«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Түрік қағанаты құрылуының тарихы

8552
Түрік қағанаты құрылуының тарихы

Түрік қағанаты туралы деректер.

Қазақстан және көршілес аймақтардың ортағасырлық этникалық тарихы түркілер тарихымен байланысты. Қазақстан жерінде түркітектес, түркітілдес тайпалардың көне заманда да болғанын ескереміз. Бірақ нағыз түркілердің этникалық тарихы V ғасырдан басталады. Егер түрік деген атау V ғасырдан бастап пайда болса, онда: «Одан арғы дәуірлердегі тайпаларға қалай түркі тектес, түркітілдес деген сипат береміз?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін.

Мұны былай түсіну керек. V— VIII ғасырлардың арасы — түркі тайпаларының пайда болып, қалыптасу дәуірі. Ал Алтай тіл тобына жататын түркі тілінің пайда болуы түркі атын алған кейінгі тайпалардан кемінде 1 мың жыл бұрын болған. Көне түркі тайпалары — Орталық Азиядағы, одан тыс жатқан кейінгі түркітілдес халықтардың ататегі. Ежелгі түркі халықтары қоныстанған жерлер бүгінде Қытай Халық Республикасының аумағына қарайды. Ұлы Қытай қорғанының солтүстігіндегі далалық аумақты көк түріктер мекендеген делінеді. Қазір де осы өңірде көк түріктерден қалған жұрнақ ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты халықтар тұрады.

Оның үстіне, ежелгі түркілердің тарихы — қазақ тарихының да бастау көздерінің бірі саналады. Себебі түріктер құрған Түрік қағанатының батыс бөлігі қазіргі Қазақстан аумағын құрайды. Қазақстан тарихында бұл мерзім «Түрік дәуірі» (VI—XIII ғғ.) немесе қазақ мемлекеттілігінің түркілік кезеңі деп аталады. Ендеше Қазақстан тарихының сол айтулы түрік дәуірі қазақ этногенезі мен мемлекеттілігінің, материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасып дамуында ерекше басым орын алады. Бұл тайпалар тек қазақ халқының ғана емес, қазіргі бүкіл түрік халықтарының тілінің, әдет-ғұрып, салт-саналарының, дүниетанымының қалыптасуына әсер етті.

Б.з. I—X гасырлар аралығы Орталық Азияның түркі, моңғол, манчжур тайпалары өз ішінен бір-бірімен соғысып, жеке-дара ел болып, мемлекет орнату жолындағы күрес заманы еді. Осы оқиға қытайдың әулеттік шежірелерінде де, мұсылман әлемінің саяхатшылары мен тарихи түпнұсқаларында да кеңінен орын алып, тарихи оқиғалар жазба дерекке түсті.

Түркі өркениетінің тамыры терең тарихын зерттеуде қолда бар оның төлтума жазба көне тас ескерткіштері, сонымен қатар М.Қашғари сөздігі, мұсылман авторлары деректері бар. Әсіресе мазмұны мен көлемі жағынан қытай деректерінің орны ерекше. Қытайдың «Көне Тақ кітабы», «Жаңа Тақ кітабы» сияқты тарихи деректер мен Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштеріндегі мәтіндер қазақ мемлекеттілігінің көнетүркілік кезеңін тануға көмектеседі. Бұл тақырыпты зерттеген Дания университетінің профессоры В.Томсон, орыс ғалымдары Н.Я. Ядринцев, В.Радлов, В.П. Васильев, т.б. көне түркілер тарихын зерттеудің дәстүрін қалыптастырды. Кейіннен бұл дәстүрді А.Г. Малявкин, С.Е. Малов, С. Кляшторныйлар жалғастырды. Қытай ғалымдарының да түркітану аясындағы жүргізген еңбектерінен құнды деректер алуға болады. Олардың көне түркі халықтарының тарихы туралы зерттеулерінің ғылыми маңызы зор.

Әлемдік түркітанушылар мен қытайтанушылардың назарына іліккен деректерді атасақ, олар: Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы», Ибн Хордадбектің «Жолдар мен мемлекеттер кітабы», Ибн-Халдунның еңбектері, Ата-Малик Жувейнидің «Әлем жаулаушысының тарихы». Қытайдың Юаньши (Моңғол империясының тарихы), М.Қашғаридың «Дивани лұғат ат-түрік», Ю.Баласағұнның «Құтадғу білік», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі», «Оғузнаме» сияқты тарихи деректер де мол мәлімет береді.

