Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және шекара мәселесі

5384
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және шекара мәселесі - e-history.kz
(ұлтаралық қатынас, тарихи территорияны айқындау, нәтижесі, маңызы) (1991-2005 жж)

1991 жылдың соңында егемендікке қол жеткізген Қазақстанның алдындағы келесі аса маңызды міндет өзінің ғасырлар бойғы негізделген   тарихи территориясын қайтадан қалыптастыру, оны шекаралас мемлекеттердің толығымен тануы негізінде халықаралық құқық тұрғысынан заңдастыру болды. Себебі қазақ халқның тарихи ата-қонысы әсіресе Ресей империясы құрамында болған мерзімде үнемі бөлшектелініп келді. Жоспарлы жүргізілген отарлау саясаты негізінде тарихи жер-cу, елді-мекен атаулары барынша өзгертілді. Қазақ жері көпұлтты аймаққа айналдырылды. Қазақ халқының үлес салмағы өз жерінде азая түсті.

      Ал мұндай саясат Кеңестік билік кезінде одан ары ықпалды тұрғыда жүргізілді. КСРО құрамындағы Қазақ КСР-ның территориясын Одақтың мүддесі үшін қайтадан негіздеу жоспарланып, нақты іс жүзіне асырыла бастады. Қазақстанның көптеген шекаралық аймақтары жергілікті халықтың келісімінсіз көрші республикаларға берілді. Республиканың   РКФСР-мен шекаралас өңірлеріндегі басқа ұлт өкілдерінің саны еселеп арттырылды. Елді-мекен атауларының өзгертілуі одан ары жалғастырылды. Нәтижесінде бұл өңірлердің ұлттық бейнесі жойылды. Кеңес Одағының өмір сүруінің соңғы мерзімінде    Қазақстанның тарихи территориясының оған тиесілі емес екендігі үздіксіз айтыла бастады.

   Қазақ халқының төл мекеніне арналған мұндай кері құбылыстар, ашық қарсы пікірлер   еліміздің тәуелсіздігін алған алғашқы күннен-ақ одан ары белең ала түсті. Осындай жағдай негізінен Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі Ресей Федерациясы территориясын бұрынғы одақтас республикалар есебінен молайтуды көксеген ресейлік ұлтшылдар мен ұлыдержавалық жағдайды сақтап қалғысы келгендер тарапынан барынша қолға алынды.

Нақты жағдайдың осылай орын алуы бұл көрші елдегі кейбір ұлтшылдық-шовинистік топтардың жалған уәде, шақыруларымен одан ары ушыға түсті. Мысалы: “Ресей теледидарынан либералдық-демократиялық партиясының жетекшісі Жириновскийдің Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасына сайлау қарсаңындағы тартыс кезіндегі сөзі біздің пікірімізше Егемен Қазақстан Республикасының ішкі істеріне өрескел және ашық араласуы болып табылады.

     Жириновскийдің сөздерінде Қазақстандағы орыстардың құқықтарының кемсітілуі, орыстар Қазақстаннан кету немесе қос азаматтылық алу үшін Қазақстандағы Ресей елшіліктерін қоршап алған, себебі үкімет және басқару орындарында басшылық қызметтердің барлығына тек тұрғылықты халық өкілдері орналасқан, орыстар болса қудалау мен төмендетуге ұшырауда, артықшылық тек негізгі ұлтқа ғана берілген деген сөздер айтылуда.“Қазақстан” атты жеке мемлекет тарихта ешқашан болмаған, Қазақстанның территориясы Ресей империясының бір бөлегі ғана болған, сондықтан да болашақта бұл жерлер Ресей Федерациясының құрамындағы губерниялар территориялар ретінде енуі керек деген пікірлер ұсынылуда,”[1]-деген ресми хабарлама бұл айтылғандарды бекіте түседі.

