Беғазы қорымы (зерттеу, сақтау және насихаттау жұмыстары)
17.09.2014 3464
Отандық археология тарихындағы жарқын ашылымдардың қатарындағы аса бір ерекше орынды Беғазы қорымы алады.

Отандық археология тарихындағы жарқын ашылымдардың қатарындағы аса бір ерекше орынды Беғазы қорымы алады. 

Бұл ескерткіштің ашылуы Қазақстанның ғана емес, жалпы далалық Еуразияның археология тарихындағы қола дәуірінің жәдігерлерін зерттеу ісінде жаңа белестердің бірі болды. Бұл мақала Беғазы қорымы мен оның төңірегінде кейінгі жылдары жүргізілген ізденістердің барысын баяндауға арналған. Бүгінгі таңда қорымда жүргізіліп отырған ғылыми тұрғыдағы қайта қалпына келтіру жұмыстары мен «Беғазы-Қызыларай» қорық-мұражайын ұйымдастыру шараларының үлкен маңызы бар. 

Беғазы қорымы орналасқан өлке әсем табиғаты, өзен алқабындағы шұрайлы-шүйгін жайылымдарымен көне дәуірде жанға жайлы мекен болуына байланысты адамдар назарына ерте уақыттан бері ілінген. 

Беғазы зиратын алғашқы зерттеушілерінің бірі академик Ә.Х. Марғұлан өзінің аталмыш зиратқа қатысты бастапқы ғылыми еңбектерінде бұл зираттың жазба деректерде 1829 жылы хорунжий Потаниннің естеліктерінде кездесетінін айтады. Орыс өкілдерінің Ташкентке дейінгі жолда жолсерік қызметін атқарған хорунжий Потанин, Беғазы тауының баурайындағы Беғазы-бұлақ суының маңында тастары жерге қырымен қазылып орнатылған төртбұрышты қоршаулардың бар екендігін айтып кеткен [Кызласов Л. Р., Маргулан А. Х., 1950, с. 127]. Сонымен қатар, кейіннен бұл зират туралы И. А. Кастанье, В. Никитин, Н. Коншин өздерінің еңбектерінде атап өтеді. 

Осы жазба деректердің ішінде, әсіресе, Н. Коншин мағлұматтары қызғушылық тудырады. Ол «О памятниках старины Семипалитинской области» еңбегінде Қарқаралы уезі бойынша төмендегідей мәліметтер желісін келтіріледі: «В Токраунской волости на ур. Бегазы есть 10 курганов круглой формы с насыпью из мелкого камня. Около 3 из них по четырем углам поставлено по камню высотой до 2 ½ арш., 3 обложены у основания крупными камнями в ½ арш. высотой, у остальных же 4 на верхушках поставлено по камню высотой в 3 арш.». Бұл мәлімет Семей облыстық статистика комитетінің ұйымдастыруымен 1900 жылы жүргізілген археологиялық ескерткіштер туралы ақпараттар жинау шарасының аясында Н. Коншиннің 1903 жылы жариялаған еңбегінде көрсетілген [Коншин Н., 1903, с. 19]. 

Беғазы қорымы жазба деректерде ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап белгілі болса да, бұл қорымдағы ғылыми ізденістер тек Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары жүзеге асырыла бастады. Басты себептердің біріне 1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының ашылып, оның құрамындағы Тарих, археология және этнография институтының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының (ОҚАЭ) кең көлемді зерттеу жұмыстарын бастауы болатын. 

Сарыарқаның ұланғайыр жерін түгелдей шарлап өтіп, бұрын соңды белгісіз болған көптеген жәдігерлердің орындарын тапқан Ә.Х. Марғұланның аса маңызды басты жаңалықтарының біріне осы Беғазы зиратын жатқыза аламыз. 

Беғазы зиратындағы археологиялық жұмыстар үнемі Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының осы өлкедегі зерттеулерімен сабақтасып жатты. Академик Ә.Х. Марғұланның бастамасымен жүргізілген Беғазы қорымындағы зерттеу жұмыстарына Қазақстан археология ғылымының майталмандары Кемел Ақышев, Әбдіманап Оразбаев және мәскеулік профессор Л. Р. Кызласов сынды ғалымдар қатысқан болатын. 

Қазіргі таңдағы әкімшілік бөлініс бойынша Беғазы зираты Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би селолық округіне қарасты жерде, Беғазы тауының етегінде, Қаратал өзенінің оң жағалауында орналасқан. Орталық Қазақстан аумағы бойынша ең биік нүкте болып саналытын Қызыларай тауларының батыс жақ беткейлерінен бастау алатын Қаратал өзені солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытында ұсақ шоқылар арасымен ағып, әрі қарай Тоқырауын өзеніне ұласады. 

Өзен аңғарының оң жақ бөлігі биік болса, сол жағалауы аласалау болып, өзен жағалай жіңішке жолақ түріндегі кішігірім тоғайлар бар. Алайда, бүгінгі күні жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, тоғай талдары қатты сиреп кеткен. Қаратал өзені де ағын суы азайып, әбден кішірейген. 

Беғазы зираты осы Қаратал өзенінің орта белінде, аумағы бойынша 10 га жерді алып жатыр. 

