1926 жылғы майдангерлер
05.03.2015 2510
Биыл бүкіл дүние жүзі халқы әлем тарихында болған ең сұрапыл соғыстағы жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өтеді.

05.02.15

Бұл соғыстың тарихы қазіргі заманда көптеген елдерде қайта жазылып, соғыстағы жеңісті жақындатқандар қатарынан шын мәнінде ерлігімен батылдығын көрсеткен халықтар жәймен сызылып қалып жатыр. Бір ғана мысал АҚШ тарихшыларының еңбегінде соғыстағы жеңіс Американың соғысқа қосылуының арқасында болды десе, Ресей тарихшыларының еңбектерінде орыс солдаттары ғана айтылып, сол кездегі КСРО құрамындағы елдердің қосқан үлесі айтылмайды. Ал Қазақстандықтардың бұл соғыста жанқиярлықпен соғысқанын дәлелі 1 миллион 366 мың азаматын соғысқа жіберіп 600 мыңнан астамының сүйектері Москва мен Берлин арасындағы және Маньчжурия далаларында қалғаны. 2010 жылы жеңістің 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстанда 15 мыңға жуық соғыс ардагері болса, 2012 жылғы жеңіс күні қарсаңында 9557 ардагер болып, қазір Қазақстанда бұл соғыстың куәсі, бар болғаны 5 мыңнан аса ғана жауынгерлері қалды. Сондықтан осы солдаттар туралы біздер жазбасақ, өскелең ұрпақ бұл соғыстың тарихын білуде кімге сенерін білмей қала ма деймін. Бұл мақалада екінші дүниежүзілік соғыстың екі солдаты туралы, жапон майданындағы соғысқаны, көргені туралы өз ауыздарынан естігенімді айтып бергелі отырмын. Олар бір үйдің екі ұлы Төлебаймен Ордабайдың 1926 жылы туылған Төлебаев Оразалы мен Ордабаев Өтеубай атты екі ағамыз. Өтеубай ағамыз биыл 2014 жылы бұл дүниеден өтті. Ал немере інісі Оразалы қазір Қызылорда қаласындағы Кетебаев көшесіндегі 60 үйде тұрып жатыр. Жақында Қазақстан Республикасының президентінің құттықтауы мен сыйын алған Оразалы ағамыз «Елімнің көркейгенін көріп, балаларымның, немерелерімнің, шөберелерімнің ортасында, осылардың қуанышын, жақсылығын көріп, құдайдың берген өлшеулі өмірін жасасам деймін» - деді. Ал осы өмірге жету үшін бұл ағаларымыз өмірдің тағдыр жазған қиын соқпақтарынан өткенін бәрі біле бермейді... 1943 жылдың сәуірінде Оразалы, Өтеубай ағаларымызды және ауылдасы Жұмабек үшеуін военкомат 15 күндік әскери жиынға шақырды. Соғыс жылдары жасы он сегізге толмаған жастарды 15 күнге созылған ұзақ әскери дайындық жиындарға әкетіп тұратын. Ол кезде ағаларымыз 17 жастағы жастар қазіргі Әл-Фараби көшесіндегі мектеп орнында орналасқан Сталин №9 колхозының колхозшылары еді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Сталин колхозының тумасы Асанов Жұматайдың айтуынша колхоздан соғысқа жүзден аса ер азамат кетіп, жиырмаға жетпейтін ғана адам қайтып оралыпты. Соғыстың бірінші жылдары әскерге алынып, бірден қан майданға дайындықсыз түскен бұлар Москва, Сталинград сияқты шайқастарда қырылып кетіп отырды. Колхоз төрағасы жұмыс қызып тұрғанда, ер азаматтар жұмысын әйел, бала-шағалар істеп жатқанда жас жігіттерді жібергісі келмеседе военкомның бұйрығынан аттап өте алмады. Бір жағынан ағаларымыз ауыр колхоз жұмысынан 15 күн бойы демаламыз деп қуансада екінші жағынан «қойдың кезегі» жақындағанын түсінді. Жас болсада соғыстың ойын емес екендігін ауылға соғыста қаза болған боздақтардың үйіне жиі келетін қара қағаздардан, оның қайғы-қасіретін сезініп жүрген ауылдастарынан көретін. Бұл әсіресе жас балалардан жақсы байқалатын, енді сүйеніші әкесі жоқ екенін, аяқ астынан үйдің үлкені болып қалғанын сезінген олар, біршама жиналып, үйлерін көбірек ойлап, тапқандарын үйіне жеткізуге тырысатын, аналары дәнді қуырып бөліп жеңдер дегенде, көбісін іні-қарындастарына беріп өз ауызына екі-үш дән салып, аузы толғандай шайнап отыратын. Күзгі егін жиналып болғасын Оразалы мен Өтеубай екеуін қайтадан 15 күндік жиынға шақырды. Соғыс болып жатқанның өзінде егінді егу және жинау кезінде ауылдық жерлерден