Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ата салтын жаңғыртушы – Ақселеу

3301
Ата  салтын жаңғыртушы – Ақселеу  - e-history.kz
Қазақ даласы қаншалықты кең болса, жазушы, ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің оның бар болмысын, рухани қазынасын зерттеудегі еңбегі сол дархандыққа саятын еді.

Қазақ  даласы қаншалықты кең болса, жазушы, ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің оның бар болмысын, рухани қазынасын зерттеудегі еңбегі сол дархандыққа саятын еді. Шындығында, ғалымның бар ғұмыры ұлтының ұрпағын түгендеп, жоғын жоқтауға арналды. Қашанда қаламын қазақпен ұштастырып отыратын Ақселеу Сланұлы өз халқының ұмыт қалып, жадынан жылыстап бара жатқан ұлттық құндылықтарын жинауда көзінің майын тамызды, тірнектеп еңбек етті. Тек жинап қана қойған жоқ, халқына отызға тарта көркем, ғылыми еңбек қалдырып, ғылымды шыңына шығарып, ауызша әдебиетін жүйелеп, ғылыми айналымға түсірді. Міне, осының бәрінің астарында қазақтың қалпы бұзылмай, салты сақталса, болмысы бүтінделсе деген ізгі ниет жатты.

Ақселеу атамыз өзінен кейін баға жетпес мұра қалдырып кетті. Ал оның азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы — оның жалтақсыз ұлтжандығы. Бұл ұлтжандылық - әйтеуір бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадыр-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан қырларын түгендеп отыруға айырықша құштар. Оның шығармашылық және ғылыми еңбегінің бедерлі тұстарын былайша саралауға болады: 1) бұрын жиналмаған да зерттелмеген қара өлең мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді; 2) алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болды; 3) алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстырды; 4)алғаш рет тарихты жеке тұлғалар арқылы зерделеу идеясына ден қойды; 5) әр қилы пікір-бағаға қарамастан халық мұрасы ретінде алғаш рет қазақтың бейпіл сөздерін жинап, оның ғылыми басылымын жарыққа шығарды.Ұлтжандылық демекші, қазақ салт-дәстүрін насихаттаушы, келер ұрпақтың ата-бабадан қалған, бірақ сақталмай келе жатқан тәрбиемізді жеткізу, алдына қойған бірден-бір мақсаты еді. Өткен замандарда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Сол салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында бүгінде сақталып келеді, ал, біразы қоғамдық дәуір өзгерістерімен бірге қолданыстан шығып, ескіріп, ұмытылды. Ұлттың мұрасына айналған осы салт-дәстүрлер халық ортасында әркез игі мақсаттар үшін қолданылып отырды. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ ата-баба дәстүрін жете түсініп, біліп жүруі, тіптен керек кезінде өмірде пайдаланып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Міне, сондай ұрпаққа берер тағылымы мол, қазақ дәстүрлерінің бірі Ақселеу атамыз қозғап кеткен дәстүрлеріміздің бір ғажабы, сұлуы, адам өміріне мән-мазмұн дарытатын жайт "Қалың мал" рәсімі.

