Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нұр-Сұлтанда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті

1849
Нұр-Сұлтанда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті - e-history.kz

2019 жылы 29 сәуір күні елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясы өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1 500-ден астам адам жиналған.  Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды сессия жұмысының басталуымен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөлін атап өткендігімен басталды.

«Жаһандық әлем күшті трансформацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құрдық. Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыздың арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі теңдестірілген, уақыт жағынан тиімді әрі тәжірибеден өткізілген. Бұл бәріне үлгі болуға тиіс», – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік органдар жанындағы медиация институты мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы арқылы шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

«Бүкіл Қазақстан халқына, сондай-ақ соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бүкіл мүшелеріне бізге қолдау көрсеткені және барлық мәселеде түсіністік танытқаны үшін зор ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Алдағы 9 маусым күні елімізде Президент сайлауы болады. Жақында ғана өткен партиямыздың кезектен тыс ХІХ съезінде «Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы президенттікке ұсындым. Тоқаев ысылған, өте тәжірибелі мемлекет қайраткері. Менің ойымша бүгінде Қазақстанға басшылық етуге әбден лайық бірден бір тұлға. Ол - еліміздің нағыз патриоты. Мен бүкіл қазақстандықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы 9 маусымда өтетін сайлауға белсенді қатысып, ауызбіршілгімізді көрсетуге шақырғым келеді. Барша қазақстандық азаматтардың аспандары ашық болсын!».

Сессия жұмысын жан-жақты қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын үздік деп бағалады. Сондай-ақ 1995 жылы құрылған ҚХА бүгінгі уақытқа дейінгі тарихында қазақ елінің ынтымағын арттыру бағытында талмай еңбек етіп келе жатқандығын тілге тиек етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясы аясында ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Енді бұл лауазымды қызметті Юсуп Келигов және Шерзод Пулатов атқаратын болады.

Қысқаша айта кетер болсақ, Қазақстан халқы ассамблеясы – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған, ең негізгі міндеті міндеті мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекет және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында жасақталған мекеме. 

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан болатын. Бірақ үш жылдан соң, яғни 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты.  Оның мәртебесін алғашында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен еді. Өз тарихында ассамблея аталған мәртебеден мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?