Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулері

2149
Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулері - e-history.kz
XX ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштерінің зерттелу тарихы КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жан-жақты жүргізген зерттеу жұмыстарымен байланысты.

XX ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштерінің зерттелу тарихы КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жан-жақты жүргізген зерттеу жұмыстарымен байланысты. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясына белгілі ғалым С.П. Толстов жетекшілік етті. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Сыр өңіріндегі зерттеулерін 1946 жылы бастады. Құрамына: археологтар, этнографтар, топографтар, геологтар, топырақтанушылар, гидрологтар сынды түрлі ғылым салаларының мамандарын біріктірген аса ірі бұл экспедиция ауқымды зерттеу жұмыстарын 90-жылдарға дейін жалғастырды. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының алдына қойылған мақсаттар:

- аймақтағы ежелгі ескерткіштерді зерттеу;

- Сыр өңіріндегі ежелгі суғару жүйесінің қалыптасуы мен дамуын және оның осы өлкені мекен еткен тұрғындардың тіршілігінде атқарған рөлін айқындау;

- ертедегі және ортағасырлардағы өлкедегі табиғи жағдайларды, экологиялық ахуалдың өзгеруінің тарихи-этникалық, миграциялық процестерге ықпалын анықтау;

- өлкенің неолит дәуірінен бастап кейінгі ортағасырларға дейінгі аралықтағы этникалық тарихын зерттеу;

- археологиялық және жазба деректер негізінде ертедегі Сырдың төменгі ағысын мекендеген халықтардың Хорезм және басқа да көршілес елдермен тарихи, мәдени, саяси, экономикалық байланыстарын зерттеу;

- Шығыс Арал маңының адамзат баласы қоныстанған кезеңінен кейінгі ортағасырларға дейінгі аралықтағы тарихи келбетін айқындау болды.

Алдына қойылған айқын мақсаттар негізінде жұмыс атқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының зерттеулері Сыр өңірінің өте ерте заманнан қазіргі күнге дейін Батыс пен Шығыс арасындағы, көшпелі және отырықшы мәдениеттер арасындағы байланыстырушы алтын арқауы болып келе жатқандығын дәлелдеді. Оған куә - осы зерттеулер барысында ашылған өлкедегі жүздеген археологиялық ескерткіштер.

1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының ауадан барлау тобы Женд, Жанкент, Күйік-қала, Кескен Күйік-қала, Құмқала ескерткіштерін картаға түсіріп, топографиялық сызбасын жасады. Жетіасар, Шірік-Рабат, Бәбіш-Молда секілді антикалық кезең ескерткіштері ашылып, алғашқы археологиялық зерттеулер жүргізілді.

1948, 1949, 1951 жылдары Жетіасар ескерткіштерінің бірнешеуіне қазба жұмыстары жүргізілсе, Шірік-Рабат қала жұртына екінші рет археологиялық зерттеулер жасалды.

1954 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Іңкардария, Жаңадария және Қуаңдарияның ескі арналары бойында археологиялық барлау жұмыстарын жалғастырды. Барлау кезінде ортағасырлық Құмқала, Асанас қалаларына және Мұнара қонысына зерттеулер жасалса, тас дәуірінің Шобан Қазған, Есентөбе, Қарақ сынды тұрақтары алғаш тіркеліп, материалдар жиналды.

1955 жылғы экспедицияның зерттеулері Арал ауданындағы неолит дәуірінің Сексеуіл тұрағына қазба жүргізумен шектелсе, 1956 жылы археологиялық барлау жұмыстары Жаңадария бассейнін қамтыды. Б.В. Андриановтың жетекшілігімен жұмыс жасаған археолого-топографиялық топ 1946 жылғы зерттеулер кезінде анықталған кейінгі ортағасырлық уақытпен мерзімделетін қарақалпақтардың ирригациясы деп аталған магистральді каналдар мен күрделі суғару жүйесінің қалдықтарын зерттеді. Сонымен қатар осы жылғы зерттеулер Сырдың төменгі ағысында орналасқан сол кезге дейін ғылымға белгісіз болып келген ортағасырлық селолық қоныстар, яғни, қыстақтардың табылып, әрі қарай зерттелуіне жол ашты. Жаңадарияның орта шенінде орналасқан бірнеше ортағасырлық селолық қоныстар беткі қабатынан табылған материалдар негізінде XII-XIV ғғ. мерзімделді.