Аталған мерзімдегі Қазақстандағы ұлтаралық қатынастағы уақытша күрделі жағдайдың барысына шетелдік саясаткерлер, қоғам өкілдері өздерінің назарын аударды. Бұл мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Атап айтқанда, ағылшын саясаткері Грэхэм Смиттің «Национальный вопрос в пост- советских государствах» атты кітабында: «Қазақстанда тұратын Жайық казактарының ұрпақтары өздерінің ұйымдарын қалпына келтірді, олар ресейлік бағытқа деген үміттері анық айқындалатын саяси жоспарлар жасауда. Орыстардың географиялық орналасулары да жекелеген геосаясаттық кері нәтижелерімен ерекшеленеді. Орыстар Ресеймен шектесетін Қазақстанның солтүстік ауылшаруашылық аудандарында басымдық танытады. Бүкіл Солтүстік Қазақстан Ресей мен Қазақстан арасындағы мүмкін орын алар негізгі жанжал алаңы болып табылады»[2]-деген болжам жасады. Ал, “Техран Таймс” газетасындағы 1994 жылдың 11 сәуіріндегі “Орыстар мен қазақтар арасындағы шиеленіс күшейіп келеді” деген мақалада: “Орталықазиялық Қазақстан Республикасында орыстық казак қозғалысы жетекшілерінің жергілікті билік демократияны бұзуда дегенмәлімдемелерінен кейін этникалық шиеленіс өзінің жоғары сатысына жетті.

       ... Алматы облысы казактарының жетекшісі Владимир Овсянников мұндай қақтығыстар ашық соғысқа әкеліп соғуы мүмкіндігін айтып, Ресеймен шекаралас облыстардағы жағдайды салыстырған”,-[3] деп жазылды.

Еліміздегі егемендіктің бастапқы уақытындағы ішкі және сыртқы көші қонның көлемі де бұрын болмаған деңгейде артты. Оның басты себептері де еліміздегі осы уақыттағы орын алған экономика мен әлеуметтік дамудағы қиыншылықтар болатын. Мысалы, бір ғана 1993 жылы Қазақстаннан басқа елдерге, әсіресе Ресей Федерациясына қоныс аударушылардың саны аса қомақты көрсеткішке жетті. 1994 жылдың 4 ақпанындағы Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Красников өзінің   Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чэнь Димен болған әңгімесінде: “1993жылы Қазақстаннан біздің есептеуіміз бойынша жалпы алғанда 500 мыңға жуық орыс тұрғындар кеткен. Мұндай ахуал биылғы жылы да сақталынып отыр. Әсіресе орыс ұлты мамандарын барлық басқару орындарынан ығыстыру қимылдары ерекше орын алып келеді. Осындай жағдайлардан барып, Ресей жағы ТМД шеңберіндегі ынтымақтасты тереңдету таяу шетелдердегі этникалық орыстардың жағдайлары мәселесін реттеуге байланысты деп есептейді”[4],- деп көрсетіп, бұл құбылыстың Ресей жағынан алаңдаушылық сипат алып отырғанына назар аударды.

Егемендіктің келуімен Қазақстандағы көпұлтты тұрғындар арасындағы болашақтарына алаңдау, осы бағыттағы еліміздің қуаттылығы, бірлігі мен территориясының тұтастығына қауіп төндіретін ахуалдар шекаралық аймақтарда едәуір жағдайда біліне бастады. Германия Бундестагының ғылыми қызметінің осы мазмұндағы жазуынша: «Ресей мен Қазақстан арасында қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстанның -Көкшетау- Целиноград, Қостанай, Ертіс өзені бойындағы Шығыс Қазақстан өңірі-Павлодар, Семипалатинск, Солтүстік-батыста –Орал және Ақтөбе облыстарына қоныстанған орыстар арасында территориялық шиеленістер орын алып отыр. Бүкіл ескі Ресей шекароа жүйесі бойында осындай шиеленістер ошағының пайда болу қаупі бар»[5].

Бұл құбылыстарды өздерінің ықпалын тұрғындар арасындағы кез-келген әрекеттермен көтеруді көздеген саяси белсенділер де пайдалана түсті. Мұндай шиеленісті ахуал республиканың барлық өңірлерінде орын алды. Мысалы Қазақстан Халық конгрессі партиясынан №15 Ақмола сайлау округынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат Қамит Тұрсынов өзінің сайлау алды бағдарламасында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы мәлімдеме жасайды. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасында Конституциясында негізделген унитарлық мемлекеттік туралы талапты сынады. Оның сайлау алдындағы бағдарламасының бір пунктінде Қазақстан Республикасы егемен мемлекет болғанымен Ресеймен конфедерациялық одақ болу қажеттігі туралы ұсыныс жарияланды”[6].

“Ресей-Қазақстан қатынасының,-деп жазылған осы мазмұндағы келесі ресми деректе,- соңғы аптадағы бірден шиеленісуі орыстілді тұрғындардың Солтүстік Қазақстаннан қоныс аудару деңгейіне де әсер етті. Солтүстік Қазақстанның Орыс қоғамының белсенділері ресми есептер нақты жағдайды ешқандай да көрсете алмайды деген шешім жасаған.

...“Орыс тілді қоныс аударушылардың саны жылдам қарқынмен өсуде,-деп көрсетеді жергілікті казактардың атаманы Виктор Ачкасов.Олар әсіресе ұлттық валютаны енгізгеннен кейін тіпті өсе түсті, себебі осы арқылы Ресейден алшақтай түсу көпшілігін қанағаттандырмайды”[7].

Шығыс Қазақстан облысындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтардың әсері 1997 жылы “Казачество в Восточно-Казахстанской области” деген тақырыппен өткізілген әлеуметтік зерттеудің есебінде баяндалды. Онда жазылғанындай: “Күрделі экономикалық жағдайда (казактардың,-Ғ.Қ.) Президенттің қызметіне деген сенімі төмендеп келеді. Егер де 1995 жылы сауалнамаға қатысқандардан “оның қызметіне сенемін” дегендердің көрсеткіші 20, 4% болса,    1997 жылғы сауалнамаға қатысқан казактардың жартысына жуығы (46,3%) біржақты сенбеймін деп жауап берген.

     “Сіз Президенттің жағдайды өзгертуге деген шыншылдығы мен жағдайды оңдандыруға деген қабілетіне қаншалықты нанасыз” деген ... сауалға пікір білдіргендердің 5-і немесе 5,31% толығымен сенемін,   4-і,немесе 4,2% сенуге болады, 30-ы, немесе 31,6% сенуге болатын шығар, 44-ы, немесе 46,3 % мүлдем сенбеймін деген.

      1995 жылғы сауалнамада бұл көрсеткіштер тиісінше: 6 немесе 3,8%; 32 немесе 20,4%; 41 немесе 26,1%;51 немесе 32,5 % болған.

    Аталған әлеуметтік зерттеудің міндетіне казактардың жалпы эмоционалдық жағдайлары ғана емес, адамдардың казак қауымдастығына келулерінің, казактардың қауымның қызметіне деген қатынастарының себептерін сараптау да енгізілді”[8].Ал, 1994 жылдың маусым айында “Орыстар және қазақтар, біз кімбіз: тарих, мәдениет, саясат” деген тақырыптағы Өскемен қаласы тұрғындары арасында әлеуметтік пікір ұйымдастырылды. Оның мақсаты қаладағы көпұлтты тұрғындар арасындағы қалыптасқан өзара қатынастың нәтижесін анықтау болды. Осы арқылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы орын алған қиындықтар негізіндегі аймақтағы алдағы атқарылатын ұлт-аралық жұмыстардың түрлері, тиімділігі мен қажеттілігін белгілеу жоспарланды. Мысалы, сауалдағы: “Сіз орыстар Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді деген тұжырымға келісесіз бе? деген сұраққа орыстардың 77,2 % жоқ ... деп жауап берген. ...

“Сіздің азаматтық және саяси құқықтарыңыз берік қорғалуына   кепілдік берілген бе? деген сауалға орыстардың 78,4% кері жауап берген”,-[9]- деген деректен де осы аймақтағы ұлтаралық қатынастағы алаңдаушылық жағдайды білуге болады.

