«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Х.Ерғалиев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесінің сомдалуы

2728
0

ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ әдебиеті тарихында әр кезеңде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасын, қоғамдағы алған орнын суреттеу дәстүрі қалыптасты. Ғұмырнамалық, тарихи деректік мәліметтер негізінде көптеген көркем шығармалар дүниеге келді.

Бірқатар қазақ романдарында кешегі өткен соғыс пен соғыс кезіндегі ел өмірінің шындығы сөз болды.

Әсіресе, адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қарау және оның философиялық сырын ұғыну соғыстың шындығы арқылы танылатын шығармалар қатарында Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», (1956) «Шырағың сөнбесін» (1981) ауылдағы соғыс жаңғырығын бейнелейтін Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1967) романдарында ел намысын қорғаған жандардың адамдық кейпі жайындағы туындылар тұрды.

Тарихи қызуғушылық, соның негізінде халық тарихының қилы — қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалардың қоғам, адам өміріндегі орны, рөлі жайлы ойлау, толғана отырып көркем бейне сомдау осы кезеңде қаламгерлер қаламынан шыққан туындыларда көбірек байқалды.

Өмірдің қым-қуыт қайшылықтарын бүркемей, шиыршық атқан эмоциялық бояумен, серпінді ой, өткір тілмен шындықты шырылдай жырлаған қазақтың ақиық ақыны Хамит Ерғалиев еді.

Ақын шығармаларының басты ерекшелігінің өзі ел тағдырын, халық тағдырын, тәуелсіз еліміздің бүгіні мен болашағын биік пафоспен жырлауында.

Хамит Ерғалиев жай лирикаға барып ғана қоймай, тарихқа көз жүгіртіп отырды. Тарихи тұлғалардың тағдырын қалам ұшына іліндіріп, өткен мен болашақты, еңбек пен өнерді жырлап, ғажайып дастандар тудырды. Кешегі Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңін-де көзден таса қалдырмады.

Поэмаларының алғашқыларының бірі «Әке сыры» — әкенің баласына айтқан толғанысы, сыры түрінде жазылған дастан. Ақын әке мен баланың қарым-қатынасын суреттей отырып, отаншылдық рухты оқырманға түсінікті тілмен жеткізе білген. Осы поэма жөнінде академик С.Қирабаев: «Солдаттың соғыс оқиғаларын емес, алған тебіренісі, ішкі жан дүниесі, биік моральдық бейнесі зор шабытпен жырлаған» деп әділ бағасын береді.

Ақынның тарихи дастандарының бірі — «Аңыз ата» дастаны. Өткен ғасырдың 60-жылдары жарық көрген сюжеті жағынан лирико-философиялық шығарма. Халық арасына кең танылған, аңыз-әңгімелерді автор өзінше зерттеп, қорытып, шығарма арқауы етіп алады. Украин халқының ақыны Тарас Шевченконың Маңғыстау түбегінде болған кезеңі ғана суреттелгенмен, ағартушылық, демократтық пікірі мен азаттық идеясы үшін патша тарапынан қуғын көрген Т.Шевченконың жергілікті халықтың хал-жайын, мұрат-мүддесін түсінген, жабағы тон киген, жаны жабырқау қазақтың дархан көңілін, достық ықыласын сезген, олармен етене араласқан жайттарын жырға қосады. Одан әрі автор дала түлегі Құрманғазы мен Днепрден келген Тарас Шевченконы жүздестіреді. Поэмада, ақын екі халықтың өнерлі ұлдарын кездестіру арқылы өнер үшін еш кедергі-де, шекара да жоқтығын, өнер бүкіл халықтың игілігі екенін айтып отыр.

Дастанның өзегі — ұлы Кобзордың қайғы-мұңы, екі жақты езгіде тұншыққан қазақ халқының трагедиясы, екі халықтың ұлы перзенттерінің өнер құдіреті туралы сырласуы.

Тарихи тақырыпты өнер тұлғалары өмірімен ұштастыра білген Хамит Ерғалиев қаламынан «Құрманғазы», «Күй дастан» поэмалары да дүниеге келді. Достыққа берік, досына мейлінше адал Х.Ерғалиев ұлы сазгер, қазақтың тұңғыш композиторы, домбыра үнін ұлттың әуелеген әнімен әлемге теңестіріп, оркестр мен операға жеткізген, дос, ағасы Ахмет Жұбановқа арнап «Күй дастан» поэмасын жазады. Ұлы композитор да өз кезегінде Х.Ерғалиевке арнап «Хамаң толғау» деген күйін арнайды.

«Күй дастан» үш бөлімнен тұрады. Ол — биік мақсатқа, жоғары идеяға құрылған, ақынның мазмұнды еңбегі. Халқымыздың рухани мұраларының бірі күй табиғатын жете меңгеріп, елі үшін мол мұра қалдырған ән-күй тарландарының, өнер саңлақтарының туындыларын жинап, зерттеп, талмай еңбектенген ғалым, академик А.Жұбановтың өміріне арналған құнды шығарма.

