Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан азаматтарының жаңа ұлттық сана-cезімін қалыптастырудың тарихи негіздері

5192
Қазақстан азаматтарының жаңа ұлттық сана-cезімін қалыптастырудың тарихи негіздері - e-history.kz

Қазақстанның тәуелсіздікке ие болуы қазақ халқының ұлттық санасының күрт өсуіне әсер етті. Ол сонымен бірге одан өткен тарихын жан-жақты ұғынып, оны қайта зерделеуді талап еткені де анық. Өйткені бұл сол кездегі күрделі өзгерістер заманында заңды түрде күн тәртібіне шығарылған ауыр да өткір мәселелердің қатарына жатты. Себебі егемендікпен қатар халыққа жаңа ұлттық бірегейлік қалыптастыру үшін тарихи өзіндік жеткіліктілігін дәлелдеу де керек болды. Алғашында тарихымызды терең зерделеуде кәсіби көзқарас жетіспеді. Тарихқа деген қоғамдағы сұраныстың жоғарылылығы, оған кәсіби мамандардан бөлек тарихқа қызығушылық танытқан, әуесқой тарихшылар да қалам тартты. Онда аңыз да, ақиқат та болды. Бірақ осымен бірге дүниеге жаңа ғана келген жас тәуелсіз мемлекеттің азаматтарының жартысынан астамы Кеңес Одағын аңсаса, солардың бір бөлігі өздерін КРСО-ның азаматы санаған кезді де басымыздан өткердік. Бұл мемлекеттілік мәселесінің сынға түскен уақыты болатын.

Әрине, қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін тарихи дамудың белгілі бір кезеңдерінен өтіп, этникалық және ұлттық тұрғыда өзінің мән-мағынасын, өзіндік ерекшеліктерін, өмір мен қоғамдағы өзінің алатын орнын нақты түсіну деңгейіне көтерілді. Яғни, ол этникалық әлемде өзін және басқа этностарды ажырататындай этникалық сана-сезімге ие болды. Осының негізінде олар тайпалық пен ұлыстықтан да күрделірек ұлттық сана-сезім деңгейіне көтерілді. Оның күрделілігі бір-біріне бағынышты этникалық, діни, әлеуметтік-саяси және тағы да басқа құрылымында болды.

Бұл үдеріс мемлекеттіліктің пайда болуымен тығыз байланысты болғандақтан, ұлттық сана-сезім мәселесінің мәдениеттің феномені ретіндегі өзектілігі арта бастайды. Өйткені, әрбір ұлттың мәдени мұрасы олардың төл тарихи тамырларына негізделеді. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін халыққа күшпен таңылған қос стандартты жалған мәдени мұра ұлттық сана-сезімнің пәрменіне деген көңілді көншіте қоймады. Себебі осыған дейін азаматтар арасында мақтаныш сезімін тудырып келген өмірге көзқарас келмеске кетсе, ендігі жерде оның орнында бос кеңістік пайда болды. Ол ұлтаралық қатынастар мен экономикалық байланыстардың күйреуі сияқты әртүрлі келеңсіз жағдайларға әкеліп соқты. Осының нәтижесінде туындаған қарама-қайшылықтар бітпейтін және ұлттың орны толмайтын мәдени көкжиегінің жоғалуына дейін әкелуі мүмкін еді. Ол өзінің кері әсері жағынан мәдени құлдыраумен тепе-тең болды. Нәтижесінде, ұлттың рухани-зияткерлік әлеуеті әлсіреп кетті.

