«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Батыс өңірі қазақтарының дәстүрлі қыстақ тұрғын үйлерінің ерекшеліктері

1744
0

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап егіншілік пен балықшылықты кәсіп еткен жатақтар қауымы қысты күні тұратын тұрақты тұрғын үйлердің қарапайым түрлерін-де сала бастаған. Бұлардың алғашқы түрлері киіз үй формасына еліктеуден шыққандығы дәлелденіп отыр. Қазақтардың қарашадан наурызға дейін отыратын тұрақты қонысы «қыстау» деп аталады. Әдетте қыстау ықтасын жерлерге, өзен бойларына, шөбі шүйгін, суы мол, отынды, түңкелі жерлерге салынды. Қыстаудағы үйлердің жағдайы сол өңірдің географиялық жаратылыстық жағдайларына және ауа-райына байланысты болды. Қалың орманды жерлерде, ағаштан, орманы аз жерлерде құйма кірпіштен, соқпа дуалдан, таулы жерлерде тастан салынды. Бұл үйлер төрт бұрышты, текше төбелі келеді. Үй ішіне балшық немесе темір пеш орнатылады. Бұл үйлермен қатар ерте заманнан келе жатқан «шошала» деп аталатын шошақ төбелі үйлер болды. Шошаланың құрылысы қазақтың киіз үйіне ұқсайды, оның аумағы дөңгелек яқи көп қырлы, керегесі тастан, яқи құйма кірпіштен 2,5 метр биіктікте қаланып, үстіне уық тәрізді тарам-тарам сырғауылдар көлбей шаншылып, күмбез тәрізді қауыстырылады. Сырғауылдардың түбі қаланған қабырғаларға тіркеліп, ұшы төбедегі шаңыраққа таңылады да сыртынан тоқылған қамыс және шыбық жабылып, оның сырты балшықпен сыланады. Ішіне төрт яки алты арыс қойылып, тіреу тіреледі. Шошаланың ортасына ашық жағылған оттың түтіні шаңырақтан шығады, қыста осы шошалада тамақ пісіреледі.

Кейбір деректерге қарағанда өткен ғасырдың екінші жартысы мен ХХғ. басында Маңғыстаудағы байлар мен ауқатты адамдардың ішінде қысқы тас үй салуға бой ұрғандары да болған. Мәселен, адай биі Маяның баласы 1867 жылы Бозашы жарты аралынан қыста тұратын үй, сауда жасайтын дүкен және бақша суаратын шығыр салуға орыс өкіметінен рұқсат сұрап алған [1, 162- б.].

1906 жылдың сәуір айындағы мәліметте, Ақтау мен Қаратаудағы 200-ден астам бұлағы бар атырапта 1200-дей үй отырықшылық пен жартылау көшпелі тұрмысқа көшкен. Ал 1909 жылғы қыркүйектегі подполковник Михайловтың мәліметінде Жармыш құдығы маңында шикі кірпіштен қаланған үй құрылысы басталып, оларға қоныс тепкендер болған. Оның ішінде Бозашы болысының Ескелді ауылындағы — Тұмша Жамантаевтың тұрақты тұрғын үй қорасы мен Оразбай молданың мешітінің болғандығын атап көрсеткен [2,11-б.].

ХІХ ғасырдың ортасында салынған сауда-өнеркәсіптік селоларының қатарына Форт-Шевченко селосы жатты. Бұл бекініс негізінде сақталған. Бұл селоның сыртқы көрінісі халықтың әлеуметтік және ұлттық құрамына сәйкестелетін, тұрғын үйлердің әртүрлі типтерінің ұштасып, соншама ала-құла болып келетіндігімен көзге түсетін. Бұл кездегі құрылыстардың негізгі түрлері тұрғын үйлермен қатар діни орындар (мовзолей, мешіт, шіркеу), медресе, сауда конторлары, әкімшілік және жұртшылқ үйлер, магазиндер, керуен сарайлары, мектептер, т.б. болды [3, 154-б.]. Мәселен, бұдан 110–120 жыл бұрын Тұщықұдық, Жармыш маңынан Хиуадан оқып келген молдалар мешіт салдырумен бірге оның қасынан тұрақты тұрғын үйлер-де салынған. Мұндай үйлер әрине көп болмаған. Мешіттер мен үйлер жұмсақ қабыршақ тастардан қаланған. Мұндай тастар табылмаса, 250–300 шақырым жерлерден түйемен таситын болған [4, 162-б.].