Зират құрамындағы көне орындар ұзын жолақ болып оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бағыт бойынша жайғасқан. Бұл зират көпшілік қауымға, негізінен, қола дәуірі ескерткіші ретінде танымал болғанымен, зират аумағында адамзат тарихының әр түрлі кезеңімен мерзімделетін жәдігерлер орналасқан. Олардың жалпы саны, этнографиялық уақытқа жататын ескерткіштерді есептемегенде (мазарлар мен тас жерлеулер) 70-ке барып жығылады. Археологиялық тұрғыдағы жәдігерлердің арасындағы ескерткіштердің басым бөлігін орта қола дәуірінде өмір сүрген андроновтық тайпалардың жерлеу нысандары алады. Олар жер бетінде пішімдері төртбұрышты, дөңгелек, сопақтау болып келіп, қабырғалары қырынан жерге қазылып орнатылған тастардан салынған қоршаулар ретінде байқалады. Барлығы жоғарыда сипатталғандай 50 қоршау тіркелген. Бұл қоршаулар зираттың орта тұсында және оңтүстік шетіне қарай шашыраңқы күйде жайғасқан. 

Хронологиялық тәртіптің келесі кезегінде соңғы қола дәуірінің зәулім жерлеу ескерткіштері тұр. Бұл зәулім ескерткіштерге байланысты академик Әлкей Марғұлан «мавзолейлер», яғни, «тас кесенелер» деген керемет атау ұсынып, ғылыми айналымға кеңінен енгізді. Олардың өлшемдерінің көлемділігі, нысанды жобалаудағы архитектуралық шешімдер ерекше назар аудартады. Саны жағынан аздығы, яғни 6 ғана ескерткіш, оларды зираттың ең көрнекті ескерткіштері қатарынан ысыра алмайды, керісінше осы жерлеу нысандары Беғазы зиратының көркін ерекше ашып тұрғандай. 

№ 1-5 тас кесенелер жинақы түрде, қорымның орталығында орналасқан болса, № 6 тас кесене өз алдына бөлек, қорымның оңтүстік шетінде тұрғызылған. 

Ерте темір дәуірі бұл қорымда үйінділері тас, тасты-топырақты обалар түрінде белгілі. Олардың диаметрі 5-24 м аралығында, ал биіктігі 0,3-1 м шамасында. Негізінен ерте темір дәуірінің нысандары қорымның солтүстік бөлігінде, беті тасты, көтеріңкі төбенің үстінде орналасқан, тек № 7 оба ғана зираттың орта тұсында жайғасқан. 

Беғазы зиратының аумағы көне дәуірдің ғана емес, сонымен бірге энтографиялық, яғни қазақ заманында да «әруақтар мекені» іспетті болған, оған 250-ден астам шағын тас жерлеулер мен саман кірпіштерден тұрғызылған 3 мазар дәлел бола алады. Ұзындығы 2-2,5 м, биіктігі 0,5 м дейін жететін бұл жерлеулер зираттың әр жерінде жүйесіз, шашыраңқы түрде орналасқан.

 Бұл зираттағы қазба жұмыстары арасына үзіліс салып 1947-1952 жылдары аралығында жүргізілген. Атқарылған қазба жұмыстары кезінде Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының қызметкерлерімен мұндағы көптеген нысандар зерттелген, соның ішінде 18 орта қола дәуірінің жерлеу орындары (жаңа нөмірлеу бойынша №№ 2, 8, 13, 17, 20-22, 24, 25, 27, 29, 31, 34, 35, 39-42) қазылса, соңғы қола дәуірінің 6 тас кесенесі зерттелген болатын. Сол кезде азды-көпті 6 жыл көлемінде атқарылған ізденіс жұмыстары барысында алынған мәліметтер біршама еңбектерде жарияланды. Олардың ішінде хабарлама, баяндама, мақалалар мен бірнеше монографиялар бар. Сонымен бірге, оның материалдарын аз да болса қамтитын кандидаттық диссертация да қорғалған болатын [Маргулан А. Х., 1949; 1956; 1979; Кызласов Л. Р., Маргулан А. Х., 1950; Маргулан А. Х. и др., 1966; Акишев К. А., 1953]. Орта қола дәуірінің қоршауларынан қазба жұмыстары кезінде алынған мәліметтерді сараптау андронов тарихи-мәдени қауымдастығы бойынша бұрыннан бар мағлұматтарды неғұрлым нақтылауға мүмкіндік берсе, соңғы қола уақытының зәулім тас кесенелерінің мәліметтері Орталық Қазақстан аумағындағы төлтума археологиялық мәдениет — Беғазы-дәндібай мәдениетін ашып, сипаттау ісіне тікелей қатыстырылды. Осы орайда, Беғазы-дәндібай мәдениетін жариялауда дәл осы Беғазы зиратының деректері, тіпті, шешуші орынды алғанын айта кеткен жөн. 

1933 жылдан бері кеңес археологиясының аса көрнекті өкілі М. П. Грязнов зерттеген Дәндібай қорымының мәліметтері көп жылдар бойы оқшаулау дараланып тұрған болатын. 

Дәндібай ескерткішінің деректері негізінде Орталық Қазақстан жерінде андронов мәдениетіне сәйкес келмейтін жаңа ескерткіштер бар екендігі жайлы пікірлер айтылды [Грязнов М. П., 1952]. 

Беғазы зираты, одан кейін Атасу, Бұғылы, Айбас-Дарасы сияқты кешендердің мәліметтері Дәндібай қорымының заттарымен ұштастырылып, жаңа тұрпаттағы археологиялық мәдениеттің дүниеге келуіне негіз болды.

Бұл мәдениетті бөліп шығаруда Ә.Х. Марғұланның орны бөлек. Мәдениеттің негізгі, басты, сипаты мен мазмұны Ә.Х. Марғұланның жариялаған арнайы монографиясында толыққанды тәпсірленді [Маргулан А. Х., 1979]. 

