«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жамбы ату

3553
0

Ұланғайыр жерімізді батыр аталарымыздың сақтап қалуына себеп болған астындағы желдей ескен сәйгүлігі мен сенімді қаруы болған садағы. Бұл екі мұра, ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып, бүгінгі еліміздің тәуелсіздік алған күніне-де жетті. 70 жыл өмір сүрген Кеңес үкіметінің тұсында ұмыттырылған бұл ойынымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы қайта жаңғырта бастады.

Ежелде жамбы атудың бірнеше түрлері болған. Солардың ішінде көп тараған түрі тай-тұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда, жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3–4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді. 

Нысана бекітілген діңгектен құлап түссе оқ тиген болып есептеліп спортшыға ұпай есептеледі. Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35–45 метр шамасында болады. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады.

Жамбы атудың басқа: айқабақ, мылтықпен ату түрлері, немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрінде-де болған. Бүгінгі таңда жамбы ату жарысы құзырлы органдардың бекіткен ережесі бойынша өткізіледі.

Бұлғары садақ, бұқар жай

Садақты ерте кезде қазақтар, аң аулауда, соғыс кезінде қолданған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайтын болған. Күрделі, яки құрама садақтыңсыртқы беті сіңірмен немесе тарамыспен қапталып, ішкі жағы мүйізбен астарланған, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады.
Күрделі немесе құрама садақты ежелгі ерте дәуірде сақтар мен ғүндар көп қолданған. Қазақ садағы көшпенді сақ-ғұндар садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады.
Ауыз әдебиетінде садақтарды жасалған материалдарына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ" «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ" деген атаулары кездеседі. Қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақты түсіне байланысты «сарыжа», немесе «сарсадақ" деп те атай берген.
Қарапайым садақ екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни, ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік адырна деп аталады. Ал, шірей тартып, садақ оғын ұшыратын жіпті немесе бауды кіріс деп атайды. Атақты Қазтуған жыраудың:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, — атты толғауын оқып көріңіз…
Адырна — бес бөліктен тұрады. Оның қолмен қысып ұстайтын орта тұсын белі деп атайды.
Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тата алмасам маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен кетсең саған серт! («Қобыланды батыр» жырынан)

Белі — берік болу үшін сүйекпен көмкеріп, тарамыспен оралған, иінмен түйіскен жері шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.

Адырнаның иілмелі серіппелі бөлігін — екі иіні (жоғары және төменгі) деп атайды. Кіріс, яғни жіп байланатын адырнаның екі ұшын басы (жоғары және төменгі) дейді. Иіндерінің үстінен тарамыс тартылып, ішкі беті мүйізбен қапталып, қоңыр, аңның немесе малдың майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде: «Адырнаның бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұрыш жасай бекітіледі» — дейді.
Ал, адырнаның екі басын қосып байланған жіпті кіріс дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Міндеті — оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Кірісті қатты серпігенде адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобыршық деп атайды.

Тобыршықты биік жай салып,
Дұшпан аттым өкінбен… (Доспанбет жырау

Оқ — садақпен жауды ату үшін қажет құрал. Оқты этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза бірнеше бөлікке бөліп қарастырыпты. Яғни, оқтың ұшындағы қауіпті металл (сүйек) бұйымды жебе дейді. Жебе бекітілген ұзын, ағашты сабы десе, кіріске бекітіліп, созыла серпілетін тетікті кез-табан деп атапты. Ал, оқтың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді екен.
Оқтың сабы — қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қазақта «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Сондай-ақ оқты шын шеберлер ғана жасайтын болған. Аталарымыз: «Әке көрген оқ жонар», — деп бекер айтпаған. Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымқылданбас үшін майға бөктіріп пісіретін болған. Оқтың көптеген түрі болған. Олар: жауға ататын оқ, аң аулауға арналған оқ, доғал оқ, отты оқ, күшіген жүнді оқ, сары жүнді оқ, қанаты оқ т.б. Сондай-ақ оқтар басындағы жебесіне қарай әрқилы атауларға ие болған. Мысалы: «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе» т.б. қырықтан астам түрлері бар.

Көшпенділер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Эпикалық дастандарда, «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары осыдан қалған.

Жебе — садақ оғының ұшы. Көшпенділер жебені: қозыжауырын, сауытбұзар, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебедеген көптеген түрлерге бөлген.
Қозыжауырын қу жебе,
Тартатұғын шақ болды. («Ер Тарғын»)
Жұмсап қатты болатты,
Сауытбұзар оқ атшы… («Жұбаныш» Ақсауыт)
Көнсадақтың ішінде,
Көбебұзар сауыт бар… (Маханбет)
Жебенің құрамы: езек желі, қанатжалауша, өткір ұшы, жетесі, қырлары және қалпақшадан тұрады. Жебенің ұшы алмалы-салмалы қатты темір сияқты металдан жасалады. Қалпақша да алмалы — салмалы болады, соғыс кезінде ату нысанасына байланысты жылдам алынып, ауыстырылып отырады. Осы арқылы жебенің ұзақ қызмет етуі қамтамасыз етіледі. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5–6 мм, ені 2,5- 3,0 мм ойық болады.
Жебенің қанаты (жалаушасы) құс жүнінен (қыранның, қаздың, үнді тауығының) немесе жасанды материалдардан (пластмассадан) жасалып, оқты атылғанда тұрақтандыратын қызмет атқарады. Бағыттаушы қауырсынның бірі қалақшадағы адырна үшін жасалған ойыққа желімделеді және ашық түспен боялады.

Жебенің оққа бекітілген тұсын жетесі дейді. Жете берік болмаса, жебе сабынан босып жол ортаға түсіп қалады. Сондықтан жебені жетесіне жеткізіп сіңіретін болған. Қазақтың: «Жетесіне жеткізіп айтылды» деген сөз тіркесі осыдан өрбісе керек.

Халиолла Саматұлы, islam.kz

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English