Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресейдегі қазақ диаспорасы және Тұрар Рысқұлов

1583

Ресейдегі мұсылман қауымы Құрбан Айтты елдегіден кем тойламады. Көшеде кездесіп қалғандар бір-бірін танымаса да құттықтап, жанға саулық, басқа амандық тілеп жатыр. Орталық мешітке жиналған халықта есеп жоқ. Ресми мәлімет бойынша Мәскеуде шамамен жетпіс мыңнан астам мұсылман Құрбан Айт намазына қатысыпты. Таңғы сағат сегіз жарымда Ресей муфтилері Кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин мерекелік құттықтау сөзін айтты. Метроның «Бейбітшілік» проспекті станциясынан шыққан соң Орталық мешітке қарасты Щепкин, Дуров, Гиляровский көшелерінде сол күні түске дейін көлікпен жүру мүмкін болмады. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік Құрбан Айт туралы, мәні мен маңызы туралы айтып, ауыз жаппады.

Осынау мешіттің Мәскеу қазақтары диаспорасының имамы қазақ азаматы Марат хазірет Аршабаев: «Ресей мұсылмандары діни мерекелерде бас қосып, мешітке келушілер саны екі есеге артады» дейді.
Біз-де мешітке барып садақа бергеннен соң, нағашы әпкем Жаннамен «Чистые пруды» станциясында орналасқан Қазақстан Елшілігіне барып тіркеуден өтпек болдым. «Чистые пруды» бульварының басында орыстың ғұлама жазушысы Добролюбовқа қойылған ескерткіш тұр. Ал, елшілік алдында Абай бабамыздың монументін көргенде қай қазақтың болсын жүрегі елжірейді. Қандай күш екенін қайдам, кеудемде мақтаныш сезімі пайда болды. Айналасы біраз аумақты алып жатқан Қазақстан Елшілігінің Резиденциясына бас сұққанда құтты бір Қазақстанда жүргендейсің.
Бұл ресми мекеме елімізге қатысты қаншама салмақты істер атқарыпты. Әлия мен Ғаниға, Бауыржан Момышұлына, Абайға қойылған ескерткіштер Мәскеу төрінде тұруы сондағы көп қандастарымыздың көңіліне медеу десем жаңсақ болмас.

Осы күні Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшісі Зауытбек Тұрысбековтің бас болуымен қаншама игі істер тындырылуда. Күні кеше ғана елшілік сайтынан: «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі, Ақтөбе облысы әкімдігімен бірлесіп, соғыс жылдарында 100 және 101-атқыштар бригадалары сапында болған қазақстандық жауынгерлерге Ржев қаласында ескерткіш орнату жұмыстарын жүргізуде. Қазір Елшілік Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық мұрағатының ақпараттары бойынша 1941 жылы Алматы және, Ақтөбе қалаларында құрылған 100 және 101-атқыштар бригадалары жауынгерлерінің жеке тізімін нақтылауда.

Елшіліктегілердің айтуынша, мемлекет, қоғам қайраткері заманының «қызыл жебесі» атанған Тұрар Рысқұлов есімін санадан өшірмеудің бір көрінісі ретінде, ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату туралы комиссия жұмысы аяқталыпты. Құжаттар Мәскеу қаласының мэріне ресми бекіту үшін тапсырылыпты. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында Мәскеуде он бес жылға жуық ғұмыр кешіп, қазақ халқының ғана емес жалпы, Кеңестер Одағының тағдырына қатысты маңызды құжаттарға қол қойып, жанын бәйгеге тіккен қадірлі Тұрар Рысқұловтай ұлдарына ескерткіш қоятын күн-де алыс емес деп ойлаймын.

«Национальные диаспоры. От «А» до «Я» атты Мәскеуде шоғырланған ұлттық орталықтар туралы шыққан кітаптың мәліметтеріне сүйенсек, бір ғана Мәскеудің өзінде он мыңға жуық қазақ тұрады. Оған жиырма мыңнан астам қазақстандық студенттерді қосыңыз. Негізінен, қандастарымыздың көпшілігі Орынбор, Омбы мен Томнан, Саратов мен Самарадан, Қорған, Тюмен, Астрахань облыстарында туып өскен екен. Біршамасы Кеңес Одағы тұсында оқуға, жұмысқа келіп тұрақтап қалғандар болып шықты.
Солардың бірі Қайдар, аға. Ол кісімен Қазақстан елшілігінде құжаттарымды тіркеу барысында таныстым. Көпті көрген, ақсақалды мұндағы қазақтардың барлығы «Өзіміздің Қайдар, ағай» құрметтейді. Ұлтымыздың арыстары Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, және тағы басқалар туралы маңызды әңгімесі менің зерттеулеріме салмақ қосқанық.
Әуелде Қарағандыдан келгенімді ести сала ол кісі «Қарағанды… көп адамның тағдыр талайын өзгерткен қасиетті топырақ, небір арыстарымыздың сонда дүниеге келуі жайдан жай нәрсе емес қой деп күрсінді. «Аша тұяқ қалмасын асыра сілтеу болмасын» деп ұрандаған жылдары әкесі колхоз бастығы болып қызмет атқарыпты.

«Семей облысында Абыралы жағында тұратын едік. Күндердің күнінде „әкемді істі болды, Қарағандыға түрмеге жапты“ деп айтып келді анам. Көп жылдардан соң абақтыдан бостандыққа шыққан әкем сол Қарағандыда бұзақылардың қолынан қаза тапты. Қарағандының қай зиратында, қай тұсында мәйіті жатқаны бізге әлі беймәлім. Анамыз бұл күйікке шыдай алмады. Қайран әкетайымның қандай кінәсі үшін түрмеге отырғызылғаны маған әлі-де түсініксіз, шырағым» деп күрсінді. Үлкен адамның көңілі босағанын көру өте ауыр екен.

Жанна: «Негізінен, Қайдар, ағасыз қазақ диаспорасын елестету мүмкін емес. Бұл кісі Берлин апай екеуі туған ата-анамыздай. Солай ғой, аға!» деп жұбату айтып еді, көңілі жадырап сала берді. Мен сияқты зерттеу жұмыстарымен келген Батыс Қазақстандық оқытушылармен, қазақ тілінің оқытушысы Үмітай апаймен қатар, халқымыздың дарынды кинорежиссері «Нәубет», «Бауыржан», «Қазақтың 1913 жылы» т.б. фильмдерді дүниеге әкелген Халила Омаровтың студент ұлы Мұхтармен-де осы елшіліктің қазақ тілі орталығында таныстым. Мұхтар қазіргі заманғы сандық технология саласы бойынша дәріс алып жатыр екен.

Мәскеуде қандастарымыз үшін бірсыпыра қоғамдық ұйымдар атап айтқанда «Мұрагер», «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдары мен «Астана» қоры жұмыс істеуде. Алдыңғы екі ұйымның қызмет атқарғанына да биыл жиырма жыл толыпты. «Қазақ тілі» ұйымы 2006 жылдан бері Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» басылымын шығаруда. Оның бас редакторы Орынбасар Қуандықов, редакция алқасында Ж.Елекбаев, Т.Оразбаева, С.Тойғамбаев, Ә.Тұрсынбаев сынды азаматтар бар. Газет он екі мыңға жуық данамен Ресейдің отыз үш өңіріне тегін таратылып келеді.
Басылым беттерінде Ресейдің барлық аймақтарында тұрып жатқан қандастарымыздың тұрмыс тіршілігі, жеткен жетістіктері мен тың істері туралы кеңінен танысуға болады. Осынау басылымнан ҚазМУде студент кезімде дәріс берген аяулы ұстазым, тамаша журналист, Серікқали Байменшенің мақалаларын оқып қуандым. Секең «журналистік шеберлік» пәнінен Бейімбет Майлин шығармашылығын жіліктеп, талдап журналистік талдаудың небір формалары мен түрлерін санамызға сіңіріп еді. Қазір ғылым докторы атанған Серікқали, аға да Қазақстан Елшілігінде қызмет атқарады екен.
Мәскеуге бармас бұрын мен онда тұрып жатқан тарихшы Дина Ахметжанқызы Аманжоловамен кездесу күнін келісіп, жоспарлаған едім. Айт күні түс ауа уағда бойынша ол кісінің қызмет атқаратын жоғары оқу орнына бардым. Д.Аманжолованың еліміз тарихына қатысты салмақты кітаптары Мәскеуде ғана емес Қазақстанда да жарық көріп, оң бағасын алды. Облыстық «Орталық қазақстан» газетінде оның ҚарМУ баспасынан шыққан «Орталық Азия және Қазақстан» кітабына «Ақиқаттың алтын арқауы» атты сын мақала 2007 жылдың қаңтарында жарық көрді. «На изломе» деп аталатын соңғы кітабына белгілі тарихшы Б.Әбдіғали мен танымал саясаткер Ерлан Қарин алғысөз жазған. Бұл кітап «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 2009 жылы Алматыда жарық көрді. Қазіргі таңда Д.Аманжолова Ресейдің туризм институтының қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаруда.

Ұзақ сұхбаттастық. Көкейімде жүрген сауалдардың біразына жауап тапқандай болдым. Әуелі Дина Ахметжанқызынан Алашорда мен Кеңестер билігінің астында жүрген коммунистердің жасырын байланысы туралы сұрадым. Ол кісі: «Қым-қуыт заман болды. Саяси оқиғаларда тұрақтылық жоқ-тын. Әлихандар үлкен автономия құруды армандады. Кеңестік идеяны қолдаушылар өздерінше ұлтқа пайда келтіруді ойлады. Әр топтың өзіне тән ерекшелігі, кемшілігі, жетістігі болды. Мұның бәріне қазір бірін- біріне қарсы қою тұрғысынан емес, бәрі-де бір қазақ идеясына қызмет етті деген тұрғыда баға берген жөн. Олардың кезінде жіберген кемшілігі-де жеткен жетістігі-де бізге үлгі, сабақ болуы керек. Шындығында, сол жылдардың оқиғаларына обьективті баға беретін кез келді» деді.
Тұрар Рысқұловтың Мәскеу мұрағаттарында сақталған мұрасы туралы қойған сауалыма берген жауабы көңіл толқытты. «Иә, Тұрар Рысқұлов басқаларға қарағанда Мәскеуде он жылдан астам тұрып, қызмет атқарған тұңғыш қазақ деп айтуға толық негіз бар. Ресейдің Мемлекеттік Орталық Мұрағатынан (ГАРФ) гөрі Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатында (РГАСПИ) оған қатысты елуге таяу құжат табылды. Олардың тең жартысына жуығын Владимир Рысқұлов тапсырған-тын.

