Басты бет Қазақстан тарихы Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы кезеңіндегі Қазақстан Ахметжан Мәженов

Ахметжан Мәженов

03 Қараша 2014
1352
0
Ахметжан Мәженов (1901-1983) қазақ даласындағы индустрияландырудың бастамасы болған Түркістан-Сібір магистралының салушысы, атақты кәсіби теміржолшы [1]. 


1926 жылы 3 желтоқсанда Кеңес үкіметінің Еңбек және Қорғаныс Комитеті Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы арнайы қаулы қабылдады. Онда жалпыодақтық құрылыстардың ең маңыздыларының бірі – осы Түркісіб магистралы екені көрсетілді[2]. 

1927 жылы 3 наурызда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі аталған қаулыны қабылдап бұл магистралдың Қазақстан мен Орта Азияның шаруашылығын дамытуда орны зор болатынын дәлелдеді. Оны мынадай факторлар арқылы сипаттады: 1) Орта Азияның мақталы аудандарын Сібір мен Жетісудің астық, етімен, Сібір орманымен (ағаш, құрылыс материалдары) қамтамасыз ету арқылы, мақта егісі көлемін ұлғайту, сөйтіп шетелден мақта тасуды айзайта отырып, КСРО-ның сыртқы сауда байланысының тұрақтануына қол жеткізу; 2) Ресейдің еуропалық бөлігінен Орта Азия арқылы тасымалданатын астық пен ағашты экспортқа шығаруға мүмкіндік жасау; 3) Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық деңгейдегі маңызға ие тау-кен өндірісін, ауыл шаруашылығын дамыту[3]. 

Құрылысты бес жылда салып бітіру көзделіп, жедел іске кірісу қажеттігі ескерілді. 1927 жылы 18 наурыздан бастап темір жолдың бұрынғы Жетісу атауы, Түркістан-Сібір магистралы деген атпен өзгертіледі[4]. 

1927 жылы 7 қаңтарда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан Түркісіб құрылысына Жәрдемдесу комитеті құрылған еді. Ол құрылысқа байланысты туындайтын барлық проблемалар комплексіне басшылық жасады. Оның басты міндеті- құрылысты уақытылы қаржыландыру, жұмыс күшімен қамтамасыз ету, құрылыс материалдарымен жабдықтау. Жәрдемдеу Комитетінің төрағалығына РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары А.Б.Халатов, ғалым хатшысы болып профессор Б.Х.Шлегель тағайындалды. Т.Рысқұловтың ұсынысымен М.Тынышбаев (тұңғыш қазақ инженері, қайраткер) Түркісібке Жәрдемдесу Комитеті құрамына қосымша енгізіледі[5]. 

Темір жол екі жақтан салынатын болады. Оңтүстікте Луговой стансасынан, солтүстікте Семейден. Екі бөлімде де құрылыс басқармалары құрылды[6].

Үкіметтің құрылыс салу туралы қаулысы қабылданғанға дейін бір жыл толмаған уақытта жүзеге асқан Түркістан-Сібір темір жолы құрылысшылары алдында алғашқы күннен бастап-ақ мынадай міндеттер тұрды. Алдымен магистрал тартылатын өлкенің жер жағдайын қайтадан тыңғылықты зерттеу.Себебі темір жол құрылысы салынатын өңірдің климат жағдайы қатал, қысы қатты суық, жазы ыстық, жаңбырсыз болатынымен ерекшеленді. Географиялық жағдайы да қолайсыз (таулы жоталардың, қыраттардың көптігімен, құмды шөл даламен қоса, оңтүстік өңірдің сейсмикалық жағынан да қауіптілігі) болатын. Осындай себептерді ескермейінше, құрылыс жұмысының орындалуы қиын еді. Зерттеу-барлау жұмыстарының нәтижесінде жол трассасының түрлі варианттары өмірге келді. Қордай, Қақпатас, Қастек асулары мен қатар Шоқпар жобасы да ұсынылды [7].

Авторы М.Тынышбаев болған Шоқпар жобасы 1927 жылы 28 қаңтарда КСРО Еңбек және Қорғаныс комитеті Түркістан-Сібір темір жолының оңтүстік бағыты үшін, Луговой стансасынан басталатын Шоқпар жобасы бекітті[8].

Ал солтүстіктен тартылатын жол қызу айтыс-тартыстардың нәтижесінде Балқаш варианты бойынша салынатын болды[9]. 

