Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үй өзені және Баба Түріктің үй-құр империясы туралы

2424
Үй өзені және Баба Түріктің үй-құр империясы туралы  - e-history.kz
Баба түріктің тарихи тамыры тереңде жатқанына, оның Адамзат тарихының ұлы сахнасына шыққанына бірнеше мыңдаған жылдар толғанына айғақты дәлелдер өткен ғасырда-ақ төбе көрсете бастады.

29.01.15

Орыс халқының өз жазба тарихын түзеп қайта жазғанда қазақ секілді халықтардың ауызекі айтылып келген тарихы «ұлы халықтың" тарихына қоса өріліп кете барған болатын. Сырт елдердің жазба жәдігерлерінде сақталып қалған қазаққа тиесілі тарихи деректермен сол кезеңде-ақ танысып, ұлт тарихын дербес сомдауға әрекет жасаған Манаш Қозыбаев сынды ғалымдардың дауысы қазақ халқының тарихын қалыптастыруға тірек бола алмады, өйткені ұлы орыстық идеяға негізделген Кеңестік жүйе оған мүмкіндік бермеді.
Түркі халқының өз замандарында өзгелерден сұсы басым, алып қағанат-империя құрған бай-қуатты болғанын айғақтайтын жәдігері Орхон-Енисей жазбаларымен қуана қауыштық. Содан, түркі халқының мемлекеттігі мен халық ретінде қалыптасуы VI ғасырдан бастау алады екен деп мәз болыстық.
Алайда, түркі тайпалары туралы құнды деректер әріректен, біздің дәуірімізге дейінгі соңғы мыңжылдық кезеңіндегі Грекия мен берідегі Византия жазбаларынан көптеп кездеседі екен. Бұл деректерден біздер түркі тайпаларының кезінде өте бай және құдіретті болғанына көз жеткіздік [1].
VI ғасырдың екінші жартысында Бумын қаған бастарын қайта біріктірген түркі тайпалары орасан зор территорияны мекендеген. Күлтегін ескерткішіндегі кіші жазуға құлақ салайық: «Ілгері Шаңтұң жазығына дейін соғыстым. Теңізге кішкене жетпедім. Бергі Тоғыз Ерсенге дейін соғыстым. Тибетке кішкене жетпедім. Кері қарай Сырдария өзенін кешіп өтіп, Темір Қақпаға дейін соғыстым. Терістікте Байырға жеріне дейін соғыстым. Сонша жерге жүргіздім. Қаған болып, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» [2]. Кейініректе, Құтлық қаған тұсында қайтадан біртұтас мемлекетке біріккен түркілердің күш-қуаты артып, Қытай мемлекетіне қарсы тұратындай дәрежеге жетті. Сол тұста Түркі мемлекетін дүниенің төрт бұрышына, бүкіл Еуразияға мойындату Білге қаған мен оның інісі Күлтегін батырдың маңдайына жазылған бақ болды. Әрине, бақ өзінен-өзі келе қоймайды, ол үшін Білге қаған мен Күлтегін батыр «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деп айтатындай түркі мемлекеті мен халқының мүддесі үшін бар күш-қуатын сарқа жұмсаған.
Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жазбаларында түркінің біртұтас мемлекетінің айбары мен қуаты, Күлтегін батырдың ерліктері үлкен пафоспен жырланады. Бұл баянның поэтикасы «Игорь жасағы туралы жырдан» әлдеқайда басым жатыр. Мұның бәрі баба қазақтың «орнында бар оңалар " деп қуанғанындай, түркі мемлекетінің байырғы бір ізге-қалыпқа келгеніне көрсетілген шексіз қуаныштың табы секілді. Яғни Бумын қаған құрған түркі мемлекеті одан көп уақыт бұрын және сан есе қуатты болған көне түркілер империясын қайта жаңғыртқан болуы тиіс…
Өткен ғасырда қалыптасып үлгерген Адамзат баласының альтернативті тарихы байырғы замандарда Ұлы түркілердің империя құрғандығына көптеген дәлелдер келтіреді. Әрине, түсіне және қабылдай алатын оқушысына.
