Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаһандық қашықтықтан оқыту жүйесіне өту жағдайындағы гуманитарлық білім беру және тарихты оқыту мәселелері

1929
Жаһандық қашықтықтан оқыту жүйесіне өту жағдайындағы  гуманитарлық білім беру және тарихты оқыту мәселелері - e-history.kz

Сөз алды заманауи компьютерлік құралдардың дамуына байланысты интернет желіс түрлері арқылы ақпараттардың жылдам таралу тәселдерінің жолдарын талдайық.

ХХІ-ші ғасырдың ірі ғылыми-техникалық, инновациялық технология жаңалықтары қатарында озық дамып жатқан бағыттардың бірі сандық құралдардың көмегіне жүгінген жаңа компьютерлік бағдарламалдардың күннен күнге түрленіп, бірнеше ерекше маңызды мүмкіндіктерді қосылуы болып тұр. Ғаламтор байланысы арқылы өте жылдам дамып келе жатқан ақпаратты жедел жеткізу технологиялары, бұрын электрондық хат алмасу түрінде болса, енді онлайн бейне-байланыс орнату жүйелеріне көшуге бет алып, ақпарат жеткізуде жылдамдық артқан сайын, өте көлемді құжаттарды қиындықсыз тасымалдау мүмкіндері қалыптасты. Бұл өз алдына көптеген салаларды дамытуға қолайлы жағдайды тудырды.

Ақпараттық технологияларды дамытушы әлемдік ірі компаниялардың нарықтағы өзара бәсекелестігі арқасында бұл саладағы қаржы айналымы арта түскені өз алдына, енді қаржы нарығы мен шикізат нарығының табыстарына пара-пар, немесе тіпті оны пәлен есе орап алатын ақпараттық нарық өз орнын алды. Диджитал дәуірі келіп, цифрландыруға өту кезеңіндегі адамға қажет құзыреттеліктердің ерекше бір түрі ақпараттық жүйелерді игеру білім түрлеріне байланысты болды. Күн өткен сайын сандық технологиялардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болатын қоғамға бұл беталыстан енді кету жолы жоқ, тек қана тәуекел етіп, жаһандық даму үдерістеріне сай, қатардан қалмай жүру қажет. Ақпараттың жылдам берілуі де оптикалық байланыс торабтарының дамуына, антенналар қуатына тікелей байланысты.

Жаһандықтын жаңаша формасы енді тек қана мәдени біртектілік қана емес, сандық технологиялардың дамуындағы тығыз байланыс орнауымен ерекшеленетіні белгілі болды. Ақпараттық сандық технологиялардың дамуы адам өмірінің әр саласына еніп, тұрмыс пен тіршілікті ұйымластыру қадам басты. Оның пайдалы жақтарын қоғам көріп те жатыр. Сауда мен жарнама саласында бұл өте қолайлы болып тұр. Банк жүйелерінің ақша айналымында қызмет көрсетуде кредиттік карталық жеке шоттарының әртүрлі ақпараттық жүйлерімен байланысы дамуы арқасында адамдарға қолға қағаз ақша ұстау да қажет болмай қалды. Ал қазіргі әлемді тырнағына алған COVID-19 пандемиясы кезінде бұл мәселе тиімді, өйткені карталар немесе онлайн-төлемдер жасау жолы, көптеген адамдардың қолынан өткен қағаз ақшаны адамдар қолға ұстамайтын болғандықтан, бұл төлем тәсілдері адамдардың жұқпалы дерттен сақтануға қызмет етеді. Жапония сияқты озық елдер қағаз ақшаны жуып отырады.

