Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының даму тарихы

28571
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының даму тарихы - e-history.kz
1991 жылғы 16—желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды.

1991 жылғы 16—желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік — тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл—ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік—біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады [1].

Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет—Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17—желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болы өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп сөз сөйледі: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік... Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын... Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең—байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» [2, 3 б.].

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал «Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. Алғашықы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй—тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды [3, 58 б.].

АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Франция, т.б. ірі—ірі мемлекеттер Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың соңына дейін мойындады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ—на кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көп—жақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды.

Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптерін дербес айқындады. Әрине, ең алдымен бұрынғы жүйенің құлауының зардаптарын, әлеуметтік—экономикалақ күйреу мен дағдарысты бастан кешірдік. Соған қарамастан Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты, сол уақыттарда тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш үкіметінің мүшесі, Премьер—Министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, халықымыздың сеніміне кірген қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өзінің 2005 жарық көрген «Серпінді кезең» атты еңбегінде еліміздің даму қарқынына былайша баға береді: «Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған мүлде жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында дамып келеді. Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік. Тоталитарлық жүйенің құлдырауымен бірге КСРО—ның ұлттық саясатының тым идеологияландырылып жіберілген, түбірімен қате ұлттық стратегиясын 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі аяусыз әшкерлеп берген болатын. Сондықтан аяғынан енді ғана тұрған Қазақстан мемлекеті үшін мүлдем жаңа ішкі саясат жүргізуі тиіс еді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастырды. Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Ұлтаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Әрі оған басқа мемлекеттер де қызығушылықтарын білдіріп отыр. Бұл бір экономикалық формациядан басқа, үлкен экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға өтудің кезіндегі кедергілерге қарамастан адамдар арасындағы бір—біріне деген сенімнің болғандығының жарқын көрінісі болып табылады» [4, 149 б.].

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Кеше ғана 30—тамызда қабылданғанына 16 жыл болған еліміздің Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған.

Елімізде Президент қызметінің енгізіліуі қоғамдық—саяси өмірде терең саяси реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақстанда бір партиялық жүйенің орнына көппартиялық жүйе қалыптаса бастады. 1996 жылдың 30—қаңтарынан бастап екі палаталы парламент жұмыс жасап келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік берілді. Тауар тапшылығы жоғалып, өнім сапасы жақсарды. Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында меншік иелеріне айналды. 1993 жылы 15—қарашада Ұлттық валюта—теңге айналымға шықты. Осы күнде теңгеміз тұрақты, сенімді қаржы бірлігі болды. Жаңа Тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды өте сәтті жүзеге асыра алды. Мұндай орасан зор өзгеріс оңайшылықпен келген жоқ еді. Жетпіс жылдан астам қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы табысты жүргізілді. Банк жүйесі батыл түрде реформаланды, халықтың банкке деген сенімі арты және жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары тұрақты түрде өсті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерін құрды. БҰҰ—ның шешімімен тарихқа «Бейбітшілік миссиясы» ретінде енген, Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шараларға қол жеткізді.

Еліміздегі аса өзекті әрі кезек күттірмес басты мәселеміздің бір болып саналатын — тіл саясатын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз парасатты байыптылық танытып жүргізіп келе жатырмыз. Дегенмен, Қазақстан халқы мынаны түсінулері керек: қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдылық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат бұл тілді білуге міндетті. Тіпті қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет.

Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі екінші орында көрсетілген. Барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады. Әр бір азамат Қазақстан — менің Отаным, менің елім деген ұранның маңайына топтасуы керек.

Тәуелсіз даму кезеңінде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тән үлгісі қалыптасты. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше ролі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол шын мәнінде 16 жылдық уақыттан бері өзінің басты міндеті, ұлтаралық қатынастарды үйлестіру үшін барлық этностық топтардың мүддесін сәйкестендіретін қызметті жүзеге асырып келе жатқан құрылым болып табылады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының беделі айтарлықтай жоғарылап, конституциялық ұйымға айналды. Парламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алды. Сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісі халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаланатынына ешкімді де таң қалдырмасы анық. 2010—жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ—на табысты төрағалық етуіне жәрдемі тиген негізгі деректермен, дәйектердің арасында еліміздің ұлтаралық және дінаралық келісім тәжірбиесі болғаны құпия емес. Халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде бізге өткен жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік берді және бұл сөз жоқ, біздің маңызды стратегиялық ресурсымыз. Тек бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қоя аламыз.

Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттердің қатарынан орын алатынына барлық қазақстандықтар күмәнсіз сенеді. Осындай секіріс жасау үшін барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келеді. Бай да бақуатты Қазақстан идеясы ел кеңістігіндегі ішкі ұлттық ынтымақтастықпен тиімді біртұтас рухани, мәдени, экономикалық және саяси жүйенің желісін айқындап, олардың қалыптасуына оң ықпалын тигізеді.

Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ұзақ мерзімге арналған стратегиялық дамуы жоспарын таңдап алған елдің бірі болды. 1997 жылдың 11 қазанда «Қазақстан—2030» атты ұзақ мерзімді дамуы стратегиялық бағдарламасын қабылдады.

Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шет елдермен екі арадағы шекараны дәйектілікпен бекітті. «Қазақстан—Қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес 1999 жылы мемлекет басшылары шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Бұл келісім—шарттың тарихи маңызы ерекше зор еді. Себебі Қытай 15 мемлекетпен шектеседі. Олардың бізден басқа бір де біреуімен Қытайдың толық шекаралық келісімі әлі жоқ. Ғасырдан ғасырға созылған шекаралық дауға соңғы нүкте қойылды. Енді 1782 шақырымдық шекара сызығындағы белдеу халықаралық деңгейде мойындалған заңмен қорғалады.

Ал 2005 жылы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан—Ресей шекарасы анықталып, БҰҰ тарапынан мойындалды. Қазақстан—Ресей шекаралары құрлықтағы ең ұзын шекара болып табылады. Оның ұзындығы — 7591 шақырымды құрайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны межелеу сияқты саяси салмаға ауыр мәселе әлемдік халықаралық құқықтық тәжірибеде өте сирек кездеседі, соған қарамастан қысқа уақыт аралығында шекара сызығының барлық нүктелері келістірілді. Қазақстанның Республикасының мемлекеттік шекарасы белгіленді [5, 163 б.].

Елімізде индустриялдық—инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақ елінің дәл жүрегінен, Еуразия кіндігінен барша қазақстандықтардың мақтанышы әрі ұлттық жетістігіміз—Астана қаласы бой көтерді. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасын және оның Елордасы—Астананы бүкіл әлемге паш етті.

Елордамыз—республиканың бас қаласы—Астана күннен—күнге көркейіп қанат жайып келеді. Оның бүгінгі бейнесінің өзі—ақ көз алдымызға Еуразияның келешектегі жұртқа мәшһүр шаһарын елестетеді [6, 61 б.].

Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым—қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. 2010 жылдың 1–2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ—ның 56 мемлекетінің басшылары елордамызда бас қосып, Астана доктринасының бірауыздан қабылдады.

Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі талассыз беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Өсіп—өркендеген және қуатты Қазақ елі Елбасы бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны болады. Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болады. Қазір іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық.

Тарихты жасайтын тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани—мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Республикамыз Кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік—мәдени салаларға да реформалар жүргізілді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні // http: kk.wikipedia.org/wiki
2. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. — Алматы: Раритет, 2010. — 448 б.
3. Сұлтанов Қ. Серпінді кезең. — Астана: Елорда, 2005. — 608 б.
4. Абрахманов С. Тәуелсіздік шежіресі. — Алматы: Атамұра, 2006. — 392 б.
5. Назарбаев Н.Ә. Нұр Отанның дамуында жаңа белес басталды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтің «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. — № 21 — 18—қаңтар. — 2008.
6. Абдулпаттаев С. Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты. — Алматы: Қарасай, 2006. — 216 б.

Каригулова С.С., оқытушы, № 61 орта мектеп, Қарағанды қ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?