Тәуелсіздікпен жапсарласып келген жаһандану үдерісі жағдайындағы ұлттық сананың модернизациялануы Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуымен қатар жүргендігін де ескерген дұрыс. Ол сонымен бірге тарихи санаға негізделіп дамыған отандық мәдениеттегі өзгерістерге де байланысты болды. Бір қарағанда, тарихи сана мәдениеттің бір бөлігі болып та көрінуі мүмкін. Өйткені, мәдени үдеріс адамға үздіксіз тарихи үдерісте өзінің рөлін айқын сезінуге мүмкіндік береді. Дегенмен, тарихи сана мен мәдениет бір-біріне жақын болғанымен, тіптен тарихи сананың мәдени мұрамен тығыз байланыстылығына қарамастан, бұлардың әртүрлі әлеуметтік-философиялың түсініктер екендігін де ескерген жөн. Қалай болғанда да, мәдениет қоғамның тарихи санасының бір түрі. Керісінше, мәдениеттегі құбылыстар қоғам өміріндегі тарихи оқиғаға айналып отырады. Осының негізінде сол қоғамға тән өзіндік сана мен сана-сезім қалыптаса бастайды. Ендеше бұл жерде ұлттың өзіндік санасы тарихи сананың маңызды құрамдас бөлігі іспеттес. Сондықтан халықтың тарихи тағдырына мәдениет өлшеусіз ықпал етеді. Өйткені мәдениетте халықтың жады мен менталитеті жинақталып сақталады және ол қоғамның тарихи санасын тереңдетуге ықпал етеді. Ал, екінші жағынан, мұра болып қалған мәдениетті ұғыну тарихи санасыз қиынға соғары да жасырын емес. Сөйтіп, тарихи сана мен мәдениеттің ықпалдастығы халықтың ұлттық сана-сезімінде көрініс табады. Ұлттық сана-сезім тарихи сананың айқындаушы бөлігіне айналады. Ендеше, мәдениет тарихи сананың бір түрі дегенді теріске шығара алмаймыз. Зақымданып бүлінген сана сәйкесінше өзі тәріздес мәдениетті тудырады.

2019_08_29_rukhani-dgangyru-2018.jpg

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикалық, саяси және рухани дағдарысты еңсеру нарықтық қатынастарға көшу, мәдениетті идеологиясыздандыру барысында мүмкін болды. Өкінішке қарай, бұл үдеріс қоғамдағы мәдени нигилизмге әкеліп соқты. Осылайша, жалған мәдениет сана-сезімді одан әрі бұрмалап, оны уландыра түсті. Әсіресе, жастар арасына американизмнің ентелеп енуі еліміздің өзіндік мәдени ерекшеліктерін қорғап қалу үшін шаралар қолдануды талап ететіндей жағдай туындады. Ұлттық даму моделінен оның үстемдік алып келе жатқан әлдебір біріңғай, әмбебап түріне өтуі қауіптірек бола бастады. Бірақ олар іс жүзінде әртүрлі аймақтар мен елдер өз моделін жасап шығарғандығын ескерместен жалпымәдени жаһандану адам өмірін тек біріздендіруге ғана бағындырып қойды. Мұндай бағыттағы рухани модернизация ұлттық санадағы өзгерісті талап еттті. Оның себебі Қазақстанның тәуелсіз дамуы ұлттық санаға сүйенетіндігінде жатыр. Бұл өзгерістер ұлттық сананың шеңберінде оның кейбір ерекшелерінің өзгеруі барысында өзінің ішкі мәйегін сақтай отырып жүрді. Бұл жағдайда әрбір этнос өзінің мәдени бет-бейнесін сақтап қалуы үшін өзінің тарихи тамырын нығайтуға тырысары сөзсіз. Өйткені, осының негізінде ғана ол әлемдік мәдени қазынаға өз үлесін қоса отырып, өзінің төл мәдениетін байытуға мүмкіндік алатыны түсінікті еді.

Сондықтан тәуелсіздік жағдайында этностық сана-сезімнен гөрі ұлттық сананың өсуі объективті түрде жалпықоғамдық бірегейлікті іздеуге бағытталады. Өйткені, көпэтносты болып табылатын мемлекетте ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың маңызды шарты этносаралық келісім екендігі ақиқат. Олай болса, Қазақстан үшін барлық азаматтардың саяси ортақтығы басымдыққа ие болып, ол бірегейліктердің барлық басқа түрлерінен артық тұрды. Ол Қазақстанның қоғамдық санасында сәйкестендірудің сөзсіз ауысуының орын алғандығын аңғартады. Себебі көпэтностық қоғамда бірегейлік әлеуметтендірудің тұрақты негізіне айналуы күмән келтірмейтін шындықтың бірі болып есептеледі.   

Мемлекеттіліктің қалыптасуы барысында жаңа институттардың дүниеге келу үдерісі көрініс тапты. Ең алдымен ол шынайы түрде егемен мемлекеттің құрылуы, территориялық тұтастықтың барлық мәселелерінің шешілуі және қауіпсіздік проблемаларын қамтиды. Оған сонымен бірге Конституцияның, Мемлекеттік әнұран мен басқа да нышандардың қабылдануын да жатқызуға болады. Бұл егемендіктің біріңғай негізінің қалыптасуын көрсетеді. Елдегі қоғамдық сана мен мемлекеттік бірегейліктің қалыптасу үдерісі барлық азаматтардың өздерін тәуелсіз мемлекеттің біртұтас халқының және осы мемлекеттің болашағы үшін қызмет ететін барлық саяси күштердің бір бөлігі ретінде бағалауын талап етеді.