1957 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы сақ дәуірінің Шірік-Рабат, Бәбіш Молда ескеркіштері және ортағасырлық Сырлытам, Бестам-қала (Орқала) айналасындағы ежелгі суғару жүйесі қалдықтарына ізденістерін жалғастырды. Бірнеше кейінгі ортағасырлық мазарлар тіркеліп, Шірік-Рабат, Бестам-қала орындарына қазба жасалды. Сонымен қатар Сырлытам ескерткіштер кешеніне жан-жақты, мұқият қазба жұмыстарын жүргізді.

1958 жылы Сырдың төменгі ағысында Хорезм экспедициясының екі тобы археологиялық ізденістерін екі бағытта жалғастырды. С.П. Толстовтың жетекшілігімен жұмыс істеген археологиялық топ ескерткіштерге жалпы зерттеулер жасаса, Б.В. Андриановтың басшылығындағы археолого-топографиялық топ суғару жүйелерінің қалыптасуы мен дамуын анықтаумен айналысты. Бұл зерттеулер Бәбіш Молда кешенін, Бидайық асардың оңтүстігін, Томпақ асардың солтүстігін және Женд қаласының айналасын қамтыды. Археологиялық топ қола дәуірінің бірнеше тұрақтары мен антикалық және ортағасырлық қоныстарды ашты. Олардың ішіндегі ең ірісі Еркебай құдығынан 6 шақырым жерде орналасқан ашық түрдегі селолық қоныс болды. Бұл қоныс С.П. Толстовтың мерзімдеуі бойынша XII-XIV ғғ. жатқызылды. 1958 жылғы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Сырдарияның ескі тармақтарының бірі Іңкардарияның Жаңадариядан бұрын қалыптасқаны анықталды. Оған дәлел – Іңкардарияның бойынан табылған неолит дәуірінің тұрақтары.

1959 жылы Хорезм экспедициясының бірінші жаңалығы ғылымға бұрын белгісіз болып келген «шлакты қорғандар» деп аталған ескерткіштер тобының ашылуы болды. «Шлакты қорғандардың» басқа ескерткіштерден басты айырмашылығы - әр қорғанның әдейі даярланған алып керамикалық шлактармен қоршалуы және сол қорғандардан өртеу дәстүрімен жерленген мәйіттердің табылуы. Бұл жерлеу дәстүрі «шлакты қорғандары» б.з.д. VI-V ғғ. мерзімдеуге мүмкіндік берді.

Хорезм экспедициясының осы жылы ашқан келесі жаңалығы –  қола дәуіріне жататын Түгіскен қорғандар тобы. Бұл ескерткіштер Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті мен Орта Азиялық қола дәуірі өркениетінің компоненттерін ұштастыра отырып дамыған ерекше мәдени кешен болып табылады. Сонымен қатар осы жылы Іңкардарияның бойынан ортағасырлық екі үлкен селолық қоныстар: Ұйғарақ және шартты түрде №54 нүкте деп аталған қоныс табылды.

1960 жылғы археологиялық ізденістер Шірік-Рабат, Бәбіш Молда, Түгіскен және Баланды 2 ескерткіштер кешендерінде жалғасты. Барлау жұмыстары антикалық кезеңнің Ұйғарақ қорғандарында, ортағасырлық Ұйғарақ қонысында және Баланды 1 қаласы орындарында жүргізілді. Осы жылы Құмқала төңірегінде орналасқан екі селолық қоныстар: Құмқала 2 немесе Шығыс Құмқала деп аталатын және Мартық ескерткіштері тіркелді. Сонымен қатар жаңадан ашылған ескерткіштер қатарын оғыз кезеңінің қалалары Заңғар қала және Сырлытам қала ескерткіштері толықтыра түсті.

