«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қожаберген феномені

2146
1

Мысалы аннал мектебінің тамаша өкілі Марк Блок бір еңбегінде «Мәселе Исаның (Иисус пайғамбар-Ж.А.) креске шегеленгенінің болған болмағанын, одан кейін қайта тірілуін анықтау емес. Бізге маңыздысы біздің жан-жағымыздағы осыншама адамның керу мен тірілуге қалайша сенетінін түсіну» дейді (Блок М. Апология истории или ремесло историка. М.,1973. с.21–22). Біз болсақ Қожаберген жырау өмірде болды ма, болған жоқ па деп бас қатырып, қызыл кеңірдек болып айғайласып жүрміз. Мен-де «ордабасы» Қожаберген Толыбай сыншының ұлы дегенді оқып қалып, өзімнің білімділігімді көрсеткім келгендей, жоқ, Толыбай сыншы, аңыздық кейіпкер, ол «Көрұғлы» жырының бастауында тұр, ол Қанжығалы тайпасының түп атасы деп пікір айттым. ХУІІІ ғасырдағы біздің білетініміз абақтың атақты батыры Қожаберген дедім. Осының бәрі бірсыпыра адамның ашу -ызасын туғызды. Социал Жұмабаев «қожабергентанушылар бірді -екілі адам емес, бақандай сексен адам бармыз» дейді. Дәл қазір Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында осыншама ғалым жоқ. Тұтас бір ғылыми ұжым десек те болады. Сексен адам алдыңғы шептегілері, олардың соңында қаншама халық барын есептеп көріңіз.
Бұл мәселеге жеңіл-желпі, менсініңкіремей қарауға болмайтынын түсіне бастадым. Есіме Қожаберген ұната қоймайтын Әбілғазы хан жазатын Топан су оқиғасы түсті. «Жеті жүз жыл Нұқ пайғамбар халықты мұсылмандыққа үгіттеді, ер және әйелі бар сексен адам иман келтірді. Жеті жүз жыл үгіттегенде сексен адамның ғана мұсылман болғанына қатты ренжіп, Нұқ Құдай тағаладан сексен адамнан басқаларын жоқ қылуын сұрап дұға оқыды» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы,1991.-11-12 бб.). Осы сексен адамнан қазіргі жер бетіндегі жеті миллиардқа жеткен адамзаттың тарихы басталады. Құдай сақтасын, егер Социал Жұмабаев, не басқа ауызы дуалы қожабергентанушылардың бірі дұғаны оқып жіберіп жер бетінен олардың тізімінде жоқ адамның бәрі жоғалып кетсе не болмақ ? Жүрекке мен осы жаһандық апатқа кінәлі болып қалатын шығармын деген қорқыныш кірді. Амал жоқ Қожабергеннің мұрасы түгел жинақталған, ең үздің қожабергентанушылардың мақалалары енген «Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -38 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов) кітабын қайта қолға алдым.
«Елім-ай» дастаны 61 жастағы Қожабергеннің Керей-Уақтың жұрты «Батыс Сібірден» Айша сұлуды төркіндетіп қайын жұртына «Қуаң Сырға» баруынан басталады.
Қожекең «Боларын шабуылдың болжап кеттім, Жағдайын ел-жұртымның ойлап кеттім» дейді, бірақ жасынан сүйіп қосылған «жарқосағы» Айша сұлудың көңілін қалдыра алмаған. Жау жағадан алып, жан танаудан шығарда не деген махаббат десеңізші?! Әлқисса, «Айшажан елі-жұртын келіп көрді, Көрісіп Қабылекеңе сәлем берді. „Алыстан әдейі арнап келдіңдер“,-деп, Үлкендер разы болып көңілденді».
Сол екі ортада «басталып қырғын соғыс қиын болды». Қожекең «өнерін елінен неге аясын, беделін неге жоғалтсын, халқының ауыр халін баян етіп» «Елім-айды» жазды да тастады: «Келем деп қайын жұртқа жыр шығардым, Елімнің күйін көріп жапа шектім».