Және осы айтылып отырған көне түркілер империясының атауы мен оның әкімгершілік орталығының «Үй» сөзімен, Үй өзенімен тығыз байланысы бар дейтіндей соңғы жылдары құнды деректер кезіге бастады. Алғаш рет «Үй қамалы», «Үй өзені» атауларын [3] кітабында кездестірдік. Онда 1771 жылы көктемде ата жұрты Жоңғарияға үдере көшкен Еділ қалмақтарының соңына түскен орыс әскерінің жорығы туралы, олардың қашқан қалың қалмақты қайыра алмай босқа әуре болғаны баяндалған. Мамырдың ыстығына апталған және қазақ Даласының шетсіз-шексіз құмшауыт жазығынан кажыған орыс әскері өліп-талып Ресей шекарасына шығып, ең жақын жатқан Үй қамалына жетіп жығылған. Н.П Рычковтың жазбаларында Үй қамалы Тобылға құятын оның бір саласы Үй өзенінің жағасында және бұл қамалдан Троицк қамалы 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан делінеді. Әрине, өзеннің аты «Үй» екендігіне таңданыс білдірдік: «қазекең „Үй“ деп өзенге ат қойғаны несі» деп.
Сөйтіп жүргенімізде қолға Бақытжан Әділовтың «У-улумил-ұлы ел» атты мақаласы [4] түсті және ол тарихи ізденістердің жаңа бағыттарына жол сілтеді. Бұл мақаласында Б.Әділов Үндістанды отарлаған, ағылшын әскерінің полковнигі Джеймс Черчвардтың «Му көне континенті» (алғаш рет 1926 ж. жарық көрген) кітабына [5] терең талдау жасай отырып, Тынық мұхит суларына осыдан 12 000 жылдай бұрын шөккен Му империясының (Күн империясының) тарихы мен қазақ тарихының тамырлас екендігіне дәлелдер келтіреді.
Көптеген деректерде «Му елінде 10 халық (тайпа, ел) болған» (Платон, Прокл, «Кодекс Троано») делінеді. Ең қызығы сол, Д. Черчвардтың 60 жылғы ізденістері нәтижесінде жазылған осы кітапта жинақталған графикалық (таңбалық) материалдары негізінде Б. Әділов қазақ халқы құрамындағы 10 ру-тайпаның осы кезге дейін белгілі таңбаларын бөліп қарастырады. Кітапта Күн империясы Патшасының Қалқанына түсінік бергенде, Д. Черчвард ондағы крестің көне Му тілінде «У-улуумил» (жер, ел, империя, патшалық) деп оқылатындығын айтады. Кітапта Уйгур империясы, уйгурлардың Еуропаны игеруі, арийлар мен қытайлықтардың уйгурлардың ұрпағы екендігі, заманында уйгурлардың өркениет пен мәдениеттің ең жоғары-деңгейлеріне египеттіктерден көп бұрын қол жеткізгендігі туралы тұжырымдар айтылған.
Кітапта жиі кездесетін таңбасы «Ахау Патша, Патшалардың Патшасы», «Ұлы Патша», «Ұлы Билеуші» деп түсіндіріледі [5:161,163]. Кітапта Ұлы Уйгур империясының картасы берілген және оның дәуірлеу кезеңі б.з.д. 15-ші мыңжылдық делінеді.
Әрине, мұндағы «Уйгур» мен қазіргі ұйғыр халқының бөлек атаулар екендігі күмәнсыз. Б. Әділов айтқан батыл болжамдар бойынша, біз «уйгур» атауын «Үй құр» (ел бол, мемлекет құр) деп бұйрық райға ауыстырып қарастырсақ, онда Қостанай жерінде, ағатын Тобылдың бір саласы Үй өзеніне бұлайша ат қойылуын жаңаша түсіндіруге мүмкіндік пайда болар еді. Яғни, Үй өзенінің бассейнінде Д. Черчвард айтып отырған Ұлы Уйгур империясының негізгі әкімгершілік орталығы (мегаполисі) орналасқан болуы тиіс. [6] анықтамалығында «Үй-өзен, Тобыл өзенінің сол саласы, Федоровка ауданында. Башқұрт тілінде Уй-үлкен алқап, қырғыз тілінде ой-шұңқыр, көне түркі тілінде oj-шұңқыр мағыналарын береді» деп түсінік берілген. Әрине, бұл айтқандарға қанағаттануға болмас. Тағы да бір Үй өзені Омбы мен Новосібір облыстары жерінде, ағады екен [7].
«Үй» сөзінің түпкі мағына-мазмұнын баба түркі тілінен іздеу қажет. Бұл сөздің көне түркілік түбірі барын орыс тілінен анық көруге болады, онда «уй — старший дядя по матери» делінеді [8]. Ал Талас өзені бойындағы қырғыздар әлі күнге сиырды «уй» деп атайтыны белгілі болды.