“Бұл осы күнгі түсінігіміздей «қалыңдық сатып алу» дегенге мүлде сай келмейді. Біріншіден, қай ата-ана өзінің ішінен шыққан перзентін малға сатпақ! Бұл қазақ психологиясына мүлде жат жала болатын. Ал егер көшпелі өмір салттағы рулық біртұтастықты, намыс ортақтығын елестетсек, онда «қызын малға сату» деген ұғымның мүлде дәйексіздігі айқындала түседі. Екіншіден «қалың мал» деген сөздің дәстүрлі болмысымен шендес этимологиясына мән беру керек. «Қалыңдықтың малы» – яғни, үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылу үшін «қалың мал» жорасынан басқа қандай кісілікті, қызықты үлгіні ұсынуға болар еді! Сондықтан да халық даналығы: «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды!» дейді. Яғни, негізгі мақсат салт-дәстүр, ата-баба рәсімі дегенді бәрінен жоғары қою болғанын аңғартады.” – деген сөздерімен толықтай келісемін. Себебі, қалың мал Қазақтың бұрыннан келе жатқан салты.Түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне сонымен бірге салттарына да байланысты. Екі жақ келісе отырып шешеді. Негізінен, қыз алатын, яғни қалың беретін жақты қинамайды. Жігіт жақ қалың берсе, қыз жақ кит кидіретін болған және қыз жасауын береді. Осылайша екі жастың отауын тігіп, шаңырағына керекті заттарды толықтап беретін болған. Қазақта: "теңін тапса тегін бер" - деген осыдан шықса керек. Деседе, "қалыңсыз қыз болсада, кәдесіз қыз болмайды" - деп ата салттан аттамауды да дәріптеп отырған. Мұнда қалың малға сүт ақы да кіреді.Міне, түптеп келгенде, төлтума мәдениет дегеніміз осылар болса керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақселеу Сейдімбек сан қырлы тұлға еді. Және ол қай салада болмасын жарқырай көрінді. Ға­лым ұзақ жылдар бойы күй өнері туралы кешенді зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты мейлінше мол материалдар алғаш рет рухани ай­налымға түсті. Бір жарым мың жылдың аясында, ға­­­сырлардан сыр шерткен бес мың күйдің тең жартысының аңызы өңделіп, басылым беттерінде жа­рық көрді. «Күй шежіресі» деп аталатын екі кітабы шықты. «Қазақтың күй өнері» туралы толайым монография жариялады. Осы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Ақселеу Сейдімбек осылай домбыраға кие дарытып, қазақ­­­тың күй өнерінің маң­дайынан қайтқан бағын жандырды. Ел қамы үшін мәдениеттің алтын ордасын жойдасыз биікке көтерді. Бал тамған саусақтарымен қазақтың төл аспабы – домбыраны жасаған-ды. Бір сөзбен айтқанда Ақселеу ағамыз – жан-жақты, бойында дарыны да, жалыны да бар ..... иесі.

Және де айта кететін жайт, Ақселеу Сейдімбек “Елтұтқа” атты ел тарихының әйгілі тұлғалары жайлы киелі кітаптың авторларының бірі. Бұл кітап, әрине, тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болған рух азаттығының жемісі. “Елтұтқа” қазақ тарихының алтын қазығы,ұйтқысы болған ұлы тарихи тұлғаларға арналған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығымен орайластырып, оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітап, түптеп келгенде, Отан тарихына әйгілі тұлғалары арқалы ден қоюды мақсат етеді. Бұл кітап ата-баба рухымен табысуға дәнекер болатын, әр жүрекке ұлтжандылық ұрығын ұялататын, ержеткен ұлдың еншісі ететін, бойжеткен қыздың жасауына қосатын, әркімнің төрінде тұрар бойтұмардай қастерлі мұра болуға тиіс. Өйткені, Отан қадірін білу – Отан тарихын білуден басталады.

Қорыта келе, Ақселеу – ғылым тарихындағы көрнекті тұлға, қазақ санасын сілкіткен рухани шамшырақ. Қазақ халқының тағдырына біткен жарық жұлдызы. Сондықтан да Ақселеу атамыздың еңбектерін зерттеу мен бағалау, зерделеп, насихаттау бүгінгі буын үшін маңызды. Оның қазақ руханиятын, ғылымын дүниеге танытудағы мұрасын зерттеу уақыт талабы. Қазақ атты те­гімізде көбе бұзар ақ сұр жебемен бола­шаққа атылған еңсе­міз­ді танытар, қаді­рімізді ұқтырар, қасие­тімізді мойындатар бойтұ­мар­лы киеміз еді.  Ұлттық психология мен пат­рио­тизмді тәжі­рибелеуші, қазақтың алтын күм­безді сарайын тұрғы­зушы­лар­дың бірі. Көшпелілер өркениетін адамзаттың өзіне түсіндіру үшін ойы қанат­тылы­ғы­нан, қаламы ұшқырлығынан таймаған тұлға.

Гүлшат Нұрахметова,

Ғали Орманов атындағы №7 мектеп- гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 

 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?