Ақпараттық технологиялардың дамуына ерекше оң серпіліс берген инновациялық бағыттардың бірі интернет-телефония мен интернет-телевидение салаларының қарқынды дамуы болды. Ұялы телефон байланыстың интернет-браузерлік бағытқа бұрылуы, жаңаша бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерінің дамуы, бұрын персоналдық компьютер жүйесі орнын басқан смартфондық және планшет құрылғыларының қалыптасуы Windows немесе Linex бағдарламалық жүйелері қатарынан мобилді интернет дамытуға лайықталған Android бағдарламалық жүйесінің қалыптасуы үлкен мүмкіндіктер тудырды. Өз алдына бұл үдеріс Microsoft сияқты ірі компаниялардың өз бағдарламалдарын жетілдіруге мәжбүр етті, нарықтық бәсекелестік әсерімен олар да жаңа сандық өнім жасауға мүдделі болды.

Ұялы байланыс арқылы дамып жатқан мобилді-интернет технологиялардың артық жерлері кейбір тұстарында персоналдық компьютер жүйесімен ақпарат тарату технология тетіктерінен асып кетті, өйткені, мысалы, ақпаратты жеткізу жылдамдығы тұрғысынан да Android немесе әйгілі Apple компанияларының бағдарламалық қамтулары артық болды. Осындай технологиялық бәсекелестік бұл саладағы жаңашылдықтың жылдам дамуына әсер етуінің бірден бір маңызды себебі – бұл өндіріс тікелей қаражат тұрғысынан өзін қамтамасыз ету мүмкіндіктерімен тікелей байланысты. Мұның барлығы Wi-Fi технологияға байланысты. Сымсыз Wi-Fi технологияның дамуы 3G, 4G, енді 5G сияқты мобилдік байланыс түрлері ақпарат көлемін жеткізудің бір сәтте қомақты файлдар ретінде аттандыруға жол ашады.

Сымсыз технология сияқты жаңа әдістер қоғамға енді жиналыс өткізу, қашықтықтан оқыту, онлайн түрде тәжірибе алмасу, білім беру түрлері де қашықтықтан жылдам байланыс орнату мен онлайн-конференция жасау арқылы оңай жүзеге асырылатын болды. Бұрынғы жұмысты көп жеңілдеткен девайстер қатарына, енді принтер, проектор, сканер, электрондық тақта құрылғыларына онлайн-студия жасап алу, бейне-конфренция ұйымдастырып шығу мүмкіндіктері қосылды. Бейне-лекториялар пайда болып, дәріс оқимын деген кез келген тұлға аудиторияларға тікелей семинар ұйымдастырып шығып, шынайы түрде бетпе-юет сұқбаттасу әрекеттерін виртуалды байланыс түрлеріне ауыстыруға, онлайн түрінде дәріс оқу, онлайн түрінде сабақ өткізу мүмкіндіктері туындады.

Ұстаздың бұрынғы дәстүрлі тақтасының орнына келген экран, проектор, презентация жасау тәсілдері келгені өз алдына, енді мұнымен қатар, бейне-лекциялар жазу, электрондық оқулық жасау, қашықтықтан оқыту технологияларын игеру заман талабына айналуда. Бірақ, сонымен қатар, кез келген тұлға өзінің жеке мамандығына қатар енді арнайы бағдарламалар мен құрылғыларды да игеруі керек. Microsoft Windows офистік бағдарламалары жүйесіндегі Power Point, Excel, немесе текстілік редакторлар, және PDF, DJVU сияқты өте қажет қосалқы бағдарламалар күнделікті жұмыс жасаудағы таптырмайтын көмекшілерге айналды. Сөйтіп, программистер тілінде «плагин», «расширение» деп аталатын шағын бағдарламалар, және оның үстіне қызметі түрлене түскен күрделі бағдарламалық қамтулар дамуда.

Біз қарастырып отырған тақырыптың өзі бір жағынан гуманитарлық сала және оның ішінде тарихшыларға еш қатысы жоқ болып көрінгеніді, себебі ақпараттық компьютерлік технологияларды дамытушы нақты ғылымдардың мәселесі, мысалы, математика, физика мен кибернетиканың, логика мен физика ғылымдарына қатысты, немесе бұл программистердің проблемасы деуге болар еді. Жалпы алғанда, ғылымның жеке бағыттары мен салалары болған күннің өзінде ғылыми білім тұтас құбылыс екені белгілі. Ғылымның өзі адамның шағырмашылығы мен ойшылдығының жемісі, оның нәтижелері тек қана қоршаған ортаны, тіршіліктің мәнін танып білу үшін ғана емес, адам мен әлеуметтің мұқтажына қызмет етуге жасалады. Ғылым адам уақытын үнемдеп, оны көбейтуге қызмет етеді. Ол өндірістерді роботтандыру, компьютерлік технологиялар арқылы адамның еңбек өнімділігін арттыру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, көлік пен логистика салаларын да дамытады.