әскери дайындықтарға адамдарды шақыртпаған, егінді жинау маңыздырақ болған. Бұл жолғы сбор колхоздан қашық емес қазіргі Досан ауылының маңында күнделікті шабуыл, қорғаныс, окоп қазу, нысананы көздеп ату сынақты жаттығуларды өткізу арқылы өтіп жатты. Осы жаттығуға келген военкомат өкілі сендер осы жылдан қалмай әскерге алынасыңдар деді. Бұл хабар оларға да, жанұяларынада ауыр хабар болды деуге болады. Алайда 1926 жылы туылғандарды 1944 жылдан соңына дейін әскерге алмады. Ел арасында бұның себебі Сталиннің бұйрығына байланысты деген әңгіме тарады. Ол бұйрыққа сәйкес егін, әсіресе мақта шаруашылығы көп Орта Азия республикаларының жастары 1944 жылғы егін жиналып болғасын алынсын делінген көрінеді. Шындығында Азия Республикаларының барлығы дерлік ауыл шаруашылық өңірлері болғандықтан әскерге алу күзге қалдырылуы заңды нәрсе болуы керек. Бұл распа жоқпа білмейміз бірақ 1926 жылы туылғандарға 1944 жылдың соңына дейін тиіспей 1944 жылдың егіні жиналып болғасын желтоқсан айында военкоматқа шақырып, әскерге алды. Ағаларымызды әскерге алып кететін поезд Қызылорда вокзалына келгенде көптеген вагондарында солдаттар бар екен. Олар 1926 жылы туылған өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз балдары екен, осы поезға бірнеше вагон Қызылордалықтар қосылды. Бір өңірден алынған солдаттар бір жерге түсіп, бір шайқаста қырылып кетпес үшін бір әскери бөлімге әр жердің тумаларын қосады деген болжам дұрыс екен-ау. Осы кеткеннен оларды Орынбор қаласының маңындағы Меновой двор деген товарный станцияға әкеліп түсірді. Бұл жердің Меновой двор деп аталуының себебі, осы жерде Орынбор қаласының жанындағы базар орналасқан болатын. Қазақ далаларынан, Бұқарадан, Ташкенттен, Самарқандтан Хиуадан келген көпестер өз товарларын Ресей я шетелден негізінен Еуропадан әкелген товарларға ауыстырып алатын. ХІХ ғасырда бұл жерде 8 млн сомға сауда жасалынатын. 1945 жылы Меновой двор әскери қамалға ұқсас болатын, төр бұрышында кезінде зеңбіректер орналасқан бастиондары бар, ал қамал ішінде көптеген әскери бөлімдер орналастырылған. Меновой двордың көлемін елестету үшін ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда осы жерде 344 дүкен мен 140 қойма орналасқанын айтсақ жеткілікті деп ойлаймын. Меновой дворда запастағы 92-ші атқыштар полкінде күн-түн демей 14 сағатқа созылған әскери дайындықтар басталды. Соғыстың бірінші жылы әскерге алынғандарды бірден майданға апарып ұрысқа салатын еді. Енді жағдайдың Қызыл әскер үшін жақсарғаны көрініп тұр. Солдаттарды қанды майданға бірден салмай ұзақ дайындықтан өткізгеннен кейін ғана майданға жіберу көзделген екен. Екіншіден, жас солдаттарды дайындауға уақыттың болғанынан Кеңес әскерінің саны көбейгені көрініп тұр. Бір күні Қызылордадан келгендер орналасқан жерге ішкі әскер офицерлері келіп Қызылордалықтардың жартысын ішкі әскер қатарына алып кетті. Олардың бәрі Қызылордадан бірге шығып, соғыс кезіндегі әскери борышытарын алғашқы айларын бірге өткізген бауырлары еді. Бір-бірімен құшақтасып көздеріне жас алып қоштасты. Солардың бірі құрдасы Өтеген ағамызбен ағаларымыз, елге оралғасын қайта табысып жолдас болды. Қызылордалықтар соғыс кезінде тек майданда ғана емес ішкі әскерлерде, шекара қызметінде де қызмет еткен екен. Өтегеннен естігені оларды алып кеткесін түрмелерді күзетуге салса, кейін шекара әскерлеріне жіберіпті. Өтеген ағамыз болса әскери борышын соңына дейін Иран шекарасында атқарыпты. Ағаларымыз Меновой дворда 1945 жылдың мамырына дейін болды. Күнделікті 14 сағаттық жаттығумен қатар көктем шыққасын диханшылықпен айналысып өздерінің әскери бөлімдерінің мұқтажы үшін картоп егіп, жеңісті осы жерде қарсы алды. Тылдағы Кеңес әскерлерінің бөлімдері өз-өзін күнделікті азық – түлікпен қамтамасыз ету принципімен өмір