Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уақ шежіресі және тарихи деректер

6264
Қазақтың үш жүзінің орта жүзіне жататын алты рулы ел бар, оны орта жүздің алты арысы дейді, оларды кейде көрші-қоныс жақындықтарына қарата туысқан ретінде бір-бірімен байланыстырады.

16.01.15

Арғын-Найман, Уақ-Керей Қоңырат-Қыпшақ депте топтастырады. Солардың ішіндегі көп аталмас саны аз, тарыдай шышылғаны уақ руы.

Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде уақ ұлысы туралы: Орыс жазушылары уақтар керейден шыққан ел болса керек дейді, себебі, орыс әскерлері алғаш жолыққанда керей мен уақ аралас екен, ел таңбаларыда керейдің кірест белгісі дейді. сонымен қатар дәлел ретінде, Левшин мен Балқашин уақтың сарбағыс деген тайпасы 1750 жылдан асқан кезде Абылайдың қырғыздарды шауып алып келген кездегі тұтқындардың нәсілі дейді.[1.350 б.] тағы сол сияқты, Ақмолла Кітапбайұлы деген шежіреші, Орта Жүз найманның саржомарты екі әйел алады, бәйбішеде Қаратай туады, тоқалдан 4 ұл туыпты, кейін тоқал мен бәйбішенің балалары сиыспай, тоқалы балаларын ертіп төркініне көшіп кетеді, тоқалдың төркіні уақ екен, кейін сол 4 ұлдың малы мен басы тең өсіп, ергенекті уақ атанып кетеді.[2.9 б.]
орыс жазушылырының бұл уақтар керейден тараған деген пікір әлі күнге болсада ел аузында айтылып жүр, іс жүзінде бұл сыңар жақтылы, дәлелсіз, болжам ғана. Айтыла салған болжам менен бірер шежірешінің айтқан шежіресіне бола солай деп ойлау тарихқа қиянат болар.
Шын мәнінде, уақ руы сонау түркі заманынан бері тайпалық билігі бар, осы күнге дейін сақталған шежіре-дастаны бар іргелі ұлыс болған. Бұл туралы уақ шежіресі мен тарихи деректер не дейді екен? Соған үңілсек.
Уақ шежіресі: Орта Жүз Бекарыстан Келімбет, одан Мейран туыпты, Мейран үш әйел алған адам екен, үлкен әйелі Қояннан арғын, найман туыпты, ортаншы әйелі Жарғақтан керей, уақ туыпты, кіші әйелінен қоңырат, қыпшақ туыпты деп өздерінің Орта Жүзден тараған алты арыс ел екенін көрсетеді.[2.14 б.] Ал осыны ары қарай тарата келе, керей-уақ бір туысқан, уақ ағасы екенде, керей інісі екен, уақ елге қолбасы батыр болыпты. [3.394 б.] делінсе тағы бір шежіреде, уақ керейдің інісі, уақтың арғы атасы Жаубасар өлген соң бір жылдан кейін әйелі әмеңгерлік салт бойынша қайын, ағасы Ойшыбайға (Керейдің әкесі) тиеді делінеді. [2.11 б.] бұл шежірелер қалай дегенменде уақ керейден тарайды дегеннен көрі, уақ пен керейдің бірге туысқан екенін дәлелдеуге тырысады.
Байырғы қазақ шежіресі уақ ұлысын 11 тайпаға бөледі, олар: Шұға, Сарман, Байназар, Сарбағыш, Сіргелі, Ерінші, Әлімбет, Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз. Осы 11 тайпа ішінде Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз тайпалары Ергенекті уақ деп аталады. Уақтың арғы атасы Жаубасар, Қамбар, Еркөкше, Ерқосай батырлардан таратады, жауға шапқанда Жаубасар мен Еркөкшенің атын ұран етіп шақырады.[4.285 б.] Соның ішінде шежіреде көп айтылатыны Еркөкше. Сол Еркөкше туралы халық арасына тараған, аңызда былай дейді: Еркөкшенің шын аты Ердене, жастай жетім қалып нағашысынан өлі жүні түспеген қатпа көкшетайды қалап алыпты, кейін ердене жігіт болып, көкшетайы ат болған кезде, бір соғыста ол жау біткенді жапырыпты, сонда қолбасы:
