Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауыл тарихы: Андықожа батыр ауылы

2600
Ауыл тарихы: Андықожа  батыр ауылы - e-history.kz
Қазақтың арғы-бергі тарихында ауыз толтырып айтарлықтай ел қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін атқа қонған батырлар аз емес. Өкінішке қарай советтік жүйенің солақай саясатының кесірінен сан ғасырлық тарихымыз мұрағаттарда шаңға бастырылып, ұзақ уақыт халқымыздың өткені мен шынайы тарихын айта алмай келдік. Осының салдарынан ұлт азаттық жолында от кешкен ұлы тұлғаларымыз бен батырларымыздың есімдері халық санасынан бірте-бірте ұмытыла бастады.

Тек Тәуелсіз ел болып, жеке мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түскеннен кейін ғана өткенімізге көз жүгіртіп, тарихымызды түгендеуге мүмкіндік алдық. Халық санасынан біржолата ұмыт бола бастаған тарихи тұлғаларымызбен қайта қауышып, жаңғыра бастадық. Көпке дейін орыс атауларымен аталып келген жер-су атаулары да қазақшаланып жатыр.

Сондай елді-мекендердің бірі - Андықожа  батыр ауылы. Аңдықожа батыр ауылы Ақмола облысына қарайтын Біржан сал ауданында орналасқан шағын ауыл, Құрамына Аңдықожа батыр және Тасшалқар ауылдары кіретін Дөң ауылдық округінің орталығы болып саналады. Бүгінде мыңға жуық (2009 жылғы санақ барысында бұл ауылда 919 адам тұратыны (491 ер адам және 428 әйел адам) анықталған) ауылдың іргесі 1954 жылы қаланған.

Орта мектебі, шағын кітапханасы, фельдшерлік-акушерлік пункті, кафе, сауда орталығы, МТС, шаруа қожалықтары бар аталмыш ауылдың о бастағы атауы Донской селосы деп аталыпты.

2001  жылдың  31қазанындағы  Ақмола  облыстық    маслихаты  сессиясының  шешімі  бойынша Еңбекшілдер ауданының (қазір Біржан сал ауданы деп аталады) Донской селосы – Андықожа батыр ауылы деген жаңа атауға ие болады. 

Андықожа батыр ( 1672­–1752) қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерен ерлiк көрсеткен тұлғалардың бірі саналады. Ол өз заманында Абылай ханның бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлармен қатар аталған әрі олармен достығы берік, үзеңгілес жолдасы болған көрінеді. Өз кезегінде бұл батырлар да Андықожа батырдың табандылығын, ерлігін, батырлығын зор бағалаған.

Андықожа    Абылай    ханның  батыр    сарбазы ғана емес ақылшысы  әрі уәзірі,  ту ұстаған  дарынды  қолбасшысы  болған дейді көне деректер.

Ол 1717  жылғы  Аягөз  маңындағы,  1726  жылғы  Сарсу  (Бұланты)  өзенінің бойындағы «Қалмақ  қырылған»  деген  жердегі,  1729  жылғы  Аңырақайдағы соғыстарға қатысқан.  Тағы бір деректерде оның өте шешен адам болғаны айтылады.

KE2ekzVzFA0.jpg

Елге белгілі азамат Абай Тасболатовтың «Есімдері ел есінде» атты кітабында Абылай мен Аңдықожа батырдың өзара сыйлас болғанын айғақтайтын бір аңызға тоқталып өткен:

Абылай хан Қызылжарға алғаш келгенде Андықожа өзінің 40 сарбазымен күндік жерден Жолдыөзек бойында қарсы алып, жол бастап отырған.

Сібірдің үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына шыныққан төзімді, жаужүрек сарбаздарын басқарған Андықожа батырға жаугершілік заманда Абылайдың қолбасшысы Бөгенбай батыр күні бұрын хабар беріп, шақыртып алып, ұрыстың ең қиын, ең жауапты тұсына жұмсайтын болған. 1726 жылы Бұланты өзенінің бойында қазақ жасақтарының оң қанатын Андықожа басқарған Атығай сарбаздары жаудың тас­талқанын шығарған көрінеді. Андықожа ұрысқа алдымен кіріп, соңында шығатын көрінеді. Сонда Бөгенбай батыр: «Андеке, өзіңе разылығым бұрын да, осы жолы да өз алдына. Бұл жолғы жігіттерінің жаужүректілігіне мүлде риза болдым. Әрқайсысы да аман болсын, жарайсыңдар», – деп дән риза болған екен.

Тасболатов мырзаның жазуынша, Бөгенбай, Жәнібек және Андықожа батырлардың аралары екі-­үш жас қана яғни шамалас болғанға ұқсайды. Әрі бұлардың үшеуі де Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленіпті.

«Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерлендердің жалпы саны – 121, оның ішінде сақталған 41 құлпытас қалпына қайта орнатылған көрінеді. Сол тізімнің орта тұсында (Ақ сарай қабырғасындағы үлкен планшетте) үш батырдың аты­жөндері келтірілген.

1.      Қанжығалы Бөгенбай батыр (1690­–1775);

2.      Шақшақұлы Жәнібек батыр (1693­–1752);

3.      Атығай Қойлы Андықожа батыр ( 1672­–1752) жазулар бар», – делінеді аталмыш жинақта.

Аңдықожаның қасиетті Түркістан жерінде жерленгені туралы деректер белгілі зерттеуші әрі батырдың ұрпағы Райша Рамазанованың еңбектерінде де кездеседі.

