарханидтік әулеттердің тапсырысымен жазылғандықтан, олар тарихты осы әулеттердің ыңғайына қарай бейімдеп жазуымен, өздерінің тенденциялық, компилятивтік сипаты- мен ерекшеленеді. Олар да, кейінгі отаршылдық мүддесін көздейтін тарих- нама да тарихи уақиғалардың хронологиялық тұрғыдан маңызды даталардың дәлдігін бергенімен, өткенді бұрмалап түсіндіруге жол береді. Осыдан ғылымда қазақтың төл тарихнамасы туралы мәселе келіп шығады. Ал кейінгі XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының та- рихи санасы мен тарихи танымындағы бұл игі дәстүрді Құрбанғали Халиди «Тауарих-и Хамсасында», Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралысында», Мәшhүр Жүсіп Көпеев «Қазақтың осы күнгі әңгімесі», «Қазақ шежіресінде», H. Наушабай «Манзұмат қазақия» мен «Алашында», М. Тұрғанбай «Шежіресінде», Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз- қазақ һәм хандар шежіресінде», Мұхамеджан Тынышпаев «Материалы к истории киргиз-казакского народа» еңбектерінде және т.б. жалғасын тапты. Ортағасырлық қазақ тарихына қатысты «даланың ауызша тарихнама- сы» мәселесін өзінің еңбектерінде шығыстанушы-ғалым В.П. Юдин өткір қойып, қолданбалы және теориялық деректанудағы кейбір мәселелерді тарих ғылымында ресми қабылданған ұстанымдарға қайшы келетініне қарамастан батыл көтерді. Ол шығыстық жазба дерек көздерімен ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде XIV ғасырдағы қазақ даласының тарихындағы кейбір ақтаңдақтардың (тимуридтік және шайбанидтік жазба деректерде осы дәуірде Шығыс Дешті Қыпшақта тайпа билерінің, кейіннен Жошының 13-баласы Тұқай-темір ұрпақтарының билікке келуі мүлдем айтылмайды) орнын толты- ратын осы жазба деректердегі өзгеше жіктемелік топты бөліп алып шықты. Олардың қатарына тікелей Дешті Қыпшақ көшпенділерінің ауызша тарихи біліміне негізделген шығармалар жатқызылады. В.П. Юдин мұндай дерек көздеріне «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» (авторы Мұхаммед Шайбани хан болуы мүмкін, XVI ғ., Мәуреннахр), Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» (XVI ғ., Хиуа қаласы), Қадыр Әлі би Жалаиридің «Жылнамалар жинағы» (XVII ғ., Касимов қаласы), Әбілғазының «Түрік және моңғол шежіресі» (XVII ғ., Хиуа қаласы) шығармаларын жатқызады. Ал шындығына келгенде, аталмыш кезеңнің, яғни XIV-XV ғасырлардың тек қазақ даласының ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің тарихы үшін маңызы бар екені даусыз. Бұл дәуір – моңғолдардың түріктеніп біткен кезеңі; Батыс және Шығыс Дешті Қыпшақты құрамына енгізген орасан зор империя Алтын Орданың ыдырап құлаған кезі; қазіргі түркі тілдес халықтардың – қазақтардың, өзбектердің, татарлардың, башқұрттардың, ноғайлардың, қарақалпақтардың және т.б. қалыптасу уақыты. Бұл уақытта Бату әулетінің ұрпақтары жойылып, саяси-тарихи аренаға қазақ, аштархан, қазан, қырым хандары әулетінің тегін құрайтын Тұқай-Темір ұрпақтары мен Сібір мен Орта Азияға билігін жүргізген Шайбан ұрпақтары шығады. Бұл дәуірде қазақ және өзге ұлттық мемелекеттік бірлестіктер өз алдына дер- бес құрылды. Сондықтан да ортағасырлық Қазақстанның тарихын қалпына келтіру үшін екі тарихнаманы да, яғни көршілес отырықшы елдердің жазба деректерін де, өзінің өткен туралы тарих