— ой, анау көк атты кім? қолы «у» — ақ екен, қолы тигенді у жегендей жусатты ғой — депті. Осыдан бастап Ердене ұрпағы уақ атанып, өзі жауға шықсада, бәйгеге шапсада көкшетайына мініп Еркөкшелеп ұрандап шығатын болған соң солай атаныпты делінсе, ал тағы бір шежірелерде Ердене аты Ерен деп беріліп қазіргі Көкшетау жеріне қоныстануынан көкше аты қосылып Еркөкше атанған дейді. [2. 10–11 б.] Қалай болған күннің өзінде де Еркөкше уақ тарихында болған адам. Уақ шежіресі өз тарихын Жаубасардан бастап, Еркөкше, Ерқосаймен жалғап, Бармақ, Баян батырлар арқылы осы күнге жеткізеді.
Тариыхшы Н.Мыңжанұлы өз еңбегінде уақ руының елтаңбасы ретінде «
Тарихи деректерде: Ғалым Ә.Марғұлан «Тамғалы тас жаузы» атты еңбегінде ежелгі Оңғыт тайпасын уақ деп көрсетеді.[3] Ғалым Н. Мыңжанұлы, Оңғыттар Қытай деректерінде «Уаң Гу» немесе «Ун Гу» түрінде, Парсы деректерінде «Аунғут», ал Монғол тіліндегі шежіреде «Унхүд» түрінде кездеседі. Ежелгі деректерде Үн (Гүн) деген атпен VІІ-ғасырдың басында белгілі болған, Қытай қорғанының солтүстігін мекендеген, Христиан дінінің Нисторин бағытын ұстанған дейді. [4.286 б.]
Біздің Ұлттық энциклопедияда, ІХ-ХІІІ ғ. Монғол үстіртін мекендеген оңғыт (уақ) тайпасы Шыңғысханға өз еріктерімен қосылып, Түркі-Монғолдардың Қытайға, Хорезмге жасаған жорықтарына белсене араласты десе. [5. 641 б.] Ә.Марғұлан, оңғыттар Шыңғысхан алапатынан бұрын өз алдына жеке ұлыс болып жасаған, Ханы Алагүш тегін, ол өлген соң орнына Шелгей деген немересі отырған. [3.] Саяхатшы Маркаполо өз естелігінде, керей, найман тайпаларымен көрші отырған оңғыттар (уақтар) мал өсіріп, суармалы егін салып, қыста белгілі бір қыстаулар мен қалаларда тұратын ел болған, орталық бір қаласы Оңғыт-Қапқа, екінші бір қаласы Теңдік (Теңді) болған, бұл теңдік қаласы өз заманында сауда кварталдары, жүздеген арба тоқтайтын алаңы, айналасын биік дуалдармен қоршаған бекіністі қала болған.[3] Бұл дуалдар ХІІ-ХІV ғ. П.Карпини, Марко Поло, Рубруктердің шығысқа жасаған саяхаты кезінде бұзылмай тұрған екен. Парсы тарихшысы Рашид ад диннің «Жәми ат-тауарих» атты шығырмасында, Оңғыт (уақ) ұлысы бұрын керей, монғол дармен құдандалы болып, қыз алып, қыз беріп отырған, Шыңғысхан Монғолияда күшейген кезде онғыт (уақ) ұлысынқиратып, халқын өзіне бағындырған, керей Тұғырыл ханның інісі Жағакамбудің кенже қызы елден асқан сұлу екен, оны Оңғыт (уақ) ұлысының ханы алған. Шыңғыс оңғыт ұлысын шауып, ханын өлтіріп, осы сұлуды алмақ болып қаншама іздеседе еш жерден таба алмаған.[6. 215 б.] Шыңғысхан оңғыттарды (уақтарды) басып алған соң, бір жерде жүрсе қайта бас көтерер деп, әр жерге бытыратып таратып жіберген екен, кейінгі заманда сол ұсақ рулар ата тектерін қудалап, бірін-бірі тауып, орта жүздегі қазіргі уақтың негізін қалаған.[3.411 б.] Ш.Құдайбердіұлы өз шешіре жинағында уақ атын «ұсақ" сөзімен байланыстыр отырып, арғын, найман, керей ішінде ұсақ атадан жиналған болар дейді.[1.350 б.]