       Қазақстанның әсіресе Ресей Федерациясының облыстары, өлкелерімен шектесетін аймақтардағы осындай мазмұндағы ахуалдың қалыптасуын ұйымдастырушылар мұндай жағдайдан шығудың жолы қос азаматтық алу немесе қазақ емес тұрғындар басым орналасқан өңірлердің Қазақстанға тиесілігін қайтадан қараудеп есептеді. Бұл мақсаттарына жету әдістерін республикада тіркелмеген немесе қызметтеріне тиым салынған ақпарат құралдары арқылы және бұхаралық жиындарда мәлімдей бастады.   Яғни, Қазақстан Республдикасының территориялықтұтастығына, мемлекеттің болашағына деген қауіптің деңгейі арта түсті. Алайда,Қазақстан тұрғындарының басым бөлегі Республиканың егемендігін қуаттап, мемлекет ішіндегі ұлтаралық қатынастағы түсіністік, ұғыныстың нығаюы, экономиканың тұрақтанып, дамуы мен территориялық тұтастығына мүдделі болды. Оны Шығыс Қазақстан облысы бір топ соғыс және еңбек ардагерлерінің Қазақстан Республикасының Президентіне жазған: «Қоғамда Қазақстанның территориялық тұтастығына келіспейтін адамдар бар. Біреулері ұлттық оқшаулану туралы насихат жүргізеді, басқалары экстремизм мен сепаратизмді уағыздайды.

   Біз   ұлтаралық қатынастағы сенім мен келісім ғана біздің ортақ Отанымыз жаңа Егемен мемлекет Қазақстанды негіздеуді іске асыратындығын түсінеміз»,[10]-деген ресми мәлімдемесі дәлелдей түседі.

     Қазақстан территориясына байланысты көтеріліп отырған жоғарыдағы аталған талаптар мемлекет тарапынан қысқа мерзімде барлық өңірлері шектесетін көршілермен арадағы мемлекеттік шекараны тез арада өзара ұғыныстық және келісім негізіндегі халықаралық деңгейдегі құқықтық негізде біржолата айқындау ісін бастауды талап еткендігі белгілі.Өйткені, осындай жағдайлардан барып, «көршілермен арадағы (Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан) территориялық мәселелердің болуы кез-келген уақытта   республиканың территориялық тұтастығына қауіп төндіретін бүлдіру қуатын сақтайтындығы белгілі. Аталған мәселені шешу және қалыптасқан территорияны құқықтық тұрғыда бекіту сыртқы саясаттың бірінші кезектегі мәселесі ретінде қарастырылуы керек;»[11],- екендігі айғақтана түсті.Міне сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті бұл істі де жылдам және еліміздің мүддесіне сай толығымен шешу ісіне бастау жасады.

Яғни, “Көпжақты саясаттың талаптарына сай Қазақстан өзінің шекарасының барша аумағында “ жақын көршілерімен (Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан) бейбітшілік пен достық қатынас белбеуін орнатуға кірісті.

      Аталған жоспар бойынша Қазақстанның шекарасын нақты анықтау жалпы ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегиялық шараларға айналды”. [12.169]. Бұлардың ішіндегі ең бастысы- ондаған мың шақырымнан асатын шекараларының көптеген шептері заңдастырылмаған Ресей, Қытаймен арадағы шекараны белгілеу аса қажеттілікке айналды. Осы айтылғандардың ішіндегі бірінші кезекте жаңадан негізделген Тәуелсіз Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекаралық өңірлерді айқындап, заңдастыру күн тәртібіне қойылды.

     Бұлармен қатар кезінде тарихи қазақ жері толығымен құрамында болған Ресей империясы, одан кейінгі Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы шекара ұзақ мерзім бойы бұл мемлекеттердің арасындағы түсініспеушілік, жауласу мен қақтығыстардың негізіне айналып келді. Тіпті соңғы мерзімде Қытай жағы Кеңес Одағына үлкен көлемдегі шекаралық аймақтарға деген өзінің нақты талаптарын қоя бастады. Ал, бұл жерлердің едәуір бөлегі Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанның тарихи қалыптасқан территориясы еді.

Осындай күрделі жағдайлар кеңестік билік тарапынан жергілікті халықтардың келісімінсіз жиі өзгертіліп келген Қазақстанның тәуелсіз Өзбекстан, Қырғызстан, солармен бірге Түркіменстанмен арадағы шекараны анықтауда да қалыптасты.

