«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өткен күндерді шолғанда

5677
0

Кеңес өкіметінің әміршіл-әкімшілік басқару жүйесі тұсында тайпа, ру және туыстықты сөз етуге тыйым салынып, қазақтардың көпшілігі өзінің руын, тіпті ең жақын аталарын білмейтін болды. Өз тарихына деген халықтың селқостығы күшейді.

Еліміздің егемендік алуы, жаңа қоғамдық қатынастарға бетбұрыс, демократиялық өзгерістер әкелді, халқымыздың өткенін, руы мен тегін, тарихын, игі жақсыларын, батырлары мен билерін, олардың халқымыз үшін еткен еңбектерін зерделеуге көп мүмкіндік туғызды.

Шежіре қазақ тарихын зерттеп, тереңірек білу үшін аса қажет нәрсе. Ол әрбір жаңа ұрпақтың «біз кімбіз, ата-тегіміз кім еді, қай жерді мекендеді, қандай ел, мемлекет болған, адамзат дамуындағы ата-бабалардың орны қандай, олардың арасынан қандай батыр, ақын-жырау, шешендер, ел бастайтын көсемдер шықты» деген сұрақтарға жауап береді.

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған бірінші себеп — Хамит Мадановтың «Атамұра-Қазақстан» баспасынан жарық көрген кітабы. Онда Жаппастың шежіресі төмендегідей екі нұсқада берілген.

ЖАППАС

ұраны — «Баймұрат»
1-нұсқа.

Жаппас: Сумұрын (Шылауындар деп те келеді), Жансары, Қияқы, Шалтақ, Тәнке, Үңгіт болып алты атадан тұрады. Бес Жаппас деп те атайды. Өйткені, Әбілқайырды хан сайлағанда Жансары қатыспаған. Бұрынғы, Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) төңірігінде қоныстанған Жаппастың ұраны — Баймұрат.

Жансарыдан — Қалқаман, Қалқаманнан — Еламан, Есенбет, Кермен, Жылкелді. Жылкелдіден — Сары, Қонақбай, Боқай (Мойнақ), Есмұрат (Сарылар Қостанай облысының Бестау деген жерінде, Қамышин ауданы).

Есенбеттен — Көшей, Тағай, Әжім, Баймұрат, Өтек, Жәдікбай, Шағалақ. ҚазМҰУ-дегі профессор, биология ғылымының докторы, қазақ бальзамының авторы Зұлқайнар Сейітов осы Жылкелді атасынан.

Тәнкеден — Қаракөз, Қаракөзден — Асан (Қоғылшы), Кенже, Шушақ. Шушақтан — Сарыаяқ, Наурыз, Достияр, Бесбалуан, Құрманай, Қараша.

Достиярдан — атақты правитель Нұрмағамбетов Садық, Жолбарыс, Алдаберді, Айтқұл (Қаракүшік). Жолбарыстан — Тұяқ, Тұяқтан — Есқара, Балта, Жанқара, Атахан, Төлепберген.

Балтадан — Шағыр, Шалтақ, Өтеуіл, Меңліқара, Бекберген. Достиярдың көбі Қостанай облысының Семиозер ауданында тұрады. Онда Достияровка деген село бар.

Алдабердіден — Түгелбай, Айдарәлі, Жаңбыршы. Бұл үшеуі-тоқалдан. Бәйбішеден: Айбас, Айбастан — Қосқадам, Байқадам, Көбек, Жөкер. Жөкерден — Қарқықұл, Есеке.

Көбектен — Алтай, Алтынбай, Егізбай, Алтыбай, Қондыбай, Бөлекбай, Болтай (сал), Алаң, Шаян.

Кенесарыға қосылмаған Алтыбай — би болған, оны інісімен бірге Кенесары үш түйе қамыс, үш түйе сексеуілдің астына салып «еліңді маған бағындырмайсың«" деп өртеп жіберген. Оның кегін қуған Жанғабыл батыр Торғай маңында Кенесарының 90 сарбазын қырып, олардың бас терісін Қоқан хандығына тартқаны туралы Нұрқан Ахметбековтың «Қарауыл қырған» поэмасында көрсетілген.

Алтайдан — Шайқы, Кетебай.

Кетебайдан — Қазықұрт, Ташаман.

Алтынбайдан — Базарбай, Құдабай, Күлен.

Қондыбайдан — Мәжен, Жақа. Жақайдан — Нұрмағамбет, Тұрмағамбет (Жортбас), Жақсылық, Жақып, Есте, Бекет. Нұрмағанбеттен — Құсейін, Мұстафа, Ідіріс. Құсейіннен — Садық (осы шежірені жаздырушы).

Мәженнен — Ақай, Ақайдан — Қадыр, Қадырдан — Алмат, Марат, Мұрат.

Достияр-Балтадан — Кейкі, Майлы, Самрат. Кейкіден — Төлеген. Төлегеннен — Саржақ, Жанғабыл батыр, Төлебай. Жаңғабылдан — Арыстан, Қошқар.

Алтыбайдан — Әлжан, Басықара, Нысан, Асан, Меңдіаяқ. Басықарадан — Ержан, Саурық, Сыпатай, Жүсіпбек, Ахмет, Досжан, Махамбет. Сыпатайдан — Ыбырай, Құрбан.

Саурықтан — Ықылас, одан — Иманғали.