Бір жағынан бұл тарихшылардың жаңа заман мен қазіргі заманда ғылым-техникалық революциясы тақырыбына орай мәселе. Алдымен адамзат жазу-сызуды үйренді, неолиттік революцияны басынан кешті, доңғалақ ойлап тапты, одан кейін, әртүрлі мәдени ренессанс дәуірлері болды, шарушылық пен экономиканы оңтайландырды, тұрмыстық өмір сапасын жетілдірді, буржуазиялық революциялар жасап қоғамдық қарым-қатынастарды өзгертті, ғылыми-техникалық революциялар орын алды деп жатқанымызда, барлығы да адамзаттың тарихи дамуы барысындағы ірі баспалдақтар, бір кезеңнен екінші кезеңге өтудегі мәдени және әлеуметтік өзщгерістер ретінде аталып өтіледі. Тарихшылар қоғамның ақпарат ғасырына өтетінін де күн бұрын айтқаны белгілі, атомдық ғасырға қадам басады, одан кейін ақпараттық ғасыр болады деді, солай болды. Ақпараттық ғасырдың ең дамыған шағы сандық технологиялардың дамуына жеткізді, одан біз тыс қала алмаймыз. Бірте-бірте адамның өмірі де осы заттық дүниедегі сананың уақытша болмыс кешуі екенін жалған дүние деп атап, енді оны ғылым дамыту арқылы тіршіліктің голограммалық болмыс жайын да сезе бастады.

Қашықтықтан оқыту технологиялары дегенімізде оның жақтастары мен қарсыластары бар, солай болады да, өйткені бұрын да солай болған. XVII ғасырдағы Англияда тоқу-тігін машиналары пайда болғанда да, халық әбден жұмыссыз қаламыз деп машиналарды қиратып, соғыс та жасап, қарсы шыққаны болғаны белгілі. Бірақ диірменмен күресудің қажеті жоқ, өйткені адамның мазасын ой-санасы бір сәт те тоқтап тұр алмайды, үнемі жалғасып тұратын өнертапқыш қызметін жалғастыра береді. Роботтар дәуірін озық Жапония елі алды болып бастап кеткелі қашан. Робототехника саласы ғылыми-техникалық революциясының тарихи даму жолындағы заңды түрдегі сабақтастығы болып табылады. Өнертапқыш Илон Масктың электромбилдер нарығын қалыптастыруы, ғарыш зымырандарын ұшырудағы жоғары үнем беретін технологияларды игеруі адамзаттың технологиялық дамуына жаңа сапаға жеткізіп жатыр. Электроқуатты қашықтықтан жеткізу технологияларын жасаудың өзі күнделікті өмір шындығына айналғанда, адамзаттың бет-бейнесі тіпті өзгере түсетін болады.

Қашықтықтан оқыту технологияларының жақтастары оның адам еңбегін жеңілдетуге пайдасы бар десе, қарсыластары да, керісінше, адам еңбегін күрделендіреді, көп қиындатады деген пікір айтары хақ. Екі жақтағы пікір иелерінің уәждері табылатыны да анық. Алайда, олардың пікірі табысатын жері де болады. Ең алдымен, білім иелері жаңалықтарға әрқашан ашық болғандықтан, білім мен ғылым үйрететін ұстаздар да қатарының алды болып жаңа технологияларды насихаттауы тиіс. Сондай-ақ, ғалымдар әрқашан қоғамдық өмірдің пионері ретінде барлық жаңашылдықты қоғамға таныстырушылар болып табылады. 2019 жылдың 31 тамыз күні ҚР Үкіметінің № 645 қаулысы бойынша қабылдаған Қазақстан Республикасынын «Педагог мәртебесі туралы» Заңында: педагогтың «қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге» міндеті туралы да айтылған [1].

