Ұлы Жібек жолының
мәдениет дамуындағы
алатын орны
«Ұлы Жібек жолының» пайда болуы. Ең ежелгі халықаралық сауда жолына 1870
жылы неміс географы К.Рихтогафен «Жібек жолы» деген атау берген болатын. Жібек
жолы қашан пайда болды деген сұраққа, тарихшы
ғалымдар б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда «Нефрит жолы» және «Лазурит
жолы» деген халықаралық сауда жолының тармақтары
болғанын алға тартады. «Нефрит жолы» Қытай мен Шығыс
Түркістанды байланыстырды, ал «Лазурит жолы» Орта Азиядағы Бадахшан
тауынан алынған лазуритты (көк тасты) батысында Иран,
Қосөзен арқылы Сирия мен Мысырға жеткізсе,
шығысында Қытайға апарғаны белгілі болып отыр. Б.з.б. І
мыңжылдықтың ортасында Еуразия құрлығының
батысы мен шығысын байланыстырған «Ұлы Жібек жолының»
бір тармағы «Дала жолы» жандана бастады. Егер де Геродот
еңбегіндегі жазылған «Дала жолын» қағазға карта
ретінде түсіретін болсақ, Қара теңіз жағалауынан
Дон жағасына дейін, одан әрі савроматтар мекендеген Орал тауы етегінен,
Сарыарқаны батысынан шығысына кесіп өтіп, Ертіс
өзенінің жоғарғы ағысы Зайсан көлінен,
Алтай тауына барады. Жол қазіргі Қазақстанның батысынан
кіріп шығысынан бір-ақ шығады. Бұл жолмен Батысқа
қымбат аң терілері, былғары, жібек маталары барса, ал
Шығысқа парсы кілемдері, әшекей бұйымдар, қымбат
тастар барған.
«Дала жолымен»
б.з.б І мыңжылдықтың ортасында байланыстың
болғанын, Жоңғар қақпасынан табылған 16
«боспор» теңгесі, Алтайдағы б.з.б.V ғасырға жататын
Пазырық «патшалық» обаларының бірінен шыққан
феникс кестеленген жібек көрпе және тағы басқа
табылған жәдігерлер дәлелдейді.
З.Сәнікұлының пайымдауынша, «Дала жолы» тікелей Қиыр
Шығысты Еуропамен жалғаған әрі «Нефрит жолы» мен
«Лазурит жолынан» бұрын пайда болған. «Дала жолының»
тұрақты дипломатиялық және сауда - экономикалық
жолға айналуы б.з.б. 138 жылы Қытай императорының Батыс
елдеріне жіберген елшілерінен басталады. Елшілік қайтып оралған
соң Қытайдан батысқа қарай тауар артқан керуендер
ағылса, екінші жағынан Таяу және Орта Шығыс Азия елдерінен,
Орта Азиядан тауарларын тиеген керуендер Қытайға барады.
Біздің заманымыздың VІ-VІІ ғасырларында «Дала жолы»
жаңа қарқынмен жандана түсті. Оның себебі, Жетісу
жерінде шетелдік тауарларды көп мөлшерде сатып алуға
қабілеті жоғары және Орта Азия аумағы арқылы
өтетін керуен жолын бақылайтын түркі
қағандарының ордасы болды. Алайда, «Жібек жолының»
тармақтары үнемі бір орында тұрақтап қалған
жоқ, ол халықаралық саяси жағдайға байланысты
өзгеріп отырды. Тағы да айта кетерлік бір жайт, ХVІ-ХVІІ ғасырларда
«Ұлы Жібек жолының» теңіз жолдарының шығуына
байланысты халықаралық маңызы әлсірей бастаса да
біржола жойылып кетпеді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орта ғасырлық
бағыттарын біраз өзгерткен «Дала жолы», Ресейді
Қазақстан аумағы арқылы Орта Азиядағы елдермен,
Қытай және Оңтүстік Азия елдерімен байланыстырды. Ал ХХ
ғасырдың соңында, бұл жол қайтадан
халықаралық маңызға ие болып, жаңа
қарқынмен дами бастады.