Жүсіпбектен — Мәкен, Сығай, Медіхат, Сүнғат, Мұратбек, Абдрахман, Сейітқасым. Перовск (Ақмешіт) уезінде уақытша үкімет Керенский тұсында Кержов (Кержұт) деген жергілікті әкім Мәкен, Медіхат, Сүнғатты аттырып жіберген. Жүсіпбек — жазушы, Ташкентте тұрады.

Ахметтен — Махмұд. Досжаннан — Әмір. Әмірден — Әубәкір, Сары, Тасыр. Сарыдан — Жағыпар Әміров (Ембіде көп жыл райкомда I-хатшы болды.) Махамбеттен — Қасым, Әбдіғали.

Алтынбай -Әлжаннан -Дәулет, Сыздық, Мұхамедияр, Жұмабек. Жұмабектен — Майлыш, Қамбар.

Болтайдан (Көбек) — Ақдәулет, Байдәулет, Әймембет, Жәрімбет, Бүркіт. Ақдәулеттен — Алмат, Ыбырай. Байдәулеттен — Дадай, Ескендір, Нұрқан, Смағұл, Сәдікен.

Әймембеттен (Шегір) -Сүлеймен, Ыбынтай, Махамбет. Махамбеттен — Әли, Әлібай.

Бүркіттен — Құрайыш. Құрайыштан — Абдолла, Әбдірашит.

Жаңғабылдың тұсында: атыңды сат, малыңды сат, Достияр бол! — деген сөз жүрген. Оған қарайтын 250 үйдің 108-і Достияр болған да, қалғаны кірме болған. Жаппастар Батыс Қазақстан облысының облысының Шыңғырлау, Тайпақ, Орда, Жаңақала аудандарында да болған. Жаппастан -Жұбан Молдағалиев, Хамит Шурин сынды азаматтар шыққан. Жаппастар Шыңғырлауда көп, Гурьевте (Атырау) де бар. Олардың негізгі бөлігі Қызылорда облысында. Қостанай облысының Семиозер ауданында — Достиярлар, Қамышин ауданында — Жылкелді атасынан шыққан қазақтар мол.

(Бұл шежірені жаздырған Нұрмағанбетов Садық Хұсайынұлы — көп жыл Алматыда КазЦИК, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жауапты қызметтерде істеген кісі. Ол: «Шежірені әкем Нұрмағанбеттен жазып алдып едім» — дейді)

Жаппас

Шежіренің 2 — нұсқасы

(Жарасбаев Сейіт Мінайдарұлының айтуымен

1962 жылы шілдеде жазып алған

Зұлхарнай Сейітұлы)

Кіші жүзден — Бай, Қаракесек, Жетіру. Бай мен Қаракесек бір туған. Қаракесектен — Әлім, Шөмен. Әлімнен — Шекті. Шөменнен — Шөмекей. Байдан — он екі ата Байұлы. Олар: Адай, Беріш, Байбақты, Тана, Есентемір, Ысық, Серкеш, Алаша, Қызылғұрт, Масқар, Алтын, Жаппас.

Жетіру: Тама, Табын, Кердері, Керейт, Телеу, Рамадан, Жағалбайлы.

Жағалбайлы — оны екі ата: Малатау, Аққожа, Балқожа, Сирақты, Бескүрек, Ормантай, Біліс, Бозбет, Текей, Құтбинай, Бұлды, Есірқожа.

Жаппастан — 6 бала: Қаракөз, Қалқаман, Қияқы, Үңгіт, Шалтақ, Сумұрын.

Қаракөзден -Наурыз, Беспаулан, Қараша, Көгілші, Достияр.

Қалқаманнан — Есенбай, Еламан, Кермен, Жылгелді.

Жылгелдіден — Сары, Есмұрат, Қонақбай, Тоқай.

Есмұраттан — Құрман, Қасқа.

Қасқадан — Алыбай, Қарабатыр, Өтетілеу. Маржан (қарақалпақ қызы) шешемізден — алтау: Ақмамбет, Тоқмамбет, Айтбай, Ырысбай, Арзықұл, Бөкенбай.

Өтетілеуден — Өміртай (Сақановтар), Тілеке, Отарбай, Дербісалы (Өткелбаевтар), Сүгіралы.

Тілекеден — Қазанқап, Байжан, Тастемір, Байсақал, Ақсақал. Қалмақ шешемізден: Нарбай, Қалетбай, Саден, Текебай, Жазықбай, Қыпшақбай.

Тастемірден — Жақсыбай, Жарасбай, Ақшолақ, Қарашолақ, Бекежан, Махамбет.

Жарасбайдан — Мұртаза, Бекназар, Ілияс.

Мұртазадан — Мырқы, Мінайдар.

Мырқыдан — Салық, Мүсілім (жиені Әбдісаттар), Әбен, Хамит.

Хамиттен — Уфабек.

Мінайдардан — Кәкім, Мықан, Сейіт, Сабыр, Сұлтанмұрат, Шәудір, Мәжіт, Ғабдолла.

Мыққаннан — Асқар.

Бекназардан — Ідіріс, Аппаз, Ақшал (Мырқы, Мінайдармен үшеуінің шешесі — бір), Халит, Ақанай.

Ідірістен — Ебентай, Әмірғали, Шәпи.

Аппаздан — Жүніс, Әбдіқалық, Апақай (Көмек).

Ақшалдан — Қасым, Зікірия (Оқаш, одан Раушан, Гүлбану, Гуля, ұлы Ықылас).

Қасымнан — Ғазиз, Ғазымбек, Ханнан, Кенже (қыз). Халиттен — Қабқаш (Қамария), Нағи, Назар.

Ақанайдан — Мұқыш, Ысқақ, Аюп.

Ілиястан — Әлім.

Әлімнен — Батық, Фазыл, Қасен, Мұқат.

Сейіттен — Рашат, Зұлхарнай, Омар (тағы да үш қыз: біреуінің аты Мәдина, екеуі Ертістен қайықпен өткенде суға кетіп қаза тапты; кішісі 1931 ж. балалар үйіне берілген, хабар жоқ).

Сұлтанмұраттан — Смайыл, Ысқақ (екеуі-де 1931 ж. балалар үйіне берілген).

Уфабектен — Төребек, Абдірашит, Абай, Зәуреш, Күлән.

Нағидан — Әпен, Әбдіраман.

Батықтан — Әнуарбек. Фазылдан — Айдеш.

Рашаттан — Ескендір. Ескендірден — Асқар, Айгүл.

Зұлхарнайдан — Асхат, Талғат.

Асхаттан — Мирас, Алмас.

Талғаттан — Жарас, Данияр.

Соғыс жылдарында майданнан қайтпағандары: Әнуарбек, Ебентаев Саязит, Ебентаев Идеят, Қасымов Ханнан, Мінайдаров Ғабдулла, Сейітов Рашат, Аппазов Уәли.

Үңгіттен тарайтын Қыпшақбайұлы Иса — техника ғылымының докторы, ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі, ал оның баласы Әбдел — техника ғылымының кандидаты.

Сумұрыннан тарайтын Лапин Мұңайтпастан туған Серәлі — Орта Азия мен Қазақстанға кеңінен танымал ғалым-этнограф, тарихшы, аудармашы, адвокат. Петербург университетін бітірген кісі. Оның қарындасы Ләтипа КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Оның соғыс жылдарында, АҚШ президенті Рузвельтке арнап тіккен қазақтың ұлттық киімі қазір Рузвельт мұражайында сақтаулы тұр.

Жаппас руының аталары (Жарасбайдан бастап) туралы, ақындардың айтыста айтқандары көп («Айтыс» 1 және 2- томдар. Алматы, 1988 ж.). Қыз Болық пен Әзілкеш.

Ащыкөл, Ащыөзендей сайың бар ма?

Желіде жетпіс шұбар тайың бар ма?

Жетпіс інген, сексен мая боталатқан,

Еліңде Әбекемдей байың бар ма?

(1- том, 65-бет)
Әбекең — Аппаз Жарасбаев. Осыдан кейін тағы да Әбекеңнің байлығы мен адамгершілігін терең сипаттайды:

Баласы Жарасбайдың Мырқымыз бар,

Біздің ел байлығынан болмайды, қар,

Ділда артып жеті атанға Мырқы, Жақып,

Байымыз Басықара о да жатыр.

(Мінайдар Жаппаев)
(1- том, 72-бет)

Төребай мен Сара айтысынан:

Дақ салма адамшылдық ұят, арға,
Ұқсама, ақылы кем, пейілі тарға,
Меккеде гауһар тастан үй салдырған,
Найманда Мінайдардай кісің бар ма?
(2- том, 121-бет)

Ер Мырқы Сырдарияға көпір салған,
Ісіне қазақ қауым разы болған.
Батыр деп Мүсәпірді неге айтасың?
Мүсәпір ұрлық жасап, тысқа айдалған.
(2 -том, 121-бет)

Алшында Дербісалы, Аппаз байым,
Өсірген жиырма мыңдап тайлақ, тайын.
Отыз мың жылқы, түйе бітті оларға,
Ат пен нар мыңдап сатты базар сайын.
(2- тои, 124-бет)

Екінші себеп: Берік Қорқытовтың «Атырау Билері мен Батырлары» деген 1992 жылы Алматы «Өлке» баспасынан шыққан кітапта кіші жүздің шежіресін былайша берген екен.

Елдің ауызша шежіресінде Кіші жүз Алшыннан былайша тарайды: Алшыннан Алау, одан Құдуар туады, Құдуардан Алғожа, Асанғожа туады, Алғожадан Нәдірғожа, Сәдірғожа өрбиді. Асанғожадан Ерғожа, Қыдырғожа, Елтай, Естай, Ата, Қалпақ тарайды, Нәдірғожадан алты аталы Әлім, Сәдірғожадан жеті аталы Жетіру тарайды, Ерғожадан Ожырай, Жаппас, Қыдырғожадан — Бәйбішесінен Қыдырсиық, Сұлтансиық, Бақытсиық, тоқалынан Ысық, Мысық, Майса туады. Елтайдан Адай, Естайдан-Беріш, Атадан- Есентемір, Қалпақтан Таз туады. Қыдырсиықтан Шенеш, Шеркеш, Сұлтансиықтан Алаша, Байбақты, Тана, Қызылқұрт, Масқар туады. Бақытсиықтан бала болған- болмағаны белгісіз. Тоқал шешесінен туған інісі Ысықты бала етіп тәрбиелеп алған, содан Ысық Бақытсиықтан туған болып есептеліп кеткен дейді шежіреші қариялар. Бірақ оның анық-қанығын кім білсін. Сонда оны он екі ата Байұлы дегеніміз былай болып шығады: Адай, Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Жаппас, Ысық, Қызылқұрт, Масқар, Таз, Тана, Шеркеш.

Бұл шежіре ел арасында «Адай даладан табылған бала», «Беріштің әкесі белгісіз», «Есентемір бір жақтан қаңғырып келген екен», тағы сондай ру арасындағы айтыс-тартыстан туған бірін-бірі кемітпе лақап сөздерді жоққа шығарады. Сол жағынан алғанда шындыққа бейім келеді.

Осы жерде ел аузындағы мынадай бір әңгімеге тоқталайық. Ерғожаның бір баласы Ожырай туыстарына өкпелеп, Әлімнің бір ұрпағы Кетеге барып паналайды. Содан Ожырай-Кете деп аталатын ұрпақ тарайды. «Ожырай кетсе орнынан, Жаппас қонар жұртына» деген мәтел содан қалған деседі. Ерғожаның қызы Алтын ұзатылған жерінен қайтып келіп туысы Жаппаспен қоныстас болады. Содан бұлар Алтын-Жаппас атанады деседі.

Х. Досмұхамедовтың жазуына қарағанда ӘЛІМ — Шекті, Назар, Шүрен, Тілеу, Қабақ, Қарасақал болып алтыға бөлініп, алты аталы Әлім аталады. Әлімге Кете, Ожырай, Шүмен (Шөмекей) деген рулар да қосылады, бұлар Қаракесек болып атанады.

ЖЕТІРУ — Кердері, Тама, Табын, Жағалбайлы, Рамадан, Керейт, Телеу болып жетіге бөлініп, ЖЕТІРУ атанған.

Енді Кіші жүз деп аталатын рулардың революциялға дейін мекендеген қоныстарына келейік. Алты аталы Әлім тұтасымен Темір, Ырғыз, Қазалы уездерін мекендеген, аздап Гурьев уезінде-де болған.

КЕРДЕРІ — Орал уезін, Тама — Орал, Ақтобе, Атбасар, Түркістан уездерін, Табын — Орал мен, Ақтөбе уездерін, Жағалбайлы — Қостанай мен Атбасар уезін, Телеу — Ташкент уезін мекендеген, аз-кем Әулиеата төңірегінде және Ілбішін уезінде болған. Тама, Табын рулары аздап Бөкейлікте-де жоқ емес.

ШЕРКЕШ — Гурьев уезі мен Бөкейлікті, Ысық — Гурьев, Ілбішін, Темір уездерін қоныс еткен. Бөкейлікте-де аздап Ысықтар болған, Тана — Ілбішін, Темір, Ақмешіт уездері мен Бөкейлікті қоныстанған. Байбақты, Қызылқұрт, Масқар, Алаша рулары түгелдей Ілбішін уезі мен Бөкейлікті мекендеген. Алаша руы аздап Қызылқұмда да болған. Беріш — түгелдей Гурьев уезі мен Бөкейлікті мекендеген. Бөкейліктегі рулардың көбі Беріштер, Таз — Гурьев уезін, Жаппас — Ақмешіт уезін, ішінара Бөкейлікті-де қоныстаған, Есентемір — Гурьев пен, Ақмешіт уездерін мекендеген, Бөкейлікте-де аздап Таз бен Есентемірлер болған.

Көшіп-қонып жүргенде алыстан табысып, танысу мақсатында әр рудың жеке-жеке ұраны болып сол рулардың елден ерек атақты адамдарының есімі берілген. Сырттай тиген жауға ел ұрандап шапқан.

Үш жүздің өз алдына дербес ортақ ұрандары болған. Ол — Кіші жүзде — Алшын. Үш жүз бірігіп бас қосқанда немесе жауға аттанғанда біреу Алшын деп ұрандап шықса, олардың Кіші жүз екендігі бірден белгілі болған.

Ұранға жеке-жеке тоқталғанда алты аталы Әлімге келсек, Кетенің ұранын әр деректе әр түрлі айтады. Бір деректе — Бақтыбай, енді бір деректе — Майлыбай дейді. Осы соңғысы дұрыс болар деп ойлаймыз. Өйткені өздерін таныстырғанда Майлыбай-Кетеміз дейді. Шөмекейдікі — Дөйт, Шектінікі — Бақтыбай. Міне, осы арадан келіп жаңағы Бақтыбай деген ұранның сыры ашылады. Кете мен Шекті қоныстас ауыл болғандықтан Шектінің арына шапқанда, Кетелер кейде Бақтыбай деп ұрандауы да мүмкін ғой. Қарасақалдікі — Алдажар, кейде Алдияр деп те ұрандайды. Мұның айырмасы шамалы. Араб сөздігіне жүгінсек, Алдажар да, Алдияр да бір мағыналы сөз.

Жетіруға келсек, Кердерінікі — Қожахмет, Таманікі — Қарабура, Табындікі — Тостаған, Жағалбайлынікі — Манатау, Телеудікі — Арғымақ, Керейттікі — Ақсақал, Рамадандікі — Дулат.

Байұлына келсек, Адайдікі — Бекет, Алашанікі — Байбарақ, Байбақтынікі — Дәуқара, Беріштікі — Ағатай, Есентемірдікі — Алдоңғар, Таздікі — Бақай, Шеркештікі — Шағырбай, Ысықтікі — Байтерек, Масқардікі — Қаралы, Тананікі — Жиенбет, кейде Майсары деп ұрандайтын болған, дұрысы Жиенбет болар деп ойлаймыз, өйткені Таналар өздерін таныстырғанда Жиенбет-Танамыз дейді. Жаппастікі — Баймұрат, Қызылқұрттікі — Жиембет. Кейбір деректерде Қызылқұрттың ұраны Жайым немесе Байжайым деп жазылады. Ал, Х. Досмұхамедовтың жазуында Жиембет дейді, осы дұрыс болу керек. Тананың ұраны Жиенбет пен Қызылқұрттың ұраны Жиембетті шатастырмау керек. Екеуі екі басқа адам.

Ұранға атақты адамдардың есімі берілген дедік. Мысалы, Адайдың ұраны Бекет әрі әулие, әрі батыр болған, Беріштің ұраны, Ағатай батыр, Тананың ұраны Жиенбет әрі батыр, әрі жырау. Шеркештің ұраны Шағырай би болған адам. Ұранға шыққан басқа қасиетті адамдардың тірлігінде кім болғаны әзір анық емес. Мұны тарихшылар зерттеп анықтауы тиіс.

Рулардың өз алдына елдіктерін білдіретін бөлек-бөлек таңбалары болған. Бұл таңбалар қай рудың адамы екенін білдіру үшін өлгендердің басына қойылатын құлпы тастарға салынған, қоныстас отырғанда, көшіп-қонып жүргенде араласып кеткен немесе барымтаға ұшыраған малдарын айырып алу үшін малдарға салынған.

Үшінші себеп: Өмірзақ Ахметовтың «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» (тарихшылар мен шежірешілерге арналған әдістемелік құрал) Жалпы редакциясын жасағандар: А. Айдосов, Ы. Қалиев, Қ. Сағымбаев. Қызылорда, 1995 ж. Кітапта қазақтың және одан кіші жүздің қайдан шыққанын былайынша суреттеген екен.

Жайылғаннан — Майқы,
Майқыдан — Түмен,
Түменнен — Айырқалпақ,
Айырқалпақтан — Қазақ,
Қазақтан — Алаш,
Алаштан — Бекарыс,
Бекарыстан — Алау батыр,
Алау батырдан — Алшын батыр,
Алшын батырдан — Құдуар тентек.

ҚҰДУАР ТЕНТЕК

Құдуар тентектен — екі бала: Қыдырқожа, Қадірқожа туады. Қыдырқожадан:
Сұлтансиық, Қыдырсиық, Бақтысиық және Беріш туады. Осы сиықтардан өрбіп, өскен ұрпақтарды «он екі ата бай ұлы» деп атаған. Оның өзіндік мәністері-де бар. Қыдырқожа асқан бай болыпты. Малы мен басы тең өскен. Баласы он екі, малы жерге сыймайды. Байдың жанында жүрген кедейлер мен байдың отын жағып, суын әкеліп, малын бағып жүрген жалшылар: байдың балаларын мақтап: «Бай баласы», «Байдың ұлы» деп жағына сөйлеп, қолпаштауынан барып, «Бай ұлы», «Бай баласы» деген сөз өмірге келген. Байдың балалары да: «Мырза», «Сері» деген сөзді жек көрмейді. Қайта көтеріліп, масаттанып: «Байдың баласы мен ұлдарымыз» деп ілгерілеп сөйлейтіні кімге болса да анық. Осындай себептерден келіп, Бай ұлы, бай баласы болып атанып кеткен. Сонымен он екі ата бай ұлыға мыналар жатады:

— Беріш, Байбақты, Адай, Жаппас, Таз, Ысты, Серкеш, Есентемір, Алтын, Алаша, Қызылқұрт, Тана деген рулар. Байұлы тайпасы — Орал, Ақтау, Маңғыстау, Торғай, Қызылорда және Астрахань облыстарын бүтін және жартылай алып жатыр.

Беріштен — екі бала: Жайық, Жаңбыршы. Жайықтан — төрт бала: Дәулет, Жыныс, Бақай, Наурыз туған. Жаңбыршыдан — екі бала: Түкмен, Бесқасқа.

Алтынан — төрт бала: Құсқұл, Қазалы(Көзала), Шүңгір, Жапалақ туған. Осы төрт баланың бірлестігі — шешесінің атымен атанып «Алтын» болып кеткен. Шамасы Алтын есті, ақылды әйел болса керек.

Шұбырыншылық ақтабан, алқакөл сұлама оқиғасынан бұрын да, одан кейін де Байұлының: Алтын, Алаша, Жаппас рулары осы жердегі қарақалпақтармен аралас отырған.

Қазіргі Қазалы қаласының орнында Алтын руының Қазалы деп аталатын тармағы мекендеп отырған екен. Сол кезде Қазалы руының орталығында шағын ғана базары бар халықтың керек- жарағын сатып алатын, сауда-саттыққа арналған қалашығы болыпты. Қалашық — Қазалы руының орталығында болғандықтан осы рудың атымен «Қазалы қалашығы» деп аталып кетіпті.

Осы қалашықта Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның үлкен баласы Нұралы Алтынның төрт руына хан болып отырыпты. Осы жердегі Қарақалпақтарға да ықпалын жүргізіпті. Әбілқайыр ханның өзі-де, Ақбайдың алқабында біршама отырып, Ырғыз көшіп кеткен.

Кіші жүз жоңғардан табаны тайып бермен қарай ауа көшкенде, оның Әлім, Шөмен, Байсары тайпасы осы маңайға келіп орын тепкен соң Қарақалпақтар ішкі жұртқа қарай көшіп, Алтын, Жаппас, Алаша рулары дарияның өріне қарай ығысып, мына жерге Әлім әулеті ие болып қалған.

Есімізді жиып, бойымызды тіктегеннен кейін, базар ашып, малды астыққа, астықты малға, малдың өніміне айырбастау саудасы жүре бастайды. Базардың көлемі үлкейіп, сауда дами түседі. Халық отыршылыққа айналады. Осыдан келіп қала салу ойластырылады. Отырықшы елге қала керек болады. Бұрынғы Қазалы қалашығының орнына 1847 жылы Ресей патшасының ұлықсатымен қаланың ірге тасы қаланады. Қаланың аты — бұрынғы «Қазалы қалашығы» атымен аталмай, өзгертіліп «Қазалы» деп аталады. Қазалы деп атанудың мәнісі осындай.

Қазалы қаласы жайындағы осы әңгімені шежіреші қарттар осылай тамамдайтын еді. Осы жайды Қармақшы ауданына қарасты Абыла станциясында тұратын Алтынның Әмзе деген, ақсақалымен сөйлескенімде, ол кісі:

— Қазалы қаласы біздің Қазалы руымыздың атымен аталған қала. Осы жерге келместен бұрын, біздің төрт руымыз: Алтын, Алаша, Жаппас, Қызылқұрт Қазалы қаласының жерінде тұрғанбыз,- деп, ақтарыла сөйлеп еді. Абылада екі күн болғанымда 15–20 адаммен сөйлескенімде олардың бәрі-де осылай деген-ді.

Таздан — төрт бала: Абдал, Келдібай, Жастабан, Шарғы туып тараған.

Байбақтыдан — үш бала: Ботан, Жанбақты, Тынбақты туады. Ботаннан — екі бала: Қара, Әйтімбет. Әйтімбеттен-де екі бала: Шолпан, Ақберді туған. Қарадан-Тоқсаба, Сүгір, Бүгінай, Жаман, Жарас, Бақты болып тарайды. Байбақтының ұраны — Дәуқара, таңбасы — балта

Есентемірден — төрт бала: Тоғашы, Көн, Қаратемір, Сулыкөз туған. Ұраны — Алдияр.
Алашадан — Алтыбас, Түктібас, Сары, Құбылай, Барамық, Қоңырбөрік, Бөрші, Аланқұл рулары туып өскен. Сарыдан — үш бала: Қожамберді, Қожағұл, Мамай туады.

Жаппастан — алты бала: Сумұрын (Шылауын) бәйбішеден, Қаракөз, Қалқаман (екінші әйелден), Қияқы, Шалтақ (үшінші әйелден), Өңгіт соңғы әйелден туады десе, екінші бір шежіреде: Жаппастан — екі бала: Таумұрат, Қаракөз туған деп баяндайды. Қаракөзден — екі бала: Бекалуан, Бекпалуан. Таумұраттан: Малтан, Сумұрын, Қалқаман, Үңгіт, Ысық, Соба, Жиеке болып бөлінеді. Собадан — бір бала: Өтей. Өтейден — екі бала: Баймағамбет, Баймұрат. Баймағамбеттен — бес бала: Жәлімбет, Айтуған, Күнтуған, Майдан, Жантай туды. Атақты Құрманғазы күйші осы бес баланың біреуінен шығады. Жаппас руы екі жерде: Қызылорда мен Торғай облысында орналасқан.

Адайдан — екі бала: Керімберші, Құдайке туады. Керімбердіден: Құланарыс, Ақпан, Бәліш, Жөкей, Мұқал, Мұңал, Балықшы болыа бөлініп кетеді. Мұңалдан: Бәйімбет, Жаулы, Шоғы, Алақұлан, Әли болып кетеді. Осы бес баланың біреуінен Бекет әулие шығады. Бекет әулиенің белгісі — Шалқар қаласының күнбатыс, құбыла бетінде тұр. Арасы 35–40 шақырымдай. Құдайкеден — екі бала: Қосай, Тәжіке. Қосайдан: Байбол, Айкей, Бозай, Тәлік, Сүйіндік буындары өскен.

Танадан — Әлке, одан — Соба, Қызылқұрт туады. Хиуа ханы Маңғыстау еліне есепсіз салық салып қанайды. Қарсыларын аяусыз жазалайды. Көтерілісті күшпен басып, 1832 жылы бір мың әскер жіберіп елді шабады. 1850 жылы Қарақшы Қара Бақы Оразмеңді елді тонап, 200 сарбазымен халықты зар илетеді. Оған Балуанияз батыр қарсы шығып, Қара Бақы қарақшыны жекпе-жекте өлтіреді. Балуанияз батыр туралы Нұрым Шыртықұлы дастан жазып, оның ерлігін паш етеді.

Балуанияз батыр-ай, алаштан озған, ақыл-ай, Ерліктен жоқ қапыл-ай. Түтеп тұрған мылтыққа тұра шапты апыр-ай. Батыр 21 жасында өледі. Адайдың батырлары: Балуанияз, Кенжебек, Тұрманбет, Асарсұпы, Сүгір, Сүйінқара, Мыңбай, Құлбек, Ақпан, Досан, Бердәулет, Жоламан, Қармыс, Төлеп Атақозы, Бердібек, Есен, Аманияз, Шабай, Сары.

ҚАДЫРҚОЖА (ҚАЙРАБАЙ)

Қадырқожадан — үш бала: Байсары, Әлім, Шөмен туады. Үлкені Байсары.

Қадырқожаның халыққа тарап кеткен Лақаби аты — Қаракесек. Бұлайша атануының мәнісі:

— Қадырқожа ырсиған жарлы кедей болып өседі. Жарлы адамның үйіне қонақ та келе бермейтіні анық. Келген адамға несін берсін өзінде жоқ, содан «Сараң" атаныпты. Бір жылдары Қадырқожаның қора-қопсысы, үй-жайы өртеніп кетеді. Орнында бұрқыраған күлі мен күйген қара кесегі ғана қалады. Қара кесегі шығып, қара күлі бұрқырап желге ұшып жатқан, қора-қопсының орнын көрген қазымыр-күншіл адамдар:

— Жарлық пен кедейліктен ығыршағы айналған Қадырқожа сорлыға жаман лашығы мен көне боқтық қорасы да бұйырмай өртеніп кетіп, қасқаның қара кесегі ғана қалған екен деп кекетіп, мұқатып, табалаудан келіп, «Қаракесек» атанып кетеді. Осыдан бастап «Қаракесек» деген сөз өмірге келген. Қаракесек атанудың мәнісі осы.

«Өрт қырсықты алып кетеді» -деп халық айтқандай, өрттен соң Қадырқожа атамыздың дәулеті өсіп, ықпалы жүре бастайды. Жарлылықтан құтылады. Мал мен басы тең өседі. Белдеуге ат байланып, қонақтар үйден жайланып шыға бастайды. Той- думан жиі болып, Қаракесектің ауылы ойын-күлкіге айналады.

Осы шежірелердің бәрінде Жаппас руының ұраны Баймұрат екені айтылғанмен оның елге сіңірген еңбегі, не себепті ұранға шыққаны туралы бүгінгі ғылыми-көпшілік әдебиетімізде дұрыс баяндалмай келеді. Біздің қолымызға қалам алдырған Баймұрат бабамыз жайлы халықтың санасында қалып, ауыз-екі әңгімелерде айтылып жүрген және тарихи мәліметтер негізінде ой түйіп, бабамыздың тарихта өзіндік орны бар екендігін көпшілікке паш ету.

Ж. Аманжолов, Қ. Рахметов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы, «Білім», 1997 жылы жарық көрген кітапта Қазақ мемлекетінің әлеуметтік топтары, Қазақ хандарының сыртқы саясаты мен дипломатиясы (XV–XVIII ғ.) былайша суреттелген.

Қазақ мемлекетінің әлеуметтік топтары мен категориялары хандық дәуірдегі қазақ қоғамы экономикалық жағынан ғана емес, көбінесе саяси және құқықтық белгілеріне қарай бөлінген екі негізгі қарама-қарсы әлеуметтік топтардан — «ақсүйектер» мен «қарасүйектерден» тұрады. «Ақсүйектерге» тек сұлтандар деп аталатын Шыңғысханның тұқымы және Мұхаммед пайғамбардың жақтастарының ұрпағы саналатын қожалар кірді. Қалған бөлігін «қарасүйектер» құрады. «Қарасүйек» әлеуметтік тобынан шыққан ерекше құқығы бар ру мен тайпа бастаушылары — билер болды. «Би» сөзі «бек» сөзінің өзгерген түрі. Сондықтан ол ХV ғасырға дейінгі деректерде кездеспейді, ал түркі сөзі «бек» монғол тіліндегі «ноянға» ,парсы және араб тіліндегі «әмірге» сәйкес келеді.

Билердің беделі мен күштілігі шыққан руларының, яғни шығу тегінің ежелгі көшелілігімен, олар кіретін рулардың үстемділігімен анықталады. Қазақ ұлыстары билерінің кейбір ерекше құқықтары болды: қол астындағы руларға сот, әкімшілік, әскери билік жүргізу ханнан басқа тек билерде ғана болды. Олар жалпы мемлекеттік істерді шешу үшін жыл сайын шақырылатын «халықтық жиынға» сұлтандармен бірге қатысты. Ең беделді ру басшылары ханның қол астындағы «билер кеңесіне» кірді. Билер хандық басқару жүйесіндегі маңызды топты құрағандықтан, олардың кем дегенде мынандай төрт құқығы сақталды: әскери басшы, әкімшілдік адамы, сот және дала үстем табының өкілі. Билердің шыңғысхандықтардан айырмашылығы олар «халықтық" үстем тапты құраушылар, «қарасүйек» табының бастаушылары болған.

Қазақ елі Ресейге өз еркімен қосылды дегенде, алдымен Әбілқайыр ханның 1730 жылғы Анна патшаға жазған хатын, оның берген антын дәлел етеміз. Әрине, Әбілқайырдың хат жазғаны да, ант бергені-де шын, бірақ ол қандай жағдайда, не себепті хат жазып, ант бергеніне онша көңіл қоймай жүрген сияқтымыз. Бұл жөнінде өзі темір жол инженері бола тұра, елінің тарихына қатты көңіл бөлген Мұхаметжан Тынышбаев («Таңдамалы», «Арыс» баспасы, Алматы 2001 ж.) та жазған. Жоңғарлармен соғыста қазақ әскеріне басшылық етіп, қайрат көрсеткен Әбілқайыр бүкіл қазақ еліне хан болғысы келді, сол ойынан қайтпаған.