        Тәуелсіздігін алған Қазақстанның территориясының толығымен айқындалмауы, шекаралас елдермен арадағы бұл саладағы өзара келісімнің болмауы мемлекетіміздің басқа елдермен толыққанды саяси, экономикалық, т.б. бағыттардағы қатынасты іске асыруға да кедергі келтіруі әбден мүмкін еді. Мұндай жағдай еліміздің көршілес мемлекеттермен екі арадағы көші-қон істерін реттеуде де күрделілік әкелетіндігі байқала бастаған болатын.

          Осы айтылған және тағы да басқа жағдайлар Тәуелсіз Қазақ Елінің тарихи территориясын, оның шекарасын халықаралық құқық негізінде айқындауды қажет етті. Бұл мәселе қазіргі мемлекеттілік талабымен қатар қазақ халқының тұтастығын, оның еркіндігін аңсап өткен бабалар арманын орындау міндетінен де туған еді.

Міне сондықтан да, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Елбасының тікелей шекаралас елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да аталған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және де әділетті тұрғыда шешуге арналды.

    Негізінен алғанда:”Мемлекеттер аралық шекараларды айқындау науқаны: Қытаймен, Орталық Азия республикаларымен, Ресеймен бағыттар негізінде үш кезеңде жүргізілді және 1992-2005 жылдар аралығындағы неғұрлым қысқа мерзімді қамтыды”[12.171].

Нәтижесінде “Қысқа уақытта Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде   Қытай, Ресеймен арадағы   шекаралары толығымен танылды.

1992 жылы Қазақстан жағы ҚХР-мен келісімді бастады. Алайда Қытаймен арадағы шекараны анықтау мәселесінде күрделі жағдайлар да орын алды 1994 жылғы Келісімді бекіткенде Шағаноба асуы (Шығыс Қазақстан облысы) мен Сарышілді өзені (Алматы облысы) аудандарындағы даулы бөліктер келісілмей қалды[12.171].

Осы күрделі мәселе туралы мұрағат деректерінде:“Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық мәселені реттеуде Алматы   аталған істің шешілмегендігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Қытай жағы әзірге екі жақтың маңызды көлемі 300 шаршы шақырымнан артық Талдықорған облысындағы көлемі 600 шаршы шақырымнан артық (Cарышілді өзені) және Шығыс Қазақстан облысындағы (Шағаноба асуы және Баймырза ) кең ауқымды тұрғыда енуге қолайлы,60 жылдары Кеңес-Қытай арасындағы аса шиеленісті шекаралық қақтығыс болған екі бөлік бойынша келісім жасудан бас тартып отыр”[13]-деп жазылды.

      Осындай жағдайдағы Қазақстан жағынан батыл да дәлелді жүргізілген қызметтің нәтижесіндей: “Екі ел арасындағы шекаралық мәселені айқындауда елеулі тұрғыдағы алға басу іске асырылды. 1994 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімдік грамоталар ауыстырылғаннан кейін шекараны анықтауға мақсатындағы   шаралар бастау алды”[14].

     Аталған мәселені анықтауға арналған барлық мүмкін жолдарды талдағаннан кейін даулы територия 53:47 деңгейінде бөлініп, одан Қазақстан үлкен бөлікті-537 шаршы шақырымды алды. Территорияларды ауыстыру өзара теңдік жағдайында болды және Қазақстан Республикасының мүддесіне сай іске асырылды[12.171].

Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей:“1994 жылы премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген сапарында, екі елдің арасындағы шекараны заңдастырып, үлгеріп, тиісті келісімге қол қойдық. ... 1995 жылдың қыркүйегіндегі бұл елге барып қайтқан үш күндік сапар үстіндегі соңғы жолығысу өте ерекше болды. ... Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды”[15].

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүргізілген келісімдердің қорытындысындағы анықталған шекара 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы Қытай басшылығымен болған кездесулерінде одан ары талқынып, “Қытай және Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы туралы Келісімге”[16] қол қойылды. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекараны анықтаудың нәтижелі қызметі туралы Неміс зерттеушілері: «Қазақстан Қытай мен КСРО арасындағы территория мәселесіндегі өзара келіспеушіліктің басты бағытында болғанымен, өте жылдам өзара түсіністікті жағдайға жетісті. Даулы шекара мәселелері ойдағыдай шешілді», [17]- деп жазды.