Ендеше ұлттың, ұлттық сананың азаматтықтық бастауы ретіндегі маңызды бір белгісіне ұлттық сана-сезім жатады. Ұлттық сана-сезім тарихи тұрғыда ұлттың құрылуы үдерісі кезінде қалыптасады. Ұлттық сана-сезімге адамдардың өздерінің белгілі бір әлеуметтік-этникалық қауымдастыққа жататындығын және оның қоғамдық қатынастар жүйесіндегі жағдайын білуін жатқызуға болады. Ол үдеріс этнос өкілдерінің өзінің шығу тегін, мәдени және ұлттық тамырларын түсіну, туған мәдениетін, тілін, ұлттық ерекшеліктерін, болмысы мен жалпыұлттық ынтымақтастықты мойындау жолымен жүзеге асады. Ұлттық сананың ұлттық сана-сезімнен айырмашылығы мазмұндық жағынан көзқарастар, образдар, тек қана өзінің ортақтығын ғана емес, сонымен бірге басқа да ортақтықтардың қалыптасуында. Десек те, ұлттық сана-сезім мен ұлттық сананың өзара әрекеттесуі тереңіректе жатыр және ол өте күрделі құбылыс болып келеді. Олардың арасында көптеген ортақ дүниенің болуына қарамастан олар тепе-тең емес.

Дегенмен олардың арасындағы мазмұндық және пішіндік айырмашылықтарда диалектикалық бірліктің барлығы да даусыз нәрсе. Пішіні жағынан бұл айырмашылық ұлттық сана-сезім индивид деңгейінде де, ұлт деңгейінде де байқалады. Ал ұлттық сана болса, әдетте, ұлт деңгейінде қөрініс табады. Яғни, ұлттық сана-сезімнің субъектісіне жеке тұлға және ұлттық қауымдастық жатса, ал ұлттық сананың субъектісі – ұлт. Ұлттық сана-сезім мен ұлттық сананың айырмашылықтарының тағы біріне ұлттық сана-сезімде эмоционалдық фактордың үлкен рөл ойнайтындығын атап өткен артық болмас. Міне, осы жағдайлар аталмыш екі категорияның қоғамдық сананың құрылымында алатын орнын анықтайды. Ендеше, ұлттық сана-сезім ұлттық психологияның құрылымдық элементіне жатады да, қоғамдық психологияның құрамына кіреді және негізінен кәдімгі сананың деңгейінде көрініс табады. Ұлттық сана болса, ұлттық психологияның құрамына кірмейді. Ол, әдетте, қоғамдық сананың теориялық деңгейінде пайда болып, сол деңгейде жұмыс істейді. Әрине, қоғамдық сананың құрамындағы бұл қырлары шартты түрде алынады және ол жылжымалы сипатқа ие. Ұлттық сана-сезімнің дамуының маңызды заңдылығына оның ұлттың өмір тұрмысының әлеуметтік-экономикалық және тарихи жағдайларымен тығыз байланыстылығы жатады. Ұлттық сана-сезімнің өсуі қарама-қайшылықпен, әуелі, кей жағдайларда, ауыр жүруі де мүмкін. Ол оның өзіндік ішкі қайшылығына байланысты. Ұлттық сана-сезімнің дамуының тағы бір маңызды қырына ондағы ұлттық пен жалпыадамзаттықтың, сол сияқты ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың қатынасын жатқызуға болады. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуының тағы бір ерекшеліктерінің қатарына ұлттық қауымдастықтардың, үлкен және кіші ұлттардың санына байланыстылығын кіргізген жөн. Қалай болғанда да, ұлттық сана-сезім - ұлттық сананың негізі. Ұлттық-этникалық топтардың жалпыланған көзқарастарын сипаттайтын ұлттық санаға қарағанда ұлттық сана-сезім көбіне дараланған болып келеді. Ол ұлттық қауымдастықтың жекелеген мүшелерінің жалпыұлттық сананың компоненттерін игеру дәрежесін көрсетеді. Ендеше ұлттық сана-сезім белгілі бір этникалық қауымдастығының қимыл әрекетінің сипаты мен оның ерекшелігіне, ісі мен мінез құлқына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл үдеріске қоғамдағы саяси ахуалды бағалау, саяси билік жүйесіне және оның институттарына деген көзқарас, азаматтық іс-әрекеттегі саяси көзқарастар, ұнату, ұнатпау және сену жатады. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына этникалық орта, этномәдени дәстүрлер, этноәлеуметтік ахуал, тұрғындардың көші-қоны, этносаралық белсенді қарым-қатынастар, мемлекет пен оның институттары, білім жүйесі, баспасөз құралдары, мәдени мекемелер, отбасы және тағы да басқа көптеген факторлар өз әсерін тигізері анық.

