Жарияланымдар

Ұлттар Ұйымындағы тұңғыш елші

16 Мамыр 2018
402
0
Ұлттар Ұйымындағы тұңғыш елші
Жер шарының бірқатар бөліктерінде орын алып отырған саяси, әскери жанжалдарға байланысты әлемдік державалар арасындағы терең қайшылықтарды еңсерудің келешегі күңгірт

Бұл күндері еліміздің дипломатиялық қызметіндегі елеулі һәм қуанышты оқиға: мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық деңгейдегі танымал саясаткер, дипломат, Төтенше және өкілетті елші, ұстаз, қаламгер Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатыр.

Иә, бүгінде ширек ғасырлық өсу, есею жолынан өткен, әлемдік ауқымдағы барлық ірі табыстары мен ұлы жеңістері Президент Н.Ә. Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты отандық дипломатияның алғашқы кезеңдерінде тәуелсіз елімізді сыртқы әлемге танытудың абыройлы да салмақты аманатын арқалаған айтулы тұлғалардың алғашқы легінде министр Ақмарал Хайдарқызының болуы заңды еді. Дүниежүзілік қоғамдастыққа жас мемлекетімізді, қазақ халқын таныту үшін еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұңғыш елшісі мәртебелі лауазымы Алаштың ару қызы Ақмарал Хайдарқызына сеніп тапсырылуының да рәміздік, ұлттық, пәлсапалық мәні бардай көрінеді де тұрады. Мінеки, араға жылдар салып Қазақстан Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануында да ол кісінің қолтаңбасы тұрмасына кім кепіл?!

Орайы солай келіп, ол кезде жас маман болсақ та, министр, елші Ақмарал Хайдарқызымен қас-қағым сәттер болса да сұхбаттасудың сәті түсіп, автордың қолынан А.Х. Арыстанбекова «Казахстан в ООН: история и песпективы» монографиясын арнайы қолтаңбасымен алған ұмытылмас, жарқын  уақыттарды мақтанышпен еске аламыз.

Сауатты және салмақты монография Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының тарихи, толғанысты сәттерінен бастап, осынау әмбебап беделді халықаралық ұйыммен еліміздің көптеген салаларда әріптестік қатынастар орнатуы шежіресінен сыр шертеді. Біздің ойымызша, еңбектің басты ерекшелігі мен мағынасы да осында, өйткені кітап авторы тәуелсіз Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы елшісі болғандықтан, бүгінде тарихқа айналып үлгерген айтулы сәттерді басынан кешіп, көзімен көрген куәсі, тікелей орындаушысы ретінде тынбай қызмет етті.

Мазмұнды монографияда БҰҰ-ның басты қызметі болып табылатын әлемдегі қарусыздану мен қауіпсіздік, бітімгершілік, халықаралық құқық, тұрақты даму, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелердің шешілу жолдары, оларға Қазақстанның қатысу барысы ғылыми-теориялық, сондай-ақ нақты тәжірибелер тұрғысынан терең талданып, байыпты сипатталады. Айта кетерлігі, еңбекті жазу үстінде автор ағылшын, француз тілдеріндегі түпнұсқа материалдарды алғаш рет пайдаланып, ғылыми айналымға енгізген.

Қазіргі адамзатты толғандырып отырған түбегейлі түйіндер мен жер бетіндегі дау атаулының қайнаған, тіпті қайшылықты ортасына айналған алаң – Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесі екендігі мәлім. Тәуелсіздіктің табалдырығынан енді аттаған Қазақстанның алдында әлемдік қауымдастықтан өз орнын алу, өзге елдермен тең құқылы қарым-қатынастар орнату міндеттері тұрды. Әсіресе бұл кезеңде дүниежүзілік қоғамдастық елімізде Совет Одағынан мұраға қалған ядролық әлеуеттің ертеңіне ерекше алаңдаушылық білдіріп отырған болатын. Осы бір сындарлы сәтте республика басшылығы алапат қарудан бас тарту туралы шешім қабылдап, отандық жас дипломатияның жүгін әскери тақырыптан арылтып, адамзатты үркітуге емес, үміттендіруге бастайтын жасампаз қадамдарға бетбұрыс жасаған еді.

Президент Н. Назарбаевтың Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру (АӨСШК) туралы бастамасы да алғаш рет БҰҰ мінбесінен жарияланды. Арада он жылдан кейін Кеңеске мүше 16 елдің басшысы бас қосқан Алматыда Азия елдері арасында алғаш рет ымырашылдық үні естіліп, татулық тамыры бүлкілдей соқты. Үмітті сенім Азия тарихында тұңғыш рет қазақ жерінде орнағанын мақтанышпен ғана айтуға болады.

