Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хронология

Қазақ хандығы (1465-1466 жж.)
Тақыр хан билігі

Тақыр хан – 1522 - 1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. Әдік сұлтан 1470-1503-04 жылдары қазақ қоғамында үлкен саяси беделге ие болған тұлға. Қазақ хандығының Сыр бойы үшін жүргізген күресінде, сондай-ақ 1490-шы жылдары қазақ-моғол қатынасында үлкен рөл атқарған. Әдік сұлтан моғол ханы Жүністің (1469-1487) төртінші қызы Сұлтан Нигар-ханымға үйленген. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Әдік сұлтанды Шағым мырзамен (Ноғай мырзасы Мұса бидін үлкен ұлы Б. К.) болған Жылайды төбе деген жердегі ұрыста бір ұлымен қаза тапты. Қабірі Үргеніштегі Бақырған атаның жанында деп жазады. «Тарихи Рашиди» авторы «...Әдік сұлтан ңайтыс болғаннан кейін, Қасым хан өте күшті беделге ие болды – Сұлтан Нигар-ханымды Қасым хан өзіне әйел етті» — деп мәлімдейді.

Дерек мәліметіне жүгінсек, 1522 жылы Мамаш хан өлгеннен кейін Қазақ хандығында билік үшін сұлтандар арасында күрес күшейеді. «Қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың сұлтандары бір-бірімен ұзақ соғысты. Ақырында билікке Тақыр хан келді», – деп жазады Хайдар ибн Әли Хусайын Рази [3]. 

Тақыр ханның билік еткен 10 жылдық кезеңі ішінде Қазақ хандығындағы алауыздықтар тоқтатылмады, кейбір сұлтандардың оған мойынсұнбай, хан билігіне құлақ аспай өз ұлысының адамдарымен одан бөліну жағдайы күшейеді. Басқаша айтсақ, «уақытша әлсіреу» Қазақ хандығында тереңдей түседі.

Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Ал көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. 1522-23 жылы Ташкент билеушісі Сүйініш-Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. 1525-26 жылдың қысының басында Сүйініш-Қожа ханның ұлы, Ташкент билеушісі келді – Мұхаммед ханнан Түркістан қаласының маңында Тақыр хан тағы да жеңіліс табады.

Сондай-ақ Тақыр хан түсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп кетеді. Бұрынғы бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. «Тарихи Рашидиде» Тақыр ханның осы кездердегі жағдайының қандай екендігін көрсететін мынадай мәлімет бар. Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға: «...Сонымен бірге, маңғыттарға байланысты Өзбекстанда («Тарихи Рашидиде» Қазақстанды Өзбекстан деп жазады автор. – Б. К.) сенің істерің оңға баспай түр, оларға қарсы сен әскер шығара алмайсың. Бұрын сенде он лек әскер болса, қазір төрт лек қана қалды. Сенің оларға қарсы тұруға шамаң жетпейді», – деп айтқан екен [4], сонымен бірге Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға моғол хандарымен жақсы қатынас орнатуға күш салатынын айтады.

Көріп отырғанымыздай, XVI ғасырдың 20-шы жылдары ішінде Қазақ хандығы өзімен көрші үш мемлекетпен қарым-қатынастарда тек жеңілістерге ұшырап отырады. Бұл, әрине, ішкі саяси бытыраңқылықтың тікелей көрінісі.

Тарихшы Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша, Тақыр хан түсында Қазақ хандығы үшін ең маңызды болған оқиғаға 1526 жылы бүкіл Жетісуда қазақ билеушілерінің билігінің орнауы жатады. Қасым ханның түсында-ақ Жетісу Қазақ хандығының құрамына енген еді. 1514 жылы моғол хандары Қашқарға кетіп, өз биліктерін орнықтырғаннан кейін, Жетісуға қайта көз сала бастаған еді. Бірнеше рет Сайд ханның ұлы Рашид сұлтан Жетісуға бекінуге талпыныс жасады. 1526 жылы Рашидтің Қашқарияға кетуімен Жетісудағы моғол хандарының билігі жойылады.