Ұлттың идеалдары мен мүдделерін түсіну деңгейіне этникалық басымдықтардың ықпалы зор. Оны қан мен туған топырақтың ортақтығы негізінде пайда болатын ұжымдық бірегейлікпен байланыста қараған жөн. Басқаша айтқанда, ол сол халықтың өз атауына, этностың шығу тегіне, ортақ тарихи өткеніне, этникалық территориясына деген көзқарасы. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына этностың діни наным-сенімдері де ықпал етеді. Бұл жерде әлеуметтік идеялар да белгілі дәрежеде ықпал жасауы ықтимал. Сана-сезім әр халыққа өзінің мәнін, өзіне ғана тән ерекшеліктерін, өмір мен қоғамдағы өзінің рөлін айқын түсініп, оны сезінуге мүмкіндік береді. Жоғарыда сөз болған ұлттық сана-сезімнің құрылымына кіретін дүниелер жағымды да, жағымсыз да әсер ете алады. Ол толық түсіністіктен жауласуға дейін әкелуі мүмкін. Қалай болғанда да, ұлттық сана-сезім қазіргі заманда тарихи шындықты ұғынудың маңызды компоненті болып отыр. Әуелі, ұлттық сана-сезімсіз толыққанды халықтың болмайтынын да түсінген абзал. Ендеше, ондай жерде біртұтас ұлттың да қалыптаспайтындығы анық.

Ұлттық сана-сезімнің дамуы мәдениетті құбылыс ретінде ұғынудан бастап өзекті бола бастады. Өйткені әрбір ұлыстың өзіндік мәдени мұрасы бар. Сондықтан ұлттың әрбір өкілі өзін оның бөлігі деп сезініп, туа салысымен ол ұлттық мәдениетті өз бойына сіңіріп, оны тасымалдаушы болады. Осыны сезіну әр адамға оның саяси және қоғамдық байланыс жүйесіне қосылуына негіз болады. Ол сөйтіп әлеуметтендіру үдерісінен өтеді.

2019_10_03_kazak-ely.png

1995 жылы «Тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылдануы, 1997-1999 жылдар аралығындағы әрбір жылды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп жариялауы және оларды өзінің 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» кітабімен қорытындылауы ұлттық тарих пен тарихи сана мәселесінің қаншалықты мағызды екендігін көрсетіп берді.      Сонымен бірге мәдени-рухани жаңғыру мәселесінде Қазақстанда бірнеше ауқымды істер атқарылды. 2004-2011 жылдары «Мәдени мұра», ал 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының ауқымында тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңартылып, әлемнің ірі архивтерінен қазақ тарихына қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, ғылыми тұрғыда зерделене бастады. Осы кезеңдерде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды және ұлт шежіресін түгендеуге де жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеулер жүргізілді. Бұрын беймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың, тарихи санасын жаңартуға зор үлес қосты.

 2013 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысын өткізді. Онда ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу – өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы екендігі әңгіменің арқауына айналып, мәселенің ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындауда жатқандығына көңіл бөлінді. Бұл құндылықтар жаһанданып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға бағытталуы тиіс болды. Олар ұлттың мәдени кодын - тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз етуі қажет. Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп атап көрсетуі бекерден-бекер емес еді. Ұлттық тарих халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетететіндігіне ерекше мән берілді.

Осы отырыста айтылған басты пікір сайып келгенде тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр дегенге келіп тірелді. Ал, басты мақсат қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруда болмақ. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертуге жұмыс жасауы керек. Бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау арқылы ғана өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымызды орындай аламыз. Ол үшін саяси машинаның ұлттық сана-сезімімізді аяусыз езіп-жаншуының нәтижесінде тарихтың тәлкегіне түсіп, әбден қансыраған ұлттық санамызды тоталитарлық құлдықтың құрсауынан босатуымыз қажет.

