Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы: алғышарттары мен негізгі бағыттары

5498
Бәсекеге қабілеттіліктің алғышарттары. Бәсекеге қабілеттілік - өзіңді танып анықтау арқылы көз жеткізілген барлық артықшылықтарды пайдалану.

Бәсекеге қабілеттіліктің алғышарттары. Бәсекеге қабілеттілік — өзіңді танып анықтау арқылы көз жеткізілген барлық артықшылықтарды пайдалану.

2007 жылы Ұлт көшбасшысы Қазақстанның ғылыми сыйымды экономикасын құрудағы басты кедергі — өз мүмкіндіктеріне сенбейтін және орынды тәуекелге бармайтын шығармашылық ізденістері жоқ адамдар болуы мүмкіндігін айта келе, мұндай мәселені шешудің көзі ретінде индустриялды-инновациялық дамудың стратегиясын негіздеді, жауапкершілік алатын жастардың жаңа буынына үміт артты.

Заманауи жағдайдағы Қазақстан өркендеуінің экономикалық негіздері халықтың қоғамдық белсенділігін көтеру мен өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Қазіргі экономикалық өсу жоғарғы тәуекелге бару арқылы жалпы ғылыми ортаның, ақпараттық инфрақұрылымның даму-деңгейіне, ғылыми зерттеудің қаржылық көлемінің мөлшеріне, олардың нәтижелерін коммерциялық жүзеге асырудың белгісіздігіне тәуелді басқару тәжірибесіндегі үздіксіз инновациялық үрдістерге көшуге жетелейді. Сондықтан да ғылыми-техникалық жетілдіруді мемлекеттік ынталандыру айқын қажеттілікке айналып отыр. Бұл өмір сапасына бағытталған «тұтыну қоғамынан» интеллектуалды қоғамға өтуді білдіреді.

Инновациялық экономиканы құрудың экономиканы әртараптандыруға бағытталған индустриалды-инновациялық стратегияны жүзеге асырумен тікелей байланыстылығы, Қазақстанның жетекші дамыған елдер сияқты жетістіктерге жету үшін адамдар әлеуетін, табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін түпкілікті көтеру қажеттілігі тұр. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар, Қазақстанның да тиімді жүзеге асырылатын ұлттық бәсекелік басымдылықтары бар, олардың ішінде табиғи ресурстар қоры: вольфрамның әлемдік қорының 50%, уранның 25%, хром құрамды қазбалардың 23%-ын құрайды. Қазақстанда бүкіл дүниежүзіндегі фосфор қорының 90% орналасқан және сирек металдар монополиялық өндірушілерінің әлемдік клубына кіреді. Бірақ республика бай табиғи ресурстары бола тұра, ішкі өндірісте жоғарғы технологиялық туарлар мен қызметтің жетілдірілмегендігінен шығаратын өнімі жалпы әлемдік өнімнің 0,06%-нан аса алмады. Қазақстанның ұлттық басымдылықтарының бірі — аграрлық өндіріс. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және жетілдіру салаларында кластерлік бастамаларды жүзеге асыру арқылы аграрлық секторды индустрияландыру жұмысы қолға алынды, әсіресе нарықтық бәсекені қалыптастыру. Жаһандық бәсеке — заманауи қоғамдық даму заңдылығы, ол ұлттық мемлекетті ғана қамтымайды, ол трансұлттық корпорациялар (ТҰК) арасында да жүреді. ТҰК интеллектуалды, ғылыми-техникалық және қаржылық әлеуеттік ортада құрылады. Шамамен неғұрлым табысты салалардың әлемдік сауда және қаржы айналымының жартысынан көбі солардың бақылауында. Көптеген ТҰК өздерінің экономикалық айналымы жөнінен ірі елдерден асып түседі. Жетекші 500 трансұлттық корпорациялар өңдеуші кәсіпорындар экспортының үштен бірін, әлемдік саудадағы шикізаттық туарлардың төрттен үшін, жаңа технологиялық сауданың бестен төртін қамтиды, дүниежүзінің барлық елдерінде ондаған миллиондаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жүргізілген реформалар барысында Қазақстан бас аяғы он жылдан аса уақыт мерзімінде нақты нарықтық экономикаға қол жеткізді. Қазіргі кезеңде экономикалық өсімнің негізгі көзі елдің шикізаттық әлеуеті болып табылады. Республика экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тартылды және ашық сыртқы сауда саясатын жүргізеді. 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемі 7 млрд. доллардан аса оң айырыммен, 33 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 1994 жылмен салыстырғанда үш есе өсімді берді. Сыртқы сауда жүргізу аймағы алғашында ТМД көлемімен шектелсе, 2004 жылы Қазақстанның тауар айналымы құрылымында алғашқы орынды ЕО елдері, Ресей, Швейцария және Қытай тұрды. Осылайша Қазақстан жаһандық бәсеке орталығына қосылды. Әрбір ел ұлттық тәуелсіздігіне, жеке дамуына ұмтылғандықтан да ашық ұлттық нарық, шетел капиталын, халықарылық кооперацияны тарту, әсіресе экономиканың стратегиялық салалары қатаң бақылауды қажет етті. Елдің ұлттық мүддесі жергілікті капиталды толықтырумен, отандық тауар өндірушілерді қолдау, оларды ынталандырумен байланысты болды. Дамудың түпкі мақсаты — халықаралық еңбек бөлінісінде бәсекеге қабілетті, бірте-бірте легитимді пайда табу (заңнамалық негізде) арқылы ұлттық капиталды қалыптастыру[1,-344б.].