Қалмақ тайпаларымен алғаш рет соғысқан қазақ хандарының бірі – осы Тақыр хан болды. Қазақ-қалмақ қатынастарының қаншалықты сипатта болғандығын жазба деректер айтпайды. Тақыр ханның замандасы, Зайн ад-дин Васифи өзінің естелік кітабында бір таудың етегінде, қазақ ханы Тақыр хан қалмақ әскерлеріне тойтарыс беру үшін Жатан қамалын салдырды деп жазады. 1537-38 жылы шағатайлық және шайбанилық билеушілердің бірігіп қазақтарға қарсы жасаған жорығында қазақтар бұл қамалды пайдаланады. Васифи бұл қамалдың биіктігін және мықтылығын тілі жеткенше мақтап, биікке шығарады [5]. Күні бүгінге дейін Жатан қамалының орны анықталған жоқ.

Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандарымен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Сұлтан Нигар-ханымның араласуымен жоғары дәрежедегі қазақ-моғол қатынасында түсінісушілік болса да, қырғыз мәселесіне келгенде екі жақ өз пікірлерінде қалады. Жетісуға билігі орнаған Тақыр хан қырғыз тайпаларына да үстемдік жүргізуге тырысады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған. 1529 жылы Сайд хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына не бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына не бола алмады. «Тарихи Рашиди» авторының жазуы бойынша, олар Тақыр ханнан бірнеше рет бөлініп кеткен. Оның себебін автор ханның өте қаталдығынан болды және төрт жүз мың адамның бәрі оны тастап кетіп, жалғыз қалдырды деп жазады. Мүхаммед Хайдар Дулати: «Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатандығы мен аяусыздығы өсе түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қатаңдығы содан шығып отыр деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті», – деп баяндайды [6]. 

Өмірінің соңғы кездерін Тақыр хан қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, қайтыс болады. Мұхаммед Хайдар Дулати бойынша, Тақыр ханның бір ұлы болған. Ол да әкесімен бірге қырғыздар ішінде болған, басқа ұрпақтары туралы деректер жоқ.

Біз жоғарыда Тақыр хан туралы оның замандасы Мұхаммед Хайдар Дулатидың пікірлерін дерек ретінде келтірдік. Қадырғали Жалайыр болса, ол жөнінде өте қысқа, әрі нұсқа айтады: «Тақыр хан болды. Біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сырын білмеді» [7]. 

Қазіргі күндегі зерттеушілер ішінде Т. И. Султанов Тақыр ханды былайша бағалайды. «... Ол дипломатиялық, әскери таланттарға ие болмады, ... шексіз қаталдығымен, және әділетсіздігімен ерекше байқалды. Және де сонымен бірге мемлекетті басқаратындай қабілеті болмай, өзінің билігімен жалпылама қарсылыққа душар болды. Өз халқынан қуылады» [8]. Осылайша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығындағы «уақытша әлсіреу» одан әрі тереңдеп, саяси бытыраңқылық қалыптасады.

Тақыр ханнан сон, жазба деректер бойынша Қазақ хандығында бір мезгілде, 1533-1538 жылдары бірнеше хан билік етеді. Қазақстанның батыс бөлігінде ноғайлармен күресте Қожа Ахмет (кей деректерде - Ахмет хан), Жетісуда, моғолдармен күресте - Бұйдаш хан, Мауреннахрдағы шайбанилықтармен күресте - Тоғым хандар есімдері кездеседі. Аталған хандардың тарихи тұлғасын ашып көрсетуге, Қазақ хандығы тарихындағы алатын орнын анықтауға жазба дерек мәліметтері толық мүмкіндіктер бермейді. Соған қарамастан, қолда бар мәліметтерге сүйеніп, аталған хандардың билік еткен жылдарына назар аударып керелік.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. 


Керей хан бастаған қол Түркістанға шабуыл жасады

Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде  хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақта осы саяси үрдісте жетекші рольдер атқарған  екі басты тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Оған себеп - деректік мәліметтердің мардымсыздығы. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы   хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қол байлау болады да тұрады. Мардымсыз деген – тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз.

XV ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың соңы қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ерекшеліктің ең басты белгісіне – ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуы мен қайта түлеуі болса, ал басты оқиғасына Қазақ хандығаның құрылуы мен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алуы жатады. Тарихтағы мұндай түбегейлі бетбұрыстарды қалың бұқара жасайды. Ал бұкараның басында көш бастаушы ірі тарихи тұлғалар тұрады. Бүгінгі күндегі егеменді еліміздің іргесін бекітіп, шаңырағын шайқалтпай тұрған тарихи тұлғалардың іс-әрекеттері көз алдымызда өтіп жатыр. Олардың тарихтағы алатын орнына келесі ғасырлардағы зерттеушілер баға бермек. Ал біз бұл мақалада Қазақ хандығының негізін қалаушы, алғашқы қазақ ханы Керейдің тарихи рөліне тоқталмақшымыз.

Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің жазуы бойынша алғашқы қазақ ханы- Керей хан болған. Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі  - Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді қолданамыз. 

Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» - монғол сөзі, монғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». Қазіргі кезде Монғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне монғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал бізге: «гарай» - көне монғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, монғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз. 

Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің түп-төркіні монғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді деген пікірлерді толық қолдаймыз.

Керей ханның шығу тегіне келсек,  ол - Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған.  Т.И. Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансабтың» мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: 8 ұл және 7 қызы болған, делінеді де: «Бірінші ұл - Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған. 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди», - деп айтылады [52, 120 б.]. Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Тоқтақияның ұлдары «Тенгри-Берди, Йагуджак-анеке, Пулад», - деп беріледі. «Анике» немесе «анеке» сөзінің біресе Болаттың алдында, біресе Йагуджактың соңында берілуін қолжазбаны көшірушілерден жіберілген техникалық қате деуге болады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наманың» осы мәліметтері 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансабқа» тәуелді болғандықтан, біз осы шығармадағы мәліметті негізге аламыз. Ал Анике-Булад немесе Болатта бір ғана ұл болған, оның есімі - Керей-хан. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.

Керей ханның Орыс ханға дейінгі ата-бабалары жөнінде тарихи зерттеулерде біршама жақсы қарастырылғандықтан, біз оларға тоқталмаймыз. Зерттеулердің бәрінде де Орда Еженнен бастап Орыс ханға дейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулеті билігінің үзілмегендігі айтылады. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді де, 2 ай ғана билік құрады. Т.И.Сұлтановтың жазуы бойынша Керей ханның атасы Тоқтақия «жұмсақ мінезді және әділетті» адам болып, Әмір Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болған. Ал Керейдің әкесі Анике-Болат немесе Болатқа келсек, ол – Тоқтақияның үш ұлының бірі. Оның есімі деректерде шежірелерге қатысты ғана айтылады. Басқа жағдайларда Анике-Болат туралы ешқандай мәліметтер айтылмайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» бойынша Керей хан – Болаттың (Анике Болаттың) жалғыз ұлы. Тоқтақияның Болаттан басқа Тәңірберді және Бұғышақ атты екі ұлы болып, Бұғышақтың Мұхаммед, Ахмет және Әли атты үш ұлы және Имен би атты қызы болғандығы белгілі. 

Керей мен Жәнібек хандарға тағдыр жаңа этникалық бірлестікке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені екі ханның арғы ата-бабалары –Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек - бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты, әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады. 

Керейдің қай жылы дүниеге келгендігін деректер айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақияның ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықтары 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.

ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберлерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған. 

Керей хан туралы мәліметтер аз болса да жазба және ауызша деректерде кездеседі. Жазба деректер ол жөнінде екі жағдайда ғана мәліметтер қалдырған. Біріншісі – «Тауарихи гузидаий иусрат наш», «Түрік шежіресі», «Бахр ал-асрар фи ма-накиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» секілді тарихи шығармалардағы хандар шежіресіне байланысты да, екіншісі Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәлидің еңбектеріндегі Қазақ хандығының құрылуына байланысты жазылған жайлар. Ауыз әдебиетіндегі бірнеше тарихи аңызда да соңғы жәйге байланысты  Керей хан есімі кездеседі.

Керей ханның қай жылы дүниеге келгенін жазба деректер жазбаса да, шамамен оны XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың алғашқы жылдары туылған деп есептеуге болады. Өйткені ол Жәнібек сұлтан екеуі XV ғасыр ортасында Моғолстанға келгенде, Шыңғыстық жолмен емес, жергілікті Дешті Қыпшақ тайпаларының әдетімен жасы үлкендігіне байланысты хан боп сайланды. Соған қарағанда, Керей XV ғасырдың 50-60-жылдары 50-60 жаста болса керек. Өкінішке орай, XV ғасыр ортасына дейін Керей хан өмірінен ешбір дерек жоқ.