Білім алушылардың қашықтықтан білім алу құқы «Білім туралы» заңның 27 бабында қарастырлған [2]. Дайын тұрған бағдарламаларды пайдаланудан басқа ұстаздарға алдағы уақыттарда өз алдына бағдарлама жазып шығу да міндеті заман талабына айналады, ғылым дамуы талабы да болмақ. Бірақ, заманауи қашықтықтан оқыту технологияларына өту де оңай іс деуге болмайды. Тиянақты талдап, жан-жақты айту қажет. Бұл саланы дамытуға үлкен көмегін тигізетін мәселенің бірі білім беру, ғылыми ақпарат алмасу web-порталдардың озық болуына байланысты. Қазақстандағы үлкен жетістіктің бірі ғылыми жобаларға өтінімдерді арнайы ғылыми кеңсе орындарына қашықтықтан онлайн түрде беру мүмкіндіктерінің E-gov жүйесі арқылы алынатын электрондық-сандық қол қою тәсілімен жүзеге асырылуы. Сол сияқты зерттеушілердің ғылыми зерттеу нәтижелерінде дайындалған мақалаларды жылдам жариялау, оқыман ортасына таратуға жеңіл ақпараттық порталдардың дамуы болып отыр. Білім беру порталдардың бірі Bilim-Land деп аталса, тарихшылардың ортақ ақпарат алмасу алаңына e-history.kz, edu-e history.kz, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің сайттарындағы электрондық кітапханалар мен электрондық ғылыми журнал басылымдары да ғылыми ақпарат алмасудың қарқынды тәсілдеріне айналды. Олар қашықтықтан оқытуға өте маңызды қызмет етіп, әртүрлі мультимедиялық құнды ақпараттармен қамтамасыз етеді.

Адамға байланысты антропологиялық, гуманитарлық ғылым да, қоғамға байланысты әлеуметтік ғылымдар да инновациялық ақпараттық технологиядан тыс қалуы мүмкін емес. Олар өзара пәнаралық және тыс ғылымаралық байланыстарға тәуелді. Ғылыми әдіснамаға да оның берері көп. Мысалы, ақпараттық технологиялардың қатарындағы әлеуметтік желілер құру арқылы ақпараттық кеңістіктің кеңеюуі де, қоғамның дамуына әсер етпей қоймайды. Оның жасаушылары да көздеген мақсаттың бірі қоғамның транспаренттілігін артыруды ойлаудан. Ашық қоғам жабық, тұйық қоғамға қарағанда жаңашылдыққа бейім келеді, өзгерістері көп болады. Әлеуметттік желілердің қатарындағы Instagram жүйесі жарнама жасауға да, өзекті білім таратуға арналған болса, Twitter жүйесі қысқа хабар арқылы жаңа туған ой мен идеяны қоағммен жылдам бөлісуге арналған. Сөйтіп әлеуметтік коммуникация жүйесі жаңа сатыға көтерілуде. Яғни, әлеуметтік ғылым мен мамандықтар қатарындағы әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылар, тілші, журналистика мен саясаттанушылар үшін қоғамдық ой, пікір мен саяси мәдениет, әлеуметтік ақпарат контентімен жұмыс жасау тәсілдеріде үлкен өзгеріске түседі. Тарихшыларда бұл мәселеден тыс қалмайды.