субъектілерінің өзінің жадын – даланың ауызша тарихнамасын да қосып біріктіре пайдаланған абзал. В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыс-нәмесінің» материалдары негізінде XIV ғасырдағы қазақ даласының саяси тарихын қалпына келтіру барысында деректер көзінің осы ерекше тобының маңыздылығына тоқталады: «Біз мәліметтерінің маңыздылығы бір де кем емес, көп жағдайда ерекше, сондықтан да аса бағалы түбірлі жаңа деректі көрсетуге тырыстық, - бұл өз өткені туралы тарихтың өз субъектінің жады – даланың ауызша тарихнамасы. Қазақстанның тарихын екі тарихнаманың да – яғни отырықшы халықтар мәдениетінің өнімі болып табылатын кәдімгі, жазба тарихнаманың да, далалық ауызекі тарихнаманың да мәліметтерін тарту негізінде қалпына келтіруге болады» /9, 64 б./. Одан ары бұл автор даланың ауызша тарихнамасына анықтама беріп, оның ерекшеліктерін сипаттайды: «Даланың ауызша тарихнамасы – бұл Дешті Қыпшақтың, біз үшін, ең алды- мен, моңғол дәуірінен кейін көшпенділердің жалпы білімінен ерекше салаға бөлініп шыққан Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімі. Осы себепті де ол ол «ауызекі дәстүр» терминімен де, «аңыз», «әпсана» сөздерімен де анықталмайды. Даланың ауызша тарихнамасы мифологиямен де, фольклормен де, оның ішінде батырлар жырымен де теңгеріле алмай- ды, өйткені фольклордың өзі даланың ауызша тарихнамасынан нәр алады... Даланың ауызша тарихнамасы шамалы түрі өзгергертілгенімен, дәл сол жалпы тарихнаманың өлшемдермен сипатталады. Аталмыш тарихнаманың деректерін зерттеу Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімін феномен ретінде, жүйе ретінде, көшпелі мәдениеттің даму деңгейінің индикаторы ретінде пайымдауға мүмкіндік береді. Даланың ауызша тарихнамасы – Еу- разия халықтарының ауызша тарихнамасының бір бөлігі. Ал ол өз кезегінде әлем халықтары тарихнамасының бөлігі болып табылады. Ауызша тарихнама – бұл қоғамдық құбылыс ретіндегі тарихнаманың дамуындағы әмбебап кезеңдік-типологиялық феномен деп тұжырымдауға болады» /9, 65 б./. В.П. Юдин «даланың ауызша тарихнамасын» бейнелейтін шығар- маларды даланың ауызша тарихнамасының қайнар көздері деп бел- гілеуге болады. Олар тарихи әңгімелердің жинақтарын – Дешті Қып- шақ көшпенділерінің тарихи білімінің тарауларын білдіреді. Бұл тарау- әңгімелердің арнаулы атауы болды: «қары сөз», «көне сөз». Бұл дерек- тердің кәдуілгі шығыстық феодалдық сарайлық және өзге тарихнамалар- дан айырмашылығы осында...», деп атап өтеді /9, 65 б./. В.П. Юдин ауызша тарихнаманы қоғамдық құбылыс ретіндегі жал- пы тарихнаманың дамуындағы әмбебап кезеңдік-типологиялық феномен түрінде қарастыра отырып, оның жазба тарихнамамен ұқсастықтарымен қатар қайталанбас ерекшеліктері бар екендігіне назар аударады. Демек, ауызша тарихнаманы зерттеп үйрену өзінің пәні мен әдістемесі жағынан жазба тарихнаманы зерттеуден айрықшаланатынын білдіреді. Сондықтан да шығыстанушы-ғалым ауызша тарихнаманың мәліметтерін жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау және тарихи зерттеулерде қолдану принциптерін даярлау міндеттерін шешу жүктелетін деректанулық профильдегі өзгеше тарихи көмекші пәнді ашуды ұсынады. Осылайша мәдениеттің ұмыт қалған осы бір ерекше саласын тірілтіп, оны қалыптастырушы көшпелі халықтардың ұрпақтарына қайтарып ұсынуға болар еді. Бұл, әрине, та- рихи сананы қалыптастыруды қажет етіп отырған қазақ халқының та- рихи жадын қайта түлетіп қана қоймай, оның тарих философиясын қалыптастырудың методологиясын да шешуге ықпалын тигізері сөзсіз. В.