Тек дастанды ғана емес «елім-айлатып» ән мен күйді-де шығарды: «Шығарған осы жырмен қоса қабат, Аталсын „Елім-ай“ деп ән мен күйім». Қожекең айтты, бітті, «ақ былғарыға» жазылды. «Ақтабан шұбырынды» уақытына, ақ былғары табу қандай қиын, оның үстіне сия да қат, әйтеуір қайын жұрты Есентемірлер, күйеу баланың алдында ұятқа қаламыз ба деп намыстанып бірдеме қылды. Тәшкент, Бұхар базары таяу ғой, «қазаққа мылтық сатпаса да» сия мен, ақ былғарыны алуға болады.
«Елім-ай» дастанын оқып отырып Қожекеңнің білім көкжиегі мен эрудициясына тамсанасыз. Былай дейді: «Оңғұт, Сағай, Боржігін, Меркіт бәрі, Сібірдегі татардың рулары. Шығыстан кәпір қалмақ келіп бас салғанда, Оларда да болмады оқ пен дәрі» (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -38 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов).
Сібір түркілерінің (татарлары емес) ішінде сағай деген тайпаны кездестіріп қаламыз кейбір деректерден, ал оңғұт Шыңғыс хан заманында Қытай қабырғасын қорып жүрген ел еді, ол қалай Сібірге келіп қалды деп таң боласың. Боржігін-де моңғолдың ескі, аңыздарында аталушы еді, оны Қожекем қай жерден тауып алды, бір Аллам білсін? Меркіт туралы айтпай-ақ қояйын.
Орталық Азияның этникалық құрамына қатысты тағы бір мәселе. Қожекең:
Жоңғарға Дүнген, Сібе диқан болып,
Шор, Тұба, Саха мен Хас малшы болып.
Шаруасын тәуелді елдер атқарған соң,
Жауыздар дәулеттенді, бақыт қонып,-дейді.
Біз осы жолдарды оқып отырып өзіміздің этникалық мәселеден әбден қараңғы екенімізді кәдімгідей сезініп қорланамыз. Дүнгені түсінікті, олардың қалмаққа диқан болғаны түсініксіздеу. Сібе дегені манжүр тайпасының бірі болса керек, бірақ мәнжүрлер ол кезеңде Қытайды билеп тұрған ел қалмақтың егінін қалай салды екен? Шор, Тұба, Саха дегендері Сібірдің түркі тілдес тайпалары. Сонау Солтүстік мұзды мұхитты жағалаған сахаға малын бақтырып қойған жоңғар оңай жау болмады ғой дейсің ?! Басқа не дейміз. Хас дегенін З.Қабылдинов сияқты этнографияға қатысы бар жігіттер түсіндіріп берсе жөн болар еді.
Біз «Ақтабан шұбырынды» қалмақтың Түркістан өңірін шабуынан басталады деп жүрміз, ал Қожекең кеңістігі шексіз, ол Ібір-Сібірден бастайды:
Көңілі халхи, жоңғар судай тасты,
Сібірдің татарларын бірден басты.
Қазақтан көмек сұрап Құралаш, Ескер,
Шошынып дәу мылтықтан қатты састы
Қожекеңнің «Халхи, жоңғар» дегенін қожабергентанушы тарихшы ғалымдардың бізге түсіндіріп бергені керек-ақ. Біз «жоңғар» атауы Ресей әдебиетінде географиялық атау ретінде кейін пайда болды деп жүрміз. «Халхи» дегені Моңғолияның шығыс алқабын мекендеген халха-моңғолдар ма екен, олар біздің жақта не істеп жүр. Құралаш, Ескер дегендер кім болды екен, осыны Сібірге бір табан жақын елдің адамдары білер ме екен? Қожекеңнің «Елім-ай» поэмасына қарасақ «Керейге паналауға көшкен Ескер», «Татарлар Керейлерге паналаған», «Барандар Керейлерді сағалаған» (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -39 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов). Осыған қарағанда керей, тіпті қожабергентанушылардың арасында баран, татар, ескер аталатын аталардың өкілдері, әсіресе барандар көп болуы керек.