сүрген екен. Женіс күнін күтіп алған күннен көп ұзамай оларды 40 адамнан 7 вагонға отырғызып, Орынбордан келген составтың соңына тіркеп, поезд Қызылордаға бағыт алды. Алдағы вагондарда Орынбор госпитальдарынан емделіп шығып, Маньчжуриядағы әскерлерді толықтыруға жіберілгендер екен. Бірақ ол кезде ағаларымыз қайда апара жатқанын білмейтін. Ялта конференциясының шешімдеріне сәйкес кеңес әскерлері Германия талқандалғаннан кейін 3 ай көлемінде жапон әскерлеріне қарсы соғыс ашуға міндетті еді. Осы үш ай мерзім 8 тамыздың кешінде аяқталу керек еді. Алыс тылда орналасқан госпитальдардан емделіп шыққандар өз әскери бөлімдеріне емес, басшылықтың шешімімен топтасып бір жерге жіберілетін болған екен. Госпиталдан шыққандар Өтеубай ағамыздың сөзінше «Түрлеріне қарасаң киімдері жарасымды, мұрт қойған соғыстың қиындығын көрген жігіттер екен». Көп ұзамай поезд оларды Қызылордаға әкелді. Поезд бірден Транссібір темір жолымен жіберілмей айналма жолмен жіберілгеніне қарағанда Транссібір темір жолында поездардың саны көп болса керек. Соғыстан кейін белгілі болғандай жапондармен соғысқа дайындық барысында 1945 жылдың мамыр-тамыз айларында 136 мың вагон әскерлермен жүктер соғыс қимылдарын жүргізу үшін Кеңес-Жапон шекарасына жіберіліпті. Ол жылдары бір составта 40 вагон деп есептегеннің өзінде 3400 состав жіберілген екен. Жолай ағаларымызды вагоннан шығармады. Поезд Қызылордаға келгесін өтіп бара жатқан таныс бір әйелді көріп ағаларымыз ауылға сәлемдеме айтып жіберді. Киноларда көргенде әскери эшелондарға адамдарды жақындатпай айналдырып жіберетін еді, ал Қызылорда да, терең тылда әскери тәртіп өте қатал болмаған сияқты. Көп ұзамай Өтеубай ағамыздың, Оразалы ағамыздың үйіндегілері, олармен бірге кеткен бауырлары туралы хабар білгісі келген ауылдастар үйіндегі бар анау-мынауын алып вагон айналасына үймелей бастады. Бұны көрген басқа халық солдаттар мінген поезда майданнан қайтқан әке, бала бауырларымыз бар деп эшелонға ұмтылды, бүкіл Қызылорда ағылып келгендей болды. Әке ағаларының орнына оларды 18-19 жастағы, әскерге алынғандарына жарты жыл өтсе де майданды көрмеген, тағдыр тәлкегімен келесі жау жапондарға қарсы соғысқа кетіп бара жатып, туған жеріне қайта оралған бауырларымен ұшырасты. Әке шешелерімен, бауырларымен көрісіп, біраз уақыт ішек тартысып ертең көрісеміз деген оймен тарасты. Ал ертеңіне азанда оянса Түркістан қаласының вокзалында тұр екен. Ауылдас қыз-келіншектер келеді деген үміттері, шешелерінің анау-мынау тәтті бір нәрсе әкелем деген сөздері, ойларына кірген түстей болып көрінді. Сол жүріспен Новосибирскіден өтті, Байкал жағалауын көріп, Чита қаласынан барып шықты. Осыдан Кеңес әскерлерінің эшелондарының маршрутын көруге болады. Осы жерде командирі ертең Монголияда боламыз онда совет ақшалары жүрмейді, алатындарынды осы жерден алып қалыңдар – деді. Соңғы ақшаларын Меновой дворда жұмсаған олардың соңғы жеті вагонынан ешкімде сыртқа шыққан жоқ. Ал госпитальдан шыққандар болса вокзал маңындағы сауданы қыздырды. Солдаттарға госпитальда жаралы болған уақытындағы жалақысы және госпиталдан шыққанда іс-сапар есебінде қаржы берілген болуы керек, олар қымбат болса да вокзал маңындағы базардан көп нәрсе, негізінен азық-түлік алды. Монголияға өткеннен кейін түнде салдыр-гүлдір болып вагондар күрт тоқтап бәрі есікке ұмтылды. Қараса поездың алдыңғы вагондары жолдың иінінде биіктен аударылып бірі-бірінің үстіне шығып жатыр екен. Айқай, шу, еңіреген дауыстарды естіп бәрі алдыңғы вагондардағыларды құтқаруға ұмтылды. Сөйтсе станциядағы семафор олардың составына тоқтамай өте бер деген белгі беріп тұр екен. Машинист бұны көріп жылдамдықты азайтпай алға жүре береді, ал бұл кезде біреулер стрелочникті өлтірді ма я стрелочник қателесті ма ағаларымыздың составын