2007 жылы Қарағанды Мемлкеттік университеті баспасынан шыққан құжаттар жинағындағы алғысөзде Владимир Рысқұлов туралы айтылған-тын. Мәскеу мұрағаттарында Т.Рысқұлов болсын, басқалары болсын қазақтың ешбір қайраткеріне арналған арнайы жиынтық папка жоқ. Біз 1925 жылға дейінгі құжаттарды кітап қылып оқырманға ұсындық. Енді болашақта 1925 жылдан бергі құжаттарды жіпке тізсек деген жоспарымыз бар. Ол алдағы күннің еншісінде. Мұндағы мұрағаттарда Қазақстанға қатысты қаншама құжат жатыр десеңізші. Т.Рысқұловтың түркі идеясы мен Түркісиб темір жолын салдыруы, Аштықпен күресуі қазақ тарихында ойып жазылған оқиғалар…»
— Сіз бір жылдары Қарағандыға келіп зерттеулер жүргізіпсіз. Ә.Ермеков туралы мәліметтердің бәрін таба алдыңыз ба?
— Қарағандыға баруым кездейсоқтық емес-тін. Алашорда ұйымына қатысты құжаттарды жинап жүргенде Қарағанды мұрағатының құжаттарымен танысып, мұндағы азулы тарихшылармен жолығуым керек еді. Ә.Ермековтың туыстарын көрсем, көзбе көз сөйлессем деген ой келді маған. Білесіз бе, ұмытпасам бұл Қазақстан тәуелсіздігінің алдында 1990–1991 жылдары-ау деймін. Ол кезде Алашордашылар, ақталғанымен қазіргідей терең, түпкілікті зерттелмеген-тін. Ел өз оғландарының есімін еркін айтуға батылы жетіңкіремей тұрған тұста мен қарағандылық тарихшы Рымбек Жұмашевқа телефон шалдым.
«Ұшақтан бүгін түстім, қонақ үйдемін. Сіздермен жолығуым керек» дедім. Мән жайды мұқият сұрап алған соң қызмет орнына шықырды. Оның маған көрсеткен көмегін ешқашан ұмытпаспын-, деді. Елден жырақ жүргенде туған жердің тау тасы, адамдары ыстық болады екен. Шынымен, Қарағанды, университет, әріптестерім туралы естігенде бек қуандым.
— Қазақстаннан жырақта жүрсеңіз-де көп іс тындырып жатырсыз. Кітаптарыңыз бірінен соң бірі жарық көруде. Өткір пікірлер-де айтып жүрсіз…
— Қазақстан мен Ресейдің жұмыс жүргізбеген мұрағаты жоқ шығар. Менікі ел сенімін, ақтап Мұқағали айтқандай «шекпен жауып өзіне қайтару» ғой. Ешкімнің уысына түсе бермейтін маңызды құжаттарды жинақтап кітап құрап шығару мақсатым болды. Менің ғылыми жұмысым Қазақстан тарихына арналды. Әлі-де атқаратын жұмыстар жетерлік. Қазіргі таңда Алашорданың батыс бөлімшесі туралы мәліметтердің басын құрап, энциклопедиялық оқулық құрастыру үстіндеміз.
Әуелгі кітаптардың жарыққа шығуына ел азаматтары ҚарМУ басшылығы (ректоры Е.Қ.Көбеев), «Нұр Отан» ХДП-ң сол кездегі жетекшілері (Б.Әбдіғали мен Е.Қарин) көп көмектесті. Газет арқылы алғыс айтқым келеді. Менің ризашылығымды жеткізіңіздерші — деп өтінді.
Д.Аманжолова Семей облысында туып өскен. Сонда оқу бітіреді, қызметке араласады. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жылдар бойы ұстаздық етіпті, партия қызметкері болыпты. Әкесі Ахметжанның құнды естелігі «Тарихи мұрағат» журналының 2009 жылғы 1-санында жарық көріпті. Нағашы атасы теміржолшы болған. Түркісиб құрылысына тікелей қатысып, өлшеусіз үлесін қосқан екен.

Осы тұста қазақтың «тектіден текті туады адам айтса нанғысыз» деген сөзі ойыма орала берді…
Жанна екеуміз метроға түсіп, үйге қайтып келеміз. Жанымда отырған бір жасы үлкен әйел іші пысты ма қайдам, бізден «қай ұлтсыңдар?» деп сұрады. «Қазақпыз» деп жауап беріп жатыр едім Жанна бөтен біреумен сөйлескенімді жақтырмады. Соны сезгендей әлгі бейтаныс әйел түйреп өткісі келді-ау деймін: «Осында өзге ұлттар қаптап кетті. Аула сыпырып жүргендер, жүк тасып жүргендер, қоқыс тасып жүргендер, қара жұмыстың бәрін атқарып жүргендер солар, олардың қатарында қазақтар да бар ма?» деп маған бұрылды. Мен жауап бермек едім, Мәскеуде жиырма жылға жуық тұрып жатқан туысқаным менің алдымды орап: «Құдайым-ай, қазақтарға не көрініпті, өз елдерінде жүргенде өз ауласын сыпыруға ерінетін олар, енді біреудің ауласын сыпырмай қалсын» деп қалды. Біздің станциямыз екен, түсіп қалдық. Жаннаға ештеңе дей алмадым…

Мейрамхан Жәпек, журналист, Тұрар Рысқұлов публицистикасын зерттеуші

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?