Керейдің жазба дерек мәліметтеріне ілініп, көзге түсуі оның XV ғасыр ортасында Қазақ хандығын құруына байланысты болды. Хандықтың құрылуы сырттай қарағанда Әбілқайыр хандығынан екі сұлтанның қарамағындағы ұлысымен бөлініп, Моғолстанға келуімен болған оқиға. Ал егер де XV ғасыр ортасында Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы хандыктардың ішкі және сыртқы саяси даму барысына терең үңілсек, Қазақ хандығының құрылуы осы үрдістердің заңды қорытындысы екендігіне көз  жеткіземіз. Олай болса, Керейдің туысы Жәнібек сұлтанмен бірлесіп, XV ғасыр ортасындағы шым-шытырықты оқиғаларды бастан өткеруі жене сол оқиғалардың жетегінде кетпей, дұрыс жол таба білуі олардың алысты болжай білетін ірі саясаткер екендігін керсетеді.

Енді Керейдің Әбілқайыр ханнан бөлінгенге дейіпгі, яғни XV ғасырдың 50-жылдарындағы өмірі туралы бір-екі ауыз сөз. Өйткені кез-келген оқырманға Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінгенге дейін Дешті Қыпшақтың кай жерінде өмір сүрді деген сұрақ тууы мүмкін. Мұндай сұраққа ортағасырлық ешбір дерек жауап бере алмайды. Тек кана жанама мәліметтер мен соңғы жылдары табылып, ғылыми айналымға енгізілген ауыз әдебиетінің деректері ғана бұл сұраққа толық жауап береді.

Тарихтан белгілі Шыңғыс хан төрт ұлына жаулап алғап жерлерін бөліп береді. Оның бөлісі еуропалықтардың Африканы бөлуіндей емес, белгілі бір қағидатқа негізделді. Ол жаулап алынған халықтардың шаруашылық, этникалық, тілдік және т.б. белгілеріне қараған. Сол сияқты Жошы Ұлысы да өз ішінде ұсақ ұлыстарға бөлінгенде, негізінен шаруашылық жағдай ескеріледі. Моңғол жаулауына дейін-ақ Хорезммен күресте әлсіреген Қыпшақ хандығында XII ғ. II жартысы XIII ғасыр басында екі аймақ пайда болған еді. Шығыс аймаққа – Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік-шығысы енеді. (Караңыз: Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана А.. 1995, 211-212-бб.) Ал Аралдың солтүстігі мен одан батысқа қарай жатқан жерлер – Батыс аймакқа қараған. Қыпшақ дәуіріндегі табиғи-шаруашылық жағдайға сай бөлісу Жошы Ұлысында да ескеріліп, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен негізінен Шығыс аймақты басқарады. XIII ғ.  соңы – XIV ғ. басында Орда Ежен Ұлысының орталығы Алакөл манынан Сырдың орта ағысы бойына көшіріледі.

Баян ханнан Барақ ханға дейін Сыр өңірі Ақ Орданың саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, діни-мәдени орталығы болады. Мал бағушы тайпалардың қысқы жайылымдары мен қыстаулары осы өңірде еді. 1428 жылы Барақ хан өліп, хандық билік шайбанилық Әбілхайырға көшкенімен Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сыр өңірің Мәуреннахрдан қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді. Шайбанилық сұлтандардың Сыр өңіріге келуі Ордаежендік сұлтандарға өте ауыр болады. Ең жақсы жайылымдар мен қыстаулардан айырылу, Ордаежендік сұлтандар үшін «көп қиыншылыққа ұшырау» болған. XV ғасырдың 50-жылдары соңында Керей мен Жәнібек «қиыншылыққа» көнбей, осылайша Сыр өңірінен көшкен. Біздің бұл ойымызды тарихи аңыз мәліметі де дәлелдей түседі. 20 жылдан астам уақыт бойы Шу мен Талас, Сыр өңірлерінде археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын жүргізген археолог Мадияр Елеуов ел аузындағы тарихи ауыз-әңгімелерді де жинастырады. Оның жиған аңыздарының бірнешеуі жарық көрді. Ондағы 5 аңыздың екеуі Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуіне байланысты айтылады. Бірінші аңызда –  «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» деп баяндалады (Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 1996, 7-б.). Осы аңыздың соңында біршама жылдар өткеннен соң, екі сұлтанның Сырға қайта оралғандығы жөнінде жазылады. Ал төртінші аңыз болса: «қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті» деп басталады да, бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріп, Жәнібек сұлтан Керейге: «Аллатағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз, ал екіншісіне мен қоныстанып, қала салайық», – деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, аллатағала сәтің салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек», – депті (Көрсетілген еңбек, 9-б.). Екі аңызда біздің ойымшды дәлелдей түсіп, Сыр өңірі – Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысы болғандығын баяндайды. Соңғы аңыздағы Түркістан аты қандай мағынада айтылғаны белгісіз, оның не қала, не Сыр өңірінің XIV–XVI ғасырдағы атауы мағынасыңда айтылып тұрғанын ажырату мүмкін емес, бірақта анық нәрсеге Сыр өңірінің де, Түркістан қаласының да Шудың батысында орналасқандығы жатады. Бұл мәліметте Сыр өнірінің Керей мен Жәнібекке «атамекен» екендігін көрсетеді.