Құрылыс 1927 жылдың көктемінде басталады.Жол салына бастаған кезде кадр мәселесі бірден қиындық туғызады. Техникалық арнаулы білімі бар мамандар тұрмақ, енді ғана жаппай сауаттана бастаған өлкеде осылай мұқтаждық болатыны еш таңданыс туғызбасы хақ. Кеңес үкіметінің алып құрылысты дайындықсыз, маман кадрларсыз асығыс жүргізуі сол кезде-ақ зардапты болды.Әрі зерттелініп, әрі темір жол төсемдері де қабаттаса салына бастаған алғашқы сәттерден-ақ жұмыс күшінің, техникалық кадрлардың жоқтығы айқын сезіле бастады. Үкімет шұғыл түрде жұмыс күшін табуды қолға алды. Құрылысқа мыңдаған адамдар келіп, өз өмірлерін Түркісібпен байланыстырған еді.1927 жылдың қазан-желтоқсан айларында құрылыс жұмыстары солтүстік бөлімшеде жүріп жатқан кезде, жол бойында 2000-2700 адам жұмыс істеді. Жаз, күз айларында құрылыс жұмыстары қызған кезде 1928 жылы 10000-нан 21 мың адамға дейін, 1929 жылы 30 мыңнан 40000 адамға, ал 1930 жылы 28 мыңнан 49-50 мың адамға дейін жұмыс істеді [10]. 

Олардың бірі біздің кейіпкеріміз – Ахметжан Мәженов болатын. Ахметжан Мәженов 1901 жылы Семей облысы Жарма ауданы №8 ауылда шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол, 1927 жылы Түркісіб темір жолы құрылысы басталғанда осында жұмысшы болып орналасады. Жолдастары А.Қалиев, Қ.Төлепбергенов, Б.Жақымбековпен бірге киіз үйде тұрып, темір жолдың солтүстік бағытынан басталатын участогында жұмыс істеді. Солтүстік бағыт Семейден басталып, Луговой станциясынан басталатын оңтүстік бағытпен түйісуі қажет еді. Ахметжан Маженов жол төсеуші және шеге қағушы болады. Оның артелі рельстерді шпалдарды бекітумен айналысты. Тәулік ішінде құрылысшылар 3-4 километрге жол төсейтін. А.Маженов түн қараңғысында алау-отпен жұмыс істеудің бастамашысы болып, жол салудың түрлі қиындықтарына қарамастан темір жол салынып болғанға дейін құрылыста қалады[11]. 

Кішкентайынан ерте еңбекке араласқан А.Мәженов тіптен үзіліс уақыты таяғанына қарамастан өзі міндеттеген жұмысын бітіріп кетпей, қозғалмайтыны оның барынша тәртіптілігінің, жауапкершілігінің бір қыры. Осындай азаматтардың арқасында темір жол құрылысы күні-түні үздіксіз, табиғат қолайсыздықтарына қарамай салына береді. 1930 жылы 28 сәуірде Түркісіб темір жолы мерзімінен 17 ай бұрын аяқталып, салынып болды[12]. 

Осы күні Солтүстіктің рельстері Оңтүстіктің рельстерімен Айнабұлақ стансасында түйіскен болатын. Екі рельсті қосқан күміс шегені қазақ халқының өкілі, қарапайым еңбек адамы А.Мәженов қақты[13]. 

Түркісіб тарихының ең маңызды күнінде көп адам қатысқан митинг өтеді. Олардың арасында қазақтың біртуар азаматы, Түркісібке Жәрдемдесу комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов болды. Онда бір топ құрылысшылар (10 адам) Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Осы марапатталғандардың арасында А.Мәженов және тағы бір қазақ азаматы Балғаев болған еді [14].