1961 жылғы зерттеулер Жаңадария мен Іңкардарияның шығыс бөлігіне ойысып, бұл аймақтан екі селолық қоныс: Қожақазған 2, Қожақазған 3 ескерткіштері ашылды. Асанас қаласына қазба жұмыстары жүргізіліп, «шлакты қорғандардағы» және қола кезеңінің Түгіскен, сақ дәуірінің Ұйғарақ қорғандарындағы қазба жұмыстары өз жалғасын тапты.

1962 жылы Хорезм экспедициясының бір тобы Қуаңдария маршруты бойынша жұмыс жасады. 1946-48 жылдары ашылған Жетіасар ескерткіштеріндегі қазба жұмыстары жалғастырылды. Сайқұдық жеріндегі ежелгі заманның үлкен плотиналар мен су қоймаларынан тұратын өте күрделі суғару жүйесі ғалымдар арасында аса қызығушылық туғызды. Осы жердегі және Түгіскен, Ұйғарақ қорғандарындағы тұрақты қазба жұмыстары 1963 жылы да жалғастырылды.

Хорезм экспедициясының Сырдария маршрутты тобы 1966 жылы 3000 шақырымнан астам жолды жүріп өтіп, 70-тен астам қоныстар мен қалаларды, ортағасырлық суландыру жүйесі ескерткіштерін зерттеді. Кешенді археолого-геоморфологиялық зерттеулер Сырдарияның орта және төменгі ағысының сол және оң жағалауларын, Жаңадария мен Қаратаудың батысы аралығын, оңтүстікте Отырар өлкесін қамтыды. Зерттеулер нәтижесінде Сыр өңірінің адамзат қоныстануы мен игеруі тарихына, өлкеде және оған көршілес аймақтарда мыңдаған жылдар бойы жүрген күрделі этникалық прцесстерге қатысты қызықты да көлемді материалдар жинақталды.

1968 жылы археологиялық зерттеулер Сырдың төменгі ағысындағы ортағасырлық ескерткіштерді қайта қараумен жалғасты. Құмқала 2, Мартық, Еркебай, Мұрзалы, Қожақазған 3, Қызмола қоныстарын суретке түсіру, жоспарын сызу, стратиграфиялық қазба жасау жұмыстары жүргізілді.Осы жаслаған қазба нәтижелері ортағасырлық қоныстарды мекендеушілердің шаруашылығы кешенді түрде, яғни, егіншілік пен мал шаруашылығын, аңшылық пен балық аулауды ұштастыра жүргізгендігін айқындады.

1971-72 жылдары Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулері Сібір өзендерінің арнасын Аралға қарай бұру жобасына байланысты болды. Зерттеу жұмыстарына археологтармен бірге КСРО Ғылым Академиясының географтары және «Союзводпрект» бірлестігі мен Қазақ КСР Топырақтану институтының мамандары қатысты. Бұл жылғы зерттеу жұмыстары Арал теңізінің шығыс жағалауы мен Шірік-Рабат ескерткіші аралығын қамтыды. Ескерткіштер мен суландыру жүйесі қалдықтарын картаға түсіру жұмыстары жасалды. Бұрын белгісіз болған төрт ескерткіш: Арсыбай 1,2 және Майнарқан  1,2 қоныстары ашылды.

Хорезм экспедициясының 70-жылдардың ортасынан 90-жылдардың басына дейін жүргізген археологиялық зерттеулерінің басым бөлігі Жетіасар ескерткіштерінде жалғасты. 90-жылдардың басындағы елде орын алған саяси және экономикалық дағдарыс пен өзгерістер Сыр өңірінің ерте тарихының куәлары болып саналатын археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмысын тоқтатты. Үзіліп қалған бұл зерттеулер он жылдай уақыт өткен соң ғана, еліміз тәуелсіздік алып, аяғына нық тұрған шақта қайта қолға алынды.

