«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Толғауы тоқсан қызыл тіл (кеңес дәуіріндегі тілдер тағдыры)

592
0

Кеңес өкіметінің тіл саясатына байланысты алғашқы шаралары Қазақстанның автономиялы республика болып құрылған уақытынан бастап жүзеге аса бастады.

Мысалы, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының 1920 жылдың қазанында өткен І Құрылтайының декларациясында қазақ және басқа ұлт тілдеріне жете мән беру мәселесі талқыланып, соның негізінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін республикалық мемлекеттік мекемелерінде қолдану туралы» декреті қабылданды.

1921 ж. мамырдағы БК(б)П-ң Х съезінің ұлттық мәселе жөніндегі қарарында әр республиканың ұлттық-тұрмыстық жағдайына сәйкес мемлекеттігін және сол халықтың тілінде, құрамында әкімшілік, шаруашылық, билік органдарын дамытып, нығайту туралы нұсқау берілді. Бұл нұсқау Қазақстанда жергіліктендіру, қазақыландыру атты науқанымен жүргізілді.   

Мұндай саясатты жүзеге асыру нәтижесінде ұлтаралық шаруашылық, мәдени, саяси және экономикалық теңсіздік жойылады деп сендірді. Қазақыландырудың мәні жергілікті халықты әкімшілік қызметке барынша кең түрде тартумен сипатталғандығы белгілі. Барлық аймақтарда іс жүргізуді республикалық және жергілікті деңгейде ұлттық тілдерге көшіру шаралары басталды. Ол ұлттық республикалардағы орыс тілді тұрғындардың біртіндеп жергілікті тілдерді меңгеруімен байланыстырылды. Ал, партиялық-мемлекеттік қызметкерлер бұл міндетті қысқа мерзімнің ішінде орындаулары қажет болды. Осындай мазмұндағы қаулылар, декреттер және басқа да бұйрықтар бірнеше рет қабылданғанымен, олар толығымен жүзеге аспай қалды.  

Сондықтан 1923 жылдың сәуірінде РК(б)П ХІІ съезінде И. Сталин ұлттық тіл мәселелерін шешудің маңыздылығына тоқталды. Осы съезде орыс емес тұрғындарға қызмет көрсететін барлық мекемелерде ана тілді қолдануды қамтамасыз ететін арнайы заңдарды шығару туралы шешім қабылданды. ҚазАКСР ОАК 1923 жылғы 22 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті алғашқы заңды құжат болды. Онда КазАКСР аумақтарында қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл ретінде жариялау; мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдардың іс-жүргізу жұмыстарында орыс тілімен қатар қазақ тілін енгізу; барлық қаулылар, заңнамалық және үкіметтік актілерді екі тілде қабылдап, жариялауды жүзеге асыру қарастырылды. Алайда қазақ халқы социалистік құрылыстың мұндай механизмін қабылдауға дайын емес еді. Халықтың тәжірибесі мен іскерлігі аздығынан тағы да еш нәтиже шықпады.

1926 жылдан бастап қазақыландырудың мазмұны мен әдісі өзгертілді. Енді қызмет орны қазақыланатын болды. Кеңседе қай ұлттың өкілі отырса да, тұрғын халықтың тілін, жазуын меңгеруі тиіс болды.  Бұл тұрғыда келелі жоспар жасалды. Осы жылдың 30 қыркүйегіндегі Қазақ КСР ОАК 4-ші шақырылған Төралқасы қабылдаған қаулысының 6-тармағында "Қылмыстық Кодекске мемлекеттік тілдердің теңдігі туралы заңдарды бұзғаны үшін жазаға тартатын баптар енгізу қажет: мемлекеттік тілдердің біріндегі өтініштерді қабылдаудан, қараудан бас тарту немесе азаматтардың осы тілдерді пайдалану құқығына басқа да қысым көрсету, мемлекеттік тілдерді оқытуға кедергі жасау сияқты тағы басқа құқық бұзушылықтар үшін 1–6 айға дейін бас бостандығынан айырылады" – делінді. Сондықтан 1926–1930 жж. қазақыландыру жұмысы едәуір қарқын алды. 

Европалық ұлттарға қазақ тілін оқыту курстары белсенді жұмыс істеп, онда осы жылдары 2060 адам оқыды. Осы науқан аясында А. Байтұрсыновтың "Книга для чтения", және "Хрестоматия", М. Жұмабаевтың "Букварь для взрослых", Т. Шонановтың "Самоучитель казахского языка для русских" сияқты оқу құралдары жазылды.

1928 ж. ақпан айынан бастап аппаратта іс жүргізу іс жүзінде қос тілде жүргізіле бастады. Дегенмен солтүстік батыс аймақтарда іс жүргізу толық орыс тілінде қала берді. Ал ережеге сәйкес мұндай қағаздар пайдалынылмастан қайтарылып жатты. Іс жүргізуді қазақ тіліне аудару үрдісі әлі де халықтың ұлттық құрамын, шаруашылық, экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып жаңа әкімшілік-аймақтық бөлу жұмысын жүргізу, басқару аппараттарына жергілікті халықтан кадр даярлап көтеру сияқты байсалды шаралар кешенін талап етті.

