Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ күресінің дәстүрлі жауынгерлік өнерді меңгерудегі рөлі

13068
Майдандағы үлкен шайқас алдында кәсіби әскерилердің жауынгерлік жекпе-жек айқасын өткізу – өткен ғасырларда барлық халықтардың кәсіби әскерилер сословиесінің соғыс өнеріне тән ортақ дәстүр болды.

Отты қару пайда болғанға дейін өткен ғасырларда соғыс негізінен суық қару түрлерімен жүргізіліп, әр шайқас өз шарықтау шегінде қоян-қолтық айқасқа ауысып, әрқашан жеке жауынгерлердің жекпе-жек сайысына бөлшектенетін-де, ұрыстың тағдырын түптеп келгенде әр сарбаздың жауынгерлік, моральдық және психо-физикалық дайындығының деңгейі шешетін. Сонымен бірге, көшпелі халықтардың ертедегі және орта ғасырлардағы соғыс өнерінде жазумен айқас жүргізу тактикасы шайқас алдында батырлардың арнайы жекпе-жегін өткізуді-де қамтитын. Сондықтан жауынгерлік өнер — жеке ұрыс жүргізу өнері көшпелі халықтардың соғыс ісінің, соғыс өнерінің негізі болса, жауынгердің шабуылдау мен қорғанудың барлық әдіс-тәсілдерін қолдану шеберлігі толықтай көрініс табатын батырлар жекпе-жекгі бұл ұрыс өнерінің ең жоғарғы формасы болды.

Майдандағы үлкен шайқас алдында кәсіби әскерилердің жауынгерлік жекпе-жек айқасын өткізу — өткен ғасырларда барлық халықтардың кәсіби әскерилер сословиесінің соғыс өнеріне тән ортақ дәстүр болды. Көшпелілер тарихынан мағлұмат беретін ортағасырлық орыс, араб, парсы, түркі тілдеріндегі жазба дереккөздерінің мәліметтері-де, ауызша және иконографиялық тарихи деректер-де, көшпелі халықтардың әскери өнерінде-де батырла жекпе-жегін өткізу дәстүрі өте маңызды орын алғанын куәлайды. Көшпелі батырларының жау батырларымен жекпе-жек айқасының өтуі — түркі халықтарының өз қаһармандық эпостарында да, тарихи жазба ескерткіштерінде-де кездесетін тұрақты сюжеттердің бірі. Айқастың тағдырын батырлардың жекпе-жегімен шешуге тырысу дәстүрі қазақтарда ХІХ ғасырға дейін сақталып келді. Батырлар жекпе-жегі қазақ-жоңғар соғысы кезінде-де, кейінгі ұлт-азаттық көтерілістер кезіндегі айқастарда да өткізіліп отырылды [1, 70–73 бб.].

Жауынгерлік жекпе-жекке қатысу — көшпелі қоғамдағы кәсіби әскерилер әлеуметтік жігінің өкілдері болған батырлардың соғыстағы басты міндеттерінің бірі, жауынгерлік борышы саналды. Көбіне жауынгерлер батыр (баһадур) титулына осындай жекпе-жекте жеткен жеңісінің нәтижесінде ие болатын. Осындай жеке айқаста ғана кәсіби жауынгердің жауынгерлік өнері сынға түсіп, шеберлігі шыңдалып, ерлігі жетілді. Жауынгерлік жекпе-жекте батырлар ер қаруы бес қарудың барлық түрімен айқасып, бір-бірін қарумен жеңе алмаған жағдайда аттан түсіп, жаяу күресетін болған. Яғни, жекпе-жек көп жағдайда күреспен аяқталып отырды, күрес көп жағдайда жекпе-жектің финалы болды деп айта аламыз. Қарумен айқасып басталған жекпе-жек қарусыз айқаспен жалғасып, айқас тағдырын шешкен. Мысалы, парсының ұлы, ақыны Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнаме» шығармасында Иран мен Тұран батырларының жекпе-жегі кейде осылайша күреспен аяқталуы сипатталады. Бұл оқиғалар сол кездегі парсының ортағасырлық бейнелеу өнерінде-де көрініс тапты.