Көне түркі жазуының пайда болуы мен эволюция тарихын тереңінен зерттеген Олжас Сүлейменов [9] «Сиыр-Үй» тақырыбын дербес қарастырып, «сиыр» (және «үй» (Α) сөздері олардың таңба иероглифтерін төңкеру арқылы бірінен екіншісінің алынатындығын дәлелдейді. «Меніңше, «үй» ұғымы «отан» ұғымы үшін бастапқы ұғым болып табылады. Семантикалық даму үлгісі төмендегіше: үй — туған және қоныс тепкен жер — туған ел — мемлекет — … " деп [9:268] біздер үшін өте құнды және қажетті қорытынды жасайды. Бұл айтылғандар аз десеңіз, «Қазақстан» телеарнасында 2013ж. көрсетілген тарихи «Ұлы әмірші Қуаң Ге То» атты корей сериалында осы елдің сыртқы жауы ретінде «Солтүстік Уй» патшалығы аталады.
Ұлы Уйгур империясы заманында қалыптасып үлгерген баба түркі тілін біздің замандарға жеткізген жұрт қазіргі күндері Қытайдың Ганьсу өлкесінде тіршілік кешуде. «Оларды қытайша «уйгу» дейді. Өздерін өздері «сарыұйғырмыз» десе-де, тілдері қазіргі ұйғырға келмейді. Көне түркі белгілері басым. Бірақ одан да көне екендігі айқын байқалады. «Баба түркі» деуге лайық. …Сарыұйғыр тілінің түркі әлемі үшін аса көнелігі XX-ғасырдың бас кезінде-ақ белгілі болған. …Баба түркі, аңыздары Ганьсуға «батыстан келдік» дейді [10:4].
Сарыұйғыр атауындағы сары — «көне, ертеден келе жатқан» деген мағынаны (сары уайым, Сары Арқа, сарқұт) білдіретінін ескерсек, онда сарыұйғыр тілі баба түркі тілі статусына көтеріліп, Д. Черчвард кітабындағы Ұлы Уйгур империясының мемлекеттік тілі ретінде танылуы әбден мүмкін емес пе?! Шынында да, қазақтың сары үйсін тайпасының таңбасы жапон тіліндегі «ескі, көне» иероглифіне сәйкес келеді екен [11]. Олай болса, қазіргі ұйғыр халқынан бөлектеп, Д. Черчвард кітабында ерекше аталатын мемлекет — метрополияны «Ұлы Үйқұр империясы» деп қазақ тіліне төте аударған жөн болады. «Ұлы Үйқұр империясының" картасына қарап, біз оның негізгі территориясы қазіргі Қазақстан, Моңғолия мен Қытай жерін алып жатқандығын, ал жүрегі («қалалар Елі») қазақтың Сары Арқасында орналасқанын көреміз (жоғарыдағы суретте).
Д. Черчвард кітабындағы таңбасы көне қытай, мысыр, шумер мен түркілерде Күнді (ra, re, er) білдірген және бірте-бірте әлемдік таңбаға айналған. Бұл таңба туралы да О. Сүлейменов «Егер Нүктелі Шеңбер — „басқарушысы патша“ саналатын қоғам болса, онда орталық бұл сарай ғана емес, сондай-ақ әміршінің де символы. …Меніңше, Нүктелі Шеңбер иероглифі гректерге мәлім болған. Сол кездегі мәдениеттерде, ақиқаттың, әділдіктің бейнесі ретінде „орталық“, „дәл ортасы“ ұғымдары түсініледі» деп тағы бір, ақиқаттың бетін ашады [9:314,317]. Осы айтылғандар және Д.Черчвард кітабында бұл Нүктелі Шеңбердің «Ахау патша таңбасы» деп тайға таңба басқандай аталуы, ал қазақтың Ұлы жүзі құрамындағы дулат тайпасының бұл Нүктелі Шеңбер атамзаманнан бері рулық таңбасы болып келе жатқандығы, Жүсіп Баласағұн біздерге «Құтты білік» арқылы жеткізген, Баба түрік танымындағы әділетті ханның (Күнтуды Елік) Күнге баланатын ұстанымының (түсінігінің) сонау арғы түріктер замандарында-ақ қалыптасқандығына айғақ болмай ма?!