станцияда тұрған составқа қарай бұрып жіберіпті. Майданда қанын төгіп, шаңын жұтып соғыс бітті деп қуанып, госпитальдан шыққан алдыңғы вагондардағы жүздеген адамдар қырылып жатқанда, соңғы жеті вагондағы соғыс отын көрмеген 1926 жылы туылған 18-19 жастағы балдарды құдай аман алып қалыпты. Апат болған жерге түн ішінде көптеген әскерлер, техника тартылып азанға дейін жол қалыпқа келтірілді, апаттын зардабын жою жұмысы темір жол бойында жақсы жолға қойылған екен. Апаттың белгісін көрсетпеу үшін тракторлар қираған вагондарды жолдан таса жерге тартып апарып тыстады, себебі кеңестік дәуірде апаттар туралы айтылмайтын және белгілері тез жойылатын. Составы жол жөнделіп алға жылжығанда жол бойында қираған вагондардың жаңқаларында көрген жоқ, тек вагондар құлаған жерден сәл әрменіректе, ол жерге қисыны келмейтін, үсті палаткалармен жабылған үлкен төмпешік тұрды. Поезд жүрісі тездеп төмпешікке жақындағанда палаткалардың жиегінен шығып жатқан адамдардың қолдары мен аяқтары көрінді. Бұл түнгі соқтығыс құрбандары жүздеген солдаттардың үйіліп жатқан мәйіттері екен. Осындай жағдайларға байланысты кеңес солдаттарының топтасып жерленген бейіттері соғыс оты болмаған жерлерде де бар екен-ау. Ағаларымыздың сөзінше бұл оқиға Чойбалсан қаласына жақын жердегі Шынғысхан станциясында болды. Апатқа дейінгі ұзақ жолда ағаларымыз алдыңғы вагондарда Орынбор госпиталдарынан шыққан мұрт қойған, киімдері жарасымды, емделіп, көңіл күйлері көтеріңкі бірнеше қазақ жігіттерін көріп еді. Апаттан кейінгі жорықта оларды көрмеді, оларда сол палаткалар астында қалған болуы керек. Апат болған жерден көп ұзамай бәрін поездан түсіріп разьезге орналастырды. Осы жерде олар 10 күндей тұрып қалды. Бұл болған апаттың салдарынан болдыма белгісіз. Бірақ олардың үлкен жорық алдындағы бір демалған күндері болды. Күндердің бір күнінде таңата оларды ерте оятып, тамақтандырып жолға алып шықты. Күніне баста 40 шақырым жүріп отырса, бірте-бірте күніне 70 шақырым жүретін болды. Кеңес – Жапон майданында техника көп болса да солдаттар жүздеген километр жүріп жаяу барған жағдайлары көп болған екен. Бірнеше күннен кейін таулар көрінді, таулар көрінгенімен оның етегіне жету біраз уақыт алды. Келсе тау етегінде бірнеше әскери бөлімдер, мыңдаған әскерилер бар екен. Ағаларымызды соларға қосып бірнеше үлкен шенді офицерлер жиналыс өткізді. Ірілеу келген орыс майоры оларды бұл жерге Жапонияға қарсы соғысқа әкелгендерін айтты. Госпиталдан шыққандар тылға апара жатқанын іштегі гарнизондарда әскери борышын жалғастырамын деп түсінген екен, сүйтіп олар бір соғыстан екінші соғысқа кірісіп кетті. Алда ұзақ жол-бар, жолда тыңшылық жасаған Жапон шекара күзетінің солдаттары артта я жалғыз қалған солдат-офицерлерді өлтіріп кету жағдайлары болғанын сол себепті саптан қалмай назарды күшейтуді тапсырды және алдағы уақытта олар Германиядан келген әскери бөлімдерді толықтыратынын айтты. Жапондықтар диверсиялық іс-әрекеттерді және солдаттар мен офицерлерді мәлімет алу үшін ұрлап алуды кеңінен пайдаланды. Бұл үшін оларға көмекті кезінде ақ гвардия бөлімдерінде кеңес үкіметіне қарсы күрескен орыс эмигранттары көрсетті, олар кеңес солдаттары мен офицерлерінің киімін киіп тыңшылық жасады. Бұған қосы жапондардан құрылған, басын өлімге тіккен диверсиялық отрядтарда көп қиындықтар туғызып отырды. Жапон офицерлеріде 1937 жылдан бастап әскери училищелерде орыс тіліп оқып, керек кезінде диверсанттар қатарын көбейтіп отырды. Қиындыққа шыдамды, әскери тәртіпті бекем ұстайтын жапон әскерлерінің қолынан диверциялық актілер нәтижесінде көптеген кеңес жауынгерлері қаза тапты. Қызылордадан барғандардың бәрін соғысып Германияға дейін барған 1918 жылдан 23 мамырында азамат соғысының белгілі қолбасшыларының бірі П.Е.