Шетелдік жұмыс күшін тарту ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы, шарттары және жұмыс берушіге рұқсат беру тәртібі Ережелеріне сәйкес жүзеге асырылды. 2004 жылдың 1-ші наурызынан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша жұмыс берушілерге рұқсат беру қызметі жергілікті атқару органдарына (2004 жылдың 27 қаңтарындағы № 524-II «Тұрғындарды жұмыспен қамту туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес) берілді. Жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту 2004 жылы тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің 0,28%-на (21179 адам) дейін ұлғайтылды, 2005 жылғы квота да (22077 адам) осы шамада бекітілді. Министрліктің құзырында ҚР Үкіметі белгілеген квотаны облыстарға, Астана және Алматы қалаларына бөлу қызметі қалдырылды. Қазақстан Республикасына 2001–2004 жылдар аралығында ҚР Үкіметімен бекітілген квота аясында жұмыс берушілер орта есеппен 13,8 мың шетелдік жұмыс күшін тартты [2].

Қазақстандағы шетелдік корпорациялар геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізді және кен орындарын бірінен соң бірін ашты. Сонымен қатар салық, ел үшін пайдасы аз келісімдердің бекітілуіне байланысты дау-жанжалдар, келіспеушіліктер, жемқорлыққа қатысты шу, экологияға қарсы әрекеттер-де белең алды. Бірақ Қазақстан күйзеліс пен әлеуметтік қақтығыстарға жол бермей, тұрақтылығын сақтай алды. Республикада жаңа технологияны игеруге жол ашылды, нарықтық басқару тәжірибесін меңгерді. Қазіргі кезеңде нақты сектордағы серпінді жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік-жеке серіктестікті дамытуға көңіл бөлінуде. Сыртқы нарықтағы өндірістің әлемдік технологиясы негізінде қазақстан бизнесінің көшбасшыларын шығару міндеті белгіленді. Мәселен, «Қазақмыста» жұмыс жасайтын «Самсунг» компаниясы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөндірісі», «Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясы», «Теңізшевройл», «Маңғыстаумұнайгаз», «МитталСтил Теміртау», Оңтүстік Қазақстандағы «еркін экономикалық аймағы»-тоқыма кластері, Қызылордадағы әйнек құрылысы заводы, Павлодар алюминий заводы, Атыраудағы мұнай-химия кешені және басқа да корпоративті көшбасшыларды экономиканың жоғарғы тиімділігін қамтамасыз ете алатын шағын және орта кәсіпорындарға айналдыру мақсаты қойылды. Ірі корпоративті компаниялар дүниежүзілік нарыққа, ал содан соң Қазақстанның қор нарығына шығады. Бәсекеге қабілетті экономика — бұл бәсекеге қабілетті мамандар. Республикада 2007 жылы бір мың жұмыс жасайтындарға үш ғалымнан келсе, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 7,5. Ал ЕО-5,8, АҚШ-9,3 келген[1,-366б.]. Қазақстандықтардың деңгейін ортаеуропалық деңгейге жеткізу үшін ғылымды қаржыландыруды 25 есе көтеру қажет болды. «Ғылым» туралы Заң бекіді. «Болашақ" бағдарламасында техникалық мамандықтарға басымдылықтар берілді. 2001–2006 жылдар аралығында республикадағы әлеуметтік-экономикалық серпіліс нәтижесінде Қазақстан аймақтық көшбасшыға айналды. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық жағдайлар, ауыл аймақтарындағы тұрғындардың өмір сүру-деңгейін көтеру, жұмыссыздыққа, нашақорлыққа және қылмысқа қарсы шаралар жасалуда. Бұл шаралардың нәтижелі болуында, әсіресе қоғамдық дамудың шешуші күші ретінде — адам капиталының рөлі ерекше екені айқындалды.

Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі бағыттары. «Қазақстан-2030» Стратегиясын дәйектілікпен іске асыру елдің алға ілгерлеуіне берік негіз қалады. 2007 жылы бірден-бір дұрыс бағыт ретінде, Қазақстандық дамудың жаңа кезеңі — жан-жақты жаңғыртуды жеделдетуге бағыт түзелді. Әлемде Қазақстан мен қазақстандықтардың лайықты орын алуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-деңгейін көтеруді қамтамасыз ету үшін сыртқы нарықтарға шығып, онда мықты орнығу міндеті тұрды. Ол үшін табыстарға қол жеткен секторларда және басқа да салаларда жаңғырту қарқынын жеделдету міндеті қойылды. Елдің толық әлеуеті бәсекеге қабілеттілікке жұмылдырыла бастады. Басты мәселе ұлттық экономиканың әлемдік экономикаға кірігу белсенділігіне тікелей байланысты болды.

2004 жылы қазақстандық бизнестің қалыптасқандығы ресми жариялана бастады, бірақ ең алдымен ішкі ғана емес, сыртқы әлемдік рыноктардағы бәсекелестікке қол жеткізу міндеті тұрды. Қазақстан капиталының шетелге қозғалысына, оның сыртқы рыноктарды игеруіне қолдау жасалды және шетелдегі барлық мемлекеттік құрылымдар отандық бизнеске көмек пен қолдау көрсетті. Жаңа міндеттерді шешуде Үкімет және өңірлерден өкілдік ететін акционерлер қаржыландыру арқылы қол ұшын берді. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне тағы бір қадам Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясы» Қазақстан халқына 2006 жылғы 1 наурыздағы Жолдауы және «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдаулары негізінде Қазақстанның 2003–2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму Cтратегиясы қабылданды. Бұл құжат алдағы міндеттерді бәсекеге қабілетті даму ұғымына топтастырған ірі жаңғыртылған жоба болды. Қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылдығы мен іскерлігіне негізделген ашық нарықтық экономика — халық тұрмысының жоғарғы сапасы және алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз етуге қабілетті, халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде, Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілік көрсету мүмкіндіктерінің негізі болды.

Елдің геосаяси тұрақтылығы және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарылды[3,-221б.]. Қойылған міндеттерге сәйкес, Президент бастамасымен экономиканы тиімді басқаратын жаңа институционалды негіздер құрылды. Олар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік меншік үлесі бар акционерлік қоғамдар қызметін үйлестіру бағытында мемлекеттік активтерді басқару бойынша «Самұрық" Қазақстан холдингі және дамудың ұлттық институттарын тиімді басқаруға жауапты «Қазына» тұрақты даму Қоры. Бәсекеге қабілеттілік мәселелері, барлық жиындарда және үкімет отырыстарының экономикалық шешімдері мен мазмұнын құрады. 2006 жылдың өзінде мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған стратегиялық құжаттар қабылданды: Қазақстанның 2015 жылға дейінгі көлік кешенін дамыту Стратегиясы, Аймақтық даму Стратегиясы, Алматы қаласында аймақтық қаржылық орталық құру Тұжырымдамасы, Қазақстанның тұрақты даму Тұжырымдамасы, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын құру Тұжырымдамасы және т.б.

Әлемдегі танымал «International Herald Tribune» газеті мен Қазақстан Үкіметі ұйымдастыруымен өткізілген III Қазақстан инвестициялық саммиті жұмысында Президент Н.Ә. Назарбаев шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін Қазақстанның әлеуетінің зор екендігін атап өтті. Сонымен қатар республикада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау — мемлекеттің басым міндеттері ретінде капитал мен инвестиция тартымдылығының орталығы, ірі әлемдік компанияларды, жаңа технологияларды және ноу-хауларды аймақтық өндіріс пен филиалдарға орналастыру керек және қажет еді. Н.Ә. Назарбаевтың инвесторлармен және халықаралық қаржы-экономикалық институттардың өкілдерімен үнемі кездесу және сұхбаттасуымен (ЕБРР Президенті Ж. Лемьермен, танымал компаниялар басшыларымен «Eni S.p. A.», «BG Group», «Gredit Suisse Group», «Mashreg Bank», «ExxonMobil Corporation», «Arcelor Mittal», «JPMorgan Chase&Co», «Halliburton», «Okan Holding», «Chevron Corporation», «Total S.A.», «ConocoPhilipsInc.», «Access Industries», «BAE Systems», «Лукойл» және т.б) елдің экономикалық инфрақұрылымдарын одан әрі дамыту және оны әлемдік нарықтағы экономикалық орнын нығайту мүмкін болды[4,-211б.].

Әлемдік дағдарыс жағдайында да өндірістің кейбір салаларында алға шығу мүмкіндігі бар екенігі халыққа жария етілді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта өмірге қабілетті және икемді экономика жасау үшін күрделі құрылымдық реформалар жүргізілді, экспорттық әлеует ұлғайды және әртараптандыру басталды. Сондықтан да қазіргі кезеңде Қазақстан дағдарысқа қарсы саясат жүргізуге қабілетті. Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудың құралы — мемлекеттік қаржы ресурстарын тарту арқылы жаңа өндірістерді қаржыландыру. Қазір жаңа өндірісті қалыптастыру және кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған мамандандырылған индустриалдық-инновациялық инфрақұрылымдар, мемлекеттік бірнеше даму институттары қызмет атқарады.