1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі. Ақ Орданын мұрагерлері осы жылдарда тек өздері ғана «оппозицияда» болмаса керек. Оларды жергілікті ру-тайпа көсемдері қолдай бастаған секілді. Өйткені  1428 жылы Әбілқайыр хандыққа отыруына Дешті Қыпшақтың 71 ру-тайпа басшысы «дауыс» берсе, 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін хан жарлығымен небары 17 тайпадан ғана жасақ жиналады (Қараңыз:ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 143-144-бб). Осы дерек –  Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы саяси өмірдің бір айнасы іспетті. Саяси билік өздерінде болмаса да жергіпікті халықтық ресми ханды мойындамайтынына екі сұлтанның көзі жетеді.

Меніңше, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын-ала қайда баратынын айқындап, келісіп алған. Қалай болса да екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарсыласына кетуді ұйғарғаны «Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағида бойынша, оларға моғол ханы Есен Бұға хан тиімді болады. Екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М.Елеуовтың аңызында бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын-ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады. (ХУ-ХУІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 352-б.) Бұл алдын-ала келісімнің болғандығын дәлелдейді.

Бөлінуге түрткі болған оқиғаға көпшілікке белгілі аңыз – Қара қыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол би арасындағы жанжал жатты. Ақжол бидің қанын өтеуге арғын тайпасы тағы да Керей мен Жәнібекке жүгінеді. Бұл да екі сұлтанның Дешті Қышақтағы Әбілқайыр ханмен текесердей рөл атқарғандығы көрсетеді.

Мұхаммед Хайдар Дулати мен Махмұд ибн Уәли екі сұлтанның Моғолстанға келуін, Есен Бұға ханның оларға Шу мен Қозыбасы жайлауы арасында орналасқан жерді бергенін жазады. Не себепті Есен Бұғаның бұл өңірді екі сұлтанға бергенін «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» авторы былай түсіндіреді: «Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есен Бұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың,  оның ұлы Сұлтан Мұхаммед-мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп оның бөлігіне қауіп төнеді. ...Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есен Бұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында орналасқан еді. Бұл жер – Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын». (Көрсетілген кітап, 352-б.). Осы мәліметте Керейдің хан болғандығын автор атап көрсетеді. (Көрсетілген кітап, 353-б.). М.Елеуовтің бірінші аңызында «...Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап, өздерін «қазақ» ден атапты», – делінеді (Елеуов М. Шу өңірі: аныз бен тарих. 7-б.). Көріп отырғанымыздай, жазба дерек пен ауыз әдебиетінің мәліметтері, бірін-бірі толықтырып, Керейдің алғашқы Қазақ ханы болғандығын жариялап тұр.

Неге тұңғыш хан Жәнібек емес, Керей болды деген сұрақ төңірегінде жауап бере кетелік.

ХІ-ХІІІ ғасырлардағы ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіндегі өзіне ғана тән белгіге – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілетіндігі жатты (Ахиижаиов С.М. Кипчаки в истории... 282-б.). Бұл әдет сырттан әкелінбей қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпалардағы әулеттегі жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсегуден туса керек. Монғол жаулауы нәтажесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда монғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халыктың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Қыпшақ дәуіріндегі хандық биліктің мұрагерлік жолы XV ғасыр ортасында қалпына келтіріле бастайды. Оған Керейдің хан сайланылуы дәлел. Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған еді. Монғол дәстүрі бойыша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына билік тимей, Жәнібек хан болды. Жәнібектен соң хан Бұрындық болды.