Дыбенконың еріктілерінен, Петроградтың Қызыл гвардиясынан және Нарва қаласының жұмысшыларының отрядтары негізінде құрылған Алтыншы «Орловский» атқыштар дивизиясының Кузин Андрей Михайлович басқаратын 125 атқыштар полкіне қосты және Родион Яковлевич Малиновскии басқарған Забайкальский майданның 53 армиясының жауынгерлері екендерін ескертті. Осы жерде оларға қару-жарақтар берді, Өтеубай мен Оразалы ағалардың еншісіне винтовкалар тиді. Оған қоса 150 патрон, саперный күрек, фляшка қосып берді. 1945 жылдың 9 тамызына қараған түні Забайкальский майданының әскерлері шекарадан өтіп шабуылды бастады. Ағаларымыз қызмет еткен 53 армия екінші шепте болды. Қару-жарақ асынып жолға шыққаннан кейін жағдайлары қиындады. Өткен жерлері шөл екен күндіз ыстық, түнде суық. Бұл белгілі Гоби шөлі еді. Бастапқыда кей солдаттар тарапынан шинелдерін тастап кеткен жағдайлар болды. Ал түнде бұл солдаттар қалтырап тонып ұйықтай алмай жүрді. Оларды таң ата жолға шығарады сол жүргенен түннің бір мезгілінде ғана тоқтайтын. Бірақ жолда бірнеше рет тоқтатып дем алдырып, артта қалғандарды қатарға қосып отырды. Гоби шөлінен өтіп Хинган тауларына да жетті. Таудан өткел болмай бірнеше күн тауды бойлап жүрді. Сөйтсе тау арасынан өтетін жер бар екен, бәрі оны «Тунель» деп атады, бірақ ол тунель емес тау арасындағы өткел екен. Сол жерде әскердің көптігі сонша Оразалы мен Өтеубай ағаларымыз және тағы бірнеше қазақ жігіттері әскери бөлімдерінен адасып қалды. Бірақ тап сол «тунелдің» кіре – берісінде бір полковник колонналарды өзі реттестіріп тұр екен, сол кісіге Өтеубай ағамыз барып адасып кеткендерін айтты. Сөйтсе ол дивизияларының командирі екен. Олардың бөлімдерінің алға өтіп кеткенін айтып командир ағаларымызды нан тасымалдайтын машинаға отырғызып жіберді. Машинаның есігіндегі нөмері «О» деген әріптен басталады екен бұдан олар әскери машинаның қай әскери құраманікі, я бөлімдікі екенін машина нөмеріндегі әріптен білді, бұл олардың дивизиясыныкі екен. Көптеген жаяу әскер колонналарының жанынан өтіп шопыр ағаларымызды бір көлдің жанына әкелді де, олардың әскери бөлімінен озып кеткендігін және бөлімдерінің осы жерден өтетінін айтып осында күтіңдер – деді. Бір ай бойы жуынбаған олар көлге түсіп, суды қанғанша ішіп киімдерін жуып, кешке көл басына келген әскери бөлімдеріне қосылды. Хинган тауынан өткел іздеп бірнеше күн жүрген олар «тунелді» өткесін енді артқа қарай сол Хинган тауларын бойлап қайтадан жаяу алға тартты. Күніне 2 рет азанда және кешке ыстық тамақ беріп отырды. Әскерлер жорықта болсада ыстық тамақпен қамтамассыз ету жолға қойылған екен. Тамақ ішіп алғасын үйде көп болмаса да көз іліп алса, мұнда ондай жоқ. Ас ішіп алғасын түнгі 3-ке дейін жүреді. Әсіресе кешке шаршағанда полковой оркестрді машиналармен алға 3 километрдей жерге апарып, оркестрді ойнатып қояды. Оркестрдің үнін естігеннен шаршаған, сапты бұзған, қаруларын әр түрлі асынған солдаттар үстерін қағып, реттеліп музыканың ырғағымен қадамдарын, саптарын түзеп оркестрдің маңайына келгенде строевой саппен өтетін. Патриоттық тұрғыдағы музыка адамның еңсесін көтеруге өзіндік күші бар екен. Бәрі өтіп кеткесін оркестрді қайтадан машинаға отырғызып алға жібереді. Бұл да бір рух, дем беретін жақсы шара екен. Әскери бөлімдерінің кухнясын, азық-түлік тиеген екі арбасын және әскери бөлімдеріне берілген бір зеңбіректі аттар сүйрейтін еді. Бұл аттарды дивизия Германиядан шығарда немістерден алған екен, командирі осындай аттың біріне мініп алған. Жорықтың қиындығына, ұзақтығына бұл аттардың бірі де шыдамады, бірте – бірте өліп ұзақ жолдың бойында қала берді. Олардың орнына бойы кішкентай бірақ шыдамды келетін монғол аттары әкелінді. Немістер соғыс кезінде уақытымен кофесін, түскі асын ішіп, ол кезде оқ атуында тоқтататын дейтін еді, олардың аттарыда сондай тәртіпке үйренген болуы керек. Ал моңғол аттары кезіндегі Шынғысхан жорықтарындағыдай бірнеше апта я айлар шауып үйренген болар, бұл аттар Жапон соғысының соңына дейін қынқ етпей қызметін атқарды. Монғолдың аттары жүк көтеруге, тартуға күннің ыстығына шыдамды екен. Ал зеңбіректі тартуға бір түйе, снарядтар тиеуге екінші түйе берілді. Неміс аттары өлгенде зеңбіректі сүйреп – тарту, снарядтар тасу ағаларымыздың иығына түссе, түйелер келгесін бір жасап қалып, бұдан кейінгі жол жеңілдегендей болды. Сөйтіп алдағы Маньчжурияға жетті. Бұған дейін екінші шепте болған ағаларымыз қызмет еткен 53 армия 18-19 тамызда осы майданның 6 танк армиясы Қытайдың Шэньяу және Чунчунш қалаларын алғасын Квантун армиясының Сары теңізге шығу жолы жабылып майданның бірінші шебіндегі 6 танк армиясы мен 17 армия арасында 400 километрлік бос кеңістік орнағасын осы жерге екінші шептен алынып 53 армияны кіргізіп, тікелей соғыс қимылдарына қосты. Екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында және соғыс барысында жапондар Маньчжурияны Азия материгіндегі жаулаушылық саясатының әскери-экономикалық базасының орталығына айналдырған болатын. Бұл жерде Жапонияда өндірілген синтетикалық жанар майдың 55% өндірілді және 12 ірі жарылғыш заттар өндіретін завод болды. Бұдан бөлек әскери техника оның ішінде самолет, танк, автомашина тағы басқа әскери заттарды өндіретін ондаған заводтар жұмыс істеп, Маньчжурия Жапониядан бөлек соғыс жүргізе алатын өңірге айналған болатын. Мұнда 133 ірі аэродромнан бөлек 6000 самолетті орналастыруға болатын 400 кішігірім қосымша аэродром болды. Маньчжурияны жапон милитаристері үлкен қорғаныс аймағына айналдырды. Маньчжуриядағы жапонның Квантун армиясында 1,3 млн солдат, 6260 зеңбірек пен миномет, 1155 танк, 1900 самолет болып, өлкені 17 қорғаныс аудандарымен қоршап қойды. Бұл қорғаныс аудандарының төртеуі Маньчжурияның батысында Өтеубай, Оразалы ағаларымыз қызмет еткен әскери құрамалардың жолында орналасты. Квантун армиясына қарсы Кеңес әскерлерінің құрамында 1 669 500 солдат пен офицер болған екен. Кеңес әскерлеріне қоса жапондарға қарсы 16 мың монғол әскерлері соғысты. Осы қорғаныс шептерін бұзып өтуде ағаларымыз қызмет еткен әскери құрамалар мен бөлімдер жан қиярлық ерліктерімен көзге түсті. Жапон жерлері атом бомбаларының астында қирап жатқанын білседе жапондар жылдар бойы дайындаған қорғаныс аудандары арқылы табанды қарсылық көрсетіп отырды. Ағаларымыздың айтуынша қорғаныс ауданы дегеніміз ондаған километрге созылған қорғыныс шебі екен. Жапондар бірінші шептен екінші шепке, біз атқанда көрінбейтін окоптармен, ауысып жатқанда біз мидай далада қаруымызды асынып жапондардың оғының астында «уралап» алға жүгіріп бір шептен кейін екінші шепті алып отырдық - дейді. Бұл бізге бір тозақ болып көрінді, бірақ жанымыздағы Еуропа елдерін соғысып жүріп өткен ағаларымыз «Қазір жағдай қайта жақсы, 1941-1942 жылдары жағдай мүлдем жаман еді, винтовкаларымызбен танкілерге қарсы барған кезіміз болды. Ал қазір шабуыл алдында көрдіңдер ғой зеңбіректер гүрсілін және бізбен бірге шабуылға танкілердің бара жатқанын, соғыс басында бізде осылай болғанда немістің мәселесін шекарада-ақ шешер едік»- дейтін. Шабуылдарда алғы шепке командирлер Еуропаның майдандарынан өткен осы ағаларымызды қоятын, ал соғыс көрмегендер артқы шепте болатын, бірақ ағаларымызда құлақтарын жағынан ысылдап өткен оқты сезініп, жақын жерге түскен снарядтар жарылысын көріп, өздерімен бірге майданға барған 1926 жылғы жігіттердің оққа ұшқанын көрді. Әскери асхананың артта қалуына байланысты шабуылдар арасында нан мен тушенканы жеп, су ішетін. Баста тамақ батпай кейін ашығып қалды ма тәбеттері түзелді. Оразалы мен Өтеубайдың тамақ ішіп отырғанын көрген бір үлкен