1969–1987 жылдары Ресей археологтары (В. Генинг, Г. Зданович, т.б.) Челябинск мен Қостанай облыстары жерінен «қалалар Елі» атанған 22 көне қаланың орындарын тауып, қазба жұмыстарын жүргізді [12].
Табылған 22 қаланың көне қазба орындары қазіргі Рудный, Тобыл мен Қарталы елді мекендерінің аралығында, негізінен Қостанай және Челябинск (Селебе) жерінде орналасқан. Мұндағы әрбір қала халық тұруға қолайлы етіп салынған қамал және онда ерекше үлгідегі металлургиялық пештер жұмыс істеген.
Б.д.д. IV–IIІ — мыңжылдықтар кезеңіне жатқызылған бұл қалалар оңтүстіктен солтүстікке қарай 400 км-ге созылып, шекаралары Үй, Жайық және Тобыл өзендерімен, ал оңтүстікте Жітіқара қаласымен шектелген төртбұрышта орналасқаны белгілі болды.
Қазақтардың атам-заманнан осы Үй өзені бойын қоса жайлағаны Ресей үкіметі жазба деректеріне-де түскен. Мысалы, Орынбор генерал-губернаторы Г. Волконский қазақтың ру- тайпаларының XVIII-ғасырдың аяғындағы көшіп-қонған, иелік жасаған жерлерін, мекендеген тайпалардағы отбасы санын есепке алған: «Керейлердің 1000-дай отбасы Үй, Тоғызақ өзендерінің бойын, Жайлан, Жоғарғыоралдан Далалық қамалға дейінгі бекіністер төңірегін және осы қамалдар қарсысындағы далаларды қыстады» [13].
А.Нарымбаева бұл еңбегінде осы кезге дейін жинақталған өте бай нақтылы ғылыми материалға терең талдау жасаған және Адамзат тарихындағы неолиттік революцияның Тұран жерінде, қазақтың Сары Арқасы төрінде жасалғаны туралы батыл қорытынды тұжырымдаған. Шынында да, осыдан 5000 жылдан аса бұрын, Арқайым — Сынтасты мәдениеті салтанат құрған заманда Орталық Қазақстанда, тағы сол Сары Арқа төрінде кен қазып, металл қорытқан түркілердің елді мекендері өте көп болғанын біз осы кітаптағы картадан көре аламыз [12:119].
Мұншама үлкен өңірді қамтыған кенді аймақта өндірілген металл Арқайым — Сынтасты мәдениетін тудырған жекелеген тайпалардың емес, қайта Д. Черчвард өз кітабында қадап тұрып айтқан Ұлы Үйқұр және оның тікелей мұрагері Ғұндар империясының қажеттерін өтеген деп айту орынды сияқты. Себебі бұл турасында, «А. Х. Марғұлан мынаны айтқан: Г. Н. Щербаның есептеулері бойынша, Орталық Қазақстанның кен орындарында 10 млн. тоннадай руда өндіріліп, одан 450 мың тонна мыс балқытылған» [14]. Бұл аз десеңіз, Орынбордың маңындағы Қарғалы қыраттарында ресейлік археологтар мыстың бай, көне кен орындарын тауып, ол туралы Е. Н. Черных кезінде «Қола дәуірі Қарғалыда бастау алған» деп жар салған. Осы өңірде 500 шаршы км жерді алып жатқан 30 мыңнан аса көне кен өндірген іздер тапқан ресейлік зерттеушілер мынадай қорытынды жасаған: «2000 жыл бойына Қарғалыда шамамен 2-ден 5 млн. тоннаға дейін кен өндірілген. Осы массадан шамамен 50–60 мыңнан 120–130 мың тоннаға дейін мөлшерде мыс қорытылған. Бұл цифрлар, әрине, қола дәуірі үшін өте-мөте шындыққа жанаспайтындай боп көрінуі мүмкін. Бірақ қолда бар деректер біздердің ескі көзқарастарымыз бен ойларымызды күл-талқан етуде» [15].
Д. Черчвард Ұлы Үйқұр империясы осыдан шамамен 10 000 жылдай бұрын өзінің өмір сүруін толық тоқтатқан деген тұжырым айтады. Қалай дегенде-де, Му өркениетінің тікелей мұрагері ретінде Д. Черчвард кітабында аталған Ұлы Үйқұр империясы мен арқайым — сынтасты мәдениетінен (Тұран өркениетінен) қалған археологиялық материалдағы генетикалық байланыс белгілері өте көп. Бұл жөнінде А. Қ. Нарымбаеваның кітабында өте құнды және жаңа мазмұндағы деректер мол келтірілген.
Сондықтан алдағы жылдарда көне Тұран төрінде, Сары-Арқа жерінде жүргізілетін археологиялық зерттеу жұмыстарына қаражат бөлуді күрт өсіру және табылған қазба материалдарын «андроновтық" деп аталатын мәдениет үлгілеріне телуді, меншіктеуді доғару қажет. Ең бастысы, «Кен қазып, өндірістік-деңгейде көп көлемде металл қорытқан, сөйтіп ну қарағайлы ормандары сыңсыған Сары-Арқа төрін жалаңаштаған Ұлы Үйқұр мен Ғұн империялары» деген ортақ тұжырымға ойысқанымыз дұрыс болар.
Әрине, көне түркі мен қазақ халқының төл тарихын толымды етіп қайта жазуда қазақ тілі тарихы мен жер-су атауларына да табан тіреуіміз керек-ақ. Қазақ тілінде қазіргі еуропалықтардың ертеде Азия ана материгінің далаларын мекендегеніне дәлел болар ата сөздер бар, олардың қатарында «от», «ну», «тау» сөздерін айтуға болады деп ойлаймыз. «Т» таңбасының «тау» деп оқылатынын Д.Черчвард өз кітабында бірнеше рет қайталайды және баба тілде ол «қайта түлеу, өмірге келу» дегенді білдіреді дейді. Олай болса, қазақтың ойын баласына марапат айтқандағы «таудай бол» деген алғыс сөзінде көнеден біздерге дейін жеткен керемет терең ой жатыр емес пе?!
Қарапайым мысал келтірейік. Жоғарыда аталған, А. Н. Гаркавец құрастырған үлкен кітапта, Клавдий Птолемей «Географиясының" 5-ші [1:343] кітабында келтірілген Таз қаласы (бойлығы 680 — ендігі 470 30/) мен ұлы Обь өзенінің құярлық сағасына шығыс беттен келіп құлайтын Таз өзені (ұзындығы 1000 км), сол жердегі Таз түбегі мен Таз ауданы, олар аз десеңіз, Амур өзені бойындағы удэгейлердің бір бөлігі саналатын таздардың қазақ халқының тарихына қатысы бар-жоғын да айыратын кез келген жоқ па? Ал қазақтың ән айтып, жыр жырлауды «Ахаудан» бастауы, «Ахау» деп тамағын кернеуі Д.Черчвард кітабында бірнеше қайтара айтылған «Ахау патшаға, патшалардың патшасына» кезінде мадақ айтқан, ода арнаған бабалардан бізге қалған мұра болғаны ма? Олай болған жағдайда біздер «патшалардың патшасы, Ұлы Билеуші Ахаудың" ұрпақтары болғанымыз ба?
Осы тұста біздің лингвист ғалымдарымыз бен қазақ тілінің мамандары назарын мынадай құнды дерекке бөлсе демекпін, ол — «Европаның лингвистикалық атласы». Бұл ірі жоба және оның ықтимал, ғылыми ортаны дүр сілкіндіретіндей тұжырымы туралы кезінде Швеция астанасынан «Известия» газеті «Европалықтар ертеде даланы мекендеген» деген хабар (1989, қараша) таратқан болатын. Идеясын итальян ғалымы Марио Алинеи ұсынған бұл жоба бойынша 1974 ж. бастап Европаның 2500-дей аудандарында мемлекеттік тілдермен қабат әртүрлі диалектілер-де қоса зерттелген. Сонда анықталған бұлтартпас бір ортақ тұжырым мынадай: 6000 жылдан артық уақыт бойына қолданыста болып келген ортақ мүмкін индоевропалық баба тілден тамыр тартатын түбірі бір сөздер қоры анықталған және қазіргі Европалық тілдердің 90%-да күн, жел, қар және басқа далалық өмір салтына тиесілі сөздердің фонетикалық дыбысталуы өте жақын болып шыққан. Ал «теңіз» сөзін тудырушы баба тілде бірегей атасөз анықталмаған, яғни теңіз жағалауына көшіп жеткен әрбір тайпа оған өзінше ат берген. Осыдан барып «Европа халықтары ықылым замандарда Евразияның далаларын мекендеген болуы тиіс» деген тұжырым өзінен-өзі туындайды. Шынында да, осыдан 10000 жылдай бұрын аяқталған және 110000 жылға созылған соңғы мұз басу дәуірінде Европаның орташа температурасы қазіргіден 80 -қа суық болған, континентальдық алып мұздықтар оны тұтастай дерлік жауып жатқан. Ал Адамзат дамуының евроцентрлік теориясын күштеп қалыптастырған «көне континенттің ғалымдары» осындай, адам баласы түгілі «ит байласа тұрғысыз» Европада өсіп-өнгенбіз деуінен ешбір таймайды, сөйтіп олар қайдағы бір жақ сүйектің фрагменті бойынша өмірде болмаған Неандерталь адамын жасап та алды.