Әлеуметтану тұрғыдан еңбек уақыты мен еркін уақытты ұйымдастыру социологиясын зерттеу сияқты жаңа мәселелері туындауы өз алдына, енді әсіресе қашықтықтан оқыту әдісін қолданушы ұстаздар, университет оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің еңбегін бағалау және ұйымдастыру, еңбек етуші мен білім алушын ынталандыру және денсаулығын қорғау, әлеуметтік жағынан қолдау жасау мәселелері де туындайды. Онлайн оқыту жүйесінің адам психологиясына, денсаулығына зиянды әсері мәселелері де көп. Мысалы, мектеп мұғалімі егер баспанасыз болса, ал баспанасы болған күннің өзінде оның арнайы қашықтықтан еңбек ету орны ретіндегі жеке кабинеті болатындай артық бөлмесі болмаса білім беру сапасы да өз дәрежесінде болады деп айту қиын. Онлайн оқыту барысындағы қойылатын талаптар ұстаз үшін енді қосымша қабілеттердің болуын да талап етеді, мысалы, оның монитор мен камера алдында өзін ұстау мәнері, онлайн барысында сұқбат құру мәдениеті, тіпті компьютерлік техниканы орнатуға арналған үйдегі жұмыс орнының қолайлы болуына дейін. Адамның көру қабілетіне, мониторлардың адам көзін талдыру, жүйке жүйесі мен когнитивді қабілеттеріне кері әсерлері де жоқ емес. Сондықтан, оның денсаулық сақтау, гигиена аспектілері де бар.

2015 жылдың 20 наурыз күнгі «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің № 137 бұйрығында [3] жалпы ержесі, терминдер мен анықтамалар, білім беру ұйымдары мен оқыту процесіне қатысушыға қойылатын талаптар, оның ішінде басшы мен оның орынбасарлары, әдісукерлер мен педагогтердің, және білім алушылардың міндеті туралы айтылған. Білім алушының қашықтықтан оқытуға берілген өтініші, сабақ кестесі, оқыту графигі, ағымдық үлгерім бақылауын жасау және қорытынды аттестаттау, онлайн-платформалардың жұмысы, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану жолдары, онлайн-аутентификация мәселесі және ақпарат құпиялығын сақтау кепілдіктері, қажетті ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың қолжетімдіділігі мен оның лицензиялық жағынан дұрыс қамтамасыз етілуі, ресурстардың жаңартылуы, келісім-шарттар жасау мәселелері бар.

Бұл құжаттан көбінесе бұл мәселенің ресми жағын реттейтін заңнама ретінде ғана дайындалғанын байқаймыз, одан тыс біршама мәселелер айтылмай қалған. Мысалы, онлайн түрдегі бейне-сабақ, теле-дәрістің оқытушы үшін дайындыққа жұмсалатын уақыты толық ескермеген. Дәстүрлі оқыту түріндегі сабақ жоспары мен оның мазмұны қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын дәрістер пен сабақтардың арасында жұмсалатын еңбек уақыты мен психологиялық жүгі екітүрлі болары да анық. Профессорлық-оқытушылар құрамының жұмыс жасау үшін қажет офистік кеңсемен, қажетті электрондық оқу құраларымен, сапалы компьютерлік арнайы техника жабдықтарымен қамтылуы қажет. Бұрын академик Қ.И.Сәтбаевтың ұйымдастырылған Қазақ Ғылым Академиясының қызмет жасап тұрған тұсында ғылыми институттар мен университеттер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының ғылыми дәрежесіне ие болуы олардың білім иесі, ғалым ретінде дәрежесі, атап айтқанда ғылым кандидаттары үшін пәтер үйлестіріліп берілгенде қосымша бір бөлмесі арнайы кітапхана мен жұмыс кабинеті ретінде берілгені белгілі. Бұл, әрине, ғылымға деген жанашырлық демей-ақ іске деген іскерлік қатынасты білдіреді. Ғалымға қолайлы жағдай жасау қажеттілігінен туындаған игілікті іс болған. Ғылым ерекше жақсы дамуы үшін оның копортативтік мәдениеті де өте жоғары болуы тиіс.

Кәсіби ортаны қалыптастыруға арналған корпоративтік әлеуметтік желі ресурстары қатарында Linkedin.com, Academia.edu, Publons.com, және тағы басқалары, ғылыми, салалық ақпарат алмасу ресурстарын дамытуға қазір жақсы қызмет етеді. Бірақ, бұрын болған корпоративтік дәстүрлер де жақсы болған. Сондай өнегелі тәжірибені жалғастырған дұрыс. Профессор түгілі әрбір мектеп мұғалімі дайындық жасауына қажет жеке офис бөлмесі өзінің үйінде болсын дейік. Білім алушылар да оларға дәріс беретін оқытушыға назар аударады. Ұстаз деген қоғам үшін қымбат игі кәсіп иелері әлеуметтік тұрғыда еңсесі биік болуы үшін керек. «Ғылым туралы» заң бар, «Білім туралы» заң бар, «Мұғалім мәртебесі» туралы заң бар, енді «Ғалым мәртебесі» туралы заңды қабылдату керек. Әсіресе, зерттеуші университет құрылуы кезде бұл өзектілігі артып тұрған мәселе.

            Тарих пәндерін оқыту мәселелеріне келетін болсақ, қашықтықтан оқыту жүйелерін және виртуалды онлайн-оқыту пайдалану барысындағы жаңа ақпараттық бағдарламалардың мүмкіндіктері тарихшы ұстаздарға білім алушыларды оқытуда қолайлы да, қажет сандық технологияларды қолдануға жол ашылады. Тарих пәнін оқытудағы артқышылықтардың бірі сабақ барысында тарихи карталар мен иллюстрациялар, түрлі-түсті фоталарды, тұлғалардың жеке портреттерін, жер-су аттары мен тарихи ескерткіштерге байланысты кестелер, бейне-фото-материалдарды топтастыру әртүрлі арнайы бағдарламалар арқылы реттеуге мүмкіндік береді. Бұл жазылған бейне-сабақтар мен оның мазмұны бойынша тестілік тапсырмалары, сынама алу тәсілдері, ағымдық бақылау, және басқалары интерактивті MOOC онлайн курс ұйымдастыру жүйесі арқылы жүргізе алады.

            Тарихшылар үшін, олар білім алушы немесе зерттеуші болса да, ақпараттық заманауи технологиялар әлемнің көптеген университеттері мен ғылыми орталықтарының, музейлері мен архив қорларының, электрондық кітапханаларының қызметтерін қашықтықтан жылдам пайдалануға мүмкіндіктер береді. Әлемдік пандемия кезінде көптеген музейлер мен архивтер өз қызметін онлайн түріне аударып, оқырмандар мен келушілердің қашықтықтан жұмысын жалғастыруға қолайлы жағдайлар жасады. Қазақ тарихына, оның ішінде қазақ шежірелеріне байланысты бейне-дәрістер менен 3D анимациялық материалдарды және оқытудың тестілік тапсырмаларын қоса даярлау тәжірибе жүзінде алматылық «Эверо» баспасы жанындағы «Эпиграф» баспахана компаниясы іске асыруда [4].

            Қорыта айтқанда, жаһандық процесстер тудырған жаңа технологиялар гуманитарлық сала мамандары үшін, оның ішінде тарихшылар үшін көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Оның дамуы қазіргі жас буын өкілдеріне көп байланысты. Қашықтықтан оқыту тәсілі мен әдістерін жетілдіру де соның қатарындағы мәселенің бірі.

 

Пайдаланылған дереккөздер тізімі

 

  1. Қазақстан Республикасынын «Педагог мәртебесі туралы» Заң 2019 жылдың 31 тамыз күні ҚР Үкіметі № 645 қаулысы // URL дереккөзі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900000645
  2. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 «Білім туралы» Заңы // URL дереккөзі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_

3.      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы № 137 бұйрығы // URL дереккөзі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500010768

4.      Алпысбес М.А. Шежире казахов: источники и традиции. Электронды оқулық. – Алматы: «Эверо», 2018. – 232с. // URL дереккөзі: https://mbook.kz/kk/index_brief/77/

 

Махсат Алпысбесұлы, 

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?