Міне, не себепті Керей хан болды деген сұрауға біздің жауабымыз осындай. Келесі мәселе, қай жылдан бастап Керей хан болған деген сауал төңірегінде болмақшы.

Бұл сұрақ – Қазақ хандығы қашан құрылған деген сауалмен тікелей байланысты. Соңғы 4-5 жыл төңірегінде осы мәселе бойынша көптеген айтыс-тартыстар болды, бірақ негізгі мәселе жайында бір тоқтамға келер пікір айтылмады. Мақала авторы да осыған байланысты, өз ойларын білдірген болатын. Теменде біз ең соңғы деректерге сүйене отырып, Керей ханнын қай жылдан бастап хандық құра бастағаны туралы тағы да пікірімізді айта кетелік.

Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиінде» «Қазақ хандарының билік ете бастағаны хижраның 870 жылы» деп жазады. Бұл – қазіргі жыл санау бойынша, 1465/66 жыл. Алғаш рет бұл мәліметтің ақиқаттығына күмән келтіріп, көрсеткен орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының зерттеушісі Т.И. Сұлтанов болды. (Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в. XV-XVII вв. М., 1982, 113-114-бб.). Енді М.Елеуовтің тапқан аңызының мәліметіне жүгінелік. Ондағы бірінші аңыз: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «Қазақ» деп атапты» десе, екінші аңыз бұл жөнінде: «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» деп баяндайды (Елеуұлы, М. Шу өнірі: аңыз бен тарих. Көрсетілген еңбек, 7-8-бб.). Екі аңыз да Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін «тышқан жылы, қара күзде» деп, ал Керейдің хан көтерілуін «көктемде» деп жарыса мәлімет беріп отыр. Сонда аңызда қай жыл тышқан жылы деп көрсетілген? Тағы да жазба дерек мәліметіне жүгінелік. Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған XVI ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухистаии оның кайтыс болған жылын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында...» деп көрсетеді (XV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 171-б.). Бұл қазіргі жыл санау бойынша 1469/70 жыл. Керей бұдан бір мүшел жыл ерте хан сайланған, яғни 1457/58 жылы хан болған.

Жазба және ауыз әдебиеті деректерінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-58 жылдар оқиғаларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларының басында ол қалмақтардан женіледі. Жарлықка құлақ аспағандарды Әбілқайыр хан жеңілудін себебі деп, жазалауға кіріседі. «Өздеріне төніп келе жаткан кауіпті болдырмай алдын-алу үщін Керей мен Жәнібек өз Отанын тастап, бөгде елге кетеді». Екі сұлтан да 1457 жылы  жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген. Жарлыкқа сай әскер жібермегендіктен, олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың кара күзінде Шу бойына жеткен, әрине алдын-ала Есен Бұға ханмен келісе отырып. Ал келесі жылы, яғни 1458 жылдың көктемінде Түлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған. Сол дәуірдің заңдылығы бойынша ханның сайланып, хандық биліктің қалыптасуы – жаңа мемлекеттің құрылғандығын көрсетеді .Деректің екі түрін бір-бірімен толықтыру, бізге осыңдай нәтиже бергізіп отыр.Біз осы жерде мынадай мәселені айтып өткіміз келеді. Керей 1458 жылы хан болып сайланса да, ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді. Әбілқайырдан бөлініп кету мен Керейдің хан сайланылуы – жаңа мемлекеттің толық қалыптасуындағы алғашқы қадам болды. Ал толығымен дербес мемлекеттің құрылуының аяқталуын біз, 1470/71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз.Өйткені осы жылы қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын толығымен қуып шығып, шибанилық әулеттен билікті кейін қайтарады.