П. Юдиннің көтерген «даланың ауызша тарихнамасы» (ДАТ) мәселесі еліміздегі тарих пен қоғамдық ғылымдарда одан ары дамытылды. Белгілі этнолог Ақселеу Сейдімбек бұл көшпенділердің тарихи та- Тюркский мирным ерекшеліктерін қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қарай бұрады: «В.П. Юдиннің «далалық» деп басталатын бұл ұғымын әрісі жалпы түркі- моңғолдық, берісі дешті-қыпшақтық тарихқа қатысты, яғни, тарихи дерек көздеріне қатысты қолдануында қисын бар деуге болады. Ал, қазақтың шежірелік төл дәстүріндегі қария сөздерін «далалық» деп жалпылаудан да гөрі, «тарихнама» немесе «тарихзерттеу» деп әсіре ғылымиландырудан да гөрі «қазақтың ауызша тарихы» (ҚАТ) деп атау мәндік және мағыналық тұрғыдан анағұрлым ұрымтал деп есептейміз» /10, 26 б./. Белгілі мәдениеттанушы Әуезхан Қодар қазақтың дәстүрлі мәдение- тіне өз ішінен қарап, оған «феноменологиялық редукция» жасауға ты- рысады. Қазақ мәдениетіндегі номадалық өркениет пен отырықшылық мәдениеттің біте қайнасқанын айта отырып, ол «басым көпшілігінде вербальды және ұрпақтардың тірі тізбегі арқылы тасымалданатын Дала тұрғындарының білімін отырықшы халықтардың жазбаша және материал- ды мәдениет ескерткіштерінде бекітілген гнозисінен ажырату үшін» Дала Білімі терминін енгізеді /11, 56-57 бб./. Бұл далалық білімді бастапқыда ақын-жыраулар ұрпақтан ұрпаққа ауызша таратса, кейін ағартушылар азды-көпті трансформациямен жазбаша түрде жайылуына ықпал етті. Тарихи білім мен таным, тарихи жады мен сана категорияларын қамтыған шежірелік дәстүр ғасырлар бойы жалғасқан феномен. Көшпелілер баяндаған тарихи әңгімелер отырықшы көрші елдердің тарихнамасына өтіп отырған. Қазақ шежірелерінен ескі түрік пен ислам дәстүрлерінің үйлесімін табуға болады. Қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде пайдалануды арнайы зертте- ген Махсат Алпысбесұлы шежіренің мынада жалпы белгілерін атап өтеді: 1) шежіре деректері нақты қалыптасқан генеалогиялық дәстүр белгілерін көрсетеді; 2) генеалогиялық дәстүр ауызша және жазбаша дайындалған екі формасы болған; 3) шежіре белгілі бір жасаушы субъект тарап нан түзілген; 4) шежірелік генеалогия мамзұнында ақиқатты, кейде ой- дан құрастырылған элементтер қатар сақталған; 5) шежіредегі тарихи генеалогияның жасалу ұстындары әлем халықтарының дәстүріне ұқсас; 6) қазақтың рулары мен тайпаларының құрылымдары белгілі дәрежеде дәстүрлі қоғамның әлеуметтік-саяси моделі іспетті болған. Осыған орай қазақ генеалогияларының деректері әлеуметтік байланыстардың терең сырын түсініп, шындығында қазақтың тарихи этникалық тұтастығын анықтауға негіз болады. Қазақ халқы ұлт (ұлыс, халық, мемлекет, хандықтар) болып, қазіргі қазақ халқын құрап тұрған үш жүз ішіндегі барлық ру-тайпалардың өзара бір атадан, руға, тайпаға, жүз-ұлысқа бірігіп, одақтасып, өзара ынтымақтылықпен (құдандалы, жекжат, сарысүйек т.