«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Елбасы және Жастар жылы

150512
0

Биыл - Жастар жылы. Өткен жылдың 5 қазанында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.

Елбасы  өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған бағдарламалар әзірлеп, ел болашағы, жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруды нықтап тапсырған болатын.

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — деген еді Елбасы.

Жастар – Қазақстанның он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары.  2018 жылы жастардың  (14 пен 29 жас) саны 3 900 834 адамды немесе 21,5% -ды құрады, оның ішінде қалада 2 204,8 адам және ауылда 1 696,0 адам. Халықтың үштен бірін құрайтын жастар – қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын капиталы, бүгінгі стартегиялық мақсатардың ертеңге жүзеге асырушысы.  

 

          Мемлекет және жастар

Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан болар Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні де бекер емес.  Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.

Мәселен,  жас мамандарды ауылға тарту мақсатындағы «Дипломмен ауылға», экономикалық және жұмыспен қаму бағытындағы  «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», білім беру саласындағы қосымша гранттар және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» Халықаралық стипендиясы, «Жас отбасы», «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана болудың мүмкіндіктері, Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы бағдарламалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ бұл қатарға 2014 жлы іске қосылған «Серпін» бағдарламасын айтып кету де орынды. Бағдарлама мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадр тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізсе, екінші бір қыры орыстанған аймақтарға қазақ жастарын жіберу арқылы, қазақыландыру саясаты.

Толығырақ төмендегі сілтемеде:  ИНФОГРАФИКА: 2019 ЖЫЛ - ЖАСТАР ЖЫЛЫ

2016 жыл желтоқсанның бірінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған, Елбасының қатысуымен Астанада жастардың кезекті форумының өтуі болды. Осы форумда  Н.Ә. Назарбаев: «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді. 

Сөйтіп, өзінің кезекті сөйлеген сөзінде Президент жастар алдына таяу болашаққа қатысты айқын да түсінікті міндеттер қойып, ойларын бөлісті, ел тағдыры, оның дамып, өзгеріп жатқан әлемдегі орны жайында баяндады. Оған қоса, бұл міндеттердің жастарымыздың өмірде де, еңбекте де дұрыс шешімдер қабылдауы үшін көмегі тиетініне деген сенімін білдірді.

          Жастар және болашақ

Қазақстанның алдағы болашағы қандай болатыны көп  жағдайда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жастарға ерекше басым көңіл бөледі, өйткені жастарға қазіргі заманға сай Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеу бұйырған.

Н.Ә. Назарбаев: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деп жиі ескертеді. Бүгінгі таңда жаңашыл ойлайтын, жігерлі, жалынды жастар қатары көбейді. Бұл жастар мемлекеттің болашағына үмітпен қарап, еліміздің дамуына, 30 елдің қатарына қосылуға білім мен іскерлігін көрсетуге аянбайды. Әр өңірде жастар маслихатына қабылданып, тіпті облыстың басқармаларын тізгіндеп жатқан жастар қатары да көбейе түсті. Оған басты себепкер болған Елбасымыздың жастар саясаты бағытындағы бағдарламалары. Екінші бір мүмкіндік жастар ұйымдарының жұмыстары. Алдымен бұл қатарға Елбасымыз төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатын айтуға болады.  2013 жылы құрылған «Жастар»  ғылыми-зерттеу орталығы, «Қазақстан жастары» қоғамдық ұйымы, ел бойынша мыңдаған студенттің басын біріктіретін «Қазақстан студенттері альянсы» РСҚ, «Жасыл ел» еңбек жасақ ұйымы, «Жастар» маслихаты қоғамдық қорлары тағы басқа.

Бүгінгі күні жастар саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік ұстанымын айқындайтын маңызды құжаттар: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысы Елбасының бастамасымен қабылданған.  Бұл нормативтік құжаттар мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқын белгілейді. Аталған құжаттарды орындау мақсатында Қазақстанда жастар арасындағы үдерістерді басқарудың жаңа институттық үлгісі құрылған. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрылымында 2018 жылы Жастар және отбасы жөніндегі комитеті, ал өңірлік деңгейде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жатады.