«Сәмеке хан тұсында батыр атағын алған атамыз Андықожа Абылай хан Көкшеге келгенде бірінші қолбасшы әрі кеңесшісі болған көрінеді. Бабамыз ақылды әрі таза, адал жан болған Жаугершілік кезінде қол бастап, «Бұланты-Аягөз», «Аңырақай» соғыстарына қатысқан Бөгенбай батыр, Шақшақ батырлармен дос болған. Осы жерлерді қалмақтардан тазартқаннан кейін жер бөлісін Абылай хан Андықожаға жүктейді. Сонда «Ақшоқы» деген тау бар «Үлкен Қорсан», қазіргі кезде «Кордон Борный ключ» аталған жер Андықожа қыстауы болады да, Абылай ханға әдемі Бурабай маңы тиеді. Қазіргі күркетауық фабрикасы ханның «Қызылағашы» деп аталған, сонда хан ордасы болған», - деп жазады Райша Рамазанова.

432ac0bd73158f8b3f2e8b4ae34a46a6.jpg

Сол секілді жазушы Тортай Сәдуақасов өз еңбегінде былай деп жазған: «Кезінде Аңырақай соғысында көрсеткен ерлігі үшін Абылай хан «Хан бұлағы» мен «Қызылағаш» деген жерлерді Андықожа батырға сыйға берген. Андықожа батыр Әлмембет баласының (1672-1782 ж.ж.) сүйегі Түркістанға апарып жерленді. Бұл кітапта батырдың туған жері Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Үшқызыл ауылы деп көрсетіледі. Бұған қарағанда, батыр қазақ-қалмақ соғысына дейін осы жақтан жасаққа аттанса керек».

Шежіреші қариялардың айтуынша, Орта жүз Арғын ішінде Атығай  руынан, оның ішінде Қойлы Атығай – Құдайқұл – Әлмәмбет. Әлмәмбеттен Андықожа батыр туады екен.

Өз заманында Атығай Қойлы Андықожа атанған батырымыз 1672 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бұрынғы Бейнетқор ауданына қарасты «Үшқызыл»  колхозының  шығыс  жағындағы «Қаршыға ұстаған» деген қалың шұбар бауырында дүниеге келген.

Андықожа батыр Орта жүз Арғын ішінде Атығай  руынан, оның ішінде Қойлы Атығай – Құдайқұл – Әлмәмбет. Әлмәмбеттен Андықожа батыр туады.

Тағы бір деректерді Аңдықожа батырдың атақты құсбегі, саятшы болғаны айтылады. Бұл ретте «Андықожа бабамыздың бүркіті туралы» атты мақаладан үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз:

Мінген аты - Таушұбар, бүркіті - Ақбалақ, қаршығасы - Көксүңгі. Андықожаның бүркіті туралы өзіндік бір аңыз бар: «Жол түсіп, құда жекжатты аралап, Көкшетаудың Шортан жақ Қарауыл ішінен Қойлы-Атығай еліне келген қонақтар Көкше төңірегін таңдандырған бір алып бүркіт туралы әңгіме сол төңіректегі ел ішіне тез тарайды. Бұл әңгімені естіген Андықожа батыр мал сойдырып, Құдайқұлдың бес баласының бірі Қарабұлақ ауылы жақтан қонақтарды алдырады. Әңгіменің анығына әбден қанық болған Андықожа ертеңіне бір ат, бір бие жетектетіп, атшы бала жігітін, бір ағайынын ертіп жолға шығады. Арада асықпай екі қонып, күн ұясына кірер алдында сол ауылға жетеді. Үй иесі байыппен Әндекеңе ойлы көзбен қарап, еш тіл қата қоймапты. Бірақ ақсақал дереу: «Балам, қалау қалай келген болдың ғой, жөніңді айта отыр», - деп сауал қояды. Андықожа ақсақалға өзінің Есілдің бергі бетіндегі Қызылжар маңы шұбар ішіндегі Атығай Әлменбеттің Андықожасымен дегенде: «Е, балам, әлгі Бөгенбайдың қанды көйлек досы – Андықожа сен екенсің ғой, жарайды, балам, болсаң, боларсың, түр-тұлғаң айтып тұр ғой», - деп сын көзбен шалып, іштей разы болғандығын байқатады. Батыр дене бітімі ірі, келбетті адам болған. Ақсақал кенет бүркіт отырған босағаға қарай иегін көтеріп, Орал тауының тағысының балапаны, іздеп келіп отырған Көкше төңірегін таңдандырған, қанды көз, мұз балағың ана отырған падишағың, кім білсін, манағы шаңқылда не сыр барын, әзір маңына жан жолатпайды, өзіміз үйрендік, тосын адам шаңқ еткен дауысынан қорқады. Бірлі-жарым бүркітшілер келіп, қой, мынаны қайырып қолға қондыру қиын болар деп кетісті. Ал егер өзіңізді жолатса, Көкшенің бір тағысын қалай қимаймын Атығайдың Андықожасына», - деген екен.

Бүгінде Біржан сал ауданында киелі тарихи нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біржан сал ауданының аумағында Степняк қаласында Біржан салдың зираты жатыр. Сонымен қатар біз сөз етіп Андықожа және Аңғал батырлардың кесенесі барын айта кету керек. Оның үстіне Андықожа батыр және Аңғал батыр ауылдары Бурабай аумағымен шектесіп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл ішкі туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Рамазанова Р.Ә. Атығай батыры Андықожа Әлменбетұлы. – Қостанай, 2008. 2.

Тортай Сәдуақасов. Ел мен Жер.

3. Торғай таңы. газетіне басылған «Андықожа бабамыздың бүркіті туралы». 1997 жылғы 4 маусым № 43.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?