«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Хронология

Қазақ хандығы

Қазақ хандығы

Әбілқайыр хан өмір сүрген жылдар

Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693-1748) – Кіші жүз ханы, қолбасшы. 1715 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығы тағына үміткерлердің бірі болды. Әбілқайыр хан қазақ-қалмақ қарым-қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716-1718 жылдары Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М.Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын реттеуге ат салысты. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды. 1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып тағайындалды. Әбілқайыр 1728 жылы Бұланты өзенінің жағасындағы, 1729-1730 жылдары Аңырақайдағы жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілетімен ерекше көрінді. Аңырақай шайқасында бас қолбасшылықты өз еркімен Болат ханға бергенімен үш жүздің қолын үйлестіруде көп жұмыс атқарды. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта, Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Оның Құндағұлов Сейітқұл мен Көштаев Құтлымбет бастаған елшілігі 1730 жылы Петерборға барса, Ресей Сыртқы істер министрлігі алқасының М.Тевкелев бастаған елшілігі 1731 жылы оған келді. Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 жылы қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді (бұл антты 1738, 1740, 1742 жылдары қайталады). Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да мақсат етті. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербор сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Оның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Иоанновнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мөжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің билеуші, қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш ? Әбілқайырдың қызы. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды. 1737-1738 жылдардағы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі ? Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза табады. Бірақ Барақ Әбілқайырды «орысшылдығы» үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп «қарақшылық» іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара "Хан моласы" аталды. Әбілқайырдан көптеген ұрпақ қалған. 2000 жылы Ақтөбе облысы әкімдігі үйінің алдына Әбілқайыр ханның ескерткіші орнатылды. 

Наурызбай (Шапырашты Наурызбай) батыр өмір сүрген жылдар

Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізген сияқты. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан. 
Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады. 
Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе, жоңғарларды жеңетінін, жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын анық көрсетіп береді. Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс тұсқа жаушы жіберіп, жаңа күш топтайды. Осыған Ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай секілді батырларды шақырады. Райымбек бара алмай қалады, Өтеген мен Наурызбай жауынгерлерін ертіп, мерзімді уақытында жетеді. Бірақ кейін Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған қарым қатынасының саяси мәніне түсінбей, оған қарсы болып, еліне қайтып кетеді. Ал Наурызбай Абылайдың қасында болып, оның сенім артар  батырларының біріне айналды. Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды. Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысына Наурызбайдың өзімен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысады. Бірақ олардың бәрі де жау қолынан қаза табады.

Абылай хан өмір сүрген жылдар

Абылай ханның ата-бабалары Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын – Қазақ Ордасының негізін қалаған Әз Жәнібектен тараған.

Бұқараға оны танымал еткен ірі жеңіске ол Әбілмәмбет бастаған қазақ жауынгерлерінің жоңғарлармен болған шайқасында қол жеткізді. Бұл ұрыста 20 жасар Әбілмансұр қалмақтардың қоңтайшысы Қалдан Сереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіреді.

Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарады. Зерделі саясаткер, білімді дипломат, дарынды қолбасшы болды. Ол дұшпандардан қорғану үшін үш жүздің басын біріктірді. Біртұтас қазақ мемлекетін құрды. 

1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды, Ресеймен, Қытаймен тату қарым-қатынас орнатылды.

1752 жылы жоңғар басшысы Лама Доржы қазақ жеріне қарақшылық шабуыл жасағанда, Абылай хан бастаған қазақ әскері оларға ойсырата тойтарыс береді. Кезекті шабуылдан соң, соғыстың айла-тәсілдерін жетік білетін Абылай өзінің бес жүз таңдаулы жауынгерлерін жібереді. Қарсыласы жағынан әскер келеді деп күтпеген Лама Доржы тұтқынға түсіп, дарға асылады. Бұл оқиға 1753 жылы 12 қазанда болған еді.

Абылай хан жоңғарларды жеңіп, Қытай және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнатуды көздеді. Осы мақсатта ол 1753–1754 жылдары Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген сынды батырлармен қалмақтарға шабуылды күшейте түсті. Ақыры ойраттар мен қазақтардың арасында 200 жылға созылған ойраттар мен қазақтар арасындағы сұрапыл соғыста қазақ халқы жеңіске жетті.

Бұл жеңіс көршілес Қытай мен Ресей үшін қолайсыз болды. 1756 жылы Қазақ хандығы мен Қытай мемлекеті арасында соғыс өрті тұтанып, ол 1757 жылға дейін созылды. Бұл қақтығыс та Абылай ханның арқасында бейбіт жолмен шешілді.

1763-1770 жылдары Абылай хан қырғыз ұлысына қарсы жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1771 жылы Еділ қалмақтарын басып алады.

Абылай хан ел билеген кезде қазақ халқының рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.