Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абылай хан құрметтеген Көкжал Барақ қандай бағаға болса да лайық

1336
Ежелгі түркілердің қарашаңырағы – атажұртымызға ие болып қалған қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихы ерлік пен қаһармандыққа толы.

26.02.15

Қазақ батырларының қа­һармандық рухы, әсіресе, жерімізді жоңғар қал­мақтары басқыншыларынан азат еткен ХVІІІ ғасырдағы ұлы шайқастарда жарқырай көрінді. 

Менің бүгінгі әңгімем Абылай ханның ақ туы астында жаратушы берген жетпіс жастың елуін ата жаумен айқаста өткізген Көкжал Барақ туралы.

Көкжал Барақ Шүрекұлы 1701 жылы қазіргі Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылының Қы­зылсу – Шар өзені маңындағы Көкжар деген жерде өмірге келген. Ұлы атасы Өтейге дейінгілері ежелден ішкі Алтай атанып келген Марқакөлдің Сартауы, баты­сы Зайсан көлінің Қара Ертісі мен Ақ Ертісінің сол­түстігіндегі таулы-тасты, өзенді, көлді өңірді мекендеген.

Көкжал Барақ найманның бір буыны – ергенектіден тарайды. Барақ дүниеге келгеннен кейін шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Әкесі Шүрек елі мен жерін жау шеңгелінен босату жолындағы шайқастардың бірінде қаза табады. Осылай қабырғасы қатып, бұғанасы әлі бекімеген Барақ пен інісі Басар әкесінің ағасы Шонаның қолында қалады. Бес-алты жастарында туысының қозы-лағын қараумен, он жастан аса мал бағумен айналысады. Ел азаттығы жолында тұлпар тізгіндеп, ту көтерген ағаларына он бес жасында ерген Барақ он алты жасында ұрысқа еніп, найза қағыстыра бастайды.

Көкжал Барақтың елді елең еткізген алғашқы ерліктерінің біріне тоқталсақ, Балажал, Бөке жайла­уындағы бірнеше ауылды жоңғарлардың шауып кеткені жөнінде жаушылар хабар жеткізгеннен кейін ол мыңға жетер-жетпес қолды бастап жатжерліктердің үш мыңнан асатын әскеріне қарсы шабады. Түн ортасы болмай-ақ жау жағының тең жарымдайы қатардан шығады. Батыр Убашыға байтал түгіл бас қайғы болса керек, қарасын көрсетпей, зытады. Сөйтіп, тұтқындар мен қыруар мал қайтарылады. Қазақ қолы жауды ізіне түсе қуып, Қалбадан асыра еңсеріп тастайды сол жолы.

Көкжал Барақ Жетісудың Іле бойындағы айқастарда да ерекше көзге түседі. Балқаш өңіріндегі ел тыныштығын бұзған хонтай­шының Сайын-бөлек, Намеху-жырғап, Батыр Мөңке бастаған қолы алға қарай өршелене ұмтылады. Оларға Абылайдың қол астындағы Малайсары, Көк­жал Барақ, Ер Жәнібек қосындары қарсы тұрады.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұма­діловтің «Дарабоз» романының бірінші кітабында торғауыттың қас батыры Балдазы­ның Көкжал Барақпен жекпе-жегі ерекше суреттеледі.

– Жолың болсын Көкжалым! Сенің жекпе-жегің жеңістің басы болсын! Атаңның аруағы қолдап, жауыңды жайратып қайт! – деп Қабанбай ықылас батасын берді.

…Екі дәу атылатын жолбарысша шең­гелдерін ашып, жұмып бір-біріне жақындап келеді. Күрестің ұзаққа созылуы Қабекеңді мазасыздандыра түскендей.

– Біздің Көкжал күреске қалай еді өзі? Әлде айла бір­деңкесі бар ма еді? – деді қасындағы жігіт­терге қарап.