2004 жылы Елбасының тікелей басшылығымен жасалған, елдің өткен тарихы мен мәдени, әдеби құндылықтарын жинастырып, болашақ ұрпаққа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Сыр өңірі ескерткіштерін зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Осы жылы Қызылорда қаласында «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Конференция шешімдеріне сәйкес 1946 жылдан бастап 90-жылдарға дейін Арал аймағын зерттеген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жұмыстарын қайта жандандыру мақсатында үшжақты келісім-шарт негізінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Ресей Ғылым Академиясы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының ғалымдары мен қызметкерлерінен жасақталған археологиялық экспедиция құрылды. Бұл экспедиция зерттеу жұмыстарын 2005 жылы маусым айында Сырдың төменгі ағысындағы ескерткіштерге барлау жұмысын жүргізуден бастады. Экспедицияның басты мақсаты Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ашқан және ішінара зерттелген төменгі Сырдария маңындағы археологиялық ескерткіштердің қазіргі жай-күйімен танысу; келешек ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізілетін ескерткіш орнын белгілеу болды.

Экспедиция мүшелері бұл жылы екі кезеңде: маусым және қыркүйек-қазан айларында жұмыс жасады. Маусым айында Сыр өңірінің археологиялық ескеркіштеріне барлау жұыстарын жүргізді. Бірінші маршрут бойынша экспедиция Қазалы ауданы территориясында орналасқан «батпақтағы қалалар» деп аталған Жанкент, Күйік қала, Кескен Күйік қала ескерткіштерін аралап көрді. Екінші маршрут Қармақшы ауданында жалғасып, Ескідариялық арнасы бойында орналасқан Жетіасар мәденитінің Тас асар, Алтын асар, Қос асар, Томпақ асар, Тік асар сынды ескерткіштері зерттелді. Бұл ескерткіштердің барлығында дерлік фото және видеотүсіру жүргізіліп, GPS жүйесімен ескерткіштердің нақты координаттары анықталды. Осы маршрут кезінде экспедиция мүшелері Жаңадария бассейніндегі Шірік-Рабат мәдениетінің де ескерткіштері б.з.д. IV-II ғғ. жататын Бәбіш Молда 1, 2 ескерткіштеріне және Шірік-Рабат қала жұртына барлау жасады. Хорезм жерімен арадағы шекаралық болып саналатын Сыр өңірінің ең шеткі Бестам қала (Орқала) ескерткішінің қазіргі сақталу жай-күйі де осы маршрут барысында бақыланды.

Экспедиция мүшелері жүргізген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде болашақ тұрақты қазба жұмыстары үшін Қазалы ауданы территориясында орналасқан ортағасырларда астаналық қызмет атқарумен бірге, тарихи-этникалық, саяси, экономикалық процестерде аса зор рөл атқарған Жанкент қаласын белгіледі.

Жанкент қаласындағы археологиялық қазба жұмыстары осы үшжақты келісім негізінде 2005 жылдан бастап жыл сайын тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қалаға жасалған археологиялық зерттеулер археологтар мен тарихшылардың қоржынын ескеркіштің аса күрделі қорғаныс жүйесі болғандығы, географиялық қолайлы орналасу жағдайы, қонысты мекен еткен тұрғындардың құрылыс салу ерекшеліктері, шаруашылығы мен рухани дүниесі туралы көптеген материалдармен толықтырып келеді.

Әдебиеттер:

1.  Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д., Караманова М.С., Сыдыкова Ж.Т. Жанкент – столица огузов. // «Мәдени мұра». - 2009. - №4. - 84-89 беттер; Курманкулов Ж.К., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д., Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т. Археологические работы на городище Жанкент в 2005 году. - Алматы, 2007; Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т. Археологические работы на городище Джанкент (Казахстан). // Полевые исследования института этнологии и антропологии. 2005 г. - М., 2007.- 116-128беттер.

2.  Сыдыкова Ж.Т. Археологические памятники низовьев Сырдарьи. // Российская археология. - 2008. - №4.

3.  ХАЭЭ архив құжаттары бойынша (142-қор, 2-тізбе, 21, 23, 27, 31, 37, 42, 50, 55, 60- істер).

Сыдықова Ж.Т. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?