Бұл келісімнің Еліміз үшін маңыздылығы: «ҚХР-мен мұндай келісімге тіпті КСРО-ның өзі де қол жеткізе алмаған. Қазақстан Республикасы тарихында тұңғыш рет Қытаймен арада мойындалған, бекітілген мемлекеттік шекара –бейбітшілік пен әріптестік шекарасы пайда болды»[18.100].

Елбасының одан арғы жүргізген қызметінің барысында: “ ... 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Пре­зиденті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары бары­сында Қазақстан мен Ресейдің 1999 жылдан Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасын­дағы шекараны анықтауды белгілеген Хаттамаға қол қойылды”[19.97].

... Екі мемлекеттің арасындағы одан кейінгі шекаралық қатынастың негізі де бұл мәселені барынша, толығымен және түбегейлі шешуге арналды. «Осы қатынастың қорытындысындай (2005 жылдың,-Ғ.Қ.) 18 қаңтарында Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды, нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді»[20].

Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Шекара туралы келісімді тарихи деп есептеуге болады, себебі кеңестік жүйеден кейінгі кеңістіктегі ірі мемлекеттер арасындағы ірі мемлекеттер арасындағы тең құқылы серіктестіктің дамуындаы жаңа кезеңді ашады және бұл келісім 7591 шақырымды құрайтын әлемдегі ең ұзақ құрғақ шекараны анықтады” [21]-деген қорытынды жасады.

Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары тарапынан жүргізілген осындай мақсатты істің нәтижесінде Бірнеше жылға созылған келіссөздерден кейін 2005 жылы екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылды.

     Міне осылай, мемлекеттер арасындағы аталған бағыттағы жүргізілген өзара түсінікті қызметтің нәтижесіндей: «Ресей мен Қазақстан арасындағы қазіргі кезеңдегі шекара аймағы ынтымақтастық   екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық қатынастардың   негізгі құралы болып табылады»[22].

Тарихтары ортақ көршілес мемлекеттер арасындағы жүргізілген келісімдер мен анықтаулардың қорытындысында «...1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республи­касы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мем­ле­кеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды»[19.97].

Қазақстанның келесі тарихи көршісі –туыстас Өзбекстанмен арадағы арасындағы шекараны айқындау да негізінен алғанда екі мемлекет арасындағы түсіністік пен ұғыныстық аясында жүргізілді. Анықтап айтқанда “Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның күрделілігі екі елді байланыстыратын 2440 километрден 200 километрлік шекарасы Қазақстан жағынан да, Өзбекстан жағынан да тығыз халықты елді мекендерден өткендігінде болып отыр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаштық және Мақтаарал аудандары, сонымен қатар Өзбекстанның Ташкент және Жизақ облыстары болды. Бірқатар елді мекендер шекаралардың үйлердің арасынан өтетініндей орналасқан [12.171].

Осындай жұмыстардың қорытындысындай, “2002 жылдың 9 қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов екі елдің арасындағы шекаралардың делимитациясы үрдісін аяқтау туралы декларацияға қол қойды” [12.172].

Қазақстанның келесі көршісі Түркіменстанмен шекарасын белгілеу де қажеттілік тудырды. Осыған орай “2001 жылы 5 шілдеде Түрікменстаннның сол кездегі Президенті Сапармұрад Ниязовтың Қазақстанға ресми сапары кезінде Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан, Қазақстан мемлекетінің шекаралары түйіскен жерлерін межелеу туралы шартқа қол қойылды. 2001 жылы қарашада Ашхабадта өткен үш жақты делегациялар кездесуінде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикалары араларындағы шарт үш мемлекеттің шекарасының түйіскен аудандарын межелеу бабын келісіп, ортақ тұстарын айқындалды [23].