Д.Черчвард 60 жыл өмірі мен бүкіл жиған байлығын жұмсап әлемді шарлағанда көзі жеткен тарихи шындық — Ұлы Үйқұр империясы Нұқ пайғамбар заманында қазақтың Сары Арқасы төрінде салтанат құрған, оны кезінде академик Манаш Қозыбаев «Тұран өркениеті» деп атаған болатын. Байқап қарасақ, Д.Черчвардтың Ұлы Үйқұр империясы осыдан 12000 жылдай бұрын салтанат құрған деген пайымына сенуге негіз жоқ емес те. Өйткені Ұлы топан су қаупінен қорқып, Тәңірден алған бұйрығы бойынша кеме жасауға кіріскен Нұқ пайғамбарды айналасындағы азғындаған жұрты келеке етеді, ал кейбір бай-бақуаттылар «сенің қолапайсыз дәу кемеңнен ыңғайлы және көрікті қайықты шыныдан-ақ жасатамын» деп оған доқ көрсеткен. Топан су туралы, аңыздың қазақы нұсқасы осылай дейді.
Ал Гомердің «Одиссеясы» мен қазақтың «Алпамыс» жырының өте-мөте мазмұндық ұқсастығын немен түсіндіруге болады?
Бірі Ертіске, екіншісі Тобылға, сөйтіп екеуі де Обьке, ағып баратын Үй өзендері-де бойларына бүккен сырларын ашуды бізден күтіп жатқандай…
Қалай дегенде, бұл бағыттағы пәрменді зерттеулер жалғасын табуда [16,17,18].

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Великая степь в античных и византийских источниках. Сб. материалов. Составитель А.Н Гаркавец, А, Баур, 2005.-1304 с.
2. Ғ. Айдаров. Күлтегін ескерткіші. А., «Ана тілі»,1995.-168 б.
3. П. И. Рычков, Н. П. Рычков. Капитан жазбалары. А., Ана тілі, 1995.-104 б.
4. Б.Әділов. У-улуми-ұлы ел. «Парасат», № 8, 1998. 27–29 б.б.
5. Д.Черчвард. Древний континент Му. Пер. с англ. Киев, 2001. — 272с.
6. Жеріңнің аты-еліңнің хаты. Энциклопедиялық анықтамалық. А., Аруна, 2006.-808б.
7. БСЭ, т.44, с.58.
8. Е. Н. Шипова. Словарь тюркизмов в русском языке. А., 1976.
9. О. Сүлейменов. Атамзаманғы түркілер (Тарихқа дейінгі түркілер). -Алматы, 2011.-354б.
10. Ә. Әбіласан. Көне сөздер құпиясы. А., Ана тілі, 1995.-80б.
11. Г. Мухтарова. Запад и Восток: диалог искусств. Аналогии связи знаков казахской тамги, петроглифов и японских иероглифов. «Поиск (Ізденіс)», 1997, № 1.
12. А. К. Нарымбаева. Аркаим — очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками. 2-е изд. А., 2007.-476с.
13. М.С. Мұқанов. Қазақ жерінің тарихы. А., Атамұра, 1994.-80б.
14. А. Х. Марғұлан. Шығарм., т. 2. Жезқазған — көне және ортағасырлық металлургияның орталығы (Милықұдық қалашығы). А., 2001.
15. Е. Черных. Эпоха бронзы начиналась в Каргалах. «Знание — сила», № 8, 2000, с.46–57.
16. Ш. Т. Куанганов. Арий-гунн сквозь века и пространство: свидетельства, топонимы.-2-е изд.-Астана,2001.-252с.
17. А. К. Нарымбаева. Туран — колыбель древних цивилизаций. Научное издание. Алматы, 2009.- 688с.
18. М.Аджи. Тюрки и мир: сокровенная история. М., 2006. — 649с.

А.Қ. Қоныс

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?