Тарихи сананы жаңғырту мәселесі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында да көтерілді. Онда ол үдерістің біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты екендігі атап өтілді. Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі түрде зерттеп, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу керектігі сөз болды. Бөтен идеологияның жетегінде кетпес үшін әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазудың қажеттілігіне көңіл аударылды. Өйткені ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Сонымен, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаев жаңа ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың философиясын саралау арқылы санасы уланып, болмыстың жұтаңдығына алаңдаушылық білдіріп, қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы мен Мәңгілік ел болуының жолын іздеді, үлттық санамыздың салт-дәстүрлер, тіл мен мәдениет, әдебиет пен музыка, жоралғылар сияқты қайнар көзін ашып көрсетті. Бұл қоғамда посткоммунистік, нарықтық-либералдық және консервативті-ұлттық сияқты санадағы үш толқынның сайысы кезінде қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты нығайтудың қажеттілігін аңғартады. XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы мәселе Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген болатын. Онда жаһандану заманында сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылып, ұлттық кодын сақтап қалу өзекті проблемаға айналып отырғандығына баса назар аударылды. Өйткені ұлттық-рухани тамырдан қоректенген озық дәстүрлерсіз жаңғыру мүмкін емес. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты бағыттарына бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат қүруы мен революциялық емес эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы жатады. Заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болу үшін ұлттық негіздеріміздің озығын алып, тозығын тастап, өзімізді өзгеруіміз қажет. Сонда ғана ұлттық сананың көкжиегі кеңейеді және болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыруға мүмкіндік туатыны анық.

Сондықтан 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру барысында бұқаралық сананы өзгертіп, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін қойды. Ол үшін күнделікті өмірлік ұстанымдарымызды өзгертіп, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлардың салтанат құруын қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта алдымызда терең білім, адамдарды адал еңбек етуге бейімдеу, кәсіби дағды қалыптастыру, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілікті азаматтардың бойына сіңіру міндеті тұр. Түптеп келгенде, халықтың тағдырын әділдік пен әділеттілік шешеді.

Ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру мәселесін ескере келе Қ.Тоқаев: «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді». Сондықтанн Президент: Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек деген қорытындыға келеді. Осы жолы қайта түлеу саяси реформа мен экономикалық модернизациялау барысында мақсатқа жетуде сананың істен озып, одан бұрын жаңғырып отыруын қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр.

Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным мәселелеріне тағы да оралып: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз», дейді. Табиғатпен, қоршаған ортасымен үйлесімді және жарасымды өмір сүре білген ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған кең байтақ жерімізбен ұлттық салт-дәстүрлер біздер үшін баға жетпес құндылықтар. Ендеше әрбір исі қазақ үшін тоқымдай жер мен бір уыс топырақтың қаншалықты қымбат ұғымдар екендігі де түсінікті. Сондықтан Қ.Тоқаев отаншылдық пен сана мәселесін жаһандану заманында жұтылып кетпеудің, ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмаудың бірден бір кепілі ретінде қарастырады. Оған жол бермеу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Ол үшін ұлттық мәйегіміз мықты, тамырымыз тереңге сіңіп ұлттық нәрмен сусындаған және берік болуы шарт. Өйткені қазіргі заманда жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кету қауіпі мен елесі қоғамдық ортаны кезіп жүр. Мұндайда санасы уланған азаматтар ешбір мәжбүрлеусіз-ақ өз еркімен торға түсіп кетуі әбден ықтимал.

Демек, бүгінгі таңда ұлттық рухымызды бойымызға мәңгі сіңіру, ұлттық құндылықтарымызды жинақтау, ұлттық қасиет-қадіріміз бен мәнділігімізді көтеру маңызды. Сондықтан ұлттық сананың қолайлы әлеуметтік-саяси жағдайда дамитындығын да естен шығармаған абзал. Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуіне тікелей байланысты. Оған жету үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажет. Сонда ғана ұлттық болмыстың өзегін сақтай аламыз. Президент Қ.Тоқаев жаңа заманда адамдардың санасының айтарлықтай өзгерген кезінде алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудың қажеттілігіне көңіл аударады. Демек, еліңе, халқыңа жалаң ұрансыз қызмет етуге негізделген шын отансүйгіштік қана ұлттық және қоғамдық сананы және азаматтық көзқарасты қалыптастырып, оны нығайта алады.

Жапсарбай Қуанышев, қоғам қайраткері, саясаттанушы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?