Реформа нәтижесінде болашақта өнеркәсіп құрылымында және экспортта өзгерістер жасауға қабілетті ірі жоғарғы технологиялық макрожобалар енгізіле бастады, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті 30 корпоративтік лидерлер-компаниясы құрыла бастады. Қаржы секторын дамыту Қазақстанның экономикалық өсуінің негізгі шарттарының бірі болып табылады. Қазақстанның қаржылық секторын дамыту тұжырымдамасында алға қойылған міндеттер тұтастай алғанда орындалды. Негізгі мақсатқа қол жеткізіліп, еркін бәсекелестік жағдайында тиімді жұмыс істейтін қаржы жүйесі қалыптасты. Қаржы секторы бойынша жеке сектор мен мемлекеттің бәсекелік артықшылықтарға тоқтала келе, Президент Н.Ә. Назарбаев 2006 жылы Қазақстан қаржыгерлер Конгресінде әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына Қазақстанның енуі жолындағы стратегиялық мақсаттарға жету үшін біліктілік пен күш-жігер, батыл қимылдарға шақырды және алдағы мезгілде атқарылатын отандық қаржы секторын дамытудың нақты негізгі міндеттерін жариялады[5].

1991–2011 жылдары аралығында бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын ең маңызды көрсеткіштер бойынша Қазақстан әлем елдерінің орташа табысы бар елдерінің қатарына қосылды немесе кейбір көрсеткіштерден олардан да ілгері сатыға көтерілді. Ішкі жалпы өнім 12 есе өсіп, 180-нен астам әлем елдерінің бел ортасынан орын алды. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны ТМД елдері ғана емес, Оңтүстік Шығыс Азияның «жолбарыстары» атанған Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия елдерінің, олар егемендік алған алғашқы 20 жылдағы өсу қарқынынан жоғары болды. Алайда бұл жетістік жеңілдікпен келген жоқ.

Қазақстан экономикалық дағдарыстан шығудың әлемдік тәжірибелеріне (Малайзияның ««Келешек-2020», Қытай, Оңтүстік Корея Стратегиялық жоспары, Рузвельттің экономикалық жолы) мән бере отырып, алдағы экономикалық міндеттерді ғана анықтап қойған жоқ, осы тұста оның серпінді жолы жеке Ұлт көшбасшысының зерделеуінен өтті. Мәселелерді кешенді қарастыру қажеттігі және негізгі ресурстарды шектеулі басымдылықтар санына бұру бағыттарын анықтау, қойылған мақсатқа жылдам жету жолдарын қарастыру қажеттілігі туындады. 2007 жылдың өзінде жеткен жетістіктерімен «Қазақстан-2030» Статегиясы «қарқынды даму моделі» өзгерістерімен өзінің өміршеңдігі және тиімділігін дәлелдеді немесе Президент сөзімен айтқанда: «…Экономиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, кадр мәселелерін шешу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу біз үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Көп ойландық, көп іздендік, шетелден кеңесшілер шақырдық. Қалайда аз уақыттың ішінде тығырықтан шығу қажет болды. Мінеки осындай ұлы мақсат, қауырт қажеттіліктен барып «Қазақстан-2030» Стратегиясы дүниеге келді. Одан бері он жыл өтті. Он жылда өзге елдер бірнеше он жылда жетпеген биіктерге қол жеткіздік. Стратегия бізге жарқын жеңістер мен тамаша табыстар әкелді. Қазақстан тәуелсіздік тарихын қатар бастаған өзге ТМД елдерінің алдына шықты. Әлемдік-деңгейдегі өркениетті елдермен бой теңестіре бастадық. Стратегияның 10 жылдығы шын мәнінде тарихи кезең" болды[6].