Батыс Қазақстанның әр жерінде, әсіресе, Маңғыстау өңірінде Жем бойында ертеректе мекендеген көптеген кедей жатақтарында жері атасынан бері қарай, тас қашап, өлген адамға әртүрлі ескерткіштер жасауды кәсіп еткендер көп болған [5, 112-113-б.].

Маңғыстау, Үстірт құрылыс тастарына өте бай. Қабыршақ тастар өте жеңіл, арамен кесуге-де, оюлап көркемдеуге-де қолайлы. Көптеген ғасыр бойы жергілікті халық тұрғын үйлерден бастап үлкен құрылыстарға дейінгі үйлердің барлық түрі осы тастан салып келеді. Тастан үй қалаудың техникасы жоғары болады. Үй құрылысымен шұғылданатын шеберлер Өмірдің Назары, Серікбайдың Ідірейісі сияқты шеберлерді бүкіл түбек халқы мақтаныш етеді [6,135-б].

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп жерінде ХҮІІІ ғасырдың аяғында тұрақты қыстақ үйлер пайда бола бастаса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының тұрақты қыстақтарда тұруы бұқаралық сипат алды. Ал батыста, әсіресе Маңғыстау, Ақтөбе өңірі қарапайым қазақтары болса ХХ ғасырдың басында да жыл бойы, ағаш (киіз) үйде тұруын жалғастыра берді. Неміс профессоры Р.Карутц Маңғыстауға соңғы рет 1909 жылы келген сапарында «адайлар, ағаш үйде қыстайды» [7,29-б.] деп жазды. Мұның басты себебі Маңғыстаудың табиғи-географиялық ерекшелігі мен халқының мал шаруашылығымен айналысу ерекшелігінен екенін көруге болады. Бұған Маңғыстау түбегінің қысты күні жылы болуы да айтарлықтай әсер етті. Тіпті қыс қатты болатын жылдары қазақтар Хиуаға қарай көшетіндіктен олар тұрақты үй салмай-ақ күн көре алған.

1926 ж. Батыс өңірінде болған КСРО ҒА-ның С. И. Руденко бастаған экспедицияның зерттеулерінде адайлар үй салып отырықшылыққа көшкісі келсе, кез-келген бұлақ жағасына үй салып алуға ерікті болғандығын, мұндай жақтардың қора-қопсысы мен қыстақ үйіне, әдеттік құқы бойынша, ешкімнің қол сұғуға хұқығы болмағандықтан, оның атадан балаға мұра есебінде қала беретіндігін атап өткен [8]. Батыс өңірі қазақтарының алғашқы тұрғызған тұрақты үйлері қазақтың киіз үйіне еліктеп жасалған-дық, шошала сияқты түрлері болған. Олар тас, қамыс немесе әртүрлі бұталардан жасалатын. Бұлардың формасы басқа облыстардағы «шошала», «жертөле» сияқты болып келетін. Ал кейініректе төрт бұрышты тас үйлер-де салынатын болды [4,163]. Ақтөбе, Маңғыстаудағы жертөле салушылар тереңдігі 1,5 м. жер қазып, қабырғаларына қамыс ұстап тас өріп, төбесін ұзын, ағаш және қамыспен жауып, топырақпен бастыратын. Төбеден жарық түсіп, түтін шығып тұру үшін саңылау тесік қалдырған [8,183-б; 9,184-б.]. Ол кездерде үй салу негізінен Қаратау мен, Ақтау бойындағы суы бар жерлерге әркім өз бетімен орналасуына байланысты жоспарсыз жүргізілді. Жоспарлы түрде тұрақты мекен салу тек ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінен басталады.

Асылхан Хамитұлы Бикенов еңбегінде жазылған деректердің маңызына көз жіберсек, Қазақ жері — дала мен қала мәдениеттері тоғысқан қасиетті мекен. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар үшін баспананың уақытша түрлері негізгі қолданыста болды. Дегенмен, Орта Азияның жер өңдеуші отырықшы аудандарымен көршілес жатқан Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде тұрақты баспана түрлері-де жақсы дамыды.

