Қазақ  хандығының құрылуы және нығаюы

(XV-XVI ғ.ғ. басы)

 

1. Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттары мен заңдылықтары.         

2. Қазақ хандығының  құрылуы. Керей мен Жәнібек .

3. XVсоңғы ширегі –XVI ғғ. басындағы Қазақ  хандығы. Шайбанидтермен күрес.

 

Қазақ мемлекеттігінің құрылуы- Қазақстан жерінде орын алған, ғасырларға созылған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туындаған заңды құбылыс. Ол  үйсін, қаңлы мемлекеттік құрылымдарынан бастау алып, түрік қағанаттарының тарихымен ұласады (оғыз, қимақ, қыпшақ, қарахан хандықтары). XIΥ-XΥғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ (Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы), Жетісу (Моғолстан) мен Түркістан ( Қазақстанның отырықшы-егінші ауданы) аумағындағы қазақ рулары мен тайпаларының этникалық және саяси топтасуының күшейе түсті. Сонымен қатар Қазақ хандығы үш жүздің қалыптасуы, өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі аудан мен отырықшы-егінші аудандар арасындағы  интеграция нәтижесінде өмірге келді.

XIV-XVғ.ғ. орын алған шаруашылық үлгісінің ортақтығы, материалдық және рухани мәдениеттің жақындығы, тіл бірлігі Ақ Орда тұсында-ақ қалыптасып болған. Олай болса, Қазақстан аумағында біртұтас мемлекеттік  Алтын Ордаға формальды түрде бағынып дербес мемлекет ретінде өмір сүрген Ақ Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы құрылып, нығайғанға  дейін  жергілікті этникалық негізде қалыптасқан деуге толық негіз бар. Мұндай пікірді тарихшылар өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері ұсынып келеді.

Шығыс Дешті Қыпшақ жеріндегі көшпелі халық бұқарасы феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстар мен тартыстардың  өршуіне, хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударумен жауап берді. Бұл оқиға «Тарих-и Рашидиде» былайша суреттеледі: «... Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді...».

Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1433-1462 ж.ж.)  бұлардың мұнда қоныс аударуына қарсы болмады. Өйткені оның да өз есебі бар еді. Есенбұға қазақ ру-тайпаларын өзінің ішкі және сыртқы саясатында, атап айтқанда, солтүстіктегі көршісі Әбілқайыр хандығына және шығыстан күшейіп келе жатқан ойраттар шапқыншылығына  қарсы күресте, сондай-ақ хандықтың өз ішіндегі  феодалдық алауыздық пен  талас-тартысты тоқтату үшін пайдалануды көздеді. Керей мен Жәнібектің Жетісуға қоныс аударуы туралы М. Х. Дулати былай деп жазды: «...Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек казақ деп атай бастады

Жәнібек Барақ ханның ұлы, ал Керей- оның ағасы, Болат ханның баласы еді. Барақтан (Ақ Орда ханы) басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс еді.

Деректер мағлұматтары, фактілер мен пікірлерді салыстыру және талдау Қазақ хандығының XV ғасырдың 60-жылдарының ортасында Батыс Жетісуда құрылғандығын дәлелдейді, яғни бүгінгі Қазақстан тарих ғылымы осы мәселеде Мұхаммед Хайдар Дулати пікірін ұстанады. 

Соған қарамастан Қазақ хандығының құрылу мерзімі туралы пікірлер сан- алуан. Солардың кейбіріне тоқтала кетейік:

Қазақстандық тарихшылардың бірі К. Ақышев 1428 -жылы Әбілқайыр хандығының құрылуы өзбек және қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының бастамасы болды десе, М. Тынышбаев, М. Мағауин, Қ. Салғарин, т.б. Керей мен Жәнібектің  1456- жылы көшуі, қазақ хандығының құрылған жылы деп есептейді. Келесі бір пікірдің авторы тарихшы Б.Кәрібаев, ол Қазақ хандығының құрылған жылы ретінде 1458- жылды ұстанады. Тарихшы К. А. Пищулина «Қазақ хандығының құрылу мерзімі шамамен XΥғ. 60-жылдарының ортасы» деп Мұхаммед Хайдар Дулатимен келіседі. Тарихшы Т. И. Сұлтанов Қазақ хандығының құрылуын 1468- жылы Әбілқайырдың қайтыс болуымен, Керей мен Жәнібектің Жетісудан Дешті Қыпшаққа қайтуымен байланыстырады, яғни XΥғ. 70-жылдарынан ерте емес, т.б.

Осылайша, Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек сұлтандардың дербес мемлекет - Қазақ хандығының негізін қалаған мерзімін, К. А. Пищулина өзінің 1977 жылы жарық көрген «Юго-Восточный Казахстан в середине XІΥ-начале XΥІ в.в...» еңбегінде  «Әбілқайыр хандығы құлағанға дейін-ақ қазақ сұлтандары өз замандастарына дербес хандықтың билеушілері ретінде танылды»,- деп көрсетуі бүгін де мәнін жойған жоқ. Егер жоғарыда көрсеткеніміздей М. Х. Дулати «Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы хижраның 870 (1465-1466жж.) жылынан басталады» десе, И.Орбелидің синхронды кестесі бойынша да хижраның 870 жылы 1465 жылдың  24 тамызында басталып ,1466- жылдың 11- тамызында аяқталады екен.

Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан  жерінен бірқатар рулардың ауа көшіп, Жәнібек пен Керейдің  қол астына келуі Қазақ хандығын  бұрынғыдан да күшейтті.  Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының  үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын  арттыра түсті. Едәуір әскери күш жинаған және   Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468- жылы Әбілқайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Мұны қазақ хандары Керей мен Жәнібек тиімді пайдаланды. Олар бұрын өздері көшіп кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа  қайта оралып, билік үшін күреске араласты. Бұл күрестің  барысында Әбілқайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар өлтірілді. Әбілқайыр ханның немерелері  Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан  Астраханға барып паналады. Күресте жеңіске жеткен қазақ хандары 40 жыл Әбілқайыр билеген Шығыс Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды өзіне қосып алды. Соның нәтижесінде XV ғ. 70 -жылдары Қазақ хандығының жері едәуір кеңейді.

1.                  Сонымен, Жетісуда Ақ Орда хандарының (Орда Ежен - Орыс хан) ұрпақтары басқарған орта және ұлы жүз тайпалары негізін қалаған Қазақ  хандығы құрылды.

Керей мен Жәнібек, олардан кейін Бұрындық Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолының үстіне орналасқан Түркістан өңірі, Сырдария жағасындағы  Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркістан) т.б. қалаларды қазақ хандығына қарату үшін шайбан ұрпақтарымен күрес жүргізді.

Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келген еді. Мұнда ол өзінің билік жүргізіп отырған Әмір Темір тұқымынан шыққан  Мұхаммед Мәзит тарханды паналады. Ол Қазақ хандығына қарсы Мұхаммед Шайбаниды айдап салу мақсатын көздеді. Бірақ бұдан ештеме шықпады. 1470- жылы қыста қазақ ханы  Керей әскерлерімен Түркістанға шабуыл жасады. Ал Жәнібектің үлкен баласы  Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты.

1472- жылы Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының  әмірі  Мұса мырзаның көмегімен Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша  жеңіс еді. Бұрындық сұлтан мен Махмұт сұлтан  бастаған қазақтың біріккен жасақтары Қаратаудағы Соғұнлық асуында Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл соғыста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңғыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар Қазақ хандығына өтті.

Бұл кезде  Қазақ хандығына  Мұхаммед Шайбанимен  қатар Моғолстан  ханы  Жүніс және Орта Азия  жерінде билік етіп тұрған Әмір Темір  әулетімен де күрес жүргізуге тура келді. Бұлар да  Сырдария жағасындағы маңызды сауда орталықтарын өздеріне қаратып алуды көздеді. 1482-1485- ж-ж. Моғолстан ханы Жүніс  әскерлерімен  Ташкент пен  Сайрам қалаларын басып алды. Ал ХV1 ғ. басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы  Сұлтан Махмұд  хан Отырар қаласын басып алып, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына сүйеніп және Отырарға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да  Сауран мен Ясы (Түркістан) қалаларына шабуыл жасап, оларды басып алды.

Қазақ ханы  Бұрындық, Қасым мен Жәдік сұлтандар Темір әулетінен шыққан Мұхаммед Мәзит тарханнан қолдау алып Созақ, Сауран қалаларына  шабуыл  ұйымдастырды. Бұрындық Сауранды  қайтарып алып, Отырар қаласын қоршауға алды. Бірақ Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниға  әскери көмек беріп, қазақ жасақтары Отырар қаласын қоршауды тоқтатуға мәжбүр болды. Мұхаммед Шайбани қазақтармен бітім жасады. Осы келісім бойынша  Отырар, Ясы, Аркөк, Бозкент қалаларымен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады. Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының  солтүстік бөлігі қазақ хандығының иелігінде қалды. Ал Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.

Сөйтіп, Дешті Қыпшақты  басып алуға ұмтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп және Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын саяси, шаруашылық және әскери тірек еткен  қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы  тайпалардың  кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, билікті өз қолына алды, сөйтіп Орта Азияда жаңа Шайбан әулетінің негізін қалады.

Сонымен, Қазақ хандығының құрылуының қайнар көзі Ақ Орда десек, кейін  ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде екі мемлекеттің - Әбілқайыр хандығы («көшпелі өзбектер мемлекеті») мен Моғолстанның ішкі саяси ахуалы нақты жол ашты.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ ру-тайпаларының басын қосуда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде маңызды роль атқарды. Қазақтардың біртұтас мемлекеттігінің пайда болуы қазақ халқы қалыптасуының аяқталуының шешуші факторларының бірі болды.

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-     бет., А., 1998.