Қытайда әр дәуірде жазылған «Жиырма төрт тарих» деп аталатын ресми жылнамалардағы көне түріктерге қатысты тарихи деректер сұрыпталып, көне қытай тілінен қазіргі қазақ тіліне аударылды,1 оған ғылыми түсініктемелер жасалған. Бұл түркі тарихына тікелей қатысты қайталанбас түпдеректер қатарына жатады. Қытай иероглифтерінің көмескі сырларын ашуда түркітанушы қытайтанушығалымдармен қатар салыстыра отырып зерттеу тарихшыларға да зор міндет жүктейді.

Көне түріктердің шығуы. Түріктер жөніндегі ең алғашқы дерек Қытайда Батыс Вэй әулетінің заманында ресми жылнамаға енген. Түрік этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 жылдары аталады. Өздерін «түрік» деп атаған бірлестік түркі тектілердің жазба әдеби тілінің пайда болуына себепкер болды.Түркі жазуының құпиясын ашқан даниялық ғалым Вильгельм Томсон қытайша «тукю» деп аталған халық «түріктер» екендігін дәлелдеді.

Қытай жылнамалары түркілерді ғұндардың ұрпағы деп атаған. Бастапқы кезде түрік деген сөз түркітілдес көшпелілердің ішіндегі басқарушы ақсүйек ру өкілдеріне ғана қатысты болды. Содан кейінгі кездерде түрік деген атау саяси мәнге ие болып, олардың қол астында болған өзге тайпалар да атала бастады. Дегенмен Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі түрік ұлыстарын түріктер дегеннен гөрі түркі тілді, түркі нәсілді халықтар деп атау үрдісі қалыптасты.

VIII ғасырдың ортасынан бастап түрік деген атау біраз уақытқа дейін жазба деректерде аталмайды. Бұл кезде түрік деген жалпы атаудың орнына жекелеген түркі тектес тайпалардың аты (теле, қырғыз, тоғызоғыз, ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ) аталады. Түрік атауы X ғасырда қайта тарихи аренаға шығады. Қашқардағы, Баласағұндағы хандар (қағандар) өздеріне тағы да түрік деген этникалық атау тақады. Бұл атау сол замандағы араб географтарының да еңбектерінде кездеседі. Кейіннен ортағасырлың түрік атауы Кіші Азия жеріне барып қоныстанып қалған оғыз тайпасының бір бөлігінің ұлттық мемлекеттік атауына айналды. Ол — Түркия, Түрік мемлекеті. Осы оқулықта және басқа ғылыми әдебиетте де кездесетін түрік және түркі деген екі атаудың мән-мағынасы бір. Бұрынғы түркі тайпалары мен қазіргі түрік халқының аражігін ажырату үшін ғылымда көне түріктерді шартты түрде «түркі» деп атау қалыптасқан. Тарихи аренаға алғаш шыққан түркі тайпаларының бірі — теле. Олар қазіргі Моңғолия жеріндегі Гоби шөлінің солтүстігінен батыста Тянь-Шань тауына дейінгі жерлерді жайлаған. Телелер одағына 15 тайпа кірген. Түріктер өзінің шығу тегін ашына тайпасымен байланыстырады.

Осы кезеңнен бастап ежелгі түркі тайпалары мекендеген аймақта көшпелі мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуы басталды. Түрік қағанаттарында мемлекеттілік одан әрі жетіле түсті. Билік қағанның қолында болды. Түркілік қағандар мемлекеттің басты белгісі болды. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық жүргізді.

Қағандар басқа мемлекеттерге шабуыл жасай отырып, билік құрды. Соғыс арқылы шекараларын кеңейтіп отырды. Бірақ даму барысында мемлекетті билеп отырған тайпадан күштірек тайпалар шығып, соғыс ісін негізгі кәсібіне айналдырған мемлекеттер бірін-бірі ауыстырып отырды.

Толығырақ Ортағасырлық Қазақстан тарихы бөлімінен оқыңыздар 

Қазақша Русский