– Барақтың асау жамбасы бар. Соған бір ілінсе болғаны жан баласы шыдамайды, – деді Көкжалмен бала кезінен сыр мінезде өскен Танаш пен Жаман батыр. Әңгіме аяқталмастан Көк жамбасқа дәл келтіріп Балдазының аяғын көктен келтірді. Анталаған жау­дың сағы сынып, дүрілдесіп ше­гін­гені байқалды. Қазақ қолы атбасын еркін жіберіп, жау соңына түсіп берді. Тарихи де­рек­тер осы шайқаста Тарғып, Та­йынты айма­ғынан келген қазақтың жас жауынгерлері Асылбай Сарыжомарт Танаш, Ақпантай, керей Жәнібек, Жан­тай, Байтайлақтың да ерекше ерлік көрсеткенін айғақтайды.

1728 жылы қалмақтың Балқаш көлінің батысындағы қазақ елінің тыныштығын әлсін-әлі бұзып, халықтың берекесін алғаны Абылайға да жетсе керек. Қол жинап атқа қонуға мәжбүр болған хан Шұбар теңізі ма­ңында жау­дың зор күшімен бетпе-бет кез­деседі. Қалыптасқан дәс­түр бойынша алдымен батырлар жекпе-жекте күш сы­насуы керек. Міне, осындай бір айқас былай баян­далады.

«Қалмақ ноян батырымен бұл айқасқа Боранбай мен Шынқожа дайындалып, білек­терін түріп, сауытын киіп жатқанда, Бұқар жырау келіп:

– Бұл арада ноянға пар келетін тек Барақ болар, – деген шешім айтады. Сөйтіп, жекпе-жекке Көкжал Барақ шығады.

Қалмақтан балуан шықты еңгезердей,

Ешкімге келеді екен ырық бермей.

Айғайлап араласып кеткеннен соң,

Қан толып кетеді екен көзі көрмей.

Бұқар тұрып Бараққа бар, – деп айтты,

Бөгеліп тоқтап қалған – ар, – деп айтты.

Тоқтамады, бөгеліп шықты Барақ,

Қалмақпен бара сала айқасты да.

Ноянды кетті салып, тұрмай қарап,

Шойын батпан шоқпармен ұрды Барақ.

Қалқанын талқан етіп төбесінен,

Еңкейіп сонда қалмақ төмен бұқты,

Бұрқырап аузынан жалын шықты.

(Кәтеп Мамырұлы, «Қазақ тарихы», Алматы, 1995 жыл).

Кескілескен шайқастардың нәтижесінде 1750 жылдары Ал­тайдың Қалба, Ұлан, Қызылсу, Шар, үлкен-кіші Нарын, Сарытау, Нарын, Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай, Күршім өңірлері негізінен жау қолынан босатылады. Абылай бастаған ауыр қол енді Алакөл, Ақсу, Қапалды асып, Іленің сол жағына бет алады. Бұл кезде Жетісудың Шарын, Кетпен және Нарынқолдағы Шалкөде аймақтары қырғыздың Балдыбек басқаратын манап руларының қолында болатын. Абылайдың аттың басын өзіне қарай бұрғанын естіген Балдыбек жан-жаққа хабаршы жіберіп, қол жинай бастайды. Осы жолы жауының сағын сындыруды ойлаған хан Баян, Олжабай, тарақты Байғазы батырларға нақтылы міндеттер жүктейді. Ал, Көкжал Барақ басқарған үш мың аламан негізгі соққы беретін тұсқа орнығады.

Абылай қырғыздар кейін шегінсе, текке қан төгуді ойламаса керек. Алайда Балдыбек астындағы атына қам­­­­­­­шы басып, топтың алдына шығып, сайрай бастайды.

– Біліп қойыңдар, қырғыз өлуге бар. Отырған жерден бір сүйем де шегінбейді. Кәне, Абылай мықты екеніңді көрейін, шық ортаға, – дейді.

Хандардың қарашамен жекпе-жекке шығуы ешбір салтта болмаған. «Абылай қызбалыққа салынып қалар», деген қауіппен Көкжал Барақ шауып келіп:

– Хан ием, маған рұқсат еті­ңізші! – дейді.

– Жолың болсын, Барағым! Тек ана итті менің алды­ма тірі әке­летін бол, – дейді Көкжал­­дың жол жо­рал­ғы білетін тап­қыр­­­­­лығына іштей риза болған Абылай хан.