1930 ж. 3 қаңтарда ҚАКСР Халық ағарту халкоматы барлық округтық халыққа білім беру бөлімдеріне арнап "Орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті түрде оқыту туралы" циркулярлық өкім шығарды. Онда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі маңызын баса көрсете келіп, тіл үйрететін мұғалімдерінің біліктілігін арттыру,  оқыту программалары мен нормаларын өңдеу, тілді кеңінен насихаттау сияқты 7 тармақтан тұратын тұжырым берілді. 

Барлық жерде әкімшілік аппарат ұлттық тілде қызмет жасауға ұмтылыс жасады. Сонымен бірге, ұлттық тілде білім беретін мектептер ашу көзделді. Бірақ, мектептерді жылдам ұйымдастыруға мүмкіндіктер болған жоқ: педагогикалық кадрлар мен идеологиялық негіздегі оқу құралдары жетіспеді және мектеп құрылысын ұйымдастыру жұмыстары біраз уақытты талап етті.

Халықты қазақ тілі біліміне ынталандыру мақсатында 1933 жылы 1 қыркүйекте ҚАКСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті қазақ тілін білетін басқа ұлт өкілдерінен тұратын барлық саладағы мамандарға жеңілдік беру туралы қаулы қабылдады. Олардың тілді меңгеру деңгейіне қарай 5 пайыздан 15 пайызға дейін, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде лекция оқитын мұғалімдерге 25 пайыз мөлшерінде үстеме ақы белгіленді.

1933–1936 жж. өндірісті қазақыландыруға және мемлекеттік аппаратты жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді, сонымен қатар барлық жүйеде іс жүргізуді толық қазақшаға аудару жөнінде көп жұмыстар атқарылды.

Тіл саясатын жүзеге асырудың тағы бір жолы графика мәселесінде болды. Қазақстанда бұл уақытта пайдаланылып отырған араб жазуы қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету қиынға соқты. Сондықтан араб жазуын реформалау туралы пікірлер айтылды. Осы кезде А. Байтұрсынов қазақ тілінің ерекшелігін ескере отырып төте жазуды дайындады. Алайда оның өзі европа тектес халқы үшін күрделі болды. Графика туралы пікірталас барысында оны латыншамен алмастыру идеясы туындады. 1926 жылы Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркологиялық съезінде қарар қабылданып, онда барлық халықтарға 1922 жылдан латын графикасын пайдаланып келген Әзірбайжанның тәжірибесін игеру ұсынылған болатын. Латын графикасының басымдықтары көп болды, және ол ең алдымен Шығысты батыстандырудың бірден-бір жолы болды. 1929 жылдың 7 тамызындағы КСРО ОАК Төралқасының қаулысымен араб алфавтитінен бас тарту жеделдетіліп, 1930 жылдан латын графикасына көше бастады. 

Жаңа білім алғандар, әсіресе оның партиялық-әкімшілік орындарда қызмет ететіндер қостілділігімен ерекшеленді. Дегенмен, олардың ана тілін пайдаланулары тұрмыстық деңгейден аса алмады. Осыдан кейінгі кезеңдердегі халықтың оқыған бөлігі де орыстану үрдісіне ене бастады. Оның үстіне 1930 жж. аяғына қарай социализмді орнатуда белгіленген ұлттық саясат күрт өзгерді. Оның ұлтшылдықпен күресті күшейтуге бағыт алуы қазақыландыру саясатының одан әрі дамуына мүмкіндік бермеді. 1936 жылдың тамыз айындағы автономиялық республикалардың оқу-ағарту халық комиссариаттарының Бүкілресейлік жиналысында ұлттық тілдерді орыс алфавитіне көшіру орыс тілін меңгеруді жеңілдететіндігі мәлімденді. Осының негізінде 1938–1939 жылдары РКФСР халықтарының тілдерін жаппай кириллицаға көшіру жүзеге асырылды. Ал, 1940 жылы кириллица алфавитін Кеңес Одағының түгелге жуық тілдері пайдаланды.

1938 ж. 5 сәуірде қазақ және басқа ұлт тілдері тағдырына бұлт үйірілді. ҚАЗКСР Халық Комиссарлар Кеңесі "Қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқып үйрену туралы" қаулы қабылдады. Осы жылдың 13 сәуірінде айрықша - неміс, болгар, дунган, корей, ұйғыр және басқа ұлттық мектептерді қайта ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады. Онда ағарту саласына тартылған зиялы қауым өкілдерінің мектеп балаларына ұлттық-буржуазиялық, кеңеске қарсы ықпалын айыптай отырып, аталған оқу орындарын кеңестік мектептер етіп қайта ұйымдастырды және олардың сандарын қысқартты, қазақ немесе орыс тілдерінде ғана оқыту баса айтылды. 1939 ж. аяғына дейін орыс тілін нығайту мақсатында бірнеше үкіметтік қаулы қабылданған. Осыдан қазақстанда орыс тілінің ресми үстемдігі орын ала бастады. Осылайша «Біртұтас кеңес халқын жасау» саясаты орнықты. Ал оған қарсы бас көтерер ұлтымыздың мемлекет, қоғам, мәдениет өкілдері біртіндеп жойылды.  

Ал 1955 ж. 4 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі "Орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті түрде оқытудан босату туралы" шешім шығарды. Әрине бұл КСРО Министрлер Кеңесінің өкімі еді. Енді қазақ тілі, оны оқып-үйренгісі келген ұлттарға ғана ұсынылатын болды.

1957 жылдан бастап Хрущевтік жылымық әсер етті ме, республика мектептерінде шағын ұлттардың ана тілдерін оқытуды енгізу туралы қаулылар бірінен соң бірі қабылданды: 1957 ж. қазақ және неміс, 1958 ж. корей, 1960 ж. дұнған.

Дегенмен орыс тілін күшейту саясаты жалғаса берді. 1979 ж.  13 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі "орыс тілін бала-бақша бағдарламасына және жалпы білім беру мектептерінің даярлық курстарына енгізу туралы" қаулы қабылдады. Кеңес Одағы Компартиясының ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1983 ж. 26 мамырдағы "Одақтас республикаларда жалпы білім беру мектептері мен басқа оқу орындарында орыс тілін оқытуды жақсарту жөніндегі қосымша шаралар туралы" қаулысын іске асыру мақсатында  1983 ж. 23 маусымда Қазақстан Компартиясы ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі  қаулы қабылдайды. Онда орыс тілін ана тілімен қатар білу кеңес адамдарын еңбек етуде, қоғамдық-саяси белсенділікті арттыруда, құрметті конституциялық міндеттерін табысты орындауда маңызды шарт болып табылатындығы көрсетілді. "Орта мектепті бітірген әрбір жеткіншектің орыс тілін еркін білуі керек және ол азаматтық парызы болуы тиіс. Сондай-ақ орыс тілі ұлтаралық қатынас, халықтар достығы тілі, кеңес халқының материалдық және рухани қуатын нығайтудың құдіретті құралы" –делінді.

КОКП-на жаңа басшылықтың келуімен 1985 ж. КСРО-да демократиялық жаңару, қайта құру мен жариялылық басталды. Одақтас республикаларда саяси-қоғамдық белсенділік етек алды. Халықтар саяси құқықтарын қалпына келтіріп, мәдени құндылықтарын түгелдей бастады. Осы кезде Қазақстанда зиялы қауым өкілдері қазақ ұлтының 40 пайызы ана тілін білмейтіні, қазақ тілінің жойылуға аз-ақ қалғанын айтты. Жариялылылық саясатының ықпалымен кеңес билігі олардың қоғамдық пікірі мен саяси талдауларымен санасты. Алайда қазақ тілі орыс тілімен қоса, яғни қостілділікпен қайта көтерілді. 1987 ж. 3 наурызда  Қазақстан Компартиясы ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі  Республикада "қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы", "орыс тілді оқыту туралы" қаулылар қабылдады. Онда қостілділіктің өткен ғасырдың 20-жылдардағы лениндік қағидаларын алға тартып, екі тілде білім жетілдіру және пайдаланудың жолдарын белгіледі. 1988 жылы да дәл осы мағынада қос тілділікті жетілдірудің қосымша шаралары туралы қаулылар қабылданды.

Қоғам қайраткерлері қазақ тілі жолындағы күресінде оның мемлекеттік тіл мәртебесіне қол жеткізді. 1989 ж. 22 қыркүйекте Қазақ КСР-ң "Қазақ КСР-де тілдер туралы" Заңы қабылданды. Онда қазақ тіліне мемлекеттік, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі, түрлі ұлт топтары тілдеріне жергілікті ресми тіл мәртебелері берілді. Тілдердің қоғамда пайдаланылуына өзара тең құқық берілді. Тілдердің тең құқықтылығын орнату үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1989 ж. 12 желтоқсанда, 1990 ж. 22 наурызда, 13 сәуірде, 22 мамырда 3 және 6 шілдеде "Қазақ КСР-де тілдер туралы" заңды күшіне енгізуге дайындау туралы 6 рет қаулы қабылдады.

Тіл халықтың рухани байлығы. Рухани байлықты сақтау және дамыту стратегиясы елдің болашағын айқындайды. Сондай-ақ тілдің өзінің табиғи заңдылықтары бар. Ол терең философиямен астасады.

Айнаш Сейсенбаева,

 ҚР Президенті Архивінің қызметкері

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English