Дәндібай қорымының зерттеуімен байланысты жасалған бастапқы тұжырым, яғни Беғазы-дәндібай мәдениеті Сібірлік қарасук тайпаларының ескерткіштері немесе олардың жергілікті нұсқасы деген ғылыми ой Ә.Х. Марғұланның еңбегінде негізсіз екендігі айтылып, олардың (беғазылық ескерткіштердің) толығымен жергілікті тұрғындардың мұрасы болғандығы дәлелденді. 

Қазіргі уақытта беғазылық қоғам жөнінде ғалымдар тарапынан олардың ортасында терең әлеуметтік жіктелістің орын алғанын және қоғамды пәрменді қолбасшылар басқарғандығы жөнінде айтылуда. 

Демек, беғазылық қоғам көне Қазақстан жерінде мемлекеттілік қалыптасуының бастапқы сатысында тұрған деген түйін жасалып отыр [Варфоломеев В. В., 2004, с. 156, Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В., 2008, с. 75]. 

Сондай-ақ, авторларының бірі "беғазы уақытының мәдениетін біздің бір ғана өлкелік мәдениет емес, керісінше, жалпы Қазақстан жерінде соңғы қола кезеңінде өмір сүрген тұтас қабат (беғазы қабаты) деп қабылдауымыздың маңызы зор болмақ«,— деген шешімге келген [Бейсенов А. З., 2011, 62 б.]. 

Осындай төлтума археологиялық мәдениеттінің ашылуына негіз болған Беғазы зиратының аумағында ХХ ғасырдың орта шебінде ОҚАЭ атқарылған зерттеулерден кейін ешқандай ғылыми ізденістер, зират құрамындағы нысандардың сақталуын қадағалау, әсіресе, консервация және реставрация бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілмеді. Тек қана, 70-ші жылдары, қазіргі уақыттың заманауи талаптарына сәйкес келмейтін, «ҚазССР. Қола дәуірі қорғандары. Мемлекет қарамағында» атты сөйлемі бар, қорғауға алынғаны жөнінде хабар беретін арнаулы тақта мен №№ 1, 2 тас кесенелерді периметрі бойынша қоршаған темір тор ғана құрылған. 

Археологиялық қазба жұмыстар атқарылғаннан кейін көп жылдар бойы ескерусіз қалған ескерткіштердің жай-күйі көңіл қуантарлықтай болмаған. Зәулім ескерткіштерді сақтауға бағытталған арнайы жұмыстардың атқарылмағандығынан және өкілетті орындар тарапынан тұрақты мониторингтың жүргізілмегендігінен мемлекеттік, ұлттық деңгейде тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың сақталуы әлдеқайда төмендеп, өзінің бастапқы бейнесін жоғалтқан. Ескерткіштердің бұзылуы үдерісіндегі табиғи себептерден, яғни қатал ауа-райы, суық қыс мезгілі, жазғытұрым тез еритін қардың қалың түсуі, жазғы уақыттың тым ыстық, тұрақты желдің болуынан бөлек, елді-мекендерге жақын жерде орналасуы нысандардың антропогендік сипаттағы өзгерістерге ұшырауына алып келген. 

Антропогендік фактордың қатарында 1960-1970 жылдары зират құрамындағы ескерткіштер қарқынды шаруашылық жұмыстар барысында салынған құрылыстарға шикізат көзі ретінде тас алу орны сияқты мақсатта пайдаланғаны белігілі болып отыр. Осындай себептердің салдарынан Беғазы зиратының алғашқы тарихи кескін-келбеті тұтас өзгеріп, жаппай қиранды орнына айналған. Тіпті, зиратты зерттеу жұмыстарының бастапқы сатысы көрсеткендей, сырттан келушілерге жағымсыз әсер қалдыратыны байқалған. 

Беғазы зиратындағы зерттеу жұмыстар тек 2003 жылы ғана жалғасын тапты (1-сур.). Жоғарыда аталған олқылықтарды ескере отырып осы жылы Қарағанды облыстық Мәдениет басқарамасы тарапынан Мемлекеттік «Жібек жолы» бағдарламасы аясында «Беғазы зиратындағы археологиялық зерттеулерді жалғастыру» атты арнаулы жоба қабылданған болатын. Бұдан бірер жылдан соң, тақырып «Мәдени мұра» бағдарламасына енді. 

1 сурет. Беғазы. 2003 ж. жұмыстардың басталуы

Қабылданған жобаның басты мақсаты зират құрамындағы нысандарды алдағы уақытта атқарылатын консервациялық жәнереставрациялық жұмыстарға дайындау болды. Дайындық жұмыстары қорымның толық құрылымын анықтау, нақты жобасын түсіру, ескерткіштердің техникалық сақталу деңгейін анықтау, оларды қайта аршу, археологиялық қазбалар барысында жинақталған үйінділерді алу мен кейінгі уақыттарда үйілген қоқыстардан тазалау, бүлінген ескерткіштерге, жалпы зиратқа қатысты ұсыныстар дайындау шараларынан тұратын. Сонымен бірге, зиратты толығырақ зерттеу мақсатында кейбір ескерткіштерге қосымша археологиялық зерттеу, көне жәдігерлерді тіркеу және есепке алу үшін қорым орналасқан аумақта барлау жұмыстарын атқару сияқты ізденістер көзделді. 

Жоғары айтылған мақсаттарды жүзеге асыру барысында № 1-6 кесенелердің территориясы мен жер бетіндегі құрылымдары тазаланды (2-сур.). Жұмыстар жекелеген нысандар бойынша атқарылды. Алдымен құрылыстың жер бетіндегі құрылымы тазаланып, кейін ішкі тараптағы жинақталып қалған үйінділер бөлшектеліп шығарылды. Одан кейін әрбір ескерткіштің жер бетіндегі құрылымының айналасын тазарту үшін тайыз деңгейде жаппай қазбалар салынды. Қазба жұмыстары кезінде ең алдымен барлық құрылыс айналасындағы жер бетіндегі ескі қазбадан қалған үйінділер шым қыртысымен бірге алынып тасталды. Бұдан соң, қазба ежелгі қабат деңгейіне дейін жеткізіліп, тазартылды. Кесенелерде жүргізілген жұмыстар барысында нысандардың ерекшеліктері анықталып, қосымша қыш және басқа да заттай табылымдар алынды [Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В., 2008, с. 86, рис. 5; с. 87, рис. 6]. 

2 сурет. Беғазы. Кесенелерді аршып тазарту сәті. 2004 ж.

Зерттеулер мен түрлі арнайы дайындық жұмыстары атқарылғаннан кейін, 2007 жылдан бастап Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы «Беғазы-дәндібай және Тасмола мәдениеттерінің ескерткіштері» ғылыми жобасы және Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы тарапынан ұсынылған «Беғазы қорымындағы археологиялық зерттеулерді жалғастыру, Ақтоғай ауданы» атты жобасы бойынша Беғазы қорымында консервация және реставрация жұмыстары (3, 4-сур.) жүзеге асырылып келеді [Бейсенов А. З., Касеналин А. Е., Жамбулатов К. А., 2009, 53 б.; Бейсенов А. З., Жамбулатов К. А., Касеналин А. Е., 2010]. 

3 сурет. Беғазы. №3, №4 кесенелер. Қалпына келтірілген

4 сурет. Беғазы. Кесенелер маңына тас алаңшалар жасау

Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастамас бұрын, зерттеушілер тобымен, тапсырыс беруші мекеме мамандарымен бірлесе отырып, атқарылатын іс-шаралар кешені қалай және қандай бағытта жүргізілетіні жөнінде бірнеше рет талқылаулар өткізілді. Талқылаулар нәтижесінде, қорым құрымындағы нысандарды реставрациялау Ә.Х. Марғұлан еңбектерінде көрсетілген сипаттамаға сәйкес жасалынуы керек жөнінде негізгі тұжырым қабылданды. 

Ғалымдардың іргелі екі еңбегін назарға ала отырып, қазіргі таңда қорымдағы 6 беғазылық тас кесене (5, 6-сур.), 18 андроновтық тас қоршаулар (7, 8-сур.) қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар, қазақ заманының шағын тас бейіттері де жергілікті аналогияларына сәйкес қайта жаңғыртылуда (9-сур.). Қазақи бейіттерге қажетті дерек алу үшін маңайдағы Шабанбай би, Қасабай, Сарытерек, Сона сынды ауылдардың маңындағы ескі қорымдарды барып көру нәтижелі болды. 

5 сурет. Беғазы. №1, №2 кесенелер. Шығыстан көрінісі

6 сурет. Беғазы. Үлкен кесенелердің батыс сыртынан көрінісі

7 сурет. Беғазы. Андронов заманының шағын қоршаулары

8 сурет. Беғазы. Андронов заманының ірі қорған-қоршауы

9 сурет. Беғазы. Қазақи бейіттердің жинақталып, қалпына келтірілген көрінісі

Консервация және реставрация жұмыстарына архитектор-реставраторлар Н. Д. Егоркина (Алматы) мен Е. Т. Сүйіндіков (Қарағанды) жетекшілік етті. 

Бүгінгі таңда Беғазы қорымындағы жұмыстардың басым бөлігі өзінің мәресіне жетіп, осының арқасында қорымның бет-бейнесі әлдеқайда өзгерген. 

Бұрын қазылып өткен нысандарды аршу мен қалпына келтіру барысында жаңадан кездеске табылымдарға үлкен кесенелерден алынған қыш ыдыс бөлшектері мен тас қайрақ жатады. № 1 кесененіқайтадан аршу кезінде оның сыртқы оңтүстік іргесінен (10-сур.) және сыртқы батыс іргесінен (11-сур.) бір-бірденекі бүтін ыдыс шықты. Екеуі де дәл іргеде 20-30 см тереңдікте арнайы көміліп қойылған. Ыдыстар соңғы қола уақытына тән. № 2 кесененің топыраққа толып қалған ішкі бөлігін аршып тазарту кезінде қыш ыдыс сынықтары мен тас қайрақ табылды (12-сур.). Қыш ыдыс сынықтары № 3 кесененің де ішінен кездесті (13-сур.). 

10 сур. Беғазы. №1 кесененің оңтүстік іргесінен жаңадан табылған қыш ыдыс

Атқарылған жұмыстарға жергілікті тұрғындар мен зиялы қауым өкілдері оң пікірлерін білдіруде. Зерттеу жұмысын жүргізген ғылыми топта ескертіштерді қайта қалпына келтіруге, аталмыш жұмыстарды ұйымдастыру және атқару саласында қомақты тәжірибелік үлес жинақталды. 

11 сур. Беғазы. № 1 кесененің батыс іргесінен жаңадан табылған қыш ыдыс

Беғазы зиратында ғылыми реставрациялық жұмыстардан бөлек, зират төңірегі бойынша аббаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстардың қатарына зиратты қоқыстардан тазарту, тау тасынан салынатын соқпақ жолдарды төсеу, зират аумағын толығымен қоршау, ақпараттық тақталар ілу жұмыстары кіреді. Әсіресе, қазіргі таңда зират төңірегін қоршау ісі күн тәртібінде өзекті болуда. Егер де, дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған жағдайда зират нысандарының қайта қалпына келтірілген күйінде сақталуына ешкім кепілдік бермесі анық. 

12 сур. Беғазы. №2 кесенені аршу барысында жаңадан табылған қыш сынықтары мен тас қайрақ

Сондай-ақ, жаңадан зерттеу жұмыстары зираттағы қола дәуірінің № 15 қоршауы және ерте темір дәуірінің № 2, 7 обаларын қамтыды. Атап айтқанда, бұл нысандарда жаңа қазбалар салынды. 

Қола дәуірінің № 15 қоршауы [Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В., 2008] зираттың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке созыла келген дөңгелек-сопақша формалы, диаметрлері: солтүстік-оңтүстік — 9,05 м; шығыс-батыс — 7,10 м; үйінді биіктігі 0,7 м. Үйінді топырақ араласқан таспен қаланған. Тастардың басым көпшілігі үйіндінің шеттеріне таман салынған, бұл қоршауды тастар арқылы ішінен бекіткенін дәлелдейді. Беткі қабаттың 0,15 см алған соң, қоршаудың солтүстік секторында ішкі, екінші қоршаудың үстіңгі шеттері көрінді. Оның диаметрі 2,10 м, дөңгелек формалы. Жалпы үйінді алынған кезде барлығы 3 тас жәшік анықталды, оныңекеуі негізгі қоршаудың ортасында, біреуі ішкі қоршауда. Жәшіктер шығыс-батыс бойымен бағытталады. Қазба жұмыстары кезінде қыш ыдыс қалдықтары, найзаның қоладан жасалған шолақ ұштығы, қола түйреуіштің сынықтары табылды. № 15 оба-қоршауы андронов тарихи-мәдени қауымдастығының нұра (федоров) мәдениетіне жатады. 

13 сур. Беғазы. №3 кесенені аршу барысында жаңадан табылған қыш сынықта

Ерте темір дәуірінің № 2 обасы зираттың солтүстік бөлігінде орналасқан. Оба үйіндісі өлшемдері: диаметрі 6 м, биіктігі 0,35 м. Үйіндінің үстіңгі бөлігін аршу барысында, шым қабатының астында, орта тұста құлап жатқан тас мүсін табылды. Адамның көздері, мұрны мен ауызы бейнеленген бас жағы қиратылған, мүсіннің бұл бөлігі сәл оқшаулау, үйіндінің шетіне таман табылды. Мүсіннің, сонымен қатар, мойыны, иық тұстары көрсетіліп, қол қусырып немесе мінажат жасап тұрған кейіпте кеудесіне басып тұрған оң жақ қолы берілген. Қазба барысында обаның ортаңғы бөлігінен ұзын сызық бойынша ББС-ШШО бағытталған қабыр шұңқыры анықталды. Оның ұзындығы 2,05 м, ені 1,1 м. Қабыр толтырындысының әр түрлі жерлерінен адам қаңқасының қалдықтары мен қабыр шұңқырының түбінен ұзындығы 8 см болатын сүйектен жасалған шаш түйреуіш табылған. Ескерткіш ертесақ дәуірімен мерзімделді (б. з. д. VII-VI ғ.). 

Ерте темір дәуірінің № 7 обасы қорымның орта тұсында орналасқан. Тасты-топырақты үйіндісінің диаметрі 24 м, биіктігі 1,1 м. Таспен жиектелген үйіндіден 1 м алшақтықта жалпағынан жатқан тастардан салынған дөңгелек қоршау өтеді. Қазба жұмыстары кезінде обаның орта тұсынан тас қаланды түріндегі қабыр үсті құрылысы анықталды, ал оның астынан ұзындығы 2,3 м, ені 1,4 м бо- латын, ұзын бойымен Б-Ш сызығы арқылы өтетін қабыр шұңқыры шықты. Оба ертеден тоналғандықтан, заттай жәдігерлер жоқ, тек қазбаның шығыс жағында, сыртқы қоршаудың іргесінде шым қабаты астында жатқан құмыра тәріздес қыш ыдыстың қирандысы табылды. Ыдысты өлкенің сақ дәуірі ескерткіштерінен алынған басқа керамикалық материалдармен салыстыра отырып технологиялық тұрғыдан зерттеу нәтижесі оның жергілікті қыш кешенінен айырмашылығы барын, басқа өлкеден әкелінуі мүмкін екенін көрсетті [Бейсенов А. З., Ломан В. Г., 2008, с. 40-41]. 

Обаның сыртқы, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты ол б. з. д. VII-VI ғ. мерзімделді. 

Беғазы қорымының төңірегінде археологиялық ескерткіштердің бар-жоқтығын анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілді. Қаратал өзенінің жағалауларының 15 шақырымдық телімінен қазіргі таңда ескерткіштердің 60-тан астам орындары анықталып отыр. Анықталған жаңа нысандардың қатарында қорымдар мен жеке обалар, қоныстар, ғұрыптық құрылыстар, петроглифтер бар [Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В., 2008, с. 95, рис. 14]. Зерттеулер барысында анықталған нысандардың кейбіреуіне археологиялық қазбалар жүргізілді. Олардың қатарында қола дәуірінің Қаратал-1, 2, Беғазы-1, ерте темір дәуірінің Беғазы-2 қоныстары мен Ыбырай және Қызыл қорымдары бар. 

Қаратал—1 қонысы [Бейсенов А. З., Ломан В. Г., 2008] Беғазы қорымынан солтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Қаратал өзенінің сол жағалауында орналасқан. Зерттеу жұмысы барысында қоныстан дөңгелек және сопақ пішінді болып келген 10 тұрғын үйдің орны анықталды. Қазба жұмысы барысында қоныстың 261 шаршы метр алаңы аршылды. Қазба салынған алаңнан 43 бағаналық және 5 шаруашылық шұңқырлар анықталып, қыш ыдыстың сынықтары, тас және сүйек құралдар, сүйек сулықтың 1 сынығы, сүйектен жасалған үш жебенің ұшы, қоладан істелген орақтың 1 сынығы табылды. Табылған қыш ыдыстар екі топқа жатады. Бірінші топтың ыдыстары андроновтық уақытпен, екіншісі — соңғы қола уақытымен мерзімделеді. 

Қаратал—2 қонысы [Бейсенов А. З., Ломан В. Г., 2008] Беғазы ауылынан оңтүстікке қарай 1 шақырым жерде, кішігірім бұлақтың оң жағалауында орналасқан. Зерттеу жұмысы барысында қоныстан дөңгелек және сопақ пішіндегі 13 тұрғын үйдің орны анықталып, 1 тұрғын үйге аумағы 219 шаршы метрді құрайтын қазба салынды. Қазба жұмысы барысында қыш ыдыстың сынықтары, тас құралдар табылды. Қазба жұмыстары, сондай-ақ, қыш ыдыс сынықтары көрсетіп отырғандай, адамдар бұл тұрғын үйді кем дегенде екі рет қоныстанғанын байқатты. Табылған қыш ыдыстар өзінің ерекшеліктеріне қарай екі кезеңге: андроновтық уақытқа және доңғал сатысына жатады. 

Беғазы-1 қонысы Беғазы қорымының № 1-ші тас кесенесінен СШ қарай 310 м жерде, Қаратал өзенінің оң жағалауында орналасқан. 2007 жылғы далалық зерттеу жұмысы барысында ескерткішке өлшемі 1×1 метр болатын шурф салынды да, ол шағын көлемдегі қазбаға ұласты. Материк қазіргі жер бетінен 0,6 м тереңдікте тіркелді. Стратиграфия: шым қабаты — 0,15-0,2 м; аздаған қыш ыдыс сынықтары кездесетін, күл араласқан қара түсті балшықты қабат — 0,2 м; қыш ыдыс сынықтары, мал сүйектері араласқан күлді қабат — 0,2 м. Қыш ыдыстар соңғы қола тұрпатты, бірақ, өрнектелген (қиғаш кесінділер, тор) сынықтар аз мөлшерде кездесті. Мәдени қабаты жұқа, құрылыстық белгілері анық байқалмайтын бұл ескерткіш уақытша тұрақ іспетті орын болуы мүмкін. Оның мерзімі соңғы қола уақыты делініп отыр. 

Беғазы-2 деген атау алған көне орын ауылға таяу жерде, үйлерден солтүстікке таман, таудың жартасты етегінде орналасқан. Мұнда үлкендеу жартастың дәл іргесінде тастан бір қабырға салынғаны анықталды. Жартас пен осы қабырғаның арасын қазбамен тексеру барысында маржандармен, шұңқыршалармен берілген өрнектері бар, аз мөлшердегі қыш сынықтары кездесті. Қыштың сақ дәуіріне жататыны күман туғызбайды. Демек, бұл жерде де әлдеқандай бір уақытша, мүмкін, шаруашылық мақсатында қолданылған, орын болған. Бұл сақтарға қатысты нысан. 

Ыбырай қорымы. Беғазы ауылынан оңтүстікке таман жақын жерде орналасқан. Зерттеу жұмысы барысында қорымның орталық бөлігінде орналасқан № 1 қоршау қазылып зерттелді. Жобасында созылыңқы-дөңгелек пішінді болып келген оның диаметрі: солтүстіктен оңтүстікке қарай 6,40 м, шығыстан батысқа қарай 4,80 м, биіктігі 0,4 м. Қоршау С-О бағыты бойынша бір-біріне жанасып жатқан кішірек екі бөліктен, яғни ішкі қоршаулардан тұрады. Қазба барысында қоршаулардан шығыс-батыс бағыты бойынша орналасқан бір-бір жәшіктен шықты. Жәшіктің екеуі де көне замандарда тоналған. Табылған қыш ыдыс сынықтарына қарай ескерткіштің мерзімі қола дәуірінің андронов тарихи-мәдени қауымдастығының нұра (федоров) мәдениетімен белгіленді. 

Қызыл қорымы (Бегазы-3Б) қорымы (бұл қорым туралы осы жинақтағы жеке мақаланы қараңыз — ред.). Беғазы ауылынан солтүстікке қарай 1,3 шақырым жерде орналасқан. Қорым құрамында соңғы қола мен ерте темір дәуірінің жерлеу нысандары бар. Соңғы қола дәуірінің 8 құрылысы толығымен зерттеліп, қорымда орналасқан ерте темір қорғандарына да зерттеу жүргізілді. 

Қазба барысында соңғы қола дәуірінің құрылыстарынан доңғал кезеңіне қатысты деректер алынды. Сонымен, Қызыл доңғал жерлеулерін беріп отырған Орталық Қазақстандағы алғашқы қорым болып шықты. 

Беғазы зиратында орналасқан соңғы қола дәуірінің тас кесенелері, жалпылама айтар болсақ зираттың өзі, тарихи-мәденимұраны зерттеу, оны сақтау мен насихаттау жұмыстарымен шұғылданатын халықаралық ұйымдар назарына ілігіп отыр. ЮНЕСКО тарапынан қабылданатын Әлемдік мұра тізіміне алынуға үміткер ескерткіштің бірі де осы — Беғазы зираты [Megalithic mausolea...]. Ертеректе бұл тізімге Қазақстан жеріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері мен Сарыарқаның өзен мен көлдері кірген болатын [Kazakhstan]. Өз кезегінде мұндай деңгейдегі ұйымдардың Беғазы зираты құрамындағы нысандарға зер салуы бұл ескерткіштің мәртебесін паш етіп тұрғандай. 

Беғазы-дәндібай мәдениетінің басты ескерткіштерінің, әсіресе, үлкен кесенелік нысандардың соңғы жылдары қолғаалынуының, оларды қажетті дәрежеде қалпына келтіріп, қорғау мен болшаққа сақтап қалу шараларының орасан зор маңызы бар. Қалай дегенмен, нұра мәдениетіне жататын Ақсу-Аюлы-2 қорымының үлкен қоршауы, айтылып отырған беғазы кезеңінің кесенелері, міне, осы осылар біздің жеріміздегі жақсырақ зерттелген және жарияланған, көпке танымал элиталық жерлеу құрылыстарының әзірше көнелері болып отыр. Соңғы қола дәуірінде айқынырақ жүрген және бірер ғана белгілерімен емес, бүкіл қоғамдық сипатымен байқалған таптық жіктелістің, ерте мемлекеттіліктің нышандарын осылар сынды ескерткіштер бере алады. 

Соңғы қоланың осы сияқты және басқадай көптеген аспектілерін тиянақтырақ зерттеуді ұйымдастыру үшін бұл тақырып кешенді әрі жоспарлы арнайы сала болып жаңадан қалыптасуы қажет. Орталық Қазақстанмен көршілес немесе одан шалғайрақ та жатқан өлкелердегі соңғы қола кезеңінің жаңа ескерткіштерін ашудың, жаңа сараптамалық ізденістер атқарудың үлкен маңызы бар. 

Беғазыдағы тас кесенелер әлі де болса өз сырын толығымен аша қойған жоқ. Бұлардың мерзімі де, яғни тұрғызылған уақыты, біз тап басып айта алатын тақырып емес. Қалыпқа түскен дәстүр бойынша оларды соңғы қолаға жатқызамыз, бұған, ең алдымен, кесенелерді қазу барысында табылып алынған қыш кешені негіз болды. Беғазы кесенелерінен алынған қыштың өз ғылыми бет-бейнесі, өз салмағы бар, ғылымда ол жан-жақты қарастырылған және қазір де қарастырылу үстінде. Сонымен қатар, ойландыратын сауалдар да жоқ емес. Беғазы кесенелерінен сол жылдары-ақ табылған қола жебелер сипаты бойынша соңғы қоладан гөрі ертесақ кезеңінің бұйымдарына келеді. Кесенелерді аршу барысында жаңадан табылып отырған қыш ыдыс үлгілері де өз ерекшеліктері бойынша ертесақ қышына сәйкес келеді (12, 13-сур.). 

Беғазы қорымындағы сақ заманы обасынан табылған тас мүсін — қызықты жаңалық (14-сур.). Айта кету керек, сақ дәуірінің тас мүсіндері Орталық Қазақстан археологиясында жолға түсіп келе жатқан тың тақырып болып табылады. Талды-2 (Қарқаралы ауданы), Беғазы (Ақтоғай ауданы) қорымдарынан табылып отырған мүсіндерге Ұлытау өлкесінен белгілі болып отырған ескерткіштерді [Ермоленко Л. Н, Курманкулов Ж. К., 2011, с. 253-256], сондай-ақ, Байдалы би мазары (Осакаров ауданы) маңынан 2013 жылы табылған мүсінді қоссақ, бұл тақырыптың маңыздылығы ғана емес, айтарлықтай перспективасы бар екенін де пайымдай аламыз. 

14 сур. Беғазы. №2 сақ обасынан шыққан тас мүсін

Хабарламамызда тым қысқаша қайырылып отырған мағлұматтар Беғазы қорымы мен оның төңірегінде атқарылған және атқарылып жатқан ізденістердің барысын көрсетеді. Бұлардың барлық қыры мен сырын, толық деректері мен олардың жан-жақты зерттеу қорытындыларын алдағы жұмыстар көрсетуі тиіс. 

Беғазы-дәндібай мәдениеті мен Беғазы зираты тақырыбына тікелей қатысы бар жаңалық қатарында қазір қолға алып жатқан «Қызыларай-Беғазы» Мемлекеттік тарихи- мәдени қорығын ашу мәселесін айтуға болады. Бірер жыл бұрын Қарағанды облыстық Мәдениет басқармасының қаржыландыруыбойынша Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты мен географиялық ақпараттарды зерттеу бағытындағы «Терра» орталығының мамандары арнайы барлау-зерттеу, сараптау жұмыстарын атқарған болатын (жобаның жетекшісі А. З. Бейсенов). Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Беғазы, Қызыларай, Желтау тауларының төңіректерін қамтитын біршама үлкен аумақта ашу көзделіп отырған қорықтың жері табиғи және тарихи-мәдени құндылықтарға бай. Зерттеу барысында өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлері нақты есепке алынды. Археологиялық ескерткіштерге жататын 571 нысанды біріктіретін барлығы 150 орын (қорымдар, жекелеген обалар, қоныстар, петроглифтер шоғырлары) белгіленді. Оның ішінде нысандар жиі орналасқан аса маңызды телім, бұл Беғазы зиратының төңірегі екендігі анықталды. Тарихи ескерткіштер санатына кіретін аса маңызды 4 жәдігер тіркелді, бұлар — Ә. Бөкейханов, Ә. Найманбаев, Ж. Ақбаев туған қыстауларының сақталған жұрты, сондай-ақ, Ә. Бөкейханов ата-анасы мен туыстары жерленген «Талдыбейіт» қорымы. Қорықтың ғылыми негіздемесі толық аяқталып, ол ҚР Мәдениет министрлігі, Ерекше қорғалатын аумақтар комитеті, қоршаған ортаны қорғау мекемелері сынды, т. б. құзырлы орындардың тиісті сыны мен сараптамасынан өтті. Бүгінгі таңда осы «Қызыларай-Беғазы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығын ашу туралы Ұсыныстың үкіметке тапсырылуы күтілуде. 

Беғазы зиратының зерттелгеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан, ол өзінің маңыздылығын күні бүгінге дейін әлі де болса жоғалтар емес. Керісінше, оның құндылығы күн өткен сайын еселеп арта түсуде. Алдағы уақытта зиратқа және оның төңірегінде орналасқан нысандарға қатысты арнайы бағдарламалар арқылы бұл жәдігерлерімізді көпшілік қауымға насихаттау шаралары жүзеге асырылуы тиіс. 

Әлкей Марғұлан мен оның көптеген әріптестерінің өткен шығармашылық ғұмырының белгілері де болып табылатын мұндай ардақты ескерткіштердің болашақ ұрпақ бойында елі мен жеріне, тарихи-мәдени мұраға деген ізгі құрметтің қалыптасуында өзіндік орнын алатыны сөзсіз.

Әдебиет
1. Акишев К. А. Эпоха бронзы Центрального Казахстана: автореф. дис. ...
канд. ист. наук. — Л., 1953. — 18 с.
2. Бейсенов А. З. Беғазы. Орталық Қазақстандағы жаңа ізденістер //
Мыңжылдықтар куәлары: Қазақстан археология ғылымы 20 жылда (1991-2011): ғылыми мақалалар жинағы. — Алматы, 2011. — 57-68 бб.
3. Бейсенов А. З., Варфоломеев В. В. Беғазы қорымы. Орталық Қазақстан
беғазы-дәндібай дәуірінде. — Алматы, 2008. — 112 с.
4. Бейсенов А. З., Жамбулатов К. А., Касеналин А. Е. Қарағанды
облысындағы Беғазы-дәндібай мен Тасмола мәдениеттерінің ескерткіштерін зерттеу // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2009 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. — Алматы, 2010. — 58-60 бб.
5. Бейсенов А. З., Касеналин А. Е., Жамбулатов К. А. Беғазы-дәндібай және
Тасмола мәдениеттері бойынша зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2008 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. — Алматы, 2009. — 53-57 бб.
6. Бейсенов А. З., Ломан В. Г. Керамика из курганов раннего железного
века Центрального Казахстан // Изв. НАН РК. Сер. оюществ. наук. — 2008. — № 1. — С. 35-41.
7. Варфоломеев В. В. Бегазы-дандыбаевская эпоха // Восточная Сарыарка.
Каркаралинский регион в прошлом и настоящем. — Алматы, 2004. — 564 с.
8. Грязнов М. П. Памятники карасукского этапа в Центральном
Казахстане // СА. — 1952. — № 16. — С. 129-162.
9. Ермоленко Л. Н, Курманкулов Ж. К. Изваяние раннего железного века
из музея Улытауского заповедника // Маргулановские чтения-2011: матер. междунар. археол. конф. (г. Астана, 20-22 апреля 2011 г.). — Астана, 2011. — С. 253-256.
10. Коншин Н. О памятниках старины в Семипалатинской области // Зап.
Семипалатинского подотдела Западно-сибирского отдела Императорского русскаго географического общества. — Семипалатинск, 1903. — 32 с.
11. Кызласов Л. Р., Маргулан А. Х. Плиточные ограды могильника Бегазы //
КСИИМК. — 1950. — Вып. XXXII. — С. 126-136.
12. Маргулан А. Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального
Казахстана. — Алма-Ата, 1979. — 360 с. с ил.
13. Маргулан А. Х. Главнейшие памятники эпохи бронзы Центрального
Казахстана // ВАН КазССР. — 1956. — № 3. — С. 18-32.
14. Маргулан А. Х. Отчет о работах Центрально-Казахстанской
археологической экспедиции за 1947 г. // Изв. АН КазССР. Сер. археол. — 1946. — Вып. 2. — С. 3-36.
15. Маргулан А. Х., Акишев К. А., Кадырбаев М. К., Оразбаев А. М. Древняя
культура Центрального Казахстана. — Алма-Ата, 1966. — 435 с.
16. Kazakhstan // URL: Режим доступ: http://whc. unesco. org/en/statesparties/kz
17. Megalithic mausolea of the Begazy-Dandybai culture // URL: Режим
доступа: http://whc. unesco. org/en/tentativelists/1132

Бейсенов А. З., Касеналин А. Е.