Қазақстан үшін БҰҰ әлем назарын Арал апатына, Семей қасіретіне аудартудың бірден-бір мүмкіндігі болатын. Қолымыздағы құнды еңбегінде А. Арыстанбекова ұстазымыз өзі басшылық жасаған Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігі еліміз үшін маңызы орасан мәселелерді шешуге дүниежүзілік қауымдастықтың қол созуына ықпал еткен ерен жұмыстары жайында да әсерлі әңгімелейді. Қазіргідей жаһандану мен жаппай бәсекелестік заманында әр мемлекет ең алдымен өз мүддесін қорғауы күн тәртібіне шықты. Азуы алты қарыс мемлекеттердің арасынан суырылып шығып, ұлттық мүдделерді қорғаудың қаншалықты жауапты және күрделі  екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл орайда нағыз азаматтар арқалайтын ауыр жүкті нәзік иығымен қайыспай көтере білген Ақмарал Хайдарқызының айрықша ерік-жігерін, табиғи талантын, әлбетте жеке қызметін арнайы атап өтуге тұрарлық.

Жеке адам демекші, «Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар  болады» деп жиі айтып отырған Алаштың ардақты ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай мұрасын да Париж мұражайларынан алғашқылардың бірі болып іздеп тапқан Ақмарал ханым еді. Шынында да, қолымыздағы кітапты парақтай отырып, тарихтың небір шырғалаң шақтарында жекелеген тұлғалардың атқарған рөлінің шешуші маңызына көз жеткіземіз. Еңбекте үлкен саясаттағы өткен жылдар мен қазіргі заманның әйгілі кейіпкерлері, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшыларының қызметіне тиянақты талдау жасалады. Олардың бірқатарымен автор қызмет барысында ұдайы кездесіп, бетпе-бет жүздесулер өткізген, айтқанына көндірген сәттері де аз болмаған. Содан да болар, жаһандық саясаттың аузы алты қарыс тарландары қазақ дипломатымен қарым-қатынастарын үзбей белсенді жалғастыруда.

Қазіргі кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі де үлкен өзгерістердің табалдырығында тұрғаны белгілі. Ұйымның алдында осы ғасырдың жаңа қауіп-қатерлері мен тегеурінді талаптарына қарсы тұра білу, демократиялық құндылықтар мен адам құқықтары жөнінде ортақ мәмілеге келу, сондай-ақ ғаламдық экологиялық, әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды міндеттер тұр. Бәрінен бұрын жер шарының бірқатар бөліктерінде орын алып отырған саяси, әскери жанжалдарға байланысты әлемдік державалар арасындағы терең  қайшылықтарды еңсерудің келешегі күңгірт. Бұл тұрғыда Ұйым Жарғысында жеткілікті деңгейде ескерілмей келе жатқан ықтимал әлеуетті тиімді пайдалану жөніндегі автордың пікірі зор қызығушылық туғызады.

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің үлкен жанашыры ретінде Ақмарал ханым ЮНЕСКО шеңберінде ұлы Абайдың, Жамбыл Жабаевтың, Мұхтар Әуезовтің және Махамбет Өтемісұлының мерейтойларын өткізуге ұдайы үлес қосып отырды.

Әрине, бұл шағын баянымызда іргелі 8 тараудан тұратын қомақты монографияны түбегейлі талдауды мақсат етпейміз. Бастысы, кәсіпқой маманның қолынан шыққан  ғылыми, тарихи, тәжірибелік маңызы үлкен еңбек жайында жас дипломаттар, студенттер, жалпы оқырманмен ой бөлісу. Жаңа технологиялар, ақпараттық құралдармен қаруланған қазіргі оқырман Елші А. Арыстанбекованың бұл еңбегінен өз іздегенін табары күмәнсіз. Біздің ойымызша, әрі маман, әрі ғалым адамдардың қолынан шыққан белгілі бір саланы жан-жақты қамтыған, танымдық сипаты зор құнды еңбектерді мектептер мен жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдалануға әбден болар еді. Алайда, кітаптың шағын тиражы бұған мүмкіндік бере алмайтыны өкінішті.

Сөз соңында қадірлі Ақмарал Хайдарқызын бүгінгі биік белесімен дипломатиялық жолдағы ізбасарлары, осынау қиын да қызықты саланың терең қатпарлары туралы ол кісінің ұлағатты әңгