«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан тарихы ғылымындағы лениндік кезеңді оқытудың ерекшелігі мен маңызы туралы

3312
Əрбір тарихи оқиғаға ғылыми талдау жасау, маңызын айқындау, берер нəтижесін сараптау тарих ғылымына қойылатын негізгі міндет болып табылатындығы айғақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың тікелей басшылығымен қазіргі күнгі іске асырылып отырған «Ұлт тарихын зерделеу» бағытындағы атқарылып отырған шаралардың басты міндеттерінің бірі нақты деректер арқылы Отанымыздың толығымен шындыққа негізделген тарихын негіздеу екендігі белгілі. Осы бағыттағы Ұлт көшбасшысының: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» [1], — деген талабы осы халықтық жəне елдік маңызға ие шараларды одан ары жүргізудің келелігін айқындай түседі.

Сонымен қатар еліміздің тарихының құпия, ақтаңдақ, зерттелмеген беттері-де болмауы тиіс екендігі белгілі. Əрбір тарихи оқиғаға ғылыми талдау жасау, маңызын айқындау, берер нəтижесін сараптау тарих ғылымына қойылатын негізгі міндет болып табылатындығы айғақ. Сонда ғана өткеніміздің ұрпақ сабақ аларлық маңызы артатындығы белгілі. Өкінішке орай бүгінгі уақытта Қазақстан тарихына арналған жекелеген кітаптар мен мақалалар оқиғаларды құрғақ тізе баяндаудан аса алмауда. Мұндайларды жылнамалар, тарихи əңгімелердің жиынтығы деп қана атау қажет болар. Əрбір тарихи зерттеудің жаңалығы, келелілігі, сабағы, қорытындысына баға беріп, болашаққа əсер етер маңызын айқындау, сабақтастығын саралау кез келген тарихи зерттеудің мақсаты болуы керек деп есептейміз. Көрсетілген тұрғыдағы Н.Ə. Назарбаевтың «Тарихпен тек таришылар ғана айналысуы керек» деген ұсынысының өміршеңдігі паш етілетін сияқты.

Осындай cұрыптау тұрғысынан алып қарағанда қазіргі күнге дейін қоғамымызда Қазақстанның кеңестік кезеңі тарихына əртүрлі тұрғыда баға беріліп келеді. Аталған уақыттың мəселесін көтерген ғылыми зерттеулерде ортақ бір тұжырым жасалмаған.

ХХ ғасырдың 17 жылының басынан осы жүз жылдықтың аяғына дейінгі мерзімде Қазақстанның алдымен коммунистік Ресей Кеңестік Федерациясы, одан ары КСРО құрамындағы тарихы орын алды. Халқымыздың аталған 74 жылдық өткенінің басым бөлегі оның саяси, экономикалық, əлеуметтік, мəдени, рухани даму тарихындағы орны толмас əдейі жасалған қайғы, саяси, шаруашылықтық құлдырау, қырғынмен ерекшеленіп, оның зардаптарын қалпына келтірудің өзі ұзақ жылдарға созылатындығы белгілі.

Қазақстанның социализм дəуірі кезіндегі тарихына тұтасымен осындай тоқырау, құлдырау, ыдырау болды деп бір жақты қорытынды жасау артық болар. Осы уақыттағы сауаттандыру, білім мен ғылым, ұлттық өнер, əдебиеттің негізін қалау, т.б. бағыттардағы істерге көз жұмушылықпен қарауда əділетсіздік екендігі айғақ.

Міне сондықтан да, кез келген кезең, оқиғаларға нақты тарихи деректерді объективті талдау арқылы шыншылдық тұрғысында баға берудің өзі əрбір тарихшы-ғалымның міндеті.

Осындай талап тұрғысында барша кеңестік кезеңнің өткенін толығымен, бір жақты баяндау да дұрыс емес. Негізінен алғанда аталған уақыт тарихын бірнеше кезеңге бөліп зерттеуге болады деп есептейміз. Олар атап айтқанда:
1. Кеңестік Қазақстан тарихының Лениндік кезеңі — 1917–1924 жж.;
2. Кеңестік Қазақстанның Сталиндік кезеңі (Қазақстан казармалық социализм, тоталитаризм, жеке басқа табыну, репрессия, қолдан жасалған ашаршылық жылдарында, Ұлы Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру) 1925–1953 жж.;
3. Қазақстанның кеңестік кезеңінің 50–60 жылдардағы тарихы (хрущевтік асыра сілтеу, қазақ жерін бөлшектеу əрекеті кезеңінің тарихы);
4. Қазақстанның кеңестік кезеңінің тоқырау дəуірі (социализмнің барлық бағыттардағы дағдарысқа ұшырап, қарама-қайшылықтардың шие ленісу кезеңі);
5. Кеңестік Қазақстанның қайта құру жəне социализмнің күйреу жылдарындағы тарихы.

Ұлт тарихының социализм жағдайындағы осы аталған дəуірлердің əрқайсысын жеке алып, зерттеуге, оған ғылыми талдау жасап, қорытынды шығаруға болады.

Кеңестік жүйенің барша 1924–1953 жылдар аралығындағы тарихына толық талдау жасайтын болсақ, осы сталиндік кезең жаппай репрессия ға ұласқан пролетариат диктатурасы, тоталитаризм мен жеке басқа табыну, утопиялық коммунистік ілімге толығымен мойын сұнушылық, қоғамдық меншікпен қатаң орталықтандырылған мемлекеттік жоспар, еркінен айырылған бүкіл халықтың селқостығы мен үнсіз қарсылығы үстемдік құрған казармалық социализммен ерекшеленді.

1954 жылдан басталып, Кеңес Одағы тарағанға дейінгі уақытта осындай социализм өзгерместен үстемдік етіп, оның зардаптары көп ұлтты алып мемлекеттің ыдырап, жойылуына əкеліп соқтырды.

Қазақстанның осы аталған кезеңдердегі кеңестік тарихында ұлтымыз үнемі кенжелету, төмендету, күштеу, қорлау мен қырғынға ұшыратудың барлық түрлерін басынан кешірді. Сталиндік билік заманында Қазақстан территориясында атом қаруының, космостық техниканың барлық түрі ашық сынақтан өткізіліп келді. Жеріміз ядролық, т.б. жойқын қару түрлеріне қажетті құралдармен оның бөлшектерін жасайтын кəсіпорындардың мекеніне айналдырылды. ХХ ғасырдың ортасынан қазақ жері одан ары орыстандыру, бөлшектеу, сонымен қатар экстенсивті социалистік шаруашылық мүддесіне орай экологиялық бүліну аймағына айналдырылды. Ұлтымыздың тілі, салт-дəстүрлері, мəдениеті мен өнері мақсатты түрде жойыла бастады.

Яғни, талданып отырған мерзімдегі орын алған осындай жағдайлар ға ғылыми тұрғыда талдау жасайтын болсақ, Қазақстанның кеңестік кезеңі тарихының Лениндік мерзімі жоғарыдағы айтылғандарға қарама-қайшылықтарымен ерекшеленеді. Оны төмендегі жекелеген нақты деректер бекіте түседі.

Атап айтқанда:

— билікке келген күнінен бастап Кеңес үкіметі бүкіл Ресей аймағындағы, соның ішінде Қазақстандағы қарапайым халықтың экономикалық, тұрмыстық, мəдени дамуын іске асыруға көптеген жағдайлар жасалды.

Солардың ішінде: «…Жергілікті кеңестер жұмыссыздар мен босқындарға арнап ондаған тамақтандыру пункттері мен тегін асханаларын ашты. Мысалы: «1918 жылы 23 мамырда Семейде босқындарға арналған асханалар ашып, оның қажеттері үшін Кеңес 5000 сом бөлді. 1918 жылы 20 наурызда Арал Кеңесі „Аса кедей, аш мұсылмандар үшін тегін асханалар ашу туралы“ қаулы шығарды» [2, 139];

— жергілікті қазақ халқына патшалық билік кезінде тартып алынып, орыс казактары қоныстандырылған жерлер қайтарылып беріле бастады. Мысалы: «1918 жылдың жазында көптеген ауылдық, селолық жəне болыстық Кеңестері жерсіз қазақ шаруалары (кедейлер) жəне шаруалардың сұрауларымен кулактар жəне ауқатты хуторлық шаруашылықтардан, ірі байлардан егістік жəне шабындық жерлерді жартылай қайтарып берді» [3];

— халық ағарту, денсаулық сақтау, мəдени, т.б. əлеуметтік салаларда жергілікті тұрғындар мүддесіне орай жүйелі шаралар атқарылды. Бір ғана Өскемен уезінде: «Əлеуметтік қамту саласында бірқатар маңызды шаралар іске асырылды. 3 жасқа дейінгі балалар үшін тəрбиелеу, 3-тен 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге шеберханалары мен ауыл шаруашылық фермалары бар үйлерін ашу жоспарланды. Мүгедек ер үшін Өскемен мен Зайсан қалаларында омарташылар курсын ашу жоспарланды. Қымызбен емдеу орнын салу, т.б. жолға қойылды» [4];

— 1920 жылдан бастап азамат соғысынан кейінгі жағдайлар, сонымен бірге ауа райының қолайсыздығынан орын алған аштыққа қарсы нақты мемлекеттік тұрғыда істер атқарылды. Олардың қатарында: «1922 жылы ҚазАКСР-інің партия ұйымдары мен кеңес органдарының барлық күш-жігері ашаршылықпен күреске бағытталды. Ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия мен жергілікті кеңес органдары жүргізілген жұмыстардың нəтижесінде 1922 жылдың ортасына қарай 777192 адамды тегін тамақтандыру мүмкіндігі туды.

Елдің орталық аудандарындағы ауыр жағдайларға қарамастан РКСФР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақстандағы ашаршылық құрбандарына дəрі-дəрмек, азық-түлік, астық түрінде айтарлықтай көмек көрсетті.

1922 жылдың көктемгі тұқым себу жұмыстары қарсаңында Қазақстанның аудандары тегін көмек ретінде 907501 пұтұқымдық астық алды. Олардың тұқым сепкен алқабы 957224 десятинаға жетті [2, 204].

Азамат соғысы аяқталысымен Кеңес өкіметі əсіресе ХХ ғасырдың басындағы Столыпинның аграрлық реформасына сай жергілікті қазақтардан тартып алынған жерлерді қайтару шараларын жүзеге асыра бастады. Оған «20 жылдардың басында В. И. Лениннің бастамасымен қазақ еңбекшілеріне патша үкіметі тарапынан қоныстандыру қорына, дворяндар мен капиталистер пайдалануына алынған барлық жерлер қайтарылып берілді. Жетісуда жер-су реформасы жүргізілді. Осы аталған барлық шаралардың орындалуы нəтижесінде қазақ шаруалары жəне жергілікті басқа ұлт шаруалары миллиондаған жерлер алды», [5] — деген мəлімет осы айтылғандарды айғақтай түседі;

— жаңа экономикалық саясат кезінде Қазақстандағы соғыстан қираған жəне тоқтап қалған экономика қалпына келтіріліп, одан ары дамуына қол жеткізілді. «Республиканың ауыл шаруашылығы да айтарлықтай даму арнасына түсті. Орал, Ақмола жəне Семей губернияларының дəстүрлі астықты аудандарында бірқатар көрсеткіштер 1913 жылғы-деңгейге жетті. Мал шаруашылығы дағдарыстан шыға бастады. 1922 жылмен салыстырғанда мал саны 1925 жылы екі есе өсті, көшпелі мал шаруашылығы бірте-бірте қалпына келтірілді» [2, 204].

— азамат соғысы кезінде Кеңес үкіметіне қолдарына қару алып қарсы шыққандарға, солардың ішінде «Алаш» қозғалысының барлық жетекшілері мен мүшелеріне кешірім берілді, олардың басым бөлегі Қазақстандағы басшылық жұмыстарға тартылды. Осы тұрғыдағы Түркістан майданы Əскери Революциялық Кеңесінің 1919 жылғы 8 қарашадағы «Ке ңес үкіметіне қарсы тікелей жəне жанама күрес жүргізген барлық қырғыз тұрғындарына толығымен кешірім жасалсын», [6] — деген қаулысы осы істің нақты қолға алынғандығына дəлел болады;

— ең бастысы, қазақ зиялы топ өкілдерінің (Алаш жетекшілері, Кеңес үкіметінің қайраткерлері) белсене қатысуымен жəне оларды Лениннің тікелей қолдауымен Қазақстанның Ресей империясына қосылғанға дейінгі тарихи территориясы қалпына келтірілді, Қазақстанның заңдылық негіздегі социалистік мемлекеттілігі негізделді. Тарихи деректерде баяндалатынындай, 1919–1920 жылдарда: «Қазақ республикасының тарихи шекарасын анықтауда жəне оны қорғап қалуда нағыз қайнаған күрес жүрді. Шекара үшін күрес Сібір ревкомымен, Астрахан губерниясы, Челябинск губерниясы өкілдерімен болды. Əсіресе шовинистік пиғылдағы Қазақстанның өз ішіндегі орыс ұлт өкілдері басым аудандар мен қалаларда шекара мəселесінде жəне олардың əкімшілік жағынан қайда бағынуы туралы мəселеде қатты күрестер мен пікірталастар жүрді. Бұл даулар мен таластардың қазақ халқының жəне оның аумағының тағдырына шешуші қатысы болды. Осы мəселелердің шешілуіне РКФСР Халком кеңесінің төрағасы В. И. Лениннің де үлесі болды» [7].

Жаңадан негізделген Қазақ АКСР-нің территориясын айқындауда ХКК-де қалыптасқан бір пікір болмады, ондағы осы мəселені айқындауға арналған мəжілістегі орын алған өзара қарама-қайшы пікірлерге орай: «Владимир Ильич мəселені дауысқа салмақ болып, Вопрос ясен, — деп қысқа қайырды. Осы кезде Орталық Комитеттің секретары Крестинский: „Ермеков жолдас Данциг коридорын жасағысы келеді“, — деген реплика тастады. Владимир Ильич Крестинский жолдас мəселенің мəнін түсінбегенін айтып: „Данцигский коридор хочет создать Астраханский губисполком и наши хозяйственники“, — деп тыйып тастады. Осылайша Владимир Ильич Каспий жағалауын біздің республика шекарасына қосуға дауыс берді. Бұл ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды», — [8] делінген жазба мағлұмат та Қазақстанның тарихи шекарасын айқындаудағы шешуші сəттегі В. И. Лениинің өлшеусіз қызметін паш етеді.

Міне сондықтан да Қазақстан тарихының лениндік кезеңінің ерекшеліктерін барынша зерттеу ғылыми маңызға ие болып отыр.

— ең алдымен айта кететіні, 1920 жылы Лениннің тікелей араласуы негізінде заңдастырылған қазақтардың тарихи территориясы Сталин, əсіресе одан кейінгі жылдардағы Хрущевтың асыра сілтеу, Брежневтің тоқырау мерзімдерінде қаншама рет өзгертілуге əрекет жасалғанымен сақталынып қалды.

Осы территориясымен Қазақстан өзінің егемендігін алды. Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың көреген сыртқы саясаты негізінде жеріміз көрші мемлекетттер арасында мойындалып, халықаралық негізде танылды;

— ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қираған шаруашылық жылдам қалпына келтіріліп, одан ары дамуды бастап берген лениндік жаңа экономикалық саясаттың мазмұны Тəуелсіз Қазақстанның өтпелі дəуірдегі шаруашылықты жүргізуінде назарға алынғандығы айғақ;

— 1917 жылдың соңы — 1918 жылдың басындағы бүкіл Ресеймен бір ге Қазақстандағы социалистік құрылыстың басты тұлғасы — қарапайым адамның жағдайы болса, бұл талап та Егемен Қазақстанның қазіргі кезеңдегі экономикалық, əлеуметтік қызметінің мəніне айналды;

— Қазақстандағы социализнің негізін қалау мерзіміндегі саяси көзқарастары мен əрекеттеріне, ұлттық ерекшеліктеріне қарамай интеллигенцияның білімі, тəжірибесін барынша пайдаланудың лениндік жолы Тəуелсіз Қазақстанда да қолданылып, оның нəтижесі екі жағдайда да өзінің оңды нəтижесін беріп отыр.

Міне сондықтан да ұлт тарихындағы аса қысқа мерзімдегі дамуға, өркендеуге бастау жасаған лениндік кезеңді мүмкіндігінше толығынан зерттеп, мақсаты, барысы, нəтижесіне ғылыми тұрғыда баға беру өзекті міндет болып табылады.

Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:

1. «Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.
2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010, 752-бет, суретті, карталы.
3. История Казахстана: народы и культуры. Учебное пособие / Масано в. Н. Э. и др. Алматы: Дайк-Пресс, 2001. с. 28.
4. ШҚОММ, қор-631, тіркеме-1, іс-36, 11, 5–7 бб.
5. Баишев С.Б. В. И. Ленин и Советский Казахстан. Алма-Ата, 1969. с. 128.
6. Алаш-Орда: Сборник документов / Сост. Н.Мартыненко. Алма-Ата: Малое издательство «Айкап», 1992 г. сс. 172–173.
7. Маймақов Ғ. Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы. (Қазақстанның аумақтық тұтастығының қалыптасуы жəне Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу). Монография. Алматы. М. Х. Дулати қоғамдық қоры. 2005. 88–89 бб.
8. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998. 177–178 бб.

Ғани Қарасаев

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор, Астана қ.