Батырлар жекпе-жегінің бұлай аяқталуы қазақтың ауыз әдебиетінде-де айтылады. Мысалы, «Мырқы батыр» жырында қазақ батыры Мырқы мен қалмақ батыры Нарботаның жекпе-жегі найза, қылыш, айбалта қолданып айқасқаннан кейін, қарулары сынған соң ат үстінде күресіп, одан кейін аттан түсіп жаяу күреспен жалғасады.

Екеуі жалғасып тартысқанда,
Аттары жата қалды жерге шөгіп,
Аттарын екеуі-де тастай беріп,
Алысты жағаласа түрегеліп…
Үйіріп бірін-бірі сілтегенде,
Кетеді аяқтары жерді мыжып.
Алысты осы екеуі ет пісірім,
Алмақ боп бірін-бірі бойы қызып.
Бір қолы Нарботаның кемшіл боп жүр,
Әйтпесе сілтеуінің түрі бұзық.
Бас алып қанжарымен басын кесті,
Бір кезде Мырқы батыр алып ұрып.
«Мырқы батыр» [1, 70–73 бб.].

Қазақтың батырлық ертегілерінде кейде жекпе-жек жауынгерлік қарумен айқасу арқылы емес, күрес арқылы өтетіні-де жиі кездеседі. Батырлық ертегілерде батырлар бір-бірінен «Атыспақ керек пе, әлде алыспақ керек пе?» деп сұрасады. Яғни қарсыласына жекпе-жек жүргізу жолын таңдауға ерік береді. Қарсыласы «алыспақты» таңдаса, онда жекпе-жек күрес түрінде өтеді. Бұл алысуда жеңген батыр қарсыласын өлтіреді немесе оны байлап тұтқынға алады [3, 38,216 бб.].

Күрес өнерін жетік меңгеру қазақ батырлары үшін осындай өмірлік маңызы бар іс болғандықтан, қазақ батырларының батырлығы да, балуандығы да бірдей жоғары-деңгейде болды. Мысалы, ауыз әдебиетінде Қабанбан батыр туралы былай делінеді:

Сол жылы дәл Қабекең елу бірде,
Адамзат келген емес мұндай түрге,
Балуандық, батырлығы былай тұрсын,
Және-де тіпті жүйрік сөйлер тілге.
«Мырқы батыр» [2,327 бб.].

Жауынгерлік жекпе-жекте жеңіске жету үшін батырларға да, олардың жауынгерлік аттарына да жақсы әскери дайындық, тұрақты түрде жаттығу қажет болды. Сондықтан бейбіт уақыттарда әртүрлі бүкілхалықтық астар мен тойларда өтетін жеке сайыс, жамбы ату, бәйге, көкпар тартыс, аударыспақ және балуан күрес кәсіби әскерилер үшін осындай әскери жаттығулар қызметін атқарды. Бұл сайыстардың әскери-қолданбалық мәнін жақсы түсінген ХІХ ғасырлардағы орыс авторлары оларды қазақтардың «рыцарлық ойындары» деп атаған. Бәйге, көкпар батырлардың жауынгерлік аттарын соғысқа дайындауға, жаттықтыруға мүмкіндік берсе, сайыс батырларға ер қарумен айқасу әдістерін меңгерудегі жаттығу болған, ал аударыспақ және жаяу күрес сияқты тартыстар батырларға қарусыз айқасуда жаттығатын дайындық түрлері іспеттес еді. Сондықтан болашақ жауынгер, батыр болатын бала міндетті түрде кішкентайынан қолына қару алып айқасумен және күрес өнерімен айналысатын.

Көшпелі халықтарда жауынгерлік өнермен қыздар, әйелдер-де айналысқаны белгілі. Қазақ халқының тарихында соғыста ерлік көрсеткен батыр қыздар (мысалы, Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы Гаухар, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханшайым сияқты) есімдері халықтың жадында сақталған. Сол себепті жауынгерлік өнерде маңызды рөл атқарған күреспен айналысу қазақ қыздарына таңсық болған жоқ. Ауыз әдебиетінде жігіттермен күресіп, оларды жеңген балуан қыздар туралы деректер кездестіруге болады. Өткен ғасырларда қазақтың «Қымызмұрындық" сияқты салттарында, әртүрлі тойларда әйелдер күресі («қатын күрес») өткізілгені белгілі [4, 268 бб.]. сондықтан бүгінгі қазақ күресінде әйелдер күресі-де болашақта өз орнын табатынын сеніммен болжауға болады.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде күрес өнерімен айналысушы, күрес өнерін жетік меңгерген адамды мағыналайтын «палуан/балуан» ұғымының пайда болу тарихы да, оның мәні-де жауынгерлік өнермен тікелей байланысты. «Палуан» сөзі түркі тіліне парсы тілінен енген. Қазақ тілінде-де палуан сөзі ауыспалы мағынада үлкен, алып денелі адам деген мағынада да қолданылады. «Палуан (палван, пехлеван)» деп көне парсы тілінде ата-тегі сақ-массагеттер болған парфиялықтарды және олардың ауыр сауытпен қаруланған атты жауынгерлерін — «катафракталарды» атағы.

0d59d99e79048b39ded1d144f8ea092a.jpg

Дәстүрлі қару-жарақ түрлері

Кейін парфиялықтардың әскери өнерінің ықпалын қабылдаған көне Иранда «пехлеван» деп, ақсүйек әскерилер сословиесі өкілдерін атай бастады. Орта ғасырларда Шығыс елдерінде палуандар соғыс кезінде басы металдан құйылған ауыр шоқпармен, күрзімен қаруланып, әскердің «күрзішілер» бөліктерін құраған. Ауыр сауыттарды киіп жүру, ауыр ұзын семсерлермен қағысу, ауыр күрзілерді қолдану палуандардан күшейтілген дайындықты қажет ететін. Сондықтан күшті жаттықтыру үшін арнаулы жаттығулар — күрес және ауыр құралдарды көтеру сияқты атлетикалық, күштік арнаулы жаттығулар қалыптасты. Иранда палуандар жаттығуы үшін «зорхана» (күш үйі) деп аталатын арнаулы ғимараттар салынған. Парсы тілінен аударғанда «зор» сөзі — «күш, күшті» дегенді, «хана» — «үй» дегенді білдіреді. «Зор» сөзі «күш, күшті» мағынасында қазақ тіліне-де енген. Осы түбірден «зорлау» (күштеу), «зорлық" (күш көрсету) сөздері туындаған. Дене күшін арттыру үшін пехлевандр зорханада салмағы 40 келіге дейін жететін, «мили (зорхана мили)» деп аталатын екі ауыр, ағаш шоқпарлар көтеріп, оларды ойнатып жаттыққан. Жаттығулардан кейін пехлавандар бір-бірімен күреске түскен. Жаттығулар кезінде нағара, сырнай сияқты музыкалық аспаптармен музыка тартылып отырды. Зорханада негізінен күреспен айналысқандықтан Иранда «зорхана» деп аталатын палуандық күрес түрі қалыптасқан болатын.

Палуан ұғымының жауынгерлік өнермен, батырлықпен байланысы қазақ тілінде-де сақталған. Ауыз әдебиетінде кейде батырларды «балуан» деп атау да кездеседі. Көшпелі халықтар әскерінде, оның ішінде қазақ әскерінде балуандардан ауыр күрзімен қаруланған әскер қосындары жасақталды. Қазақтар да палуандар күрес өнерінің шебері, зор күш иелері ретінде дәріптеледі. Қазақ палуандары да күресуден басқа да әртүрлі жолдармен күш сынасқан. Олар базар, жәрмеңкелерде, ойын алаңдарында жұрт алдында түйені, жылқыны ұстаның ауыр төстемірін, кірдің тастарын көтеріп те өнер көрсеткен. Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы қартайған шағында да ел аралап өнер көрсеткенде ауыр тасты кеудесіне қойып, ауыл балғалармен ұрып жарғызу немесе үлкен арбаға толтырып адамдарды отырғызып, оларды тісімен сүйреу сияқты күш өнерін дәріптеген.

3f612c8d368b988288f7e4df5c54a218.jpg

Қаруланған салт аттылар

Күш қайратымен, күрестердегі жеңістерімен бүкіл қазаққа танымал болған, есімі Балуан Шолақ атанып кеткен, әнші-композитор Нұрмағамбет Баймырзаұлы да, Көкшетау қаласында 1 сентябрьде өтетін Сентябрь базары деп аталған жәрмеңкеде өткізілген күрес жарысында орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, қарсыласының қабырғасын сындырып, содан соң 51 пұт, яғни 830 келң кір тасын көтеріп, жиналған жұртшылықтың таңғалдырған. Балуан Шолақ осы жәрмеңкеде көрсеткен өнері туралы өзі былай деп жырлайды:

Ол кезде он сегізде менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі Сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон палуан қабырғасын… [9, 3 б.].

Қазақ палуандары күшін жетілдіру үшін даладағы ауыр тастарды да көтеріп жаттыққан. Ол туралы қазақ даласын аралаған шетелдік саяхатшылар жазбаларында да, қазақтың ауыз әдебиетінде-де айтылады. Балуандар күш сынасып, көтерген осындай тастар кейін халық арасында «балуан тас» деп аталып кеткен. Балуандар кейде түйе, жылқы, бұқаны аяғын байлап көтеріп те күш сынасқан, кейде ұстаның төстемірін көтеріп бәстескендігі-де айтылады [5, 399–402 бб.].

Бұлайша салмағы ауыр заттарды көтеру балуандар үшін бір жағынан күшін дамытуға арналған жаттығу түрі болса, екінші жағынан халық алдында көрсетілетін күш өнерінің бір түрі болып та дамыды (Қиыр Шығыс жауынгерлік өнеріндегі тасты, ағашты сындыру және т.б. сияқты өнерлерді көрсету сияқты). Сондықтан балуандық өнердің қазақтық сипаты бар бұл бір бағыты — балуандардың ауыр заттарды көтеру, күшін көрсету өнері болашақта қазақ күресі жарыстарының бір құрамдас бөлігі болып кірсе дұрыс болады. Ұлттық күресті насихаттауда және оның ұлттық мәні мен мазмұнын кең сипатта көрсетуді мақсат қылу керек.

Сөзімізді қорыта айтатын болсақ, қазақтың балуандық өнері, қазақша күрес өнері қазақтың этнографиялық тұрмысының көп саласымен байланысты, ауқымы кең өнер түрі болып қалыптасты, ол қазақтың жауынгерлік өнерінің құрамдас бөлігі болды, сонымен бірге тек күрес өнерін қамтып қоймайды, күреске дайындықтың, жаттығудың да қазақша түрлерін және олардан туындаған күш өнерінің бірнеше түрлерін қамтиды. Ол қазіргі заман спорт түрінің бірі болатын — күрес спортынан осынысымен ерекшеленеді. Бұл өнер қазақ мәдениетінің қомақты бір саласын құрайды. Болашақта осы ерекшелікті сақтап, дамытып отырсақ қана шын мәнінде қазақша күресті қалпына келтіре аламыз. Қазақ күресін бұрынғы кездегідей қазіргі замандағы әскер сарбаздарының жауынгерлік-физикалық дайындығының құрамына да енгізу қажет деп ойлаймын. Ол үшін қазақ күресінің жауынгерлік түрі-де қалпына келтірілсе тамаша болар еді. Осылайша қазақ күресін тек спорт түрінде ғана дамытпай, халық өмірінің әр саласымен тығыз байланысын да күшейту керек. Оның болашақ өміршеңдгі-де осында.

Әдебиеттер:
1. Ахметжан Қ.С. Батырлардың жауынгерлік жекпе-жегінің әскери, моральдық-психологиялық және ғұрыптық аспектілері // Қазақ білім академиясының баяндамалары / Доклады Казахской академии образования. — Астана, 2011. № 1 — 70–80 бб.
2. Бабалар сөзі: Жүз томдық. — Астана: «Фолиант», 2010. Т.59: Тарихи жырлар.
3. Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық / Қаз ССР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. — Алматы: Жазушы, 1989. — Т. 4: Ертегілер.
4. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1 том: біртұтастығы және ерекшелігі. -Алматы: «Арыс» баспасы, 2005;
5. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 1 том: А-Д. — Алматы: DPS, 2011;
6. Тәнекеев М. Қажымұқан Мұңайтпасов (Тарихи очерк). Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1963;

Қ.С. Ахметжан
т.ғ.к., Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, этнограф, Астана қаласы
.