ХIХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ ауылына Ресей капиталының әсері
30.09.2014 3368
Қазақ қоғамының ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы әлеуметтік құрылымның тез арада мүлдем өзгеруі ғылыми әдебиеттерде кең түде көрсетілген.

Қазақ қоғамының ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы әлеуметтік құрылымның тез арада мүлдем өзгеруі ғылыми әдебиеттерде кең түде көрсетілген. Бұл өзгерістер товар— ақша қатынасының дамуы, жер мәселесінің шиеленісуі, әлеуметтік жіктелу және мүлік теңсіздігінің ұлғайтылуымен анықталады 1867— 1868 ж.ж. «Уақытша ереже» дәстүрлі әлеуметтік құрылымға ақырғы соққыны тигізді.

1867, 1868 жылдардағы ережелер феодалдық үстем тап өкілдерінің құқықты жағдайына елеулі өзгерістер әкелді. Қазақ хандарының сұлтандар қатарына жататын балалары мен туыстары князьдермен теңестірілетін. Сенаттың 1776 жылғы 14 наурыз айындағы жарлығы әлі де болса өз күшін жойған жоқ еді. Бірақ князь есебіне парапар болып бір ғана сұлтан — Шыңғыс бекітілді. Сібір ведомствосындағы қазақ сұлтандары ұрпақтық дворян атағын алуға құқылы болды. Ол үшін сұлтандар сайлау бойынша 3 жыл мөлшерінде аға сұлтандық қызметте болу керек, ал аға сұлтандық жойылған соң болыс билеушісінің қызметін атқарса ғана бекітелетін болды. Кейін, бұл қызметке әр адамның сайлануға мүмкіншілігі болған кезде, өзінің бұрынғы экономика саласындағы күшінен айырылған көтеген сұлтандар билік басына келген «Қара сүйектермен» ығыстырылды.

Қазақ даласында патша әкімшілігінің нық орнығуы мен жаңа өкілдер— старшиндар мен байлардың күшеюінің нәтижесінде сұлтандар мен билер отаршыл үкіметке қажетсіз болып қалды. Тек қана патшаға адал қызмет еткен Бөкей, Уали және Айшуақ ұрпақтары салықтан босатылды, дворяндық атақтарын сақтап қалды,сұлтан өкілдерінің қалғаны құқ жағынан "ауыл кәсіпкерлеріне«— шаруаларға теңестірілді.Бұрынғыдай шыққан тегіне қарап емес, енді байлығына қарай қоғамда ерекшелінеді. Неғұрлым ол бай болса, соғұрлым қызметі жоғарыланды. Бұл туралы П.П. Румянцев: «Эксплуатация не привилегия султанов, а влиятельных и богатых казахов, в этой конкуренции решающим было богатство, и влияние и победа не всегда принадлежит потомкам султанов» — деп жазады [1, 60–63 б.].

ХIХ ғасырдың соңына қарай капиталистік қатынастардың ене бастауына байланысты көптеген қазақтың ірі байлары тек қана малға, жайылымдық жерлерге ғана ие болып қана қоймай, сондай—ақ егістік жерлерді де өз қолдарына алады. Сөйтіп, қазақ ауылдарындағы мүлік теңсіздігінің болуы тек малмен ғана емес, егістік жерлердің көлемімен де өлшенеді. Мал шаруашылығы ірі байлардың негізгі кәсібі болып, бұрынғысынша шаруашылықтың басым түрі болғанымен, жер шаруашылығы бай адамдардың шаруашылық істерінде көрнекті орын ала бастады.

Ақмола,Торғай,Семей облыстарының қазақ ауылдарында бұрынғы томаға тұйық көшпелі мал шаруашылығына тән емес жаңа өмірге сай, рынок жағдайына бейімделген әлеуметтік түр пайда болды. ХIХ ғасырдың соңында қазақ байлары жер шаруашылығы айналыса бастады. Қазақ даласының бүкілресейлік капиталистік рынокқа тартылуына байланысты алым— салыққа астық шаруашылығы, мал саудалауға көшеді. Саудагерлер атанған оларды қазақ арасында бай— саудагерлер, бай—көпес атап кетті.

Капиталистік өндірістік қатынаспен байланысқа түскен қазақ ауылының «жаңа» байлары негізінен екі әлеуметтік ортадан шықты Біріншіден, ауылдағы рулық аристократиялық топтар (сұлтандар,билер) жаңа экономикалық талаптарға сәйкес өз шаруашылықтарын өзгертуге тырысты. Екіншіден, кеше мың—мыңдап жылқы айдаған қазақтардың ірі байлары сауданың дамуы байланысты товар—ақша қатынасының өрістеуіне орай мал сататын байларға (скотопромышленника) айналды. Мысалы, «Шормановы, потомственные султаны, имевшие звания дворян и владение поместьями, конными заводами (им принадлежало до 30 тыс. лошадей); Акпаевы—потомственные волостные управители и фактические хозяева Каркаралинского уезда, Жанталины из Омского уезда и др [2, 56 б.]. Некоторые крупные баи были крупными землевладельцами. Так, Шангерей Букеев, потомок первого хана Букеевской орды,владея большими имением и большим фруктовым садом, засевал около 600 дес.земли, пользовался сельскохозяйственными машинами, держал 20–25 постоянных работников в сезон занимал до 300–400 человек. Баи И.Яманшаловы, Жексенбай (Омск) и другие ежегодно продавали от 100 до 5000 пудов хлеба [3, 87–89 б.б]».