Ал енді бұл мәселеге екінші жағынан келейік. Петербургте Алексей Иванович Тевкелев атты христиан болып, қазақ еліне елші болып келгенде Құлтұғымұхамед атты мұсылман болып жүрген екіжүзді Тевкелевті елдің адал қариялары жек көріп қарсы алғаны, тіпті оны өлтіруге тырысқаны да көпшілікке белгілі. Тевкелевтің сол кездегі ел қамынан гөрі қара басының пайдасын көбірек ойлайтын кейбір, ақсақалдар мен билерге мол тарту-таралғы беріп, алдап-сулап әрең көндіргені-де мәлім. Кіші жүздің билеушілері Ресейге бағынудан бас тартқаны жөнінде Әбілқайыр өзінің Тевкелевке жазған бір хатында «…и не советая (орысша аудармасында солай) о том никому, не объявляя своим султанам и подлым знатным баям, передал себя под во высочайшую протекцию Ея императорского величество», — дейді. Осының өзінен-ақ қажырлы, қайсар Әбілқайырдың бұл мәселені ешкіммен ойласпай, өз қара басымен шешкені көрінеді. Осыларды көре тұра, халықты ханның соңына тіркеп беруіміз ешбір жөнге келмейді-ақ.

Осы орайда Кеңестер Одағының батыры марқұм Нағи Илиясовтың аузынан естіген мына бір әңгімені келтіргенді жөн көрдік: бабамыз Баймұрат батыр ел басқаруға жастайынан араласады, қалмақтармен арадағы көптеген соғыстарға қатысып, біреуінде шекесіне тиген шоқпардан жарақаттанып оң жақ көзі ұясынан шығыңқы боп бітеді. 1723 жылғы «Ақ табан шұбырынды, Алқа көл сұламада» кіші жүз елі «Сауран» айналып, Жиделібайсын жеріне бекініп, күш жинайды. Сол жерде бабамыздың құрметіне қойылған Баймұрат атты елді мекен бар. Күш жинап болғаннан кейін 1726 жылы Әбілқайыр ханның басшылығымен Бұланды өзенінің жағасында жоңғарларды үлкен жеңіліске ұшыраткан «Қалмақ қырылған» шайқасына және 1729 жылғы «Қалмақтардың аңырауы мен боздауы» деп аталатын жоңғарлар мен қазақ жасақтардың арасындағы «Аңырақай шайқасына» қатысқан.

1730 жылы Болат хан қайтыс болып, орнына Әбілмәмбет сұлтанның таққа отыруына байланысты қазақ хандарының арасына іріткі түсіп, Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз бен Сәмеке хан бастаған Орта жүздің бір бөлігі шайқасты тастап шығады да, орыс шекарасына кетіп, халқының наразылығына қарамастан орыс бодандығын қабылдайды. Осы оқиғаны Александр Николаевич Сергеев Петербургский посол, Алматы «Санат» 1998 ж. кітабының арқауы етіп алған. Онда ол жаппастың биі, әрі батыры Баймұрат пен орта жүз найманның сұлтаны Көкжал Барақты жағымсыз кейіпкер етіп көрсеткен.

1743 жылы осы күнгі Жамбыл облысы, Меркі ауданы аумағында болған қазақ-жоңғар шайқасында ту көтеріп жүрген Баймұрат бабамыздың аяғына оқ тиіп жарақаттанады. Сол кездегі соғыс ережесіне сәйкес туы жығылған жақ жеңілген боп саналады екен. Осыны ескерген бабамыз жарақаттанған аяғын қылышымен шауып тастап, тұқылын қайнап тұрған майға батырып алады да, жарасын таңдырып, туды құлатпай әрі қарай шайқас аяқталғанға дейін қатысады. Осы ерлігінен кейін, бабамыз Жаппас руының ұранына айналып, атағы жер жарады.

Көкжал Барақ сұлтанмен тілеулес болып, елдің тұтастығы мен егеменді болуына бар күш-жігерін аямаған. Сол жолда Абылай сұлтанмен-де (1771 жылы үш жүзге хан сайланған) өте жақын болып, оның үш жүздің басын біріктіру мақсатын жүзеге асыруда сенімді серіктерінің бірі әрі «Хан кеңесінің" мүшесі болады.

Шамамен1968 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Октябрь колхозының тұрғыны Исламбек Асиров Жамбыл облысы, Меркі ауданына құдалыққа барады. Сонда құдалары Қырғызстанмен шекаралас Баймұрат деген төбенің басына апарып, жақсылап сыйлайды. Сөзден сөз шығып, бұл неғылған төбе дегенде, жергілікті бір тұрғын бұл Кіші жүз Баймұрат батырдың ерлік көрсеткен, жараланған аяғын көмген жері болғандықтан сол кісінің құрметіне қойылған атау депті.

1996 жылы Ілиясов Ренат Нағиұлы Қостанай облысына іссапарға барып, сондағы арғындардың Баймұрат бабасына ас беріп жатқан үстінен түседі. Сұрастыра келгенде сипаттауы Жаппас руының Баймұрат батырымен дәл келді дейді. Көкжал Барақ сұлтанмен тізе қосып ел ісіне араласуы оның орта жүзге-де қадірлі, сыйлы болып, олардың бір аталығының қадір тұтатын аруағына айналғанын көреміз.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

Нұрмұхамед Бекболат Сейітжағыпарұлы, Нұрмұхамед Нұржан Бекболатұлы, Аманов Әбдікәрім Арғынбайұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English