жастағы солдат шабуыл алдында көп жемеңдер мүмкін болса тіпті жемеңдер, іштен жарақат алсаңдар қиын болады – деді, содан кейін шабуыл болады десе екеуі және жанындағы 1926 жылы туғандарда ішпейтін болды, себебі құрдастар бір-біріне көргендерін, естігендерін айтып отыратын. Алғашқы өлгендерді, жарылыстан бөлшектеніп қалған мәйіттерді көргенде баста бойларын ұлы сөздің ұяты жоқ қорқыныш сезім биледі, бірақ көргендерін, сезімдерін бір-біріне айтып, бір-бірін жігерлендіріп отырды. Тамыздың ортасына қарай жапондар беріле бастады, көбіне басында қылыш асынған офицері бар топ-тобымен беріліп отырды. Забайкальский майданының тегеурінді шабуылының нәтижесінде 22 тамызда кеңес әскерлері Порт-Артурды алды. Осы күннен бастап жапон әскерлері ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетуді тоқтатты. Тек фанатик командирлер және басын өлімге тіккендер ғана аянбай қарсылық көрсетті. Порт-Артур алынғасын ағаларымыздың әскери бөлімдері Ляодун түбегін жапондардан тазартап, соғысты сонда аяқтады. Соғыстан кейін жарық көрген құжаттардан ағаларымыз Забайкальский майдан әскерлері осы 25 күннің ішінде 800 километр жерді соғысып өтіп, жаудың 220 мың тұтқынын қолға түсіргенін, өздеріне оқ атқан 480 танкісін, 500 самолетін, 860 зеңбірегін жойып қолға түсіргенін білді. Осы шайқастардағы ерлігі үшін ағаларымыз қызмет еткен 6 Орловский дивизияға Хинганская атауы беріліп дивизия «Алтыншы екі мәрте қызыл тулы, Суворов орденімен марапатталған Орловско - Хинганская дивизия» - деп аталды. Бұдан ағаларымыз Қызыл Армияда атағы шыққан дивизияда соғысқанын көреміз. Ағаларымыздың взводында, ротасында қазақ жігіттер көп болды, солдаттардың көбісі соларға қарап «сендер жапондардан айнымайды екенсіңдер» - деп те айтатын. Кейін ағаларымыз бос уақытында кітап оқып осы жапондармен қазақтардың түпкі атасы бір болған шығар деген ойға келді. Ал ол кезде «сендер жапондарға ұқсайсыңдар деген сөздерге мән бермей бәрін күлкіге айналдырып жеңіс шуағында болды. Жапондармен болған 25 күндік (9 тамыз-2 қыркүйек) шайқаста кеңес әскерлерінің 12 031 адамы қаза тауып, 24 425-і жараланды. Монғолдар болса 72 адамынан айырылды. Техника жағынан кеңес әскерлері 78 танкісінен, 232 зеңбіректерінен, 62 самолетінен айрылды. Жапондармен соғыстағы ерлігі үшін ағаларымыз Сталиннің алғыс хатымен марапатталды. Хаттың мәтініне қарасақ, ағаларымыздың шайқаспен өткен жолдарын көреміз. Хаттың мәтінінде былай делінген: «Приказом Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина от 23 августа 1945 г. №373 за прорыв Маньчжуро-Чжалайнурского и Холун-Аршанского укрепленных районов японцев, форсирование горного хребта Большой Хинган, преодоление безводных степей Монголии и освобождение Маньчжурии всему личному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях с Японцами на Дальнем Востоке обьвлена БЛАГОДАРНОСТЬ». 1945 жылдың қазан айында 125 полк соғыстың бітуіне байланысты таратылып, соғыстың ащы-суығын көргендер елдеріне қайтарылып, ағаларымыз Қытайда орналасқан басқа әскери бөлімдерге ауыстырылды. Бұл соғыстың біткен алғашқы кезеңдері ағаларымыздың бір демалған кезі болды. Оразалыдан бірнеше ай үлкендігі бар, Өтеубай ағамыз «өзімді ағасындай сезініп Оразалыны асханаға тамаққа жіберіп, өзім тасалау жерде плаш-палатканы төсеп тамақ ішетін орынды даярлап, нан турап, Оразалы келгесін бірлесіп, ауылды еске алып, тамақ ішіп, ішек тарқататынбыз. Жұмысқа жіберсе де, әскери сапта тұрсақта бір-бірімізді іздеп, бірге болатынбыз» - дейтін. Соғыстан кейін бейбітшілік орнағасын екеуіде Қытайда әскери қызметін жалғастырды және Оразалы ағамыз айтқандай «сол күндердің өзінде біреуіміз Қытайдың қаласына шығып базардан бір нәрсе алсақ, шетін кемірмей бір-бірімізбен бөлісіп жейтінбіз». 1946 жылы Оразалы ағамыз снайперлер мектебін бітіріп, әскер заңына сәйкес басқа әскери бөлімге ауысып, әскери қызметтерінің соңғы жылдарын екеуі Қытайдың екі қаласында өткізді, бірақ соның өзінде бір-бірімен хат алмасып, елге бірге қайтуды жоспарлап отыратын. Соғыстан кейін 1950 жылы әскерден қайтқасын екі ағамыз темір жолға жұмысқа бірге кіріп, бір жерде жұмыс істеп, бір-бірінен елу метрдей жерде үй салып тұрды. Үйлену тойларында әскерден киіп келген гимнастеркаларын өтектеп, жаңа костюм кигендей болып отырған ағаларымызға соғыс қайталанбайтындай, бейбіт өмір енді тек қуаныш әкелетіндей болып көрінді. 1951 жылы Өтеубай ағамыз Тұрсынкүл апамызбен отау көтеріп 7 бала, 18 немере, 12 шөбере сүйді. Оразалы ағамыз болса 1951 жылы Кеңескүл апамызбен отау құрып 9 бала, 25 немере, 23 шөбере сүйді. Бірақ тағдырдың жазғанымен екі жеңгемізде ағаларымыздан ертерек бұл дүниеден кетті. Ағаларымыздың үйленулеріне байланысты есте қалған бір жайт, Оразалы ағамыз үйленгенде Кеңескүл апамыз 17 жасқа қараған екен, бұны білген тыныш отырмайтын біреулер, сыртынан арыз жазып жіберіпті. Кәмелетке толмаған қызды алыпсың, сотталасың дегенді естіген Кеңескүл апамыз «Бұл үйге мені біреу күштеп әкелген жоқ, өзім келдім, қай сотқа барсада өзім айтамын» - деп Оразалы ағамызға деген өзінің сезімін білдірген екен. Бірақ заман Сталиннің артық сөз айтпайтын заманы еді ғой. Оразалының басына түскенді естіген, кейін Ленин жолы газетінде көп жылдар еңбек еткен інілері Нұрмаханұлы Мұхамбет сол кезде Сырдария ауданының ахаж бөлімінде істейді екен, сол інісі Оразалы милицияға баратын күннің алдында Кеңескүл апамыздың тууы туралы куәлігін өзгертіп, екі жас қосып, азанымен ағамызға әкеліп берген екен. Сүйтіп кейін Кеңескүл апамыз «мәселе шешіліп, қайнымның арқасында пенсияға ерте шықтым» - дейтін. Осы күндерге дейін екеуі бірлесіп құдайы-тойларға бірге келіп, өздерінің ағынан жарылған тілектерін айтып, баталарын беріп, үлкен бір әулеттің жол бастары, ақылшысы боп, өнегелі, көп жанды ұрпақ тәрбиелеп, соңғы кезге дейін немерелері мен шөберелерінің қуанышына бөленіп келді. Алайда өмір өз дегенін істейді, 88 жасында өмірден Өтеубай ағамыз кетіп қалды. Тоқсанға қарағанда кетсе той дейді кейбіреулер, бірақ үрім-бұтағы, ағайындары үшін әсіресе қанды көйлек бауыры, інісі, көршісі, құрдасы, досы, өмірінің қуанышы мен қайғысын бірге өткізген Оразалы ағамызға бәріненде қатты тигендей болды. Өтеубай ағамыз кеткеннен кейінгі өмірін, оқиғаларды Оразалы ағамыз «Өтеубай қайтыс болғаннан кейін...» - деп бастайды. Аңғаратын адам осыдан Оразалы ағамыздың өміріндегі Өтеубай ағамыздың алған орнын айтпай-ақ түсінеді. Бұл екі кісіні құдайы-тойға шақырғандар машинаны жібереміз дегенде, екеуіде керек жоқ – деп, Оразалы ағамыздың шаңырағындағы баласы Сұлтанның ескі «жигулиіне» мінгесіп, «той, құдайыларыңда сендердің жұмыстарың бастан асып жатады, бізге алаңдамаңдар» - деп салмағын түсірмей келді осы кезге дейін. Кей ағайындар алыста тұрып той, құдайы жасаса адам келмей қалама – деп алаңдап, осы екі ағамызға хабарласып, ойын айтса, екі ағамыз отырып алып, «телефонистері» Сұлтан арқылы ағайындармен хабарласып жағдайды түсіндіріп, бір автобусты толтырып, екеуі я екеуінің біреуі бастап ағайынды апарып таныстырып, бас-көз болып қайтатын. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жерлестеріме Оразалы ағама, жанұясына және Өтеубай ағамыздың жанұясына, ағайындарға бәріне Жеңіс күні құтты болсын. Жанұяларыңызда қуаныш, жақсылық, көп болсын, ағаларымыздың арқасында орнаған бейбітшілік күндеріміз баянды, ұзақ болсын деп, сөзімді Өтеубай мен Оразалының ағасы Жұмабайдың барлық тілегін сидырған қысқа сөздерімен аяқтағым келеді. «Ел аман, жұрт тыныш болсын»

А.Ж. Оразбақов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент