Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кемал аға және қазақ археологиясының романтикалық кезеңі

12981
Кемал аға және қазақ археологиясының романтикалық кезеңі - e-history.kz
«Тарихқа дейінгі кезеңдерді зерттеу қазіргі күні дағдарыста,-дейді Колин Ренфью өзінің «Өркениетке дейін» аталатын кітабында.

Себебі бүкіл әлем археологтары осы күнге дейін оқулықтарда тарихқа дейінгі уақыт туралы жазылған дүниелердің шындыққа сәйкеспейтінін түсінді. Әрине, әр жаңалық жаңа қорытындыларға алып келеді. Дегенмен оларға қатты әсер еткені тарихқа дейінгі кезең туралы ертеден бері өмір сүріп келе жатқан және ешқашан өзгермейді дейтін бірнеше дәстүрлі ұстанымдардың түкке жарамай қалуы.

Расында да Мысыр пирамидалары тастан жасалған монументалды құрылыстардың атасы саналатын, енді басқа жерлерден олардан да есртерек жасалған кәрі пирамидалар табылып жатыр. Ең ескі храмдар Месопотамияда салынды, өзге ел солардан ғибадатхана, а және ғибадат етуді үйренді деген пікір-де шындық болмай шықты. Мысты өндіру, қола мәдениеті, қолөнер Таяу Шығыста басталды деген қағида да соңғы жылдары аса сенімді бола алмай тұр. Еуропа археологтары тарихқа дейінгі уақытты зерттеуге тың парадигмалар мен жаңа ойлау құрылымы керек деген пікірлерін білдіре бастады (Renfrew Colin. Before Civilization. New York, 1973).
Еуропалық археологияның осындай дағдарыс кезеңінде біздің ғалымдарымыз тың олжаларымен және көзқарастарымен тарихқа дейінгі кезеңнің жаңа концептуалды жобасын ұсынуына да болар еді. Қазба жұмыстарына қаншама қаржы құйылып жатыр, археолог көбейді және қазба оңай шаруаға айналды, нәтижесінде ұлын-байтақ қазақ жерінен толып жатқан алтын киімді адамдар, өзге-де материалдық артефактілер табылып жатыр, өкінішке орай олардың көпшілігі мылқау, не біздің археологтар алтын киімділердің тілін түсінбей отыр.
Асыл тектілердің тілін түсіну үшін өзің де асыл текті болуың керек шығар. Қай жазушы боллмасын өзінің кейіпкерін өзінің деңгейіне түсіретіні, ақиқат шындық, қандай ұлы тұлға туралы жазса да өрісі төмен жазушы кейіпкерін қораға қамалап қадамын ашырмайды. Еуропалықтардың жаңа парадигмалар керек дегендері рас, сонымен бірге археологтардың жаңа генерациясы да керек екені өтірік болмас. Олардың қазақ археологиясының 1946 жылдан басталатын жарты ғасырлық текті кезеңінде қалыптасқан дәстүрді жалғастырғаны жөн болар. Бір-екі он жылдықтың ішінде Ә.Марғұлан, Кемал Ақышев, Мир Қадырбаев, Манап Оразбаевтардың қазақ тарихының сан мыңдаған жылдық тарихын сараптап, өркениеттің кестесіне сай сатылаған еңбегі еске түседі. Менің жас шағымда осындай үлгі тұтар, ағалар аз емес еді.
Кемал, ағаның тегі туралы
Кемал, ағаны мен бала кезімнен білемін десем артық айтқандық болмас. Білемін дейтін себебім біздің аталарымыздың тегі бір, қоныстары қатар, тіршілікте көрген бейнеті мен зейнеті ортақ еді. Мектептің орта сыныптары жүрген кезімде әкем біздің ауылдың қарияларының қолында жүрген, араб әрпімен жазылған ескі шежірені көшіртті. «Атамыз Анастан Мағаз, одан Жәбіл, одан, Аққурай, одан Аламан, одан Алаш. Алаштан екі бала болған көрінеді: Сейілхан, Жайылхан деген» деп басталады. Қазір-де сол жазба өзімде бар. «Қазақ ССР тарихы» оқулықтары қазақ тарихынан ұлтты, мемлекетті, ұлы азаматтарды алып тастаған уақытта қариялар амал жоқтықтан осы сияқты шежірелерге жүгінсе керек. Қазіргі тілмен айтсақ «контристория» деп те айтуға болады. Осы дәптердің 14–17 беттері Кемал, ағаның ата тегіне арналған, кәдімгідей тәтпіштеп таратқан: «…Қаржастың үшінші баласы Құлыке. Оның төрт ұлы болған: Ойым, Телі, Тілеумбет, Әлімбет… Теліден Анай… Анай бабамыздың төрт әйелі болған: 1-нен Мырзағұл, Құдайқұл; 2-нен Нияз; 3 -нен Құл; 4-нен Жәдігер.
…(одан әрі, аңыздар) …Анайдың бірінші әйелінен туатын Мырзағұлдың ұрпақтары. Мырзағұлдан алты бала: Сатыпалды, Сәти, Баймырза. Жанмырза, Ақмырза, Наурыз. …Сәтиден: 1 әйелінен Бәйкісі, Күшік; 2 әйелінен Шымыр, Байемер, Байқұлақ…Күшіктен Шорман…(Жұмабайдың „Шорман бұлбұл“ атанатын әңгімесі). Одан Мұса, Мұстафа, Әужан, Иса…». Шежіреде бұдан әрі Шорманның әр баласына қатысты деректер беріледі, әсіресе Мұса мырза, оның бел баласы Садуақас (Сәкен, ағай) туралы деректер мол. Шорманның үшінші ұлы Әужанның үш әйелі болған дейді шежіре кітабы. 1-ші әйелінен-Әмір, одан Нариман, одан Қаныш, Кәкіш; 2-шә әйелінен Аспандияр; 3-ші әйелінен Шәмен, Ақыш.
-Міне, осы, Ақыштан біздің Кемал, аға туады. Туған жері «Әужанның Керегетасы» аталатын, Ақкелін бұйраттары, Қаныш Сәтбаевтың туған ауылы «Имантай қыстауы» аталатын жерге жақын. Кемал, ағайдың анасы Қаныштың бір туған апасы Ғазиза болуына да Шорман мен Сәтбай ауылдарының қоныстарының жақындығы әсер еткен болар.
Кемал, ағаны шежіре дәптер арқылы ертерек білгенмен танысуымыз кеш болды. Мен студент кезімде Оразак Смағұлов пен Мир Қадырбаевтың соңынан еріп шәкірті болдым. Кемал, ағаның экспедицияларына қатысудың сәті болған жоқ. 1986 жылы қарашада КарГУ-ден Алматыға аспирантураға келген уақытта Кемал, ағаны бір-ақ көрдім. Комиссияның құрамында болды-ау деймін. Маған жетекшілікке Халел Арғынбаев, ағамыз бекітілді. Кемал, ағаны институттың ішінде, маңында анда-санда көріп жүрдім. Кемал, аға диссертация залының оң қанатында өзімен, жеке, көбіне бейтарап отырушы еді, мен қорғағанда сөйледі. Асыра мақтаған жоқ, бірақ қолдады. Ол кезде, ағаларымыздың әр пікірін қымбат бағалаушы едік, оның ішінде Кемал, ағаның сөйлегені мен үшін кеудеме орден таққандай марапат еді. Қорғағаннан кейін мен Қарағандыға кеттім.
«Марғұлан тағылымы-94»
1994 жылы 10–12 мамырында Қарағандыда Әлкей Марғұланың 90 жасқа толуына байланысты «Марғұлан тағылымы» ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Ұйымдастыру шаруаларын біздің университеттің атынан С.Жауымбаев атқарды. Жап-жақсы дайындық жасадық, біршама мақалалар жаздық. Кемал, ағамен шешіле сөйлесеніміз, жақын танысумыз осы жолы.
Конференцияның бірінші күні, пленарлық мәжілісте Кемал, ағаның Әлкей Марғұланның қазақ археологиясын қалыптастыруда сіңірген еңбегі туралы жасаған баяндамасы есте қалды. Бұл қазақ археологиясының 50 жылдық тарихына шолу еді. Сол кезде ғылым жолында алғашқы қадамдар жасап жүрген біздер үшін үлкен тағылымды баяндама болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен бірсыпыра тарихшылар мен археологтар жиналды. Отырардан М.Қожаның кешігіп келгені, әйтеуір Бұхар жырау күмбезіне баруға үлгергені есімде қалыпты.
Екінші күні Бұқар жырау күмбезі орналасқан Далба тауына қарай қонақтарды бастап аттандық. Екі жүз шақырымнан астам жол. Жол бойы Кемал, аға бірсыпыра әңгіме айтты. Туған жерін, ата-анасын есіне алып, шешіліп сөйлегенін бірінші рет естідім. Қаныш, ағамыздың 1932 жылдың аштығында келгені, өздерінің Керегетастағы қыстаулдарынан өлім хәліндегі Кемал мен інісі Ришатты Қарсақпайға алып келгені. Қарсақпайдағы тіршіліктері, оқығаны, тоқығаны. Қаныш, ағамыздың әйелі Таисия Алексеевнаның қамқорлығы. Мектепті бітірер-бітірместе соғысқа аттанғаны, одан жараланып келгені. Геолог боламын деген арманын қойып тарих факультетіне түсуі, археологияны таңдауы.
С.Жауымбаев Сәтпаев кеңшарынының директорымен келісіп Бұхар жырау кесенісінің басына кигіз үй тіккізіп қойған екен қонақтарды сол жерде күттік.
Қонақтар тамақ ішіп бір демалыс сәті болғанда Кемал, ағаға, Ақкелінге барып келейік деп ұсыныс айттым. Қазақи тәртіп бойынша осындайда дәл жанына келген уақытта ата-қонысына барып, қыстауын көріп, аталарының басына дұға оқу керек сияқты еді. Кемал, ағам Әлішердің осыдан бірнеше жыл бұрын Баянға келгенін айтып әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді. Сонымен не керек, Ақкелінге барғанымыз жоқ, Бұқар жырау кесенесінің басынан Қарағандыға қайттық.
«Дегенде, Ақкелінім, Ақкелінім»
Осы оқиға әлі күнге менің есімнен кетпейді. Көп уақыт мен Кемал, ағамның ауылына бармағанын қаттылық деп санап келдім. Қазір ғана Кемал, ағаның ішкі ахуалын түсінгендеймін.
Кемал, аға 1924 жылы туды. Кемал, ағаның төр жасында «ұлы кәмпеске» басталды. Шорман айналасының ауыз ашарлары барлары малынан айрылып, жер аударылды. Тарихи деректерге қарасақ ОГПУ жендеттері 1928–1929 жылдары ауыл-село тұрғындарынан 34121 адамды соттап, 152 адамды атқан. Науқанның алғашқы жылы 696 ірі байлар ауыл-аймағымен кәмпескеленіп жер ацдарысла, екі жылдан кейін олардың құйыршықтары деп 6765 адам жер ацулдарылған, 33345 адам колхоздасуға қарсы деп айыпқа тартылған, олардың ішінен 883 адам тағы да атылған. Бұлардың ішінде, Ақкеліннің екі текті әулеті Шормановтар мен Сәтбаетвар да бар.
Шаһизында Шормановтың Ақкелінмен қоштасу өлеңі сол кезде шыққан:
Дегенде, Ақкелінім, Ақкелінім,
Біреуге сор, біреуге бақ келнім,
Көпсінгенің мен босам кеттім міне,
Менен өзге жақсыны тап келінім!
Қаныш Сәтбаев 1932 жылы, Ақкелінге келгенде Шорманов және Сәтбаев ауылдарының тас-талқан болған жағдайын көрді. Тәрмізі Имантаев өзінің аштық туралы естелігінде «Көктем шыға көп ауылдардың түтіні біржола өшіп, күресінге талғажау іздеп шыққандары үйіне жете алмай сыртта қалды"дейді. Тәрмізі «Қаныш Керегетастағы Шорманның кіші ауылына соғып, Ғазиза әпкесінің үйіне мені жұмсады» дейді. Тәрмізі барып Ғазизаның аштықта қайтыс болғанын, Ақыштың белсенділердің қоқан -лоқысынан, қорлығынан қашып кеткенің, екі баланың өлім хәлінде үйінде жатқанын айтып келеді. Жаманат хабарды айтқанымда «ағай көзінен, аққан тарам-тарам жасты тия алмады» дейді Тәрмізі.
Аштықтың елді есеңгіреткені сондай арасы бірнеше шақырым ғана Имантай ауылы мен Шорманның кіші ауылы қыс бойы бір -бірінен хабар алмаған болып шығады. Қаныш өзінің апасының үйіне баруға дәті шыдамай Тәрмізіні қайта жұмсап, оған шопырын қосып беріп «жалғыз әпкемнің көзі, тастап кетсем әпкемнің аруағының қарғысына қаламын» деп Кемал мен Ришатты машинаға алып келгізеді.
Мен Марал жеңгейден Кемал, ағаны жерлестері іздеп келген уақыт болды ма дедім. Біреулер келіп еді, бірақ Кемал, аға шешеміз өлерінде бір жұтым шай сұрап ала алмаған адамдардың тұқымы деп бой сақтап, жанына жақындатпады деді.
Мен Марал жеңгейден Кемал, ағаның өз туыстарын іздеген уақыты болды ма дедім. Бірнеше жыл бір апайым тірі екен деп әр жерге барып іздестіріп жүрді, шопыры екеуі арнайы да жолға шықты, бірақ таба алмады деді.
Бүкіл даланы өрт алса да, бір түп шөп аман қалады дейді, Кемал, аға текті әулеттен қалған асыл азамат еді. Кір жуып кіндік кескен ауылын сағынғанмен бала кезіндегі қорлығы ішінде шер боп қатып жібермеген болар. Ел де Шорман мен Сәтбай заманындағы баяғы ел емес қой. Ақкелін ертеде Азынабайдың жері екен дейді, оның бел балалары Сейтен ит жеккенге аударылып, Тайжан, Ақмолада атылған. Тектілер кеткенде солардың орнында қалған құл-құтандар, қойшы- қолаңдар.
Ақкелін Теңдік аталады. Әлі күнге Теңдік атынан айрылған емес. Совет заманы Шорман мен Сәтбай әулетіне бізді теңгерді деп те ойлайтындар болуы керек. Кемал, аға солардың біреуіне жолығып қаламын ба деп бой сақтады- ау деймін. Кемал, аға аштықтың кезінде ес біліп қалған бала, белсенділердің «шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымы» деген айғайын естіді, бір үзім нанын тартып алған қорлығын көрді. Қолындағы уысына тыққан талқанды екі ұлына бөліп беріп көз алдында аштан өлген шешесінің бейнесі ұмытылар ма?
Кемал, ағаның ауылына барғысы келмеуіне-де осы себеп пе деп ойлаймын. Дегенмен ауылын сағынатын болуы керек, есіктің алдында көл болушы еді дейді. Мен Әужан Кергетасынада көл жоқ, кішкене бұлақ бар деймін. Жоқ, көл сияқты еді дейді.

Жамбыл Артықбаев т.ғ.д., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры