Қазақстан 1992 жылғы 30 қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік
және ынтымақтастық жөніндегі ұйым қатарына енді.
Тәуелсіздіктің
алғашқы жылдарында Қазақстан әлемдік державалар мен беделді халықаралық
ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның қолдауын қажет етті. Бұл кезде
дүниежүзілік қоғамдастық та тарихтың еркімен қуаты жағынан әлемдегі
төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған жас мемлекетпен сындарлы
сыртқы саясатты жүргізуге мүдделі болды. Осыны ескере отырып, еліміз сыртқы
және ішкі саясатта теңдестірілген амал-көзқарастар пайдасына саналы түрде
таңдау жасады. Көпжақты әріптестік, экономика мен қоғамды ырықтандыру
стратегиясы сол амалдардың өзегіне айналды.
Батыстың
жетекші елдерінің Ұйымға кіруге шақыруы Қазақстанда еуропалық қауіпсіздіктің
тең құқылы және бөліну сызықтары жоқ жағдайлардағы жаңа архитектурасын
қалыптастыруға бағытталған қадам ретінде қабылданды.
Жалпыеуропалық
кеңестің толыққанды қатысушысына айналған Қазақстан оны одан әрі дамыту,
сонымен бірге халықаралық ұйым болып қайта құрылуы үдерісіне белсене қатысты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Хельсинкиде (1992 ж.),
Будапештте (1994 ж.), Лиссабонда (1996 ж.) және Стамбұлда (1999 ж.) өткен
саммиттерінің жұмысына қатысты. ЕҚЫҰ Министрлер Кеңесінің жылсайынғы
отырыстарына Қазақстан атынан сыртқы саясат ведомствосының басшысы өкілдік
етеді. Қазақстандық парламентшілер Ұйымның Парламенттік ассамблеясының жұмысына
белсенді қатысуда.
1994 жылы
Будапешт саммитінің қорытындысы бойынша, одан әрі институттандыру
мақсатында Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым болып
қайта құрылды.
1995 жылы
еліміздің ЕҚЫҰ-ға тікелей қатысуын қамтамасыз еткен, Қазақстанның Венадағы
халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігінің іргетасы қаланды. Ал
2008 жылдан бастап алдағы төрағалық тұрғысында Елші Қайрат Әбдірахманов
басқаратын Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жұмыс
істеуде.
1995 жылы
Ташкенттегі офисімен ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы өңірлік Бюросы ашылды. 1999 жылы
ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы Орталығы ашылды, сосын ол 2007 жылы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы
Орталығы болып қайта құрылды. Орталықты қазір Елші Александр Кельчевски
(Франция) басқарады.
Соңғы
бірнеше жыл бойында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның бірқатар ірі шараларын өткізді, олардың
арасында:
«Адам саудасына қарсы күрес – өңірлік жауап» атты өңірлік
Орталықазиялық конференция (Астана, 2006 ж. 18-19 мамыр);
Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт бойынша ІІІ
шолу конференциясында Қазақстанның төрағалық етуі (Вена, 2006 ж. 29 мамыр – 2
маусым);
ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі «Мәдениетаралық, дінаралық және
этникааралық түсінік» атты Кеңесі – Толеранттық жөніндегі кеңес (Алматы, 2006ж.
12-13 маусым);
«Минасыздандыру саласындағы сенім шаралары мен өңірлік
ынтымақтастық» атты өңірлік семинар (Алматы, 2007ж.26-27 наурыз);
ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының 17-ші жылсайынғы
сессиясы (Астана, 2008 ж. 29 маусым – 3 шілде).
2007 жылғы
қарашада ЕҚЫҰ-ның шетел істері министрлігі кеңесінің Мадридте өткен кездесуінде
Қазақстанның 2010 жылы Ұйымда төрағалық етуі туралы шешім қабылданды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.
mail@e-history.kz 8 (7172) 57 60 13 (ішкі - 1163)