Шығарманың поэтикалық негізгі өзегіне композитор өміріндегі елеулі қоғамдық және шығармашылық кезеңдер нысан болады. Композитор А.Жұбановтың биік тұлғасын оның рухани өмір жолдарымен әсерлі суреттер арқылы сомдайды.

Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» дастаны — қазақ әдебиеті тарихында өте жоғары бағаға ие болған шығарма. Автор «Құрманғазы» дастанында тек күйші мен күйшілік өнер туралы ғана емес, оның бейнесі арқылы халық өмірінің шындығын, тағдырын, әлеуметтік хал-ахуалын, әйел теңсіздігі мен халықтар достығын қоса көтереді. Шығарманың арнауы, прологы мен эпилогы «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік», «Ерегіс», «Келін жолы», «Тұтқын», «Сот алдында», «Қайран шешем», «Айжан қыз», «Көбік шашқан» т.б. сияқты жеке-жеке тараулардан тұрады.

Дастанда Дина бейнесі екі жерде ғана кездеседі. Дина Құрманғазының тарихи мұрагері іспеттес, аз көрінсе-де жалт етіп есте қалады.

Дастанның өн бойында Құрманғазы жеке тұлға емес, ол — халықпен бірге болып, онымен тұтасып кеткен жан.

Атақты «Сарыарқа», «Адай», «Төремұрат», «Көбік шашқан», «Перовский маршы» т.б. күйлердің шығу тарихын сипаттайды, оны заманның ауыр көріністері, ел ішіндегі етек алған озбырлық пен қиянат, әділетсіздік, ұлы композитордың өскен ортасы шынайы да көркем суреттеледі.

Ұлы тұлғаны көркем бейнеге айналдыру — Хамит Ерғалиев сияқты, ақиық ақынның ғана қолынан келетін дүние.

Шығармада табиғат көрінісі-де шебер суреттелген. Кәдімгі айдала. Мидай дала жолы, жаугершілік ізі сайрап жатқан қайғылы, шежірелі дала жолы. Төбе сайын қара құзғын қалықтап жүретін, бірақ мөлдір аспанды дала. Бұл жердің көктемі-де ерекше. Мұзы жарылып, сең жүріп, аласапыран болып жатқан Жайық өзені. Өте алмай әбігер болған ел, дөңбекшіген, ақжал толқындар. Құм баласы Құрманғазы қайталанбас сұлулығы бар ыстық шағылын, жусаны мен бетегесін, қурайы мен жыңғылын, жоңышқалы тепсеңі мен сағым тербеткен белдерін, толқылуы тентек теңізін күйге қосты.

Хамит Ерғалиевтің «Жылдар жылдар» поэмасында уақыт өзгерістері елде болып жатқан тосын оқиғалар, шындық өмір, бейбіт заманның қызық та күрделі тұстары, тәуелсіздігімізбен бірге келген жаңа өмір кейіпкер көзқарасы арқылы таратылады. Әр жылдардағы ұрпақтар үндестігін жеткізуде психологиялық талдау әдісін шебер қолданады. Ақын көп өлеңдерінде тарихымызға шолу жасап отырады. Патриотизм деген киелі түсінікті-де нақты бір жермен, нақты бір халықпен байланыстырып алады. Ол жер-өзіміздің туған жеріміз Қазақстан, нақты халық — өзіміз, қазақ халқы екенін ұғындырады, мақтанышпен жырға қосады.

Хамит Ерғалиев — азаматтық позициясы биік, уақыт жүгін көтере білген, әлеуметтік мәселерге-де осы азаматтық позициямен бара білген, бүгінгі күннің келелі мәселелерін терең зерттеген, халқына адал қызмет еткен, ақын.

Тарихымыз бен тарихи тұлғалар жайлы тебірене келіп, «Туған жер толғауы» атты өлеңінде философиялық ой толғайды.

Тұңғиық әлемінен сыр шертер көркем туындылар тарихи тұлғалардың кісілік келбетін, жеңіс пен жеңілістен тұратын тағдырына терең үңіліп, кейінгі толқынның ақиқат жолынан адаспай алға басуына бағдаршам болатыны сөзсіз.

Ардақты, ақын, прозашы — журналист, Қазақстанның халық жазушысы Х.Ерғалиев тарихи тұлғалар бейнесін, өз замандастары мен бірі, аға, бірі іні болып келетін белгілі тұлғалар Қ.Аманжолов, З.Қабдолов, С.Мұқанов, О.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков туралы да «Жақсыдан шарапат» атты эсселер жинағында әңгіме қозғап, сыр шертеді.

Поэзиясы рухани қазынамыздың бір бөлігіне айналып, әдебиетіміздің алтын қазына сүбелі-сүбелі туындыларын берген Хамит, ақын шығармаларын оқи отырып, жастар бойына Отан сүю, елін сүю, туған жерін қастерлеу сияқты туған халқы алдындағы қасиетті борышты сіңірту — біздің парызымыз.

Садықова А.Т., Есетова А.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English