«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Төлеңгіттер... олар туралы не білеміз?

4910
0

Қазақ хандығы құрылғаннан бастап хандар мен сұлтандар сарайында оларға арнайы дәрежедегі адамдар тобы қызмет етті. Бұл әлеуметтік қауым -Төлеңгіттер деп аталды. Төлеңгіт деген атаудың шығу төркіні туралы қысқаша былай деп айтуға болады. Атақты тарихшы-түркітанушы Лев Гумилев «Қиял патшалығын іздеу»,«Көне түріктер " деп аталатын еңбектерінде 8 ғасырдың өзінде Алтай тауы мен Орхон өзені аралықтарын мекен еткен түркі тілдес Төлеңгіт (Телеңгет) деп аталатын ұлыс болғандығы туралы жазады. 9–11 ғасырларда салт-дәстүрі түркілік Төлеңгіттер Алтай бойын қоныстанған ұлыс еді.Бұл олардың әуелгі ата қонысы болатын. Айналасындағы туыс тайпалар секілді Төлеңгіттер-де көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып, мал және егін шаруашылықтарымен айналысты. Бәрінен бұрын Төлеңгіттер жауынгерлікке машықтанған ер халық болды. Бірақ, олар сан жағынан аз еді.1207–1208 жылдары Моңғол мемлекетінің билеушісі Шыңғысхан „орман халықтары“ ойраттарды, якуттарды, буряттарды бағындырып, олардың батысын мекендеген Төлеңгіттер мен Телеуіттерге ауыз салды. Осы туралы „Моңғолдың құпия шежіресінде“ былай деп жазылған: „Ұлы қағанға(Шыңғысханға) Төлеуіттерді басып алу оңай болды. Ал Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған қолға Төлеңгіттерді бағындыру қиынға айналды.Өңкей жүйрік атқа мінген Төлеңгіттердің аз ғана топтары Жошы әскерінің біресе ана жағынан, біресе мына жағынан келіп тиісіп, жасақтардың қатарын қатты селдіретті.Моңғолдар оларға найза сілтеп, садақ кезеп үлгергенше, Төлеңгіттер зым-зия болып отырды. Төлеңгіттер осындай тәсілмен моңғолдармен бірнеше ай соғысты: Ақырында ұлы қаған оларға кісі салды: „Төлеңгіттер, мен бәрібір сендерді жеңем. Айналаңа қараңдаршы, сендерден он есе, жүз есе көп,әрі күшті ұлыстар маған тізе бүкті.Мен өзіме ерекше қарсылық көрсеткен батыр ұлыстарды аса құрметтеймін. Сонымен қатар оларды жеңген соң қатты жазалаймын. Бірақ,маған өз еркімен келіп қосылғандарға тиіспеймін. Сендер ержүрексіңдер. Егер маған келіп, бас исеңдер,өздеріңе өзгеше құрмет көрсетіп,ұландарыңа қағандықтағы ең абыройлы қызмет-хан жасауыл деген биік мәртебелі атақ беремін." Қол жеткен келісімге сәйкес Төлеңгіт ұлысы Шыңғысханға бейбіт бағынады. Шыңғысхан сөзінде тұрып Төлеңгіттердің басым көпшілігін хан жасауылы қызметіне қояды.

Шыңғысхан құрған мемлекет құрамындағы Төлеңгіттер туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбеков мынадай пікір білдіреді: „Алғашқы орта ғасырларда Алтайда өзіндік тайпа бірлестігін құрған төлеңгіттер… моңғолдарға қызмет ету барысында ыдырап кетті“.Осыдан кейін Төлеңгіт ұлысының ыдырауының басты себебі- олардың Шыңғысхан мемлекетінің қоластына кіруінен бастау алатындығын, аңғару қиын емес.16–18 ғасырларда Жоңғар мемлекетінің, одан кейін Ресей империясының құрамына кірген Төлеңгіт тайпасы шегіне жете ыдырады. Соның нәтижесінде тарихта Төлеңгіт деген атау ғана қалды.

Шыңғысханнан өсиет алған ұлдары мен немерелері және моңғол баһадүр-қолбасшылары қай өңірге барса да,қандай жерлерді жаулап алса да,өздерімен бірге Төлеңгіттерді ала барған. Алтын Орда мемлекетін құрған хан Бату хан сарайын қорғаушыларды Төлеңгіттер деп атаған. Сонымен, Төлеңгіттер деген сөз 13-ғасырға дейін жеке ұлыс болып келген, кейін Шыңғысхан мемлекетінің құрамына кіріп, көпшілігі хан жасауылы болып хан сарайында қызмет еткен Төлеңгіттерден бастау алады. Тарихшы-ғалым Е. Бекмахановтың пікірінше „Төлеңгіт“ деген сөз қазақ сөзі емес, ол Алтай қалмақтарының „Теленгет“ деген сөзінен алынған. Кейін, Алтын Орда ыдырап, бірнеше шағын мемлекеттерге бөлінді.Мысалы қазақ жерінде, Ақ Орда мемлекеті пайда болды. Ал 15-ғасырдың 2 — жартысында Шыңғысхан ұрпақтары болып келетін Керей мен Жәнібек басқарған қазақ хандығы құрылды.15–18 ғасырларда хан мен сұлтандардың төлеңгіттерінің атқарған қызметтері өте ауқымды болды. Мысалы, олар хан мен сұлтандардың жеке бастарын қорғады, зекет, соғым және басқа да алым-салықтар жинады, сот биліктерін орындады, хан мен сұлтандар сарайларын қорғады, елшілік қызмет атқарды, сонымен бірге хан әскерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды.

Төлеңгіттер хандар мен сұлтандардың бұйрығынан басқаны орындамайтын ерекше мәртебеге ие болды.

Егер кәзіргі заман тілімен айтсақ, Төлеңгіттерді — сол заманда мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды дегеніміз дұрыс болар еді. Өйткені, олар мемлекетке, яғни, қазақ хандығына және мемлекет басшылары немесе хандарға қызмет етті.

Осы жерде хандар мен сұлтандар айналасына төлеңгіттер қалай топталды деген сұрақ туады. Деректерге жүгінсек, олар хан сарайына негізінен мынадай жолдармен жинақталған.

I. Хандар мен сұлтандардың әскерін құрайтын, олардың сарайы мен жеке бастарын қорғайтын, алым-салық жинап, елшілік қызмет атқаратын адамдар сайдың тасындай мықты, ержүрек, қайратты да қажырлы адамдар болуы керек еді. Міне осындай адамдар әртүрлі рудан таңдап алынды. Сол Хан сарайына әр рудан жинақталған осындай адамдар Төлеңгіттер деп аталды. Төлеңгіттер енді өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын. Яғни, Төре таңбасы алды. Хандар мен сұлтандардың сарайларында қызмет ететін Төлеңгіттердің бұрынғы руына қайтып оралуына құлқы да болмады.

Төлеңгіттердің хан сарайында топтастырылуында Абылай ханның рөлі ерекше болғандығын атап айтқан жөн. Абылай ханның сарайын қорғаушы Төлеңгіттердің саны өте көп болған. Олар Абылай хан сарайында ұлан (гвардия) қызметін атқарған. Бұл жерде айта кететін бір жай-хан Абылай тек Арғын руының өзінен бір мыңдай жігіттерді хан сарайына Төлеңгіт қызметіне алған. Қазіргі кездегі Қазақстандағы Найман төленгіті, Албан төлеңгіті, Жалайыр төлеңгіті, Үйсін төлеңгіті, Керей төлеңгіті дегендердің арғы бабалары сол аталған рулардан таңдап алынғандар деп түсінгеніміз жөн.

2004 жылы Орал қаласынан басылып шыққан „Төлеңгіттер тарихынан тәбәрік“ атты кітапта (авторлары-М. Кенжеғалиев және Т.Әліпқали)“ елдегі әнші, палуан, мерген, зергер, тігінші және басқа да өнерлі отбасыларын хан-сұлтандар өз сарайларына көшіріп алып, Төлеңгіттер қатарына қосқан-деп көрсетілген. Біздіңше Төлеңгіттердің құралуына байланысты мәселеде бұл пікірді-де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, хан сарайының даңқын көтеру үшін ондай өнерлі адамдар әр уақытта да керек болған. Жұртшылыққа белгілі Төлегеннің серігі төлеңгіт Шеге Базарбайдың сарай, ақыны болған.

Сонымен бірге өз ауылдарында әр-түрлі себептермен бұдан былай тұра алмайтын жағдайға келген, мысалы, қыз алып қашқан, қанды кекке душар болған жігіттер хан-сұлтандардың сарайын паналап Төлеңгіттердің қатарын толықтыруы да әбден мүмкін болды. Қазақтар“… жазаға тартылудан сақтанып сұлтанның … қолтығының астына кіреді,„- деп жазады Е.Бекмаханов.

II. Төлеңгіттердің екінші бөлігі жаугершілік заманда тұтқынға түскендер еді. Олар“… негізінен жаугерлік замандарда сырт елдерге жорық жасау барысында қолға түсіп, билеушілердің жеке иелігіне берілген соғыс тұтқындарынан тұрды». Осыдан келіп Қалмақ төлеңгіті, Қарақалпақ төлеңгіті, Қырғыз-төлеңгіт, Сарт-төлеңгіт, Ногай-төлеңгіт, Түрікпен-төлеңгіт деген атаулар пайда болған. Мысалы алтайлық түріктер немесе қалмақтар 18 ғасырда Қазақстанда Қалмақ төлеңгіттерінің негізін құраған. Олар негізінен қазақ — жоңғар соғыстарында қолға түскен тұтқындар еді.

Бұл жерде жоңғарлармен соғыста қолға түскендердің арасында 8–13 ғасырларда Алтай тауы аймағында мекен етіп, кейін Шыңғысхан империясының құрамына кірген Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары болуы мүмкін екендігін-де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені 18 ғасырда сол Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары Жоңғар мемлекетінің қол астында болған.

XVIII ғасырдың 2 жартысында (әсіресе 50-70жылдарда) хандар мен сұлтандардың айналасында Төлеңгіттер саны мейлінше көбейген. Біздіңше оның басты екі түрлі жолы болды. Біріншіден Жоңғарлармен соғыс әскер қатарын төлеңгіттермен толықтыруды қажет етті. Сондықтан әр рудан жігіттер жиналды. Екіншіден соғыста қолға түскендер төлеңгіттер қатарын көбейтті.

Кейбір зерттеушілердің қазақ жеріндегі Төлеңгіттерді — қазақ төлеңгіті (әр рудан жинап алынған) және Алтай төлеңгіті (бір кезде Алтай тауы аймағында өмір сүрген Төлеңгіт ұлысының жоңғарлармен соғыста қолға түскен ұрпақтары) деп бөлу себептері осыдан.

Осы жерде Төлеңгіттердің ешқашан да құл болмағандығын және ешуақытта да құл қызметін атқармағандығын айтуға тиіспіз. Тарихшы А. И. Левшин, былай деп жазады. «Мы не состовляем особых классов из Толенгутов или прислужников ханских или невольников. Первые принадлежат вообще к простому народу, и пользуются одинаковыми с ними правами» . «Төлеңгіттердің өз ырқымен басқа қожайынға бөлініп кетуіне немесе ешкімге-де тәуелді болмай бөлек көшуге құқығы бар,«-деп жазады Е.Бекмаханов.

Абылай сұлтан 1762 жылы Давыдовқа жазған хатында былай дейді:" Мен өз Төлеңгіттерімді қазақтардан кем көрмеймін, себебі олар менің басыбайлы жалшыларым емес…«Сөз жоқ,бұл жерде әңгіме қазақ Төлеңгіттері туралы болып отырған жоқ.Біздіңше, Абылай сұлтан айтып отырған бұл Төлеңгіттер — біз жоғарыда көрсеткен Алтай Төлеңгіттері, яғни жоңғарлармен соғыста қолға түскен Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары. Ал, Абылайдың 18 ғасырдың 50-ші жылдарында жоңғарларда ойсырата жеңгені тарихтан белгілі. Бұл бір. Екіншіден, Абылайдың өзі Төлеңгіттерді «менің басыбайлы жалшыларым емес» деп отыр. Олай болса Төлеңгіттер хандар мен сұлтандарға жартылай ғана тәуелді болуы мүмкін.

Сонымен бірге Төлеңгіттер ешуақытта, ешкімге алым-салық төлемеген.
Төлеңгіттердің жері туралы айтатын болсақ, хан-сұлтандардың қарамағында көшіп жүретін болғандықтан, олардың өз жері болмаған. «Қисықов деген Төлеңгіт «Қыстау Жасқұс құмында, сұлтан Дәулеткерей Шығаевтің жерінде,«-дейді. Бірақ, Төлеңгіттердің өз малдары болған және ол малдарға төрелердің таңбалары басылған. Сондықтан да Төрелер мен Төлеңгіттердің таңбалары бірдей.

Төлеңгіттер атқарған қызметтердің ішінен елшілік қызметті ерекше атағанымыз жөн. Мысалы, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Кіші жүздің Ресейдің құрамына өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургке алып барып,әйел патша Анна Иоановнанын қабылдауында болған елшіліктің құрамында Бақбек деген Төлеңгіт болған. Сол сияқты Орта жүз ханы Семеке 1732 жылы Орта жүздің Ресей құрамына өз еркімен қосылуы туралы Петербургке жіберген елшілік құрамында да Қашақ есімді Төлеңгіт болған. 1748 жылы Тевкелев Орскіге келген кезде губернатор И. И. Неплюев пен Әбілқайыр ханды келістіру мақсатында жүргізілген келіссөздердің басы-қасында да Төлеңгіттер жүрген.

1757 жылы сұлтан Жәнібек Петербург қаласына сапар шеккен кезде орыс үкіметі олардың жолына, ақша төлеген. Мысалы сұлтанға күніне-50 тиын, старшинаға- 20 тиын, төлеңгіттерге -10 тиын, тілмаштарға-5 тиын, ал солдаттарға-3-ақ тиын төлеген. Осының өзі Төлеңгіттердің хан сарайындағы алатын орнын анық көрсетіп береді.

Нұралы ханның Ресейдегі аманатта жүрген балаларының жанында да Төлеңгіттер болған. 1791 жылы Орынбордың әскери губернаторы А.Пэутлинг Кіші жүзде хан билігін қайта орнатып Ералыны хан етіп тағайындағаннан кейін батыр Сырым Датұлының А.Пэутлингке жазған хатын алып бара жатып, кең далалықта ұсталған қазақ жігіті, өзін Шералы сұлтанның Төлеңгітімін деп таныстырған.

Тарихшы Левшиннің пікірінше хан-сұлтандардың жасақтары негізінен «хандар мен сұлтандардың ордасымен бірге көшіп-қонып жүретін, оларға тәуелді төлеңгіттерден жиналған." Бұл жағдай әсіресе Кенесары ханның сарайында анық байқалады. Көтеріліс барысында Кенесары хан төлеңгіттерді әскери күш ретінде пайдаланған. Соның нәтижесінде Кенесарыға қосылған көтерілісшілердің саны 20 мыңға жеткен. Мұнда Төлеңгіттер негізінен әскери жасақшы қызметін атқарған. «Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін „Кенесары төлеңгіттеріміз“ деп атады. Бұның өзі, уақытша болса да төлеңгіттердің әскери күш ретінде беделінің өскендігін көрсетеді» (Е.Бекмаханов).

Жалпы, Кенесары хан Төлеңгіттердің құқығын барынша күшейткен. Хандықтағы маңызды тапсырмаларды «Кеңесары эмиссарлары» — Төлеңгіттер орындайтын болған. «Төлеңгіт Алданазар Жанитаев былай дейді: Кенесары ханның Төлеңгіті болғандықтан, мен кімнің үйі болмасын, кедергісіз қонып, керек кезінде көлікті-де пайдалана алдым».

Тарихшы ғалым И.Кенжалиевтің көрсетуінше 1836–1837 жылдарда Бөкей ордасында халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісшілер құрамында да Төлеңгіттер болған.

Осының өзі Төлеңгіт деп аталатын әлеуметтік қауымның қазақ халқының әлеуметтік теңдігі жолындағы күреске өзіндік дәрежеде үлес қосқандығын байқатады.

Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы Төлеңгіттер деп аталатын әлеуметтік қауым әртүрлі қазақ руларынан және жаугершілік заманда қолға түскен басқа да халықтардың өкілдерінен құралған. Олар Төрелерге, яғни Шыңғысхан ұрпақтарына адал қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлер.

ХIХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы ыдырағаннан кейін бұрынғы хандар мен сұлтандар сарайындағы Төлеңгіттер жеке руға біріге бастаған. Осыдан келіп Қазақстанның барлық жерінде Төлеңгіт руы пайда болады.

Аманкелді Шамгонов,
Х. Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English