Қожаберген «Елім-ай» поэмасын асығыс жазған сияқты, қалай дегенмен жаугершілік уақыт қой, немесе қайын жұрты Есентемір ішіндегі сұлу балдыздары мазалай берді ме екен, жезделерін шымшылап, қолынан қаламын алып қашып, кім біледі? Әйтеуір, жырды оқысақ онша ұйқаса қоймайды:
Сібір татарлары орысқа қараса да,
Ол елдің ісін орыс жөн көрмеді.
Жоңғарлар татарларды шапқан кезде,
Ресей қалмақтарға қой демеді,- деген сияқты жырдан көрі қойыртпақ деуге келетін шумақтар көп.
Біздің Бұқар бабамыз шамасы Қожаберген сияқты тым балдызшыл болмаған. «Ақтабан шұбырындыны» сипаттағанын қарашы, тілі мірдің оғындай, әр айтқан мысалы болат шегедей емес пе:
Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай!
Баспақ-тана жиылып,
Фана болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай,
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай,
Азаматың құлапты
Жұрт талық болған заман-ай.
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалыменен теңелер,
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малыменен теңелер.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз
Алланың аманат қойған жаны,
Қай күні алары болжалсыз!
Екі жыр үлгісін салыстыра қарап Бұқар жырау Қожабергеннің шәкірті дегенге күмән келтіретініміз-де рас.
Солай десек те Қожабергеннің Орталық Азия елдерінің әскери өнеріне, саяси істеріне қатысты пікірлері ежіктеп қарауды талап етеді. Мысалы Қожекең «Елім-ай» дастанында бүкіл түркі жұрты қалмақтың дәу мылтығынан үркіп қашты дей отырып:
Өнерді надан қалмақ меңгерген жоқ,
Дәу мылтықты жасауды олар игерген жоқ.
Көрші екі ел мылтық беріп айдап салды,
Әйтпесе қалмақ бізге тең келген жоқ,-деген пікірді-де қыстырып жібіреді. Шамасы «дәу мылтық" деп Қожекең зеңбіректі айтып отыр. Орта Азияда үлкен зеңбіректі «топ», артиллеристерді «топшы» дейді. Түйенің арқасына орнататын ұзын ауыр мылтықты «жезайыл» дейді, оны ердің алдыңғы қасына шеге қадап, соған бекітіп жан-жаққа айналдырып отырады. Дегенмен Қожекеңнің «дәу мылтығына» қазақтың дәстүрлі әскери өнері, қару-жарағы туралы зерттеулер жасап жүрген К.Ахметжанов А.Көшкінбаев сияқты ғалымдар назар аударады деген ойдамыз. Осы жігіттер қалмаққа мылтықты Ресей мен Қытай берді деген деректі-де тексерер деген үмітіміз бар. Біздің қарадүрсін зерттеулеріміз тек қана ХУІІ ғасырдың соңы- ХУІІІ ғасырдың бірінші жартысында қалмақ пен қытайдың үш соғысы болды дейді (1680–1690; 1715–1722; 1730–1740) (Қара: Артықбаев Ж. О. ХУІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы. Павлодар, 2004). Ресеймен 1716 жылғы И.Бухгольцтің 3 мыңдық отрядын Жәміш көлі маңында қырып тастағаннан кейін қалмақтар қалай қарым-қатынас орнатады? Қожекең болса «Керейден тартып алған Омбы өзенін, Орысқа кәпір қалмақ тарту етті» дейді. Ресей болса Ертістің бойына жақындағаннан бері көресіні осы қалмақтан көрдік дейді. Бір деректер 1716 жылы орыспен соғыс кезінде қалмақ қолына түскен швед тұтқындары бір-екі кішкене зауыт салғаны, оларда патша үкіметінен қашқан орыстардың қызмет еткені рас. И.Унковский деген елші «ұрғада түйеге қомдалған 20 зеңбірек, мыстан жасалған, жерге қондырылған 6 пұттық зеңбірек тұр» дейді. Қалай болғанда да «өнерді надан қалмақ меңгерген» сияқты.
Қожекеңнің Орталық Азия халықтарының этногенезіне қатысты пікірлері тіпті тосын. Мысалы:
Маңғұл татар болғанда, қалмақ басқа,
Сұм қалмақ әкелді ажал кәрі -жасқа.
Ойғырдың анасы-қытай, атасы -түрік,
Қытаймен көрші тұрды жиенсініп.
Қалмақтың шыққан тегі -Манжор екен,
Байкөлдің ар жағынан келген екен.
Хоролұқ деген арғы хантайшысы,
Көп елді жаулап алам деген екен,-дейді (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -41 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов).
Қожекең бұл шумақтарды да асығып отырып ұрып жібергенге ұқсайды. Бәрін құртқан Есентемір балдыздар. Бұл кісі қаламын алып дастанға отыра берсе болды, жан-жағынан тиісе бастайды. Әйтпесе Қожекең қалмақтың ертедегі Найман, Керейіт мемлекеттерінен қалған жұқана екенін, қалмақтың ішінде тек хошуттардың ғана моңғол тегі нақты екенін білмейді дейсіз бе? «Ойғырдың шешесі қытай» деп нені айтпақ болды екен. Қожекең кейде осылай жұмбақтап жібереді, «Елім-айға» ие болып қалған ұрпақтары шешсін деген шығар. Бұл әңгімені ұйғырлар естімегені жөн. «Манжор» дегенді Қожекеңнің ақ былғарыға жазылған қолжазбасын кирилге көшіріп отырып не Қаратай Биғожин, не Социал Жұмабаев қателікпен енгізіп жіберген болар. Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп «Ақтабан шұбырындыда» қазақ Сырдан Арқаға ауды деуші еді, Қожекең «Тобықты, Қанжығалы, Күрлеуіт, Қоныссыз қалғаннан соң Сырға ауды. Балқаштың шығысында тойтарды олар, Өкшелеп қуып келген қалмақ жауды» дейді. Балқаштың шығысы, қазіргі Қапшағай маңы ол кезде Сыбан-Раптанның ордасы. Шамасы қалмақ Тобықты, Қанжығалы, Күрлеуітті Балқашты айналдыра қуған болуы тиіс. Бір-екі рет айналғаннан кейін белгілі ғой, байқамай Сыбан-Раптанның ордасының үстіне барып қалып, тас-талқанын шығарған. Қожаберген өсиетіне адал ұрпақтары дауылпаз бабаның «Қырылу Алкөлден басталып тұр, Қазақтар Ұранқайдан жасқанып тұр. Ресей мен Қытайға арқа сүйеп, Жоңғар сұм сол екі елден күш алып тұр» деген шумақтарын жиі қолданады. Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы «Ақтабан шұбырындыға» дейін тобықты Сыр бойында тұрғанда болған еді дейді. Тобықты Алакөлге қалай барып қалды екен? Қазақтарды жасқап тұрған Ұранқайлар кімдер? Қазіргі қожабергентану ғылымының көшбасшысы Социалдың осы кереғарлыққа байланысты пікірін білсек жақсы болар еді. Ол тобықты шежіресінен тағы бір Сардар Қожабергенді тапқан ізденгіш адам.
Қожекең «Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ, Айрылып қонысынан зар жылап жүр» деп көз жасын төгіп жіберіп, «Ордос, Шарақ, Харачин-бәрі қалмақ, оларды Ресей, Қытай алған жалдап» деп екі империяны мұрындарын қан жалатып тағы да бір періп жібереді. Оқып отырып сүйсінесің, тек «Ордос, Шарақ, Харачин» деген мәселелерді Қожекеңді оқулыққа енгізген шәкірті З.Қабылдинов кішкене түсіндіріп жіберсе дұрыс болар еді. Осы беттегі «Убашы, Хорос, Шорос, Телеуіттер, Кіші жүз елдеріне жапқан жала» дегенді-де түсінбей қалдық (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -51 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов).
«Елім-айдың" 52 бетінде мынадай бір жолдарды кім түсіндірер екен: «Қалмақтың әр тайпасының тұқымы бар, Отыз мың үй тағы да есін жинап алған. Мылтық атуды үйретіп қалмақтарға, Ресей мақсұтына пайдаланған». Қожекеңнің «отыз мың үйі» 1771 жылы Еділден шығысқа қарай көшкен торғауыттар емес пе екен? Социалдың жазуына қарағанда Қожекең 1763 жылы Хақ Рахматқа аттанып, пейіштің төрінде періштелермен ойнап-күліп жүретін сияқты еді, қалайша торғауыттың қаша көшетінін біліп қойды екен? Дауылпаз болған соң дау жоқ.
Әңгіменің негізгі сорабына келейік. Қожекең қайын жұртында алаңсыз «Елім-айды» жазып болған уақытта, Сыр-Қуаңға дәу мылтығын арқалап қалмақ келді: «Дәу мылтықты дұшпаннан, Есентемір жұрты ығысқан», «Орал тауға көшпекші, Жаулары шайқап іргені» (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, «Мектеп»,2011. -51 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов). «Есің барда еліңді тап» деп Айша сұлуды атына мінгестіріп Қожекең Арқаға тартты: «Сиынып аруақ пенен Жаббар хаққа, Мінгестік Айша екеуіміз, ақ боз атқа. Құтылып жаудан алыс кете бардық, Әйтеуір тұтқын болмай ит қалмаққа». Шіркін, қазақтың ақ боз аттары қандай мықты. Қожекең бір жүз келі бар, Айша бәйібіше-де қанша мақтағанмен, ол да кемі жүз келі, екі жүз келіні бұйым құрлы көрмей Бетпақтың шөлінен алып шықты. Тек бір мәселе ойдың түкпірінде жылтыңдай береді. Қожекең қанша дегенмен талай жыл қазақтың сардары болған адам, жарайды Есентемірге кемпірі Айша сұлуды төркіндеткені дұрыс дейік, сол елде қалмаққа қарсы азаматтарды ұйымдастырып қозғалыс неге жасамасқа. Жоқ, «Елім-айлап» ән салып, күй тартып, дастан жазып шат-шадыман күн кешеді. Енді жау келген кезде қайрат қыла ма десек, Айшасын, ақ боз атқа мінгестіріп алып Арқаға қарай шу деді-де кетті. Осыдан кейін Есентемірлерге мойындатып көр Әз Тәукенің заманында Қожаберген сардар болды дегенді. Қожекең қайын жұрттың алдында сыннан өте алмаған сияқты. Әлде «Елім-айдың" басқа бір нұсқасы, ақ былғарыға жазылып Қазақ ғылым академиясының қолжазбалар қорында жатыр ма екен? Кезінде „Елім-айды“ жарыққа алып шыққан Қаратай Биғожин кемтар адам болды да, архив қойнауларын толық ақтара алмады. Осы жұмысты Социал жалғастырса дұрыс болар еді. Өзі бұл күнде Қожекеңнің бірнеше үзінділерін тауып, Бұқар жырауға бірсыпыра қосымшалар жасап машықтанып қалды, тек анау әкім, депутат, құқық маңындағы жігіттер қаржылай көмек көрсетсе болды.
Қожекеңнің „Елім-айын“, оған қоса „Баба тілін“, „Жеті жарғысын“ т.б. толып жатқан мол мұрасын бір оқығанда түйсіну қиын. Болашақта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институттары арнайы бөлімдер ашып зерттемесе, менің қолымнан келер дүние емес. Бірақ бір мәселені айтпасақ ол бізге кешірімсіз. Әңгіме Қожабергеннің қазақ төрелеріне қатысты пікірлері. Қожекеңнің хан-сұлтанға қаны қарсы, Совет үкіметінің 30 жылдардағы шолақ белсендісі сияқты: „Сәмеке мен Болат сатқын“, „Әбілхайыр төреңіз хан болудан үмітті, Қолға алса істі бүлдірер бермеңдер оған билікті“, „Хысырау ұлы Ғайып та, Хиуаның ханын жанапты“. „Шыңғыс ханнан туды деп, Арғы атасын төрелер. Асыл санап өздерін ел билеуге құмар -ақ. Көтеру үшін беделін жұрт алдында дүрілдер“. „Хан еді Ұлы жүздің таз Жолбарыс, Үйсіннің дәулетіне мас Жолбарыс“ т.б.
Қожекең мұрасының ішінде Әйтеке би айтты деген мынадай „ұлағатты сөз“ жүр: „Төреден Әйтеке би безін деді, Келді ғой көсем сайлар кезің деді. Хан, сұлтан, төре күні өткен деді, Олардан, ақыл-айла кеткен деді. Үш жүзім өзіңді-өзің тұтас ел қып, Басқарар енді уақытың жеткен деді. Қазақты төре бастап көгертер деп, Малтаңды би мен бектер езбе деді“ " (Дауылпаз баба -Қожаберген. Алматы, „Мектеп“,2011. -73 бет. Құраст. А.Тасболатов. Редакция алқасы Б.Тұрғараев, С.Жұмабаев, Ж.Ахметов).
Біз Әйтеке мұрасы туралы ештеме-де айта алмаймыз. Оның өз зерттеушілері, өз мұрагерлері бар. Мысалы Әбіш Кекілбаев, ағамыз, жоғарыдағы „ұлағатты сөзге“ өз бағасын бере жатар, расында да Әйтеке би айтты ма осы сөзді анықталар. Жоқ, Қожекең Айша сұлуды артына мінгестіріп Бетпақты кешіп келе жатқанда күннің ыстығы өтіп кетіп, адамның миы айналатын шөл ғой, бірдемеден қате жіберді ме екен? Сарысудан қамыстан сал буып әзер өттік дейді, сол кезде, ақ былғарыға су тиіп, сия жайылып кетіп, кейінгі Қаратай мен Социалдар дұрыс оқи алмай жүр ме екен?
Қазақ қашанда өзінің ханын сыйлап өткен халық, себебі хан елдің тәуелсіздігінің, бірлігінің символы. Әйтпесе, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп несі бар, алдияр, хан ием деп алдында несіне құрақ ұрады? Кешегі өткен Кенесары мен Наурызбайды жоқтаған жырларды өзге ұлт емес, қазақтың соңғы жыраулары шығарған жоқ па: „Қарашыда не күй бар, Айбынды ханы болмаса? Қайран есіл хандарды, Енді бір көрер күн барма?“ (Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы,1991. -159 бет). Тіпті әріге бармай-ақ қояйық, 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс кезінде хан сайлаған қазақ емес пе? 1930 жылдары совет үкіметіне қарсы ереуілдердің кезінде орталарынан хан көтерген қазақ емес пе? Қожекеңдікі, ағаттық сияқты.
Оның үстіне өзі дауылпаз жырау, өзі ордабасы (бұл лауазымды Қазақ хандығының мемлекеттік қызмет реестріне Қожекең өзі кіргізген болуы керек) дәлелсіз сөз айтпауы керек. Мысалы: Сәмеке хан 1730 жылдары башқұртқа жорыққа барғанда жараланып келіп, қайтыс болды. Ол қазаққа сатқындық жасады деген дерек жоқ. Не мемлекет мүлкін талан-таражға салды, не мемлекеттік құпияны айтып қойды, не жерді беріп қойды т.б. деп айта алмайсың. Болат 1723 жылы Сына батыр (оны Қожекең Шона-Даба дейді) Түркістанды шапқанда қаланы қорғап жаудың оғынан қайтыс болды. Болат сатқындық жасады деген ешқандай дерек көзге ілінген жоқ. Керей арасынан Қожекеңнің архиві табылып, соны, ақтарса біраз мемлекеттік құпиялар ашылар еді. Қалай дегенмен ондаған жылдар ордабасы болып қызмет атқарған, кейде тұтас әулетімен ел тізгінін қолына ұстаған батыр баба талай сырды білгені рас. Ол кезде шет елге, ақша тығу, құжат асыру деген жоқ, Қожекеңнің барлық жинаған қазынасы, құжаттары ұрпағында болуы тиіс. Соңғы кезде Социал Қожекеңнің ұрпақтарын таптық деп жүр, соларды қатаң сұрақтың астына алу керек. Тиісті мекеменің адамдары айналысса олар тыққан дүниелерін, әсіресе құжаттарды шығарып беруі кәдік. Сонда ғана біз Қожекеңнің хан тұқымына неге өшіккенін анықтай аламыз. Мүмкін Қожекеңнің мемлекет жүйесін қайта құру туралы жоспары болды ма екен, қалай дегенмен „Жеті жарғыны“ ақ былғарыға жазып ұрпағына қалдырып кеткеніне біз „Дауылпаз баба -Қожаберген“ (Алматы, „Мектеп“,2011) кітабы арқылы көз жеткізіп отырмыз. Атаңа нәлет ит қалмақ дәу мылтықты тарсылдатып бүкіл түркі халықтарын тырқыратып қумағанда Қожекең төрелерсіз жаңа мемлекет жасар ма еді?!
Енді қожабергентану ғылымы туралы бір-екі ауыз сөз. Шын мәнінде Қожаберген жырау аты қазақ жазушыларының еңбектерінің ішінде біреуінде ғана аталады. Ол Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынборда жарияланған „Киргизская хрестоматиясы“. Осы хрестоматияда „Абылай хан“ деген бір мысал әңгіме бар: „Керей Қожаберген жырауға Абылай: „Мені мақтап жыр айтшы“ деді. Қожаберген айтты:
-Абылай, сен мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің; Әбілмәмбет, ағаңа қызметкер болған ұл едің; Үйсін Төле билердің түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің, Алыстан тоят тіледің, Ақтан болды күніңіз, Арсы менен Күрсіге дау аласты үніңіз, енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды азаткерде құлыңыз“. (Алтынсарин И. Киргизская хрестоматия. Оренбург, 1879. С. 36). Бұл мысал педагог қайтыс болған соң жарық көрген „Мактубатқа“ де енді. „Мактубат“ араб сөзі „Хат“ дегенге келеді. Арап әрпімен Қазанда 1899 жылы жарияланды. Міне, бар болғаны осы.
Көзі қарақты адам бірден бұл әңгіменің Бұқар жырау толғауынан алынғанын біледі (Қара: Алдаспан. ХУ-ХУІІІ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалар жинағы. Құраст. М.Мағауин. Алматы,1971. -151б.).
Ы. Алтынсариннің „Киргизская хрестоматиясы“ мектеп жасындағы балаларға арналған дидактикалық әңгмелерден тұрады. Еңбекте К.Ушинский, И.Паульсон, Л.Толстой сияқты педагог жазушылардың кітаптарынан алынған мысалдар толып жүр, яғни кітап авторлық тарихи зерттеу емес, балаларға оқуға, есте сақтауға ыңғайлы, педагогикалық тәжірибеден өткен ғибратнамалық мысалдар жинағы. Ы.Алтынсаринің өзі-де „Статьи же настоящей книги состоят из рассказов, взятых прямо из народного быта и преданий, и из переводов…покорнейше прошу за сим знатоков киргизского языка, и в особенности своих соотечественников, получивших образование, указать на их недостатки, которые будут замечены ими в представляемой хрестоматии…“ дегені белгілі (Алынсарин И. Собрание сочинений в трех томах. Т.1. Алма-Ата,1975.с.76).
Осыған қарағанда Ы.Алтынсарин-де жинақтың ішінде қателіктер барын мойындап отыр. Бірақ дәл осы әңгіме „Қожаберген жырау“ туралы қазіргі даудың негізгі көзі, басқа не қазақ, не орыс, не қытай шежіре-жылнамаларында „Қожаберген жырау“ аты аталмайды. „Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ“, Ыбырай атамыз „Киргизская хрестоматияда“ жаңылысты екен деп біз осы жолды жалғастыра береміз бе? Ыбекеңнің жас шағында христиандықты қабылдағаны да белгілі, егер біз Қожабергенді қабылдасақ, онда Ыбырай, ағамызды толық қабылдауымыз керек, ол жас кезінде шоқынып еді деп неге поптың алдына бармасқа? Біз Қожаберген жырау туралы дауласып жүргенде жас буын керейлер осы процесті бастап та кеткен сияқты. Азамат дегеннің жазғанын интернеттен оқыңызшы: " Да, кереи- как правило образованы, талантливы. Кереев много вне Казахстана. Я живу в Москве. Окончил с отличием ВУЗ, скоро и аспирантуру. Пианист. Моя мама-керей, родилась в селе Приозёрное, что около Зайсана.