Көшпелі өмір салтын кешкен қазақтың материалдық мәдениетінде тұрақты баспаналар мен тұрғын үйлер ХІХ ғасырдың ортасында пайда бола бастады. Осы кезеңде қазақ қоғамында басталған саяси — әлеуметтік өзгерістер, халық санының артуы, патша үкіметінің жайылымдық жерлерді қоныс аударған «қарашекпенділерге» таратып беруі, т.б. процестер дәстүрлі мал шаруашылығының аясын тарылтты. Осы кезеңде батыс өңірінде-де жылы, тұрақты тұрғын үйлер салына бастады.

Дегенмен бірте-бірте отырықшылыққа көшу барысында олар қыстауларындағы тұрғын үйлерде тұра бастағанымен, ұзақ уақыт бойына жаз немесе қыс болсын, көшпелі тұрмысқа бейімделген баспаналарды пайдаланды. Сондықтан да тұрғын үйлердің жаңа түрлеріне көшу, біріншіден — тұрғын жайлардың ескі қалпы ескерілсе, екіншіден бұрынғы баспаналар күнделікт қолданыста жүре берді.

Өтпелі кезеңдегі қазақтың тұрғын үйлерін екі түрге бөлуге болады: 1) төбесі конус сияқты күмбезденіп, келген, дөңгеленген немесе төрт бұрышты қабырғалардан тұратын баспаналар; 2) төбесі жалпақ немесе екі құламалы шатырдан тұратын тік бұрышты баспаналар.

Көшпелі қоғамның өтпелі кезеңіндегі баспаналардың бірінші түріне шошаланы жатқызуға болады. Алғашқы отырықшылардың қоныстарына жерден сәл ғана шығыңқы, киіз үй тектес нұсқа тән болды.

Шошала (тошала) қыстық тұрғын үй ХІХ ғасырдың орта кезінде өз міндетін жоғалта бастады, дегенмен құрылыстық кешен ретінде өмір сүріп ас үй немесе қоймалардың қызметін атқарды.

Жер төлелерді тік бұрышты жер үйлердің бастамасы деуге болады. Ұлан-байтақ Қазақстанның әр аймағында, мысалы, Торғай өңірінде — қазба үй, Ақтөбеде — жеркепе, Маңғыстауда — жертөле, шығыста — жер үй, Сыр бойы қазақтарында жеркепе деп аталды. Жартылай жертөлелер мен қоныстар төменгі сатыдағы халықтың өкілдеріне тән тұрақтар еді. Жертөлелерді салу үшін, ең алдымен, терең шұңқыр қазылып, жан-жағынан 50–80 см биіктікте қабырғалары көтеріліп, жайпақ шатырмен төбесін жапқан соң топырақ тасталады. Кіретін есікке сатылар орнатылады. ХІХ ғасрыдың соңында екі құламалы шатырлар орнатыла бастады. Үйдің ішіне түтіні түзу шығатын қазандықтары бар пештер қойылды.

Тұрғын үйге қоса екі, кейде үш жағынан ортақ шатырға негізделіп мал қора, сарай, қойма, т.б. шаруашылық құрылыстары жалғастырып салынды. Осындай біртұтас кешендік құрылыс сол кезеңдегі ұзаққа созылатын қарлы борандардан қорғануға мүмкіндік туғызатын. Сонымен қатар, мұндай құрылыстар барымташылар мен түз тағыларынан малды қорғайтын болған. Этнографиялық деректерде қазақтардың қоныс-тұрақтарының ерекшеліктері жайлы: «Қыстауларға тән ерекшіліктері тұрғын үйлердің мал қораларымен жалғасып жатқандығында еді», — деп сипаттайды [10,40-44-бб.].

Сабан және шикі кірпіш үйлерінің жобасы бір-біріне ұқсайды. С. М. Руденко батыстағы қазақ үйлерін былай сипаттаған: «Терезелері кішкентай, әйнектелген, кедейлерде қарынмен жабылған. Едендері топырақ пен саздан, ал үйдің төбесі сыланбаған. Үйлер өздерінше пештермен жылынады. Қабырғалары сыланып, әктелген».