т. болып) бейбіт түрде ұйымдасып тұтас ел, ұлт, хандық құрды, мұны шежіре деректері нақты айғақтайды /12, 27 б./. Қазақтың шежірелік дәстүрінің түсіндірмелік қызметінің өзіндік ерекшеліктері болды. Қазақ елі сынды ауызекі мәдениетке негізделген қоғамдарда адам санасы тарихи жадының аса қолайлы және сенімді мұрағаты бола алатынына ешкімнің де күмәні бола қоймас. Сана архивінде ғасырлар бойғы адамдардың тәжірибесі сақталады және осы зейіннің негізінде таным-түсінік қалыптасады. Санадағы адамдардың есі арқылы рухани және материалдық мәдениет, адами өмір тәжірибесі ұрпақтан- ұрпаққа жалғасады және әр нәрсенің себеп-салдары түсіндіріледі. Қазақтың дәстүрлі қоғамында айрықша дамыған ауызша тарихи дәстүр көшпелі әлеуметтің рухани әрекетінің өнімі болып табылады. Ұлттық тарихи сананы тәрбиелеудің алғашқы сатысы қазақ отбасы, ата- ана тәрбиесі. Қазақ шежірелері: «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тоң пішер» деп осыны мегзейді. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде қалыптасқан «жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деген қолдау және тый- ым салу схемалары тарихи-генеалогиялық білімге үндеудің бір үлгісі бо- лып табылады. Қазақ генеалогиясы мазмұнының өн бойын туыстық, рулық, азаматтық сана алып жатыр десе де болады. Қазақта тарихи сана шежіре айту арқылы қызмет етеді, бала күнгі бесік-жыр, тілашар, аңыз-ертегіден ба- стап, кейінгі тарихи жырларды жырлау арқылы іске асырылады. Шежірелік сана дәстүрлі өмірдегі шежіренің идеологиялық сипатын да анық көрсетеді. Тарихи таным мен сана ұштасқан жерінде ұлттың мәдениет пен әлеуметтік құндылықтар қордаланған. Шежірелер – қазақтың құндылықтар жүйесін тасымалдаушысы. Мәдениет пен тұрмыстағы атам заманнан келе жатқан салт-дәстүр мен құндылықтардың формалары мен қалдықтары да шежірелік деректерде сақталған. Өткен замандарда қазақ шежірелері адамның барлық болмысын белгілі бір тәртіп, әлеуметтік бақылау, саяси- құқықтық басқару мен қоғами тұрақтылыққа бағындырған дәстүрлі ұлттық менталитет, қоғамдық сана тәрбиелейтін мектеп болды. Шежірелерде сақталып келген тарихи сананың табиғаты оны жа- саушы нақты субъектілердің, шежірешілердің, қариялардың тұлғалық жеке санасынан туындаған. Заман талабына орай туындаған тарихи сана көшпелілердің қауымдық жүйесінде мәні зор, түсінікті, өзекті ортақ қоғами тәжірибелік құбылыс болғандықтан, шежірелер тарихи әлеуметтену мәселесінде қоғамдық институт ретінде қызмет атқарды. Шежірелік тарихи сана мен таным көшпелілер қоғамының ортасында дәстүрлі тәрбие жүйесімен тығыз байланыста болған. Сонымен, тарихи сананың табиғаты, тамыры халықтың терең әлеуметтік, қауымдық тұтыну талап- тарынан, адамның жеке сана қажеттілігінен туындап бастау алады және тарихи танымның формасы сол қауымға сәйкес қалыптасқан социумдық қарым-қатынастардың табиғатына байланысты. Дәстүрлі сананың құрамында қазақтың бұрынғы салт-дәстүр мен көшпелі мәдениетінің рухани құндылықтары жақсы сақталғандықтан, ол ортағасыр дәуіріндегі тарихи шындық болмысын тану мақсатына деректік негіз болатындай мүмкіндікке ие, және мазмұнында әлі де құнды әрі пайдалы мәлеметтер жиынтығы көп. Осы тарихи сана төңірегінде тарихи айғақтарды, тарихи оқиғаларды, тұлғаларды және мәдени-тұрмыстық құбылыстардың тарихи негіздерін қабылдау формалары қалыптасқан. Сонымен, шежірелік дәстүр аға буын ұрпақ тарапынан әңгімелеуімен, қарияның айтуыменен жалғасады. Олар, әрине, өзінің жеке, әрі бұрынғы ұрпақтардың маңызды тәжірибесін сақтаған субъектілер. Шежірелік қария санасы тарихи жады арқылы есте сақтаушы басқа субъектілердің айтып сақтаған мәдени қағидаларын, адамның өмірлік тарихи тәжирибе-білімін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған. Шежірелік қасиеттің өзі қария жадында сақталған тарихи білім-тәжірибе деректерін ауызекі күйінде беруде жатыр. Шежіреші сақтаған мәліметтің бұқара халық ортасында таралуы үрдісін байқаған соң, сол тарихи ақпараттың өзіндік қызметі тарихи, танымдық, идеологиялық, болжамдық сипатта болғандығы анық көзге түседі. Қазақ халқының шежірелік дәстүрі бұл халықтың бүкіл дәстүрлі мәдениетінің маңызды бір құрамдас бөлігі. Қазақтың ауызекі мәдениетінің қыр-сырын терең зерттеуді қолға алған белгілі зерттеуші, профессор Қанат Шынғожақызы Нұрланова бүкіл адамзаттық мәдениеттің даму заң- дылықтарымен байланыстыра отырып, қазақ мәдениетінің трансценден- талды астарларына үңіледі. Оның пікірінше, қазақы рухани самғау неме- се  трансценденция «бір жағынан, сергу деп ауызша мәдениеттің рухани қасиеттілігін ашып берсе, екінші жағынан - өмірдің сыры неде екеніне, ру- хани өмірдің тұңғиығының сыры неде екеніне философиялық тұрғыдан жа- уап береді; үшіншіден осы құбылысты – рухани сергуді ауызша мәдениеттің көркі мен мәні, этикалық келбеті дер едік. Бұл рухани құбылыс қазақ елінің тұнып, толғап, тұңғиық тыңдау мәдениетінің арқасында, рухани дүние арқылы өмір сүрген тәжірибесін байқаймыз. Ауызша мәдениеттің түбегейлі қасиеттері  - қазақ елінің рухани бейнесін, менталитетін қалыптастырған, сондықтан оны сипаттайды да, байқатады да» /13, 67 б./.    Шежірелерге деген қазіргі қазақтың талпынысы, оны итермелейтін ішкі күші – тұлғалық сана. Қазіргі заманның адамдары да дәл бұрыңғыдай тарихи білімге құштар. Өйткені тарихи білім қоғамдық сананың негізгі құраушы компоненті. Қоғамдық санада үзіліссіз жалғасатын кез-келген білімнің түрі ең алдымен тарихи білім жүйесіне байланады. Қорыта айтқанда, тарих сана – бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жады. Тарихи жады немесе әлеуметтік ес неғұрлым терең болған сайын адам да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай болады. Бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін өткенді білу тарихи білімнің негізгі арқалайтын жүгі екендігі рас. Ал бұл тарихи білім берудің мақсаты жан-жақты дамыған тұлғаның ой-у мәдениетінің қажетті компоненті ретіндегі тарихи сананың элементтерін адам бойында қалыптастырумен ұштасып жатады. Тарихи білім немесе тари- хи эрудиция – бұл тұлғаның рухани байлығы. Қазіргі адам алдыңғы буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне тереңірек ендеген сайын оның өмірлік және азаматтық ұстанымы да айқындала түседі. Тарихи білім адам- ның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына, оның бойында адамгершілік мұраттардың егілуіне ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік, оның өткені мен бүгінін мақтан тұту патриотизм деп аталатын сезімдердің құйылысын тудырады. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақтың философиясы мен қазақтың та- рихына қатысты ғылыми жұмыстардың, зерттеулердің, мақалалардың көбейе түскені еш артық етпейді. Әсіресе, буыны бекіп, қата қоймаған тәуелсіз мемлекетіміздің жас азаматтарының бойында отансүйгіштік қасиеттерді егу мен ойында тарихи сананы қалыптастыру барысында оқулықтар мен оқу құралдары көбірек жазылуы керек. Бабаларымыздың қалдырған әлеуметтік- адамгершілік үлгідегі өсиеттері мен рухани мұрасын терең насихаттап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату қажет. Бұл жас ұрпақты ізгілікке, жү- рек пен жанның тазалығына, білімділікке, имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, әсемдік пен әдептілікке тәрбиелеп, тұлғалық қасиеттер қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады, қоғамды зиялылыққа үндейді. Қазақтың ауызша тарихы немесе шежіре түптеп келгенде, әрбір тұлғаның, әрбір ұлт пен ұлыстың басқаға танылуы үшін, өзіндік бірегейлігі (самоидентификация) үшін өзіне тән даралығы болатынын түсінбей, түбірсіз маргиналдыққа әкелетін дүбәра ойлаудан арылып, ұлттың табиғи төлтумалылығының діңгегін құрайтын тарихи өзіндік сананың сауығына оң ықпалын тигізеді.

1. Қазақтың көне тарихы / Дайындаған М. Қани. – Алматы: Жалын, 1993. – 400 б. 2. Тираспольская И.В. Генеалогия // СИЭ. – М.,1963. - Т.4. - С. 189-190; История и генеалогия. С.Б. Веселовский и проблемы историко-генеало- гических исследований. – М., 1977; Леонтьева Г.А., Шорин П.А., Кобрин В.Б. Вспомогательные исторические дисциплины. – М., 2000. 3. Тарақты А. Ауызша тарихнама // Қазақ. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы. Алматы: Білім, 1994. – 176 б. 4. Валиханов Ч. Киргизское родословие // Собр. соч.: В 5 т. – А., 1985. – Т.2. – С. 148-166. 5. Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі. (Дайындаған С. Дәуітов). – Алматы: Жалын, 1993. – 76 б. 6. Мырзахметов М. Түрік, қырғыз-қазақ hәм хандар шежіресі туралы // Ш. Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ hәм хандар шежіресі. – Алма- ты: Жалын, 1991. – 98 б. 

7. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих) Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б. 8. Материалы по истории казахских ханств XV - XVIII вв /С. Ибраги- мов, Н. Мингулов, К. Пищулина, В. Юдин. – Алматы: Наука, 1969. – 652 б. 9. Переход власти к племенным биям и неизвестной династии Тукати- муридов в Казахских степях в XIV в. (К проблеме восточных письменных источников, степной устной историографии и предыстории Казахского хан- ства) // Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. / Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические примечания. Исследование В.П. Юдина. Комментарии и указатели М.Х. Абусеитовой. – Алма-Ата: Ғылым, 1992. – 296 с. 10. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фоли- ант, 2008. – 728 б. 11. Кодар А. Мировоззрение кочевников в свете Степного Знания // Культурные контексты Казахстана: история и современность. Алматы: Зо- лотой век, 1998. – 263 с. 12. Алпысбес М.А. Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде. Тарих ғыл. докт. дисс. авторефераты. А., 2007. 13. Нұрланова Қ.Ш. Ауызша мәдениеттің философиясы // Қазақ фило- софиясы: онтоло


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?