Оңғыттар Ғұн әдеті бойынша бұғы, маралды ерекше қадірлеп табынған, 1007–1009 жылдардан бастап керейлер сияқты харистиан дінін ұстанған. Орыс ғалымы Б. К. Козлов «Теңдік» қаласының жұртын қазып зерттеген, ол жұрттан христиан шіркеу орны мен қағазға, жібекке орхон, ұйғыр, Сирия жазуымен жазылған түркі, Сирия тіліндегі жазулар көптеп табылған. [2.19 б.] тарихта оңғыт (уақ) тайпасы тақырыбында ашылған құнды жаңалық болып Алтай, Монғол жерінен табылған Оңғыттар (уақтар) мен Керейлердің құлпы тас жазуы. Әсіресе көп табылғаны оңғыт жаузлары. Бұл жазуды Ә.Марғұлан Түркілік Қыпшақ тіліне жатқызады.[3] Жапон түркологтарыда орыс жерінен табылған оңғыттың (уақтың) тасқа жазылған ескерткіштерін оқып олардың Қыпшақ тіл тобына жататыны дәлелдеген.[2.19–20 б.]
Жалпы, ХVІ ғ. дейін деректе уақтардың аты аталмайды, сондықтан Ш.Құдайбердіұлы мен А.Левшин оларды қазақ хандығына ХVІ-ХVІ ғ. қосылған деп санаған. Ал, Ш.Уәлиханов Еркөкше, Ерқосай батырлар арқылы Алтын Орда ыдырағаннан бастап уақтар көріне бастады дейді.[5.641 б.]
Менімше, мейлі қалай болған күнде-де уақтың арғы тегі оңғыттан бастау алатыны даусыз, Шыңғысханның бітіспес жауы меркіт пен татарлардың бойы арбаның дөңгелегінен асқан еркек кіндіктісінің басын допша домалатқан жойқын шабуылынан да аман қалған сол меркіт, татарлардың жұрнағы әлі күнге дейін өмір сүргенде, бір сұлуға бола талқандалған оңғыттардың тарих бетінен өшті деу қисынсыз болар еді. Ал қазіргі уақтардыңда орта ғасырда аз ғана рулы елдің басын жинап негізсіз уақ атын аласалуы да мүмкін емес, ондай рулы ел, орта жүздің арғын, найманына теңдес алты арыс елдің бірі атана алмаста еді. Өз заманында керей тайпасымен қатар өмір сүрген тайпалық ел бір далада қойы қоралас, өрісі аралас болған керейлерге туыс атанған шығар, қазақта «туыс емес, қоныс туыс» деген мәтел бар, мүмкін бұл мәтелде қиын қыстау кездерде қонысына қарай қосылып, одақ болып ұйысып, туыс болып татулық орнаған заманда шыққан халық сөзі шығар, соған бола уақты керейден тарады деу негізсіз. Мүмкін бірлі жарым керей ауылдары уаққа сіңген болар, жер бетінде бір ата мен бір анадан тараған ұлт болған емес, қазақтың өзіде сан алуан атадан тараған рулы елдерден құралған. Белгілі түркі танушы Қ.Салғараұлы, «Егер Абақ керейді бір ыңғай керейлердің өзінен тұратын тайпа болса, Үйсін Ботбай аталығынан тарайтын жәдік, Байұлының Есентемір аталығынан тарайтын Жастабан руларының абақ керей арасында жүргенін қалай түсінеміз.«[2.17 б.] Соған қарағанда оңғыттарда шашырап кетседе тегін сақтап, қара шаңыраққа қайта топтасып, түрлі себептермен ауып келген бірлі жарым руды өзіне тартып, санының аздығы мен бытыранқылығына бола басқа көп аталы рулардың келекесінен оңғыт аты уақ (үсақ, майда) атына өзгерткен шығар деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ш.Құдайбердіұлы жинағы. 2-кітап. Өкінішті ғұмыр.- Жидебай. 2008 ж.
2. Уақ ұлысы. Іле халық баспасы. — Күйтұң қаласы. 1995 ж.
3. Н.Мыңжанұлы. Әбдірешіт Байболатұлы. Қазақ шежірелері. І-кітап. — Күйтұң қаласы. Іле халық баспасы. 2009 ж.
4. Н.Мыңжанұлы. Қазақтың қысқаша тарихы.
5. Қазастан ұлттық энциклопедиясы. 8-том. -Алматы. 2007 ж.
6. Рашид ад динн. Жәми ат-тауарих. 1-том.

Шынқазы Барлық, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих ғылымдарының магистранты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?