Жібек жолының әлеуметтік-экономикалық,
халықаралық қатынастағы маңызы. Жібек жолы тек қана сауда жолы емес, сонымен
қатар, Еуразия құрлығының халықтары
арасында бейбіт дипломатиялық және экономикалық
қарым-қатынас орнатқан жол болды. Өз кезегінде бейбіт
экономикалық қарым-қатынастар, көп елдердің шаруашылығын
дамытып, әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына
септігін тигізді. Сауда жолдарының бойларында қалалар
тұрғызылып, архитектура, құрылыс саласының
өркендеуіне алып келді. Сондықтан да «Жібек жолы» деген
атауға «Ұлы» деген сөз қосылды. Алғашында жібек
маталары тек Қытайда ғана өндірілсе, біздің
заманымыздың алғашқы кезінде жібекті Орта Азия, Иран,
Византия сияқты елдерде өндірген, мұны жол арқылы
халықтар өндірістегі жетістіктермен бөлісіп, бірінен-бірі
үйреніп отырды деп айтуға болады. Әсіресе бұл жолмен
алғашында жеміс-жидек, көкөністер, түрлі
дәмдеуіштер сатылса, кейіннен сырттан келген, сол өнімдерді, кейбір
елдер өздерінде өсіріп шаруашылықтарын жандандыра
түсірген. Мысалға, алғашында Қытайда ғана
өскен болгар бұрышы бүкіл құрлыққа
тараса, Таяу Шығыс пен Орта Азиядан Қытайға жүзім,
қауын, қарбыз сияқты түрлі дақылдар барып, сол
жақта да өсіріле бастаған. Испиджаб, Отырар, Талғар
сияқты орта ғасырлық қалалардан археологтар, фарфордан
жасалған ыдыстар, Жерорта теңізі елдерінің әдісімен
жасалған түрлі бұйымдарды көптеп тапты. Ғалымдар
ондай жәдігерлердің көптеп табылуына байланысты,
алғашында бұйымдарды сатып алған болса, кейіннен жергілікті
шеберлер де сол бұйымдарды өздері жасаған дейді. Орта
ғасырда Қазақстан аумағын мекендеген халықтар
«Ұлы Жібек жолымен» әлемдік саудаға асыл тұқымды
жылқы шығарумен әйгілі болған. Сол себепті ертедегі
деректерде Түркі қағанаттарын солтүстіктегі
«сәйгүліктер патшасы», - деп атаған, ал дамыған орта
ғасырда қыпшақ жылқылары Орта Азия базарларында аса
қымбат бағаланған.
Қазақстан аумағындағы «Ұлы
Жібек жолының» тармақтары. Қазақ жері ертеден Батыс пен Шығысты жалғастырып
жатқан көпір тәрізді
болды. Орта ғасырлық қалалардың барлығы жол
бойында орналасқан болса, осы күнгі аймақтағы басты тас
және темір жолдар бұрынғы керуен жолдарының іздерімен
салынған. Жетісу жері Шығысқа шығатын негізгі
қақпа болып, онда Жібек жолының негізгі үш тармағы болды. Біріншісі,
Тараз қаласынан шығып, Алматыға келіп, одан Шелек,
Сүмбе, Жаркент (Ілебалық) қалалары арқылы
шығысқа кеткен. Екіншісі,
Тараз қаласынан шығып, Алматыға келген соң,
Қапшағай, Шеңгелді, Алтынемел, Дүнгене,
Қойлық қалаларынан өтіп, Алакөлді жағалай
Жоңғар қақпасы арқылы шығысқа кеткен.
Үшіншісі, Тараз
қаласынан шығып, Құланға келіп
солтүстік-шығысқа қарай Хантау, Балатопар,
Айнабұлақ бекеті арқылы солтүстік-шығысқа
кеткен, осы жолмен 1253 жылы Франция королінің елшісі Вильгельм Рубрук,
Моңғолияға Мөңке ханға барған. Жібек
жолының Жетісудағы тармақтары Тараз қаласында түйіскен сондықтан да
деректемелерде қаланы «көпестер қаласы» деп атаған.