Керей хан 10 жылдай Шу бойында хандық құрған (Қараңыз: Елеуұлы М. Көрсетілген еңбек, 7-б). Бұл жылдар хандықтың құрылуының алғашқы кезеңі, сатысы болатын. Керей ханның билігі тұсында жаңа хандық – саяси күш ретінде бірнеше міндетті орындайды: 1) Жүніс ханның Есен Бұға ханның тағына таласы уакытша болса да тоқтатылады; 2) Моғол ханы Есенбұғаның өз елінде ықпалы өседі; 3) «көшпелі өзбектер» елінің күйреу процесі тереңдей түседі; 4) Әбілқайыр ханға наразылардың бәрі Қазақ хандығына келе бастайды, сөйтіп хандық халқы тез көбейеді... Мұхаммед Хайдар Дулатидың  мәліметі бойынша 1470 жылға дейін хандық халқы 200 мыңға дейін жеткен.

«...10 жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». (Елеуұлы М. Көрсетілген енбек, 7-б.). Мүмкін, Хан тау аталуы осыған байланысты шығар.

«10 жылдай...» дегеніміз 7-8жыл шамасы. Керей хан өліп, орнына немере туысы, үзеңгілес серігі Жәнібектің хан болғандығы белгілі. Егер Керей 7-8 жылдан соң қайтыс болса, онда Жәнібек ханның билікке келуі 1465/66 жылға сәйкес келіп тұр. «Тарихи Рашиди» авторының «қазақ сұлтандарының билік құруы 870 жылдан (хижра бойынша) басталады» деп жазуы 1465/66 жылға байланысты айтылды ма екен? Бұл әлі толық дәлелдеуді және зерттеуді қажет етеді.

Керей хайның қайтыс болған жылы жөніндегі біз пайдаланып отырған аңыз мәліметі жазба дерек мәліметтерімен сәйкес келеді. «Шайбани нама», «Фатх нама», «Тарихи Кипчакхани» деректерінде Әбілқайыр ханнан кейін, оның ұлдарына қарсы жүргізген күресте Керей хан есімі кездеспейді, тек қана Жәнібек хан аталады.

«Хандар шежіресі» Керей ханның үш ұлы болғанын жазады: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әли. Бұрындық туралы жазба деректерде азды-көпті мәліметтер баршылық, ал соңғы екі ұл жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Бұрындық ханнан соң хандық билік толығымен және түпкілікті түрде Жәнібек хан ұлдары мен оның ұрпақтарына көшеді.

Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін құруға қатынасып, оны тұңғыш рет 10 жылдай билеген Керей ханның өмір жолы міне, осындай. Оның ұрпақтары Қазақ хандығының билігінен айырылса да, Керейдің қазақ тарихындағы алатын орны айрықша болып қала береді. Өйткені қандай да бір саяси қозғалыстың немесе саяси үрдістің барысына жетекшілік ету, оның басшысы болу - әрқашанда ауыр, әрі абыройлы тарихи міндетке жатады. Ал ол іс, қозғалыс, үрдіс өміршең болса, онда тұлғаның да тарихи орны өміршең келеді. 

Сол себепті Керей, Махмуд бен Уәли айтқандай Әбілқайыр хандығынан бөлініп кеткенде жасы мен жолына қарай хан болып сайланды. Ол он шақты жылдай хан болып, Қазақ хандығының іргетасын қалаған хандардың қатарына жатады. Жазба деректер оның нақты қай жылы қайтыс болғанын айтпаса да, жанама мәліметтер арқылы оны анықтауға болады. Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның орнына отырған Шайх Хайдар ханға қарсы күрескен қарсыластарды шайбанилық деректер нақтылай атайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Шайх Хайдардың жауларына: «Қажы Мұхаммед ханның ұлы Сейтек, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Махмудектің ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабшахтың ұрпағы Буреке сұлтан, маңғыттан Аббас, Мұса, Жаңбыршы билер жатқызылады». Ал «Фатх-наме» мен «Шайбани-наме» деректерінде Керейдің есімі аталмай, тек Барақтың ұлы Жәнібек ханның есімі басқалармен бірге айтылады. Соңғы екі дерек мәліметін негізге ала отыра, біз Керей хан есімінің оларда кездеспеуін, сол тұста, яғни 1469-1471 жылдары Керей хан өмірде болмаған, нақтырақ айтсақ, осы жылдарға дейін Керей хан қайтыс болып кеткен, - деп ой түйеміз. 

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.


Керей мен Жәнібек сұлтан Қазақ хандығын құрды
Қасым хан билігі