2007 жылы дүниежүзілік қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасы дамуына өзінің өзгерістерін енгізді. 2007 жылы күзде Қазақстан қаржы дағдарысының бірінші толқынымен бетпе-бет келді. 2007 жылдың екінші жартысында, АҚШ-тағы ипотекалық облигациялар нарығының құлдырауынан басталған қаржы-экономикалық дағдарыс іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттерін қамтыған еді. Қазақстан Үкіметі болжамдалған халықаралық қаржы мен азық-түлік нарығындағы тұрақсыздығынан туындайтын келеңсіздік зардабының алдын алуға жедел шаралар қолданды. Мемлекеттік қолдау көрсетілген маңызды салалар құрылыс, кіші және орта бизнесті несиелендіру, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Мәселен, үлескерлікпен құрылыс салушылардың мәселесін шешуде екінші-деңгейлі банк арқылы 184,7 млд. теңге бөлінді. Кіші және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау үшін, олардың жобалары 155 млд. теңгеге қаржыландырылды. Агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту және азық-түлікпен қамтуға 15 млд. теңге бөлінді. Мемлекеттік бюджеттен жалпы 550 млд. теңге бөлінді. Қорытындысында Қазақстанда 2007–2008 жылдары экономика өсімі жалғасын тапты — ЖІӨ өсімі орташа 4% құрады. Жұмыссыздық деңгейі 7%-дан, құнсыздану-деңгейі 10%-дан асқан жоқ. Банктік жүйеге сенім арта бастады, 2008 жылдың он айында банктағы депозиттер 21,8%-ға, оның ішінде тұрғындар депозиті 2%-ға өсім берді. Жаһандық деңгейде экономика әлсіреп жатқан кезеңде, Қазақстан мықты қорымен алтынвалюталық резервімен және Ұлттық қорға кірді. 2008 жылдың 1 қарашасында оның жалпы көлемі 47 млд. АҚШ долл. құрады. Мемлекеттік қарыз көлемі ЖІӨ 1,5%-нан асқан жоқ, бюджет тапшылығы төменгі-деңгейде, ЖІӨ 2%-нан асқан жоқ. Осылайша Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын экономиканы сауықтыру мен оны келешекте тиімді пайдаланудың негіздерін жасау мүмкіншілігі ретінде қабылдады[7].

2007 жылы Қазақстан «AT Kearney» рейтингісіне сәйкес инвестициялық тартымды елдер тізімінде 25-ші орында, ал салық төлемақысының қарапайымдылығы-деңгейінің көрсетілуі бойынша Дүниежүзілік Банк рейтингісінің 178 елдің ішінде 44-орында тұрды. 2006 жылы 66-орында болған еді. Дүниежүзілік Банк баяндамасында Қазақстан 2006–2007 жылдарғы салық төлемін жеңілдеткен, бірақ реформаны одан әрі қарай жалғастыру қажеттілігі бар, реформатор-ел қатарына енгізілді[8].

Отандық экономист-ғалымдар Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруді зерделей келе, оның негізгі бағыттарын былайша тұжырымдайды: Қазақстандағы бәсекеге қабілеттіліктің күшті және әлсіз жақтарын анықтау қажеттілігі туындады. 2006 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік Индексі рейтингісінде (2005ж. — 51 орын болған) 56 орынды алды. Салыстырмалы түрде Ресейдің 62-ші, Әзірбайжан 64-ші, Украина 78-ші, Армения 82-ші, Грузия 85-ші, Молдова 86-шы, Тәжікстан 96-шы, Қырғыз Республикасы 107-ші орында болғанын ескерсек, Қазақстан ТМД елдері арасынан бәсекеге қабілетілік көрсетуге үміт күттіретіні айқын болды. Бәсекеге қабілеттілік индексі бәсекеге қабілеттіліктің үш астары бойынша — макроэкономика, қоғамдық институттар және технология жағынан есептелінсе, жаңа заманауи жаһандық бәсекеге қабілеттілік Индексі (БҚИ) тоғыз аспекті бойынша алынады: институттар, инфрақұрылым, макроэкономика, денсаулық сақтау және бастауыш білім, жоғарғы білім және біліктілікті арттыру, нарықтық тиімділік, технология, бизнес, инновация дамуы. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау және бастауыш білім беру, бизнес пен инновация мәселелерін шыңдау жұмыстары күн тәртібінде тұрды. Индустриалды-инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асыруда ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің технологиялық өлшемі — технологиялық даярлық (66-орын) пен инновацияға (70-орын) байланысты БҚИ-нің екі параметрі өзектілігінің маңызы зор болды. Нәтижелі қорытындыларға жету үшін, алға қойылған Стартегия және басқа бағдарламалық құжаттардың технологиялық дамуының басымдылықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктерді анықтайтын және өнеркәсіп саясаты туралы, ұлттық экономиканы дамытудың жаңа жолдары жөніндегі құжаттар қажет болды. Мамандар тарапынан ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің баға критериилерін отандық мамандар жасау керектігі айтылған (әлемдік саудада, жалпыэкономикалық сипатта, технологиялық, институционалдық, ұлттық экономиканың жеке нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сипаттайтын) ұсыныстар жасалынды. Әсіресе Президент Жолдауына байланысты Қазақстан Республикасының Экономика институты ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың өзіндік жолы мен тәсілдерін әлеуметтік-экономикалық дамудың жалпы қазақстандық моделінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, ғылыми ұсыныстарымен шығып отырды.