А.Мәженов кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін қадаған Т.Рысқұлов. Қаншама адамдардың арасынан, бүкіл Одақ халықтары белсене қатысуымен салынған атақты темір жол құрылысының тарихының ең маңызды сәтінде қазақ жұмысшысы А.Мәженов есімі мәңгіге жазылып қалды.Осы бір сын сағатта атқарылар істің, тіптен құрметтің А.Мәженовке тапсырылуының себебі, оның еңбекқорлығы, адалдығы, тәртіптілігі себепкер болса керек. Еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылушылық, өзара жарыс, үгіт-насихат, А.Мәженов секілді адал еңбекті, жауапкершілікті ту еткен еңбекқор жандардың арқасында 1930 жылы 31 желтоқсанда 1445 километрге созылған Түркістан-Сібір темір жолы тұрақты пайдалануға берілді. Өнеркәсібі, транспорты дамымаған елде алып құрылысты тұрғызу мыңдаған еңбек адамдарының, соның ішінде қара жұмысқа шыдамды, жергілікті табиғатқа көндіккен қазақ халқының ұл-қыздарының белсене қатысуымен, жанқиярлық құлшынысы арқасында жүзеге асты. Темір жолдың салынуы арқасында Қазақстанның қазба байлығы игеріліп, жұмыс орындары ашылды, ауыл шаруашылығы (егін егу, техникалық дақылдар өсіру) дамыды. Жол бойында көптеген қала, елді мекендер, Жаңа Семей, Шар, Жаңғызтөбе, Жарма, Аягөз, Лепсі, Матай Шу және т.б. пайда болып, қызу тіршілік ордаларына айналды. Түркісіб құрылысы салынып болғаннан кейін, А.Мәженов аз-кем үзілістері болмаса, негізінен темір жол саласында жұмыс істеген. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы темір жол саласындағы еңбегі өз алдына қарастыруды қажет ететін тақырып.Соғыс темір жол транспортының алдына үлкен міндет жүктегені мәлім. Темір жол әскери жүктерді үзіліссіз жеткізу, майданға әскери эшелондарды, әскери техниканы, ал қорғаныс өнеркәсібіне шикізат пен отынды, басқа да халық шаруашылығының жүк тасымалын атқарды. Мұндай өте жауапты, ауыр міндеттерді орындау үшін темір жол транспортының жұмысын әскери жағдайға бейімдеп қайта құру қажет болды. Сондықтан 1941 жылы 24 маусымда пойыздардың жүрісін реттеу үшін айрықша әскери график бекітілді. Жолаушылар тасымалы, басқа да қорғаныстық маңызы жоқ тасымалдар жүрісі қысқартылды. Темір жолда, соған қатысты объектілерде әскери күзет, тәртіп күшейтіледі [15]. 

А.Мәженов соғыс жылдарында кондуктор болып, қару-жарақ тиелген эшелондарды майданға жанқиярлықпен аман-сау жеткізіп жүрді. Ал елге қайтарында эвакуацияланған Мәскеу маңы және Донецк зауыттарының станоктарын республикаға тасыды [16]. 

1983 жылы о дүниелік болған тұңғыш теміржолшылардың өкілі А.Мәженов жайында білетініміз аз. Өткен 2005 жылы 4 желтоқсанда Алматы қаласында Түркістан-Сібір темір жолының тұңғыш салушысы А.Маженов тұрған үйде ескерткіш-тақта орнатылды. 

Қайрат Әлімғазинов, т.ғ.д., ҚР Президенті Мұрағатының ғылыми жариялау басқармасының басшысы

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Сағатов Е. Даладағы ұлы із. А., 1983. 90-91-бб.; Маженов Ахметжан – первостроитель Турксиба //Исингарин Н.Известные железнодорожники Казахстана. А., 2004. 28-30-бб. 

2. Дахшлейгер Г.Турксиб – первенец социалистической индустриализации. А., 1953. 40-б. 

3. Сонда.,40-б. 

4. РФ ЭМ (Ресей Федерациясы Экономика Мұрағаты). 1884-қ., 48-т., 953-іс, 5-п. 

5. РФ ММ (Ресей Федерациясы Мемлекеттік Мұрағаты). 444-қ., 1-т., 6-іс, 32-п.; //Джетысуйская искра. 1927. 17 января. 

6. Жүгенбаева Г. Түркістан-Сібір теміржолының тарихы. А., 2002.23-б. 

7. РФ ЭМ. 1884-қ.,278-іс, 4-п. 

8. Сонда.,4-п. 

9. АО ММ (Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты). 714-қ., 1-т., 7-іс, 130-п. 

10. Жүгенбаева Г. Түркістан-Сібір... 50-б. 

11. А.Мәженов туралы материалдар// А.Мәженовтің баласы Н.А.Мәженовтің жеке мұрағатынан. 

12. Жүгенбаева Г. Түркістан-Сібір... 36-б.

13. А.Мәженов туралы материалдар//А.Мәженовтің баласы Н.А.Мәженовтің жеке мұрағатынан. 

14. Сонда. 15. Жүгенбаева Г. Түркістан-Сібір...44-б.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?