Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мектептік және кәсіптік білім беру

2927
Қазақстандағы халық ағарту ісі екі бағытта: діни және жай азаматтық бағытта дамыды.

Қазақстандағы халық ағарту ісі екі бағытта: діни және жай азаматтық бағытта дамыды. Діни бағыттағылары балалар ата-аналарының қаражатымен ұсталған мектептер мен медреселер болды. Олардағы оқу араб алфавиті бойынша жүрді. XIX ғ. өзінде Ш. Уәлиханов негізінен алғанда татар молдалары ұстаздық еткен ауыл мектептерінің ауыр жағдайы туралы ашына жазды: «Таңқаларлық бірбеткейлік, өлі схоластика және бірде-бір нақты ой-пікірге құрылмаған оқу», – деп бағалады ол мұны.

XX ғ. басында мектептер уақыттың өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Діни мектептерді қайта құру жолындағы қозғалыс басталды. Оны ұйымдастырушылар жаддашылар болды. Олар оқытудың әріп құрастыру тәсілін дыбыстық тәсілмен алмастыруды ұсынды, мектептерде азаматтық пәндердің – арифметиканың, географияның, жаратылыстанудың, тарихтың және басқаларының оқытылуы керектігін дәлелдеді. Соған қарамастан оқытудың жаңа тәсіліне көшкен мектептер көбейе қоймады.

Діни білім беру жүйесінде медресенің ықпалы зор болды. Олар молдалар, мектеп оқытушыларын даярлады және міндетті түрде мешіттер жанында жұмыс істеді. Медресенің үлгісіне қарай олардағы оқу мерзімі – үш жылдан төрт жылға дейін созылды. Олардың шәкірттері ісләм дінін үйренумен қатар, философиядан, астрономиядан, тарихтан, лингвистикадан, медицинадан, математикадан мағлұматтар алды.

Бұл ортадан қазақ мәдениетінің А. Құнанбаев, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, Б. Майлин және басқалар сияқты аса ірі қайраткері шықты.

Азаматтық сипаттағы жай оқу орындары өлкенің Ресейге қосылғанынан кейін ашылды. Олар отарлық аппарат үшін шенеуніктер, тілмәштер, мүғалімдер, дәрігерлер даярлады. Мысалы, 1786 ж. Омск қаласында Азиаттық мектеп, 1789 ж. Орынбор қаласының айырбас сарайы жанынан үкіметтік мектеп ашылды. Бұл оқу орындары балаларды, соның ішінде қазақ балаларын да тілмәштік, писарлық (кеңсе қатшысы) мамандыққа үйретті. Әскери мамандарды және әкімшілік шенеуніктерін 1825 ж. Орынбор қаласында ашылған Неплюев кадет корпусы және 1846 ж. негізі қаланған Омск кадет корпусы даярлады.

Азаматтық тұңғыш қазақ мектебі Бөкей Ордасында Жәңгір ханның инициативасымен 1841 жылдан жұмыс істей бастады. Бұл мектептің оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, шығыс тілдерін, сондай-ақ ісләм дінін оқып үйренді. Қазақ балаларына арналған келесі оқу орны Орынбор қаласында Шекаралық комиссия жанынан ашылған жеті жылдық мектеп болды.

1850 жылы осы Орынбор Шекаралық комиссиясы жанынан тағы бір азаматтық мектеп ашылды. Жұмыс істеген 19 жыл ішінде ол 48 адамды оқытып шығарды. 1857 ж. бұл мектепті Ы. Алтынсарин табысты бітіріп шықты.

XIXғ. үшінші бөлігінде қалалық училищелер, шіркеулік училищелер, кәсіптік гимназиялар, орыс-қазақ және орыс-жергілікті халық училищелері мен мектептері, ауыл және бастапқы сауат ашу мектептері ашылды. Олар мемлекет есебінен қаржыландырылды және бастауыш оқу орындарының ролін атқарды. Бөкей Ордасындаересектер мектептері құрыла бастады. Олар екі кластық курсты бітіріп, мұғалім болды. 1898 ж.-дан 1914 ж. дейін Қазақстандағы бастауьш мектептердің саны 730-дан 1988-ге дейін, ал олардағы шәкірттер саны 29,1 мыңнан 101 мың адамға дейін өсті.

Орта оқу орындарының реальдық училищелердің, ерлер мен қыздар гимназияларының саны баяу артты. 1914 ж. олар 12 ғана болды. Бұларда 4 мың шәкірт білім алды.

Мектеп ісін жолға қоюда қыз балаларға білім берудің дамуы прогрессивті құбылыс болды. Ы. Алтынсариннің күш салуымен 1887 ж. Ырғызда қыздар училищесі ашылды. 1890 – 18% жж. орыс-қазақ қыздар училищелері Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақ поселкесінде, Ақтөбеде жұмыс істей бастады.

1896 ж. қарай бұларда 211 қыз, соның ішінде 70 қазақ қызы оқыды. Қазақ қыздарының білім алуға кеңінен тартылмауына әйелдердің құқықсыз жағдайы жәңе ісләмнің кертартпалық дәстүрлері негізгі кедергі болды.

Бастауыш және орта оқу орындары шәкірттерінің құрамында қазақ балаларының саны шамалы ғана болған-ды. Айталық, 1911 ж. Верный ер балалар гимназиясында 316 орыс және бар болғаны 10 ғана қазақ баласы оқыды. 1912 ж. мәліметтері бойынша Сырдария облысында 56 орыс-жергілікті халық училищесі болса, оларда 3 мың жергілікті тұрғындардың балалары білім алды. Ал бұл олардағы барлық оқушылар санының 2 процентін ғана құрады.

Царизм мектептік білім беруді аз ұлттарды орыстандырудың әсерлі құралдарының бірі деп қарады. «Біздің отанымызда тұратын барлық бұратана халықтарға білім берудің түпкі мақсаты, – деп жазды 1870 ж. Халық ағарту министрі Д.А. Толстой, – сөзсіз оларды орыстандыру, сөйтіп орыс халқымен қосылтып жіберу болуға тиіс. Барлық оқу орындарында дерлік оқыту орыс тілінде жүргізілді, түпкі халықтардың тарихы мен әдебиеті мүлде оқытылмады.

Ағарту ісі мен ұлттық мектеп тарихында Ыбырай Алтынсарин терең із қалдырды. Ол Қостанай облысында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылып, атасы –Орынбор шекаралық комиссиясының әскери ағаманы Балқожа Жаңбыршин бидің қолында тәрбиеленді.

Мектепті бітіргеннен кейін Алтынсарин үш жылдай осы атасының қол астында кеңсе қызметкері болып, онан соң Орынбор басқармасында тілмәш болып жұмыс істеді. 1860 ж. облыстық басқару Орынбор басқармасында (Торғай) қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды және мұны соған орыс тілінің мүғалімі етіп тағайындады.

Ағартушылық идеяларымен жігерленген ол ауылдарды аралап, халыққа азаматтық білім берудің; мәнін түсіндірді. Қазақ жұртшылығынан қаражат жинастырып, ол мектеп үйін салуға кірісті. Ол салдыртқан жаңамектептің ашылу салтанаты 1864 ж. 8 қаңтарда өтті. Оның мектебінде оқуға 16 бала жазылды, мектеп жанынан сал балалар жатып оқитын интернат ашылды. 1869 ж. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші қызметінеорналасты. Онан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уездік судья міндетін атқарды. Қызмет бабымен ол ауылдарда болып, болыс басқарушысы мен ауыл ағамандарының сайлауларына қатысып жүрді. Сол сайлауларда дауысты сатып алушылыққа, парақорлыққа және қиянат жасаушылыққа жол бермеуге тырысты. Онысына наразы болған байлар мұның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және ішкі істер министріне шағымдар түсіріп, оны 1868 ж. «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау жүргізу тәртібін бұзды деп кінәлады.

1879 ж. Ы. Алтынсарин инспекторлық қызметке тағайындалды. Оның бастаушылығымен және тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер тармақтары, атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында орталық училищелер құрылды. Осы мақсатпен ол Торғай облысының қазақ ауылдарын аралады, халықтан қаржы жинады, ал сонан соң Ырғыз, Николаевск, Торғай және Илецк уездерінде екі кластық орыс-қырғыз училищелерін ашты: оларды мұғалімдермен және оқушылармен қамтамасыз етті. Алтынсарин училищелерді жабдықтауға, әрбір мектеп жанынан кітапханалар құруға ерекше көңіл бөлді. Жергілікті халық арасынан мамандар даярлауға ерекше маңыз беріп, ол қолөнеркәсіптік және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсады.

Ы. Алтынсариннің өзі орыс-қазақ мектептерінің оқушылары үшін екі оқу құралын: «Қырғыз хрестоматиясын» және «Қырғыздардың орыс тілін үйренуіне бастапқы нұсқауды» жазды. Орыс классиктерінен аудармаларында, қазақ тіліндегі өз шығармаларыңда ол демократиялық. ағартушылық идеяларын насихиттады, ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту үшін қазақ әдеби тілінің қалыптасуы саласында жемісті еңбек етті.

Белгілі бір дәуірдің қайраткері бола отырып, Алтынсарин өзінің дүние танымында қандай да бір қарама-қайшылықтардан, шектелушіліктен арыла алмады. Барлық ағартушылар сияқты ол ағарту ісінің әлуметтік қайта құрушылық рөлін асыра бағалады.

Білімді адам ретінде Алтынсарин этнографиямен әуестенді, қазақтардың ауыз әдебиеті туындыларын жинап, жүйеге келтіріп отырды.

Мектептік білім жүйесінің кеңейтілуі және қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық бейнесіндегі ілгерілеушілік маман кадрлар даярлау мәселесін қай кездегіден болсын өткір қойды. Алғашқы кәсіптік оқу орындары 1879 ж. құрылған Түркістан мұғалімдер семинариясы мен Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі (1883 ж.) болды.

Қазақ мүғалімдер мектебі туралы Мемлекеттік кеңес 1880 ж.-дың өзінде бекіткен Ереже осы мектепті күтіп ұстауға жыл сайын 17580 сом қаржы босатып тұруды ескерді.

Кейіндері мұғалімдер семинариялары Ақтөбеде, Верныйда, Семейде, Оралда ашылды. Бұл оқу орындары Қазан революциясына дейінгі барлық кезеңде 300 қазақ мұғалімін даярлады.

XIXғ. ауыл шаруашылық және фельдшерлік мектептер ашылды, оларда орта білімді мамандар даярланып шығарылды. Тек Боровской орман техникумының бір өзі ғана 1889 ж.-дан 1917 ж. дейін 163 маман әзірледі.

Әйтсе де революцияға дейінгі Қазақстанның кәсіптік оқу орындары уақыт қажеттіліктерін қанағаттандыра алмады. 1914-1915 жж. жылында жеті орта арнаулы оқу орындарында 352 адам ғана оқыды.Бұл Ресей жоғары оқу орындары мен техникумдары студенттерінің жалпы санының 1 процентіне де жетпейтін еді. Бүкіл өлкеде бір де бір институт пен университет болмады.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?