Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

78 жыл бұрын Балқаш елді мекені қала мәртебесін алды

85 жыл бұрын ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының 20-дан астам мүшесі репрессияға ұшырады

- = -

1896 жылы 5 мамыр күні актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серәлі Қожамқұлов дүниеге келді.

26411
1896 жылы 5 мамыр күні актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серәлі Қожамқұлов дүниеге келді. - e-history.kz
Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған. Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр», т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге шақырылған Қожамқұловтың актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері болды. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Оның ерекше шабытпен сомдаған кертарта, биліктің тұтқасынан айырылғысы келмейтін Еспембет, Жабай, Жиренше, Майбасар (М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Қарагөз», «Абай» спектакльдері), Қарашешен (Ж.Шанин, «Арқалық батыр»), Өкендау (І.Жансүгіров, «Кек»), дүниеқоңыз Қарабай, Қоңқай (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Көдебай (Б.Майлин, «Майдан»), өркөкірек Көбікті (М.Әуезов, «Айман - Шолпан»), Шығай хан (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), т.б. рөлдері ол сомдаған сахналық тұлғалардың классикалық үлгілері болып саналады. Сонымен қатар сатиралық образдар жасаудың шебері саналатын актер бірқатар қарапайым еңбек адамдарының жағымды бейнесін сахнаға шығарған. Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген. Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.