Қырғыз манабы оңай жау көрінбеді. Мұндай айқастың санын өткізгені байқалады. Барақтың ұрыс қимылын қалт жібермей қадағалап тұрған Қабекеңнің қабағы түсіп кетеді. Небір дөп басатын сәттерде ағат­­­­­тық жібергенін түсіне алар емес. Көкжалдың өз есебі бар еді. Оның мақсаты – Балдыбектің басын алу емес, Абылайдың айтқанындай хан алдына тірі­дей әкелу. Көкжалдың қарсыласын тобықтан ұрып сұла­­та­тын әдеті бартын. Ақыры, оның да ыңға­йы келді. Барақтың сілтеген қылышына ұмтыла берген Бал­ды­бектің оң тізесіне шоқпар сарт ете қалды. Сол-ақ екен, қырғыздың қаруы қолынан сусып түсті де кетті. Көкжалдың күткені де осы болса керек. Есін жиып, үлгермеген қырғыздың батырын артқы жағасынан іле сүйретіп Абылай тұрған топтың алдына сылқ еткізіп тастай салды.

Көкжал Барақты бұрыннан жақсы көретін Абылай, бұл жолы тіпті риза болды. «Көкжалым-ай, сен бүйтпесең Көкжал болар­мысың! Сендей ұлды туған анаң мен атаңнан, өсіріп, ер жеткізген халқымнан айналайын», деп Барақтың арқасынан қақты.

Сөйтіп, бұл шайқаста Жетісу­дың Іле бойындағы, Хан-тәңірінің солтүстік шығы­сындағы жер түгелдей босатылды. Міне, содан бері ол өңір Ұлы жүздің албан, суандарының тұрақты мекеніне айналды.

Ендігі бағыт қазақтың оңтүсті­гіндегі басты шаһар – Ташкент еді. Бұл қала аумалы-төкпелі за­ман ағысына қа­рай қолдан қолға ауысып отырған. 1700 жы­лы қа­зақтың батыр ханы Тә­уекел шаһарды Бұхар әмірі Абдул­­­­ладан тартып алған. Ал, әз Тәукенің тұсында бұл қала Ұлы жүздің орталығына айналды. Қазақтың көп жылғы қалмақтармен соғысын пайдаланып, құрамалар Ташкентке сұғынып, өз биліктерін жүргізе бастағаны қашан?!

Қазақ жасақтарының Ташкент маңына шоғыр­ла­­­нуына орай қал­мақтар да қарап жатпады. Ауыр қолды осылай бағыттағаны жөнінде хабар жетті. Абылай ше­шімі бұларды қалаға жақын­датпау. Осы мақсатпен шапы­раш­ты Наурызбай, албан Райым­бек батырды 5000 қолмен тосқа­уылға қойды. Басқала­рын үш қосынға бөлді. Жауға бірінші соққы бе­ретін Көкжал Барақтың жасағы. Олар – оң жаққа, Олжа­байдың қолы сол жаққа орна­лас­ты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, айқас басталып кетті. Әсіресе, жаумен бетпе-бет келген Көкжал Барақтың қосынына оңай соқпа­­ды. Олар қоқандықтарды орман­дай отап, екі жақтағы қол жауын­герлеріне жол ашып берді. Ақыры не керек, Ерденбек ұрыс даласынан мәйіт­терді жинатпақ түгілі жаралыларын қалдырып, қашуға мәжбүр болды. Ташкент Қоқан хандығы бодан­дығынан босатылып, қазақ хандығына қарады.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында қазақтың басқа да батырларындай Көкжал Барақтың көзсіз ерліктері бөле-жара баяндалып көрсетіледі. Осы жорықтан қазақ жасақтары топ-топқа бөлініп, елдеріне бет алады. Барақтың тобы да жүзге де жетпейтін. Арт­тарынан суыт жүріп, отырған қырғыз бақылаушылары хабарды өз басшыларына үнемі жеткізіп отырған. Аңдыған жау Шу өзені бойындағы Жайыл, Кекілік тауы бойында Барақтың шағын қолының түбіне жетеді.

Суық хабар қазақ даласына тез тарады. Қабанбай, Наурызбай, Райымбек бастаған жасақ сарбаздары төменгі Шу ағысына бет алды. Бұл кезде Абылай хан да Түркістаннан аттанып кеткен.