Көп жылдар бойына В. В. Востров пен И. В. Захарова қазақтардың тұрақтары жөнінде типологиялық карталар жасап, оның қай өңірде таралғандығын көрсетті. Шымнан тұрғызылған үйлер Омбы, Орал, Ақтөбе, Қостанай уездерінен табылды. Қамыстан жасалған үйлер Бөкей ордасында, Зайсанда, Балқаштың оңтүстік өңірінде қолданылды [10, 46-47-бб.].

Ең аз тараған үйдің түрі — кірпіш тектес қабырғалары бар үйлер. Олар Бөкей, Тешер уездерінде болды. ХІХ ғасырда сабан араласқан кірпіш үйлер кең етек ала бастады. ХХ ғ. басына қарай бүкіл Қазақстанға таралды. Аулалардағы құрылыстардың төбелері жабық және ашық болып бөлінді.

ХІХ-ХХ ғғ. қазақ баспаналарынан үш түрлі пештерді көреміз. Түзу түтін шығатын қазандық, жан-жағынан жағылатын пеш және темір пештер. Қазандықтар екі қызмет атқарды: баспананы жылытты, тамақ та дайындалды [10,48].

Соның өзінде мұндағы осы күнге дейін берік сақталып келе жатқан жақсы дәстүр киіз үйлерді жазды күні кеңінен пайдалану екені даусыз.

Қазақтың киіз үйі әлі ескірген жоқ, қайта етек алып жылдан-жылға көбеюде. Көшкенде алып жүруге ыңғайлы әрі жайлы үй ретінде біздің елімізде ол кеңінен қолданылады. Киіз үй өнеркәсіп, мәдениет, қоғамдық тамақтану саласында бара-бара қолданылуда, тіпті біздің елімізден басқалар да оған көңіл аударуда.

Негізгі қарекеті мал шаруашылығымен сабақтас халқымыздың, оның ішінде Батыс өңірі қазақтарының байырғы тұрғындары үшін, ағаш- киіз үйдің орны ерекше. Халықтың әл-ауқатының жақсарып, талғамының кемелденуі, ағаш үй мәдениетін жасақтауда да көрініс беруде.

Сөйтіп, Қазақстанның көптеген аудандарында, ағаштан, тастардан, қыштан және шымнан тұрғызылатын тұрақты үйлер тарады. Қандай материалдан салынғанына қарай оларды «ағаш үй», «жер үй», «кірпіш үй» деп атады. Үйдің аумағы иесінің материалдық жағдайына және от басы құрамына байланысты болды, бірақ тұтас алғанда ол үйлер көшпелі тұрмыс жағдайына бейімделіп салынды.

Әдебиеттер тізімі:

1. Восторов В.В., Кауанова Х. А. Материальная культура казахского народа на современном этапе. А-А., 1972. -с.162.
2. Қыдыралин Ү. Маңғыстау қазақтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрыптары (тарихи-этнологиялық шолу). Атырау, 2002. -11-б.
3. Меңдіғұлов М.М. Қазақстан архитектурасының ХІХ ғасырдың бас кезіндегі сипаты жөнінде // Қазақстан архитектурасы. Алматы, 1959.-154-б.
4. Восторов В. В. Новые материалы по этнографии казахов адаевцев // ТИИАЭ АН Каз. ССР, А-А. 1960. т.ҮІІІ-с.162.
5. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. А., 1987.-112-113-бб.
6. Қыдыралин Ү. Маңғыстау қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы. Ақтау, 1995, 135-б.
7. Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПБ., 1910.-с.29
8. Глухов А. Н. Зимние жилища Актюбинских и адаевских казахов //…Сб. «Казаки», Л., 1927.2–3.-с.109
9. Востров В.В. К истории развития оседлого жилища у казахов // Материалы к историко-этнографическому атласу Средней Азии и Казахстана. М.Л., 1961.-с.184.
10. Бикенов А. Қазақтың материалдық мәдениеті. «Фолиант» баспасы, Астана, 2010. -40-44-бб.

Қыдыралин Ү., т.ғ.д., профессор, Алипова Д., магистрант Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English