Ұзақмерзімді стратегиялық даму тиімділігінің негізі — тұрғындардың жан басына шақққандағы ЖІӨ өсуінде болды, ал жүргізіліп жатқан экономиканы жаңғырту — халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатына құрылды. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен ел дамуының тірегі: ЖІӨ жоғарғы технологиялық өндіріс үлесін арттыру, дамыған елдер стандартына келтіру мақсатында экономиканың құрылымын жетілдіру және Қазақстанның бәсекеге қабілетті басымдылығын жүзеге асыруға бағытталған ұлттық экономиканы жаңғырту. Қазақстанда қызмет көрсету саласы ЖІӨ шамамен 50% құрауы, экономиканы құрылымдық қайта құруға ауқымды орын берді.

Қызмет көрсету саласының жоғарғы-деңгейі (қаржы, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, инновациялық жұмыстар, ақпараттық технологиялар және т.б.) бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясының бірінші басымдылығының төртінші міндетіне (Экономика дамуын қамтамасыз ететін жаңа бағыттарды қалыптастыру) сәйкес келеді.

Дамыған және бәсекеге қабілетті мемлекеттер экономикасының ерекше сипаттарын атап өтсек: Біріншіден, қаржы саласының жоғарғы дәрежеде дамуы. Инновацияға бейім және жоғарғы технологиялық экономика, технологияны үнемі жетілдіріп отыруға сүйенеді. Бұл бойынша Қазақстандағы басымдылық — экономикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі нақты өндіріс, логистика — логистикалық инфрақұрылым, әлемдік нарыққа шығарылатын өнімдер (құбырөткізгіштер, порттар, ЛЭП т.б.) және Қазақстанның Еуропа мен Азия аралығын байланыстырушы өтпелі-деңгейін қамтамасыз ететін тасымал коридорлары. Өндіруші салаларға мемлекетті қатыстыру мен мемлекеттік кәсіпкерлікті дамыту, жеке өнім түрлері бойынша әлемдік нарықты қадағалауға қабілетті ұлттық монополистік-компаниялардың құрылуы. Келешекте шешімі күтілетін салалар — өндірістің жоғарғы технологиялық және стратегиялық келешегі — биотехнология, нанотехнология, космостық өнеркәсіп, роботтехника.

Екінші ерекшелігі — ғылым және білім беру саласы. Қазақстанда бұл да дамудың басым бағыты, болашақтағы мақсат — жоғары технологиялық саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Үшінші ерекшелігі — қаржы саласы. Жаһандану жағдайында ұлттық экономкалық мүддеге сай бағытта жол көрсетуші — қаржы иституттары мен нарық болып табылады. Қаржы саласының мықты дамуы — отандық қаржы жүйесін, оның барлық компоненттерін — банктен қор нарығына дейін дамыту және нығайту, экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне бағытталған негізгі басымдылықтар. Экономикалық дамуға қолдаудың «екінші тіркемесін» қамтамасыз ететін қосымша өндірістер мен «бастау алған» салалардан дамыған тапсырыстар және, ақша қаражаты шетелге кетпей Қазақстанда қалатындай мүмкіндіктерді жетілдіру басты міндет. Мұндай салаларға мәселен, құрылыс заттары, мұнай-газ, тау-шахта машина жасау, құбыр өндіру, сол сияқты материалдық емес өндірістер — білім беру, аудит, консалтинг және т.б. жатады. Яғни Қазақстан жоғарғы дәрежеде дамыған және тиімді қаржы жүйесін қалыптастыру, жеке ТҰК (ТНК) және жоғарғы технологиялық өндіріс кластерін қалыптастыру бағытында жұмыс атқаруда.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеретін басым салаларды дамытуға бағытталған экономикалық саясаттың факторлық-мақсаттық негізде жүргізілуі туралы қазақстандық ғалымдар тарапынан берілген ұсыныстар: Экономикалық үрдістерде мемлекеттің қатысының белсенді болуы, оның ішінде мемлекеттік кәсіпкерлік институтының реттелуін енгізу; Қазақстан экономикасының дамуының құрамдас бөлігі ретінде технология мен инновацияны көтеру; Қазақстан капиталының әлемдік нарықтағы экспантеграциясына дем беру; Ұлттық модельді жүзеге асыруды экономиканы басқару жүйесімен бірге жүргізу[9].