Қазақ байларының әлеуметтік жағдайының өзгеріске ұшырауы Қазақстан мен Россияның сауда қатынасының күшеюіне байланысты болды. Олар өзіндік және делдалдық саудамен айналысып, Ресейге Орта Азияның товарын апарды. Орта Азия базарларына тасып сауда жасады. Сөйтіп жүріп сатудың мол тәжірбесін жинақтады.

Бұл процесс Қазақстан Ресейдің құрамына түгелдей қосылған соң одан әрі күшейе түсті. Бұл кезде қазақ даласындағы Орта Азиялық көпестердің ролі төмендеп, орыс көпестері шешуші рольді атқара бастаған болатын. Қазақ даласында шөп пен малды шикізат саудасына салу жылдан—жылға күшейе түсті. І— дүниежүзілік соғысқа дейін сауда орындарына жыл сайын 300 мың бас ірі қара мен 2 млн аса қой әкелініп саудаға түсіп отырған[2, 60 б.].

Революцияға дейінгі қазақ ауылының тарихын зерттеуші П.П. Румянцевтің айтуынша қазақ байларының байлығы малының санымен есептелген. Кйбір байлардың үйір—үір жылқыларының саны мыңдап саналатын. «Мал сату,— деп жазады П.П.Румянцев,— бай шаруашылықтарға ондаған мың сом қаржы әкелініп негізгі табыс көзі болып табылады. Мұндай табыс қайтадан айналымға түскен кезде ол жүздеген сомдарға жетеді» [1, 63 б.].

Қазақ мал сатумен кәсіптенетінін байлары өз малдарын жергілікті жердің базарларынан гөрі, европалық Ресейден тіпті шетел базарларына шығарып көптеп саудаға қатысты. Олар ресейлік өнеркәсіптердің мал және мал өнімдерін тұрақты түрде қамтамасыз етіп тұратын жабдықтаушы қызметін атқарды. Ресей темір жолдар арқылы мал көптеп әкетіле бастады. Мал шаруашылығы товарлылықтың артуы сауданың дамуынан болды. Бұл кезде сауда тікелей ақшалай сипат ала бастаған. Шаруашылықта товар—ақша қатынасының дамуы оның томаға тұйықтық сипатын жойып ыдырата бастады.

Ақшамен сауда жасаған мал сатумен кәсіптенген қазақ байларының товар айналымдары күн өткен сайын өсе берді. Мысалы, Қостанай уезінің байлары Байғабыл Букиннің 1890 жылы товар айналымы 150 мың, Оразбай Құрышевтің 100 мың, Әлімбай Жантаровтың 80 мың, Сүлеймен Тастамаровтың товар айналымдары 60 мың ақшаға жеткен [4, 37 б.].

Товар — ақша қатынасының дамуы ұлттық капиталдың қорлануын жылдамдата алмады. Өйткені патриархалдық— рулық қатынастар үстем болып тұрғанда, натуралды шаруашылықпен патша үкіметі тарапынан болып тұрған отаршылдық саясат жағдайында ол қорлану мүмкін болмады. Капиталистік жолға түсе бастаған байлар шаруашылығында шаруашылық қызметтің ескі және жаңа формалары қатар жүрді. Байлар өз табыстарын көбету үшін шаруашылығында ауыл шаруашылық машиналарын пайдаланды. Қаржысының біраз бөлігі егістік жерлерді арендалауға бөлінді. Қазақ байлары негізінен орыс өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етуші ролін атқарды. Олар орыс капиталистерімен бәсекелес бола алмады. Өйткені орыс капиталистерін өз қолына барлық билік пен ауылшаруашылық шикізатын өндіретін барлық өндірісті біріктірген отаршылдық әкімшілдіктер қолдап отырды.

Қазақ байлары өз капиталдарын өнеркәсіп өндірісіне емес, сауда саласында ғана жандандыра алады. Жаңа бейнедегі байдың белгілері, ол үлкен жерге ие болып, бұл жерді тек мал жайылымы үшін пайдаланып емес, сонда—ақ жер шаруашылығын товарлылығы байқалатын, аса көп малдың иесі болып оның біраз бөлігін капиталдың қорлануы үшін базарларда саудаға салатын, шаруашылықта жалдамалы еңбекті пайдаланып, рынокпен тығыз байланысты әлеуметтік категория.

Сонымен, ХIХ ғасырдың соңына қарай капиталистік қатынастардың дамуы қазақтардың мүліктік жікке бөлінуімен ұштасып отырды. 1867— 1868 ж.ж. «Уақытша ереже» саяси әкімшілік реформаның негізінде жойылған дәстүрлі жіктік құрылымның орнына жаңа жағдайда өзгеше әлеуметтік жіктер негізделе бастады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Румянцов П.П. Кигризский народ в прошлом и ностоящем. Спб., 1910
2. Сундетов С.А. О генезисе капитализма в сельском хозяйстве Казахстана. Алма— Ата, 1970
3. Тогжанов Г. Казахский колониальный аул. М., 1934
4. Бекмаханов Е.Б. К вопросу о социальном строе казахов второй половине ХIХ в.\\Вестник АН Каз ССР.1960, № 2

У.Е. Дәуірбаева, магистрант, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.