«Қазақстан бүкіл периметрі бойынша,-деп жазды Н.Ә.Назарбаев,- ЕлімізТәуелсіздігінің алғашқы он жылдық уақытындағы жүзеге асырылған аса маңызды мемлекеттераралық саяси қызметтің барысын баяндай келе,-шекараның құрлықтық бөлігін заң негізінде рәсімдеуді аяқтады.Қазақстан –Орталық Азия өңірінде делимитациялау мен демаркациялау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Қазақстан Республикасының 2000- жылдары бекітілген мемлекеттік шекарасы –толықтай заңды.

Қазақстан заңды түрде рәсімделген 14 мың шақырымдық құрлықтық мемлекеттік шекараға ие болды. Оның 7591 шақырымы –Ресеймен, 2351 шақырымға жуығы Өзбекстанмен, 1783 шақырымы Қытаймен, 1242 шақырымы Қырғызстанмен, 426 шақырымы Түркіменстанмен түйісіп жатыр». [18.295-296].

“Мемлекетіміздің дүниежүзілік деңгейдегі дербестігін айқындайтын осындай атқарылған жұмыстардың қорытындысында:

- үнемі даулы сипат алып, ұзақ жылдар бойы, әсіресе ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан екі халық пен ұлттар арасындағы қалыптасқан достық   пен ұғыныстыққа қаяу түсіріп, мемлекеттер қатынасын күрделендірген Қазақстан мен Ресей арасындағы территория мәселесі де қазақ халқының ұзақ дәуірден қалыптасқан ата қонысының негізінде түбегейлі заңдастырылды. Екі мемлекет шекаралары достық пен ұғыныстықтың орнына айналып отыр;

      - Ғасырлар бойы, соның ішінде Қазақ хандығы кезінде танылмай, одан кейінгі мерзімдегі қазақ жері құрамында болған Ресей патшалығы және Кеңес Одағымен арадағы жиі орын алған араздықтар, тіпті қарулы қақтығыстардың ошағына айналған Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны белгілеу   қазіргі күні толығымен және түпкілікті біздің халқымыздың мүддесіне сай қорытындысын тапты;

- Тарихи тамырлас қос ұлт арасындағы орын алып келген түсініспестіктердің екі жақты қанағаттанушылық тұрғысындағы жауабы табылып, Өзбекстанмен арадағы шекара мәселесі де өзара әділдік нәтижесінде айқындалды.

-Қырғызстанмен екі арадағы қазіргі күнгі шекара туыстас екі халық арасындағы ынтымақтастық, тарихи тамырластық, ұғыныстықтың белгісіне айналып, олардың халықтың одан ары экономикалық, мәдени, салттық, тұрғыдағы араласуына мүмкіндік беріп отыр” [24].

- Түркіменстанмен арадағы шекара да екі ел тұрғындары арасынан барынша қолдау табу арқылы өзара толық қанағаттанғандық тұрғысында белгіленіп, заңдылық тұрғысында бекітілді.

-   Қазақстанның аталған көрші елдермен арадағы шекара мәселесінің ойдағыдай шешілуі көпэтносты Республикамыздағы ұлтаралық қатынастың өзара ұғыныстықты, силастықты, түсіністікті жағдайда қалыптасып, одан ары жалғастырылуына мүмкіндік берді. Елімізді мекен етіп, оны Екінші отандары деп санайтын бұл ұлт өкілдерінің тарихи отандарымен тоқтаусыз байланыс жасауларына тұрақты негізде мүмкіндік жасалды.

         Қазіргі күнгі Қазақстанның бұл елдермен арадағы шекарасы өзара экономикалық келісімдер жасаудың , мәдени, т.б. бағыттардағы, халықтар арасындағы достықты насихаттайтын кездесулер ұйымдастырудың орнына айналды.

        Яғни, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын, көпұлтты еліндегі әрэтносты тұрғындардың татулығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және де бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске асырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды. Яғни: «Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзіне рәсімдеудің және оның халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес»[ 18.296.]екендігі белгілі. Болашақ ұрпақ мүддесі жолындағы нәтижелілікпен өмірге келген өлшеусіз қызметтің қорытындысында: “Ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған кең –байтақ жеріміз толығымен қалпына келтірілді”[25].