2007 жылы Қазақстан бәсекеге қабілетілік рейтингісінде 61-ші орында болды. Алайда, жаһандық дағдарыстың салдарына байланысты 2008 жылғы рейтингте 66-шы, ал 2009 жылы 67-ші орынға дейін төмендеп кетті. 2010–2011 жылдары Қазақстан БЭФ-тің баяндамаларында 72-ші орын алды. 2012 жылдың 5 қыркүйегінде Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Әлем елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі туралы (The Global Competitiveness Index 2012–2013) есебі жарияланған болатын. Жаңартылған рейтингке сәйкес, Қазақстан өзінің позициясын 21 пунктке жақсартып, 72-ші орыннан 51-ші орынға көтерілді. Қазақстанның мұндай жоғары көрсеткіші — Стратегиялық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесі екені күмәнсіз. Қазақстан позицияларының жақсаруы іс жүзінде бәсекеге қабі¬леттіліктің барлық факторларында байқалды. 2012 жылы Қазақстан 2-ші өтпелі кезең экономикасынан (тиімді даму кезеңі) дамудың 3-ші кезеңіне (инновациялық даму кезеңіне) өтуші ел ретінде аталған рейтингке алғаш рет қатысты. Бұған дейін Қазақстан экономикасы 1-ші кезеңнен (факторлы даму кезеңі) 2-ші кезеңге өтуші елдер тобына жатқызылған болатын[10]. Дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді жүйесінің әзірленіп, оны дәйектілікпен іске асыру, ішкі және сыртқы конъюнктура жіті қадағаланып, табанды шаралар жүзеге асырылғандықтан жаһандық азық-түлік дағдарысы ұлттық апатқа айналған жоқ. Қазақстанның беріктігін сынаққа салған «дағдарыс сырттан келген еді және оның көздері елдің ішінде емес, әлемдік экономиканың сәйкессіздігінде болды»[11].

2009 жылы экономиканың нақты секторында нарықтық-бәсекелестік ортаны қалыптастыру аяқталды. Өндірістің құрылымы шаруашылық жүргізу мен еңбек бөлінісінің әлемдік жағдайына бейімделді. Өнеркәсіп өндірісінің көпсалалы құрылымы, жоғары ғылыми-техникалық әлеует қалыптасты. Дамыған отын-энергетикалық, кен-металлургиялық және көлік-коммуникациялық кешендер іске қосылды. Өндірістік қуаттардың пайдаланылмаған резервтері жеткілікті болды. Жекелеген салаларда өндіріс пен басқарудың жоғары-деңгейдегі шоғырлануына қол жеткізілді. Мұның өзі әлемдік экономикада бәсекеге қабілетті ұлттық корпорацияларды құру үшін жақсы негіз. Қазақстанда ТМД елдернің арасында бірінші болып зейнетақы реформасы, банк салымдарын кепілдендіру жүйесі, бірқатар сыртқы міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеу, ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан бағамдық залалдарды банктер мен зейнетақы қорларының салымшыларына мемлекеттік өтем жасау, валюталық табыстарды экспортерлерге сатудан бас тарту шаралары қолға алынды[12,-402б.].

Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың алғашқы нәтижелері: «30 корпоративтік көшбасшы» Бағдарламасы Қазақстан экономикасын жаңа сипатта алға бастырудағы басты қадамдардың бірі болып табылды. Өйткені, ол — ішкі жалпы өнімнің, негізгі капиталға қосылатын инвестициялар мен экспорттың құрылымын өзгертуге жағдай жасайтын экономиканы жаңғырту мен әртараптандырудың басты құралы. Бағдарлама екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі, мемлекеттің қолдау шаралары арқылы — бизнестің ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға деген бастамашылығы, екінші бағытта — мемлекет бизнесті тарта отырып бәсекеге қабілетті, сыртқа шығаруға бағдарланған тауарлар мен қызметтерді анықтайды. Қазақстандық тауарлардың халықаралық нарыққа шығуын қамтамасыз ететін өндірістер бойынша жобаларды жүзеге асырады.

2008 жылдан бастап бірінші бағытқа қатысты іс-шаралар жоспары белсенді жүзеге асырылуда. Болашағы жоқ дегендерді жобадан алып тастау үшін серпінді жобаларға талдау жасалынып, олардың көкейкестілігі айқындалды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 54 миллиард, АҚШ долларын құрайтын 45 серпінді жобаның базалық тізімі қалыптастырылды. Олардың ішінде 36 миллиард долларды құрайтын 28 өндірістік және 18 миллиард долларды құрайтын 17 инфрақұрылымдық жобалар бар. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты орын алған барлық қиыншылықтарға қарамастан, 2008 жыл Қазақстан индустриясы үшін табысты болды. Жыл ішінде жалпы құны 194 миллиард теңгеден асатын 126 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 10237 қазақстандықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етті[13,-198б.]. 2009 жылы барлық 14 облыста және Алматы қаласында жалпы көлемі 114 миллиард теңгені құрайтын 16 индустриялық жоба іске қосылды.

2050 жылға қарай Қазақстанда отандық тауарлар бәсекеге қабілетті болуы мақсатында 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құру кезеңі басталды. Басты мақсат жаңа технологиямен жабдықталған өндірісті дамыту арқылы тұрғындарды жоғары әлеуетті жұмыстармен қамтамасыз ету. Ұлт көшбасшысының тапсырмасы бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттау үшін бірлескен халықаралық компаниялар мен тиімді серіктестіктер құру мен дамытудың кіші бағдарламасын жасау қолға алынуда. Инновациялық кластерлер — Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркін дамыту жалғасын табуда[14].