          Шешілмеген мәселе шаш етектен

Жастарға рухани мүмкіндіктердің бары қарастырылғанымен әлеуметтік мәселелер әлі шешімін тауып келе жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінгі күннің өзінде қаншама жастар жұмыссыз және баспанасыз жүргендері баршамызға аян. Дәлірегінде, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға баспана мен жұмыссыздық мәселесін шешетіндей бағдарламалар қажет. Нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың жан-жақты көмекке ие болуы қамтамасыз етілуі керек.

Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Қазақ жастарының жағдайы бүгінгі күні қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны анық. 27 жылда жастар рухани тұрғыдан өзін дамытып, білім көкжиегін кеңейтті. Бірақ проблемалық мәселелеге де аяғы шалынды.

Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты іс-шаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қадағаласақ құба-құп. Бүгінде 35 жасқа дейінгі жастардың көбінің басында не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген кейбір жастардың тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны да жасырын емес. Көшедегі ұрлық-қарлық, кісі тонау оқиғалары да ара-тұра жұмыссыз жастардың қолымен жасалуда. Олардың бос сенделіп жүрмеуі үшін мемлекет тиімді бағдарлама қабылдап, соның аясында жұмыс істеген абзал.

Мәселен, жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді қайта қарап, жеңілдік қарастырылса, артықтық етпейді. Себебі демографиялық ахуалға серпін беретін де – жастар. Жас отбасылар өз баспанасына ие болмайынша бала туу санын тежей беретіні айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі жастар әлеуетінде олардың экономикалық белсенділігінің деңгейі 52,2 пайызды құрайды. Бұл жалпы көрсеткіштен 18,4 пайызға төмен. Жастар арасындағы жұмыссыздық ел бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен 1,3 пайызға артық. Мұның негізгі себебі жастар біліктілігінің аздығынан немесе біліктілігінің болмауына байланысты түсіндіріледі. Ал жас жұмыс кадрларының төмен жалақы үрдісі тұрақты сақталып келеді. Жұмыс істейтін жастардың 21,5 пайызының табыс деңгейі ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен; жастардың 41,5 пайызының айлық табысы орта жалақы көрсеткішінен төмен. Осы тұста айта кететін жайт жастарды тәрбиелеу мен білім беру институттарының жастар әлеуеттенуінің ерекше үрдісін дұрыс бағамдау. Мысалы, адамның өзін өзі басқару, игеру, жетілдіру деңгейі жоғары болған сайын, сыртқы орта әсері аз болады. Ал керісінше жағдайда сыртқы ықпалдың деңгейі мол.

Жастардың өз уақыттарын дұрыс ұйымдастырмауы, өзін-өзі игере алмауының салдарынан түрлі орта әсерлеріне ұшырап отыр. Мәселен, субмәдениет, секталар, қылмыстық топтардың, т.б. дұрыс әлеуметтенбеген немесе маргинал жағдайдағы жастарға ықпал етіп отыр.

Дегенмен бұл жастардың құндылықты бағдарланған жолы болуы да мүмкін. Бірақ осының әсерінен, қоғамда дисбаланс жағдайы орнап, жастарың теріс жолға түсуі артып отыр. Енді, өзін- өзі игерген, яғни өзін басқара білген әлеуметтену үдерісінде адам өзіндік мақсаттарын жүзеге асырады.

Бірер жыл бұрынғы «Жас Отан» жастар қанатының съезінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз тәуелсіз Қазақстан жастары елдің ең басты дәулеті деп атаған болатын. Дәл осы орайда тағы да жастарға үңілсек, өзін басқара білген жас өзін жетілдіруге бағытталады. Үздіксіз білім алу, отбасы құру, қоғамға қызмет ету, т.б. ортақ классикалық құндылықтарды жүзеге асырады. Әрине, жастардың өзін-өзі басқаруы мен сыртқы орта ықпалына түсуі әсерінің салдары – бұл бүгінгі жастардың әлеуметтенуін ашатын тек бір ғана өлшем екенін еске салғым келеді.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары арқылы қазақ халқын, басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек деді. Ендеше  қазақ жастары төл тарихты жетік біліп қана қоймай, өркениетті ел қатарына қосылуға үлестерін қосуы абзал. Білім мен іскерлік, ұлттық рух пен жігер ғана оны сол биікке жеткізеді.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English