     Қазақстан әлемге көрші елдермен арадағы теңдік, ұғыныстық пен іскерлік қатынас орнатып отырған, көпұлтты тұрғындарының бірлестігі нақты іс жүзіне асырылып отырған мемлекет ретінде танылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ мемлекет және үкімет басшыларымен болған кезекті кездесуінде: “Территориялық тұтастықтық пен шекараның мызғымастығы қақтығыстарды болдырмаудың берік негізі болып табылады. Жаңа әсер ету аймақтарына ұмтылушылықты болдырмау және осыған орай бөлектену шептерін қалыптастыруды жоққа шығара отыра Еуропалық қауіпсіздіктің беріктігін мойындау жоғарыдағы аталған талаптарды іске асырумен қатар жүру арқылы ортақ қауіпсіздік кеңістігіне қарай жетелейді. Міне осы негізде ХХІ ғасырдағы еуропалық қауіпсіздіктің жаңа жолы қалыптастырылады,”[26]-дей келе, осы саладағы мемлекеттераралық шекараны мүдделі жақтардың өзара келісімі, халықаралық ұйымдардың араласуы арқылы заңдастыру қажеттігіне тоқтады. Мұндай келісім мен шешім арқылы қалыптасқан территорияның беріктігі мен бұлжымастығы аймақтық, әлемдік бейбітшілікті сақтаудың негізгі кепілі екендігін көрсетті. Қазақстанның өзімен көршілес елдермен арадағы шекарасының аталған қажеттілікке сай белгіленуі бұл талаптардың орындалуының айқын мысалы екендігі баршаға аян болды.

      Осылармен қатар Тәуелсіз Қазақстанның көрші елдермен арадағы шекарасын қысқа мерзімде ешқандай да жанжалсыз, бейбіт келісімдер арқылы анықтап, халықаралық ережелерге сай заңдастыруы әлемдік шекара мәселесіндегі сирек оқиға ретінде белгілі болды. Ал бұл істің басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың болғандығы барша жұртымызға, әлемдік қауымдастыққа белгілі еді.

                                     ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, л.16

2. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 6676,лл.10,11,12,14

3. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, лл.31-32

4. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись1, папка 1, дело 5, л. 4

5.Архив Президента Республики Казахстан, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3039, л.29.

6. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3508, лл.27,28,2

7. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 4413, л.5

8. Государственный архив Восточно - Казахстанской области,, Фонд 296, опись 2, дело 110, л. 3

9. Государственный архив Восточно - Казахстанской области, Фонд 296, опись 2, дело 33 лл. 2,6,7,8

10.Архив Президента РК,Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, лл.23,24

11. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 431, л.18

12. Аяған Буркитбай, Ауанасова Алима. Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства (исторический аспект).-Алматы: ТОО “Литера-М”, 2012,-256c.

13.Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 4, папка 14, дело 12, л.201.

14. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 3, папка 10, дело 21, л.198.

15.Н.Ә.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында- Алматы: Өнер,1996.- 209,210 бб.

16.Архив ВП РФ, Фонд 897, фонд 4, папка 14, дело 12, л.197

17 Архив Президента Республики Казахстан,Ф.75-Н, оп.1, д.3039, л. 37

18.Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017.-508 б.

19. Cовременный Казахстан: цифры и факты.-Алматы, 1998, С.112.

20. Қазақстан-Ресей қатынастары. 2005. Құжаттар мен материалдар жинағы.-М.:РМ, 2006, 2б

21.Касымбеков М.Б. Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности (01.01.2004-31.12.2005). – Астана: Елорда, 2006. – 544 с.214

22. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 2, папка 4, дело 8, л. 81

23.Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. Оқулық. / Б.Ғ.Аяғанның жалпы редакциясымен. -Алматы: Раритет. 2010 -160 б.

24.Қарасаев Ғ.М., Дүйсен С.Ж., Қалиев Ж.Н. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев және Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты.-«Бика»БПКТ баспасы, Астана, 2018,72-73 бб.

25. Интервью Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева телеканалам “Казахстан” и “Хабар” 01.01.2005, с.2

26.Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5947, л.5

Ғани Қарасаев, 

тарих ғылымдарының докторы

 

 

 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?