Үш жақтан тоғысқан қазақ қолдары құрбандарға арнап, үлкен ас берді. Абылай хан өзі­нің ақбоз атын шалды. Бұл да жиналған халыққа «осы жолда аянып қаларым жоқ» дегенді білдіретін анттай әсер етті.

Осыдан кейін Абылай қырғыз манаптарына бұрынғыдай шарт қойып, бітімге шақырып жатпады. «Бізге бұл жолы бітім керек емес», деп ескертті. Шабуылдың мақсаты қанды қолдыларды жазалау еді. Қырғыздың қарсы­лас­тарына дес бермей келе жатқан қарақшы батыры Әтеке жекпе-жекте қазақтың Қабанбайының табанының астында қалып, мерт болды. Талай қазақтың обалына қалған қырғыздың Жәйіл ханы да нақ осы жолы найза ұшына шаншылды.

Көкжал Барақтың тарихи тұлға екенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Нәсе­нов­тің «Абылай хан» деп аталатын еңбектерінен анық аңға­ру­ға болады. Сол сияқты Мәшһүр Жүсіптің Абылай хан атақты, аруақты хан болып тұрған күнде уақ сары – Баянсыз, керей – Тұранбайсыз, шанышқылы Бер­діқожасыз, Көкжал Барақсыз, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен деген сөздері де көп жайдан сыр ұқты­рып тұрғаны анық.

Көкжал Барақ туралы сөз қозғағанда 2002 жылы Алматыда басылған Ақтайлақ бидің шежі­ре­сіне соқпай кету мүмкін емес. Найманның сыбан руынан тарайтын Ақтайлақ Байқараұлы 1742-1838 жылдары өмір сүр­ген. Абылай ханды, Қабанбай мен Көкжал Барақты кө­­­­­ріп, білуі әбден мүмкін. Өйткені, шежіреде Көк­­жал Барақ жан-жақты әңгі­ме­­ленеді. Батырдың бір қазақ, бес қал­мақ әйелдерінен өскен ұр­пақтары аталады. Қазіргі Күр­­шім ауданындағы ұрпақтар ХХ ға­сырдың соңында екі мыңнан асқан. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­­­­­­­ғы­­сына Көкжал ұрпақ­­­тарынан жүзден астам адам қатысқан.

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыз Күршім ауданында өткен Көкжал Барақтың 290 және 300 жылдық мерейтойларында: «Батыр рухы, батыр есімі өзі өмірден өткелі талай жылдар болса да тарих қиянатын тартып келеді. Неге дейсіздер ғой? Осы Көкжал Барақтың қолынан қаза тапқан қалмақ батыры Күршімнің есімімен Күршім өзені, Күршім ауданы, Күршім елі, жері аталады бүгінде. Ал, туған өлкесін бүкіл қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен, 40 жылдан аса Абы­лай­дың ақ туы астында қанды жорықтарға қатысып, хан батырлары қатарында болған, ауыр қол түменді басқарған қазақтың ғажап, әйгілі тұлғасы Көкжал Барақ тарихтан заңды орнын ала алмай келеді. Мен соған налимын! Батыр есімі ұрпақты ерлікке, бірлікке шақырып тұрған жоқ па? Неге Күршім ауданы Барақ есімімен аталмасқа!» деген еді. Көрнекті ғалым Сәбет­қазы Ақатаев 1992 жылғы бір сөзінде: «ХVІІІ ға­сыр­дың айтулы батырлары Қа­банбай, Бөгенбайдың үзеңгілес досы – Көкжал Барақ. Оның елі мен жерін қорғаудағы еңбектері тарихшылар мен тиісті орындардан бағасын алмай келе жатқаны қалай?» деп ашына айтқаны бар. Олай болса, хас батырға еліне, халқына еңбегі мен ерлігіне сай құрмет көрсететін, атын мәңгілік есте қалдыру мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің нақты шараларды қолға алатын мезгілі жетті дегім келеді.


Хабдышаар ӘМІРЕНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі, отставкадағы гвардия полковнигі.

Егемен Қазақстан

http://alashainasy.kz

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?