Қазақстан экономикасында бәсекеге қабілеттілік ең алдымен, жұртшылықты оған тәрбиелеуден басталу қажеттігінің маңыздылығымен, өткен онжылдықтар тарихынан сабақ алып отырмыз. Бұл үрдіс тікелей жеке адамның құндылықтарына тікелей байланысты болып табылады. Жеке адамның әлеуетінің көтерілу-деңгейінен мемлекет-деңгейі айқындалады. Ендеше эконмиканың «А» тобындағы менеджерлер тобының халықпен біте қайнаса жасайтын жұмысы шаш етектен. Мән беруден мағына пайда болатыны тәрізді, бәсекелік мазмұны қоғамдағы әрбір адамның жұмысқа қабілетті әлеутін дер кезінде пайдалана алудан басталады. Сонда ғана әлемдік жаһандану аясында ел әлеуеті жоғары дәрежеге көтеріледі.

Қорытындылай келе, Қазақстан үшін ең басты назарға алынатын ұстанымдар:

  • Жинақталған тәжірибелерді саралау арқылы жаңа істерге қол жеткізу.
  • Жаһандық ауқымдағы әлеуметтік дағдарыс көздерін ескере отырып, республика экономикасының әлсіз тұстарының дамыту тетіктерін іздестіру.
  • Мемлекет бюджеті бағытталатын жалпыұлттық жобалар — республика экономикасын әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту ауқымы ауыл аймақтарды кең қамтуына байланысты, ондағы тұрғындар қажеттілігі мен еңбек белсенділігіне қатысты мәселенің барлығына мониторинг жүргізіліп, уақытты ұтқызып алуға жол берілмеу.
  • Отандық тауарларды жарнамалау және оны дамыту технологиясын жетілдіру жолдарын мемлекеттік қолдау.
  • Ішкі нарықты дамытуда орта және шағын бизнес өкілдерінің құқысы мен міндеттері жөнінде, ақпараттармен қамту және реттеу.
  • Тұрғындардың жеке жауапкершілігін арттыру бағытында аймақтарда, ақылдастар кеңесінің жұмыстарын үйлестіру.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Аубакиров Я. А. Национальная экономика: теоретико-методологические и практические проблемы развития: Сб. науч.тр.-Алматы: Триумф «Т», 2009.-409с.
2. ҚР ҰМ. 136-қор, 1-тізім, 300-іс, 197-198пп.
3. Назарбаев Н.Ә. «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары». //Елбасы жолдады-Елі қолдады. 1 том. Құрастырушылар: Г. Тәңірбергенова, Қ. Қалилаханова, Б. Имансерікова, Р. Әлімбеков-Астана: Күлтегін, 2008 жыл.
4. Назарбаев Н. А. Выступление в Государственной Думе Федерального Собрания Российской Федерации по случаю 100-летию Госдумы. РФ, г. Москава, 5 апреля 2006года// Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 2006 год.-Астана: Деловой мир Астана.2010.-356с.
5. Назарбаев Н. А. Выступление на VI Конгрессе финансистов казахстана. -Астана, 5 ноября 2006 г.
6. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030» іс-қимылда: табысқа он жыл.// «Қазақстан-2030» Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзі. 2007 жыл.
7. Курганбаева Г. А. Экономика Казахстана в XXI веке. -Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2009.-стр. 13–14.
8. Досыбекова Г. К. Современные аспекты повышения конкурентоспособности экономики Казахстана. // Вестник КазНУ. Серия экономическая, № 4. 2010 г. -стр. 15
9. Сабден О. С. Основные направления повышения конкурентоспособности экономики Казахстана.// Материалы Международной научно-практической конференции (г. Алматы, 18 мая 2007 г.). Под. ред. О. Сабдена -Алматы: Институт экономики МОН РК, 2008 г. -376с.
10. Мұса С. Бұл — Елбасы бағытын табысты жүзеге асырудың нәтижесі. // Егемен Қазақстан 5 қыркүйек 2012жыл.
11. Назарбаев Н.Ә. Дағдарыстан жаңару мен дамуға.// Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2009 жылғы халыққа Жолдауы. //www.akorda.kz
12. Мұхамедов. М.Б., Сырымбетұлы Б. Тәуелсіздіктің он сегіз асуы: құлдыраудан өрлеуге дейін.-Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009.
13. Аяған Б., Әбжанов Х., Махат Д. Қазіргі Қазақстан тарихы. -Астана: Мемлекет тарихы институты, 2010.-191-198бб.
14. Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. //«Егемен Қазақстан», 15 желтоқсан 2012 жыл.

Дерек көзі: Ерімбетова Қ.М. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру Страгиясына тарихи шолу //«Қоғам және дәуір» журналы 2013 жыл, № 4
Фото: https://www.google.ru
Материалды ұсынған ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты.

Құндызай Ерімбетова ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?