А наши предки были ещё до монгольского нашествия одними из представителей тюркского христианства в его несторианском варианте. И музеи хранят свидетельства восточного христианства кереев и найманов: алтайские кресты, изображения голубя(символа Святого Духа), тюркские надписи христианских молитв на богослужеьных чашах.
Улусы кереев и найманов были христианскими государствами, воюющими против арабо-исламской экспансии, тюрками-буддистами, монголо-китайскими язычниками.
Несторианство наших предков было ближе к византийско-православному варианту, нежели армянское или коптское монофизитство! Кереи и найманы получили несторианство из Сирии. Шёлковый Путь ведь был распространителем не только товаров материальных, но и вер, учений. Так что наши предки молятся о нас своему Богу Исхо Маших (по-гречески: Иисус Христос, Мессия)».
Міне, әңгіме болатын тақырып, ал біздің Қожаберген Толыбай сыншының ұлы ма, ұлы емес пе, болды ма, болмады ма дегеніміздің бәрі ұсақ түйек. Иса пайғамбардың әкесінің кім екені осы күнге дейін белгісіз, бірақ жер бетіндегі христиан жұрты Құдайдың ұлы деп еш күмәнсіз сенеді. Жоғарыда Марк Блоктың жазып отырғаны да осы емес пе? Қожаберген жыраудың өмірде болғанына сексен қожабергентанушыдан басқа да сөзсіз сенетін адамдар көп. Оларға сен Қожабергенге сенеді екенсің деп кінә артуымыз да қателік, ертеңгі күні әлемді жайлаған жаңа дін, жаңа ел өмірге келсе сіз бен біз қайтпекпіз? Иса пайғамбарды жазалаған Понти Пилаттың кейпін еске түсіріп көріңізші, солай бауырым.

Қалай болғанда да біздің қазақ қоғамы бір ауыр өзгерістерді ішінен өткізіп жатыр. Бұл дәуірді кейінгі заманның тарихшылары «пайғамбарларды іздеу», не «Құдайды іздеу» кезеңі деп атауы да мүмкін. Біз сол өзгерістерді жанында жүргеннен кейін анықтап көре алмай тұрмыз, оның масштабын сезіну үшін уақыт өтуі керек. Тау алыстаған сайын биіктей береді емес пе?! Социал және оның компаниясы осы қозғалыстың басында тұр, олар біресе Бұқар жыраудың, біресе Мәшһүр Жүсіптің, біресе Е.Бекмахановтың тонын киіп көреді, солар сияқты сөйлемек, солар сияқты жазбақ болады. Жәй адам бұл шаруаны атқара алмайды, адамда сондай істерге итермелейтін арқа болуы керек. Сіз ХХ ғасырдың басында Ресейде төңкеріс жасаған Ленин деп ойлайсыз, ал кейбір зерттеушілер Распутин жасады дейді, солардың сөзінде жан бар. Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақыт біз іздену үстіндеміз. Оңай ма, қаншама мықты адамдар бұл шаруамен айналысып жатыр, біресе Қазыбек бек Тауасар ұлын алып шығады, біресе әмбебеп емші Өтей бойдақ пайда болады, біресе Қытайдан Елібайды (Ли Бо) даулаймыз, оның үстіне қазақтың дәстүрлі ән-жырының бірден бір иесі атанған Сегіз серінің дауы бар. Тәуелсіздің алғалы бері бір тыныштық жоқ. Тура бір Л.Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» кітабы сияқты. Кім пірадар Иоанды бірінші табады екен? «Аузы күйген үріп ішеді» деп біз-де әуел баста «ордабасы» Қожаберген жырауға қарсы болған едік. Енді ойланатын болдық, себебі бұл феномен, яғни ерекше құбылыс. Кім біледі адамзаттың жаңа тарихы осы Қожекеңнен басталып кетпес пе екен?!.

Ж. Артықбаев т.ғ.д., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Nurbolat Zholaman02.07.2018, 23:06

Есентемирлерден ала алмай журген оши бар сиякты осы статьяны жазган адамнын !!!

Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English