Тараз
қаласынан шыққан жол Оңтүстік
Қазақстандағы Испиджаб
(немесе Сайрам) қаласына келген, бұл екі қала орта
ғасырда Қазақстан аумағындағы басты сауда
орталықтары болған. Испиджаб қаласынан жол екі
тармаққа бөлінген. Біріншісі,
оңтүстік-батыс бағыт, ол Ташкент қаласына барып, Орта
Азияның Бұхара, Самарқан қалалары арқылы
батысқа кеткен. Екіншісі,
солтүстік-батыс бағыт, Испиджаб қаласынан шығып,
Шымкент, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, қалаларын
басып өтіп Баршынкент қаласына барғанда жол екіге
бөлінген. Біріншісі,
оңтүстік-батыс бағытында Хорезмге кетсе, екіншісі солтүстік-батыс бағытында Жаңакент
қаласынан өтіп, Арал теңізінің солтүстік
жағалауларын жағалай отырып, Каспий теңізінің
солтүстік жағалауларына барып, одан кейін батысқа қарай
кеткен. Жолдың аталған екінші солтүстік-батыс тармағы,
Византия императоры ІІ Юстиниан мен Түркі қағаны Дизабул 568
жылы сауда-дипломатиялық одақ құрған кезде
жандана түскен, тағы кейін Алтын Орда дәуірі кезінде
бұл жол сауда керуендері көп жүретін жолға
айналған. Жаңакент қаласынан солтүстікке қарай
Солтүстік Қазақстанға сауда жолының бір
тармағы бағыт алған, осындай тармақ Сығанақ
қаласынан солтүстікке Ақсүмбе қаласына, одан ары,
Орталық Қазақстанға кеткен. Түркістан
қаласынан да Орталық Қазақстанға Жыланқарауыл
қаласы арқылы кеткен жолдың тармағы болған.
Осындай солтүстікке кеткен сауда жолдары негізінен Орталық
және Солтүстік Қазақстан жерлерін «Ұлы Жібек
жолымен» байланыстырған сауда жолының тармақтары
болған.
«Ұлы Жібек жолының»
мәдениеттердің дамуына қосқан үлесі.
Жоғарыда айтылғандай «Ұлы жібек жолы», тек сауда ғана
емес сонымен қатар дипломатиялық қарым-қатынастар,
шаруашылықтағы және мәдениеттегі озық
жетістіктерді алмасу жолы да болды. Ғалымдардың айтуынша
Үндістанда шыққан будда діні, Қытай мен Орталық
және Қиыр Шығысқа Орта Азия арқылы Жібек жолымен
тараған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Суяб
қаласынан буддалық ғибадатханалар табылса, Қойлық
қаласынан христиандық (неосториандық бағыттағы)
шіркеу табылды, ал Тараз қаласының көне жұртынан
неостариандық, манихейлік, буддалық, мұсылмандық
ғибадатханалар табылған. Табылған
ғибадатханалардың барлығы бір уақытта қатар
өмір сүргендігі байқалады. Осыған байланысты, Жетісу
мен Оңтүстік Қазақстан аймағы Жібек жолының
арқасында түрлі діни наным-сенімдер мен мәдениеттердің
түйісіп тараған ортасы болды деп айтуға болады.
Сондықтан қалаларда түрлі
архитектуралық-құрылыс үлгісіндегі ғимараттар бой
көтерді. Археологиялық ескерткіштердің барлығы
қала халықтарының әртүрлі дінде болса да,
ортақ мәдениеттерінің болғанын көрсетеді. Музыка
және би өнері де қалыс қалмады, буддалық
тәуіп Сюань-Цзян 629 жылы Суяб қаласында болғанда жергілікті
музыканттар түрлі халықтардың музыкалық аспабында ойнап
өнер көрсеткендері туралы жазған. Орта ғасырда
көбіне сауда керуендерімен жүріп өнер көрсететін
әнші, биші, күйші, акробаттар мен сиқыршы-фокусшылар
өте көп болған. Оларға өнер көрсету
үшін тіл білу аса қажет болмады, өйткені олар өнерін
музыка, би және дене қимылдарымен көрсететін. Қытай
билігінде Тан әулеті тұрған кезде Орта Азияның музыкасы
елде кең тарағаны көптеген деректерде айтылады.
Қазақстан аумағындағы орта ғасырлардағы
барлық ірі қалалардан археологиялық қазба
жұмыстары кезінде, түрлі халықтардың көптеген
музыкалық аспаптары табылған. Қазақстан аумағын
мекендеген халықтар «Ұлы Жібек жолы» арқылы түрлі
этностар арасындағы достық қарым-қатынас пен
мәдени байланыстардың қалыптасуының бастауында болып,
кейіннен сол байланыстардың дамуына зор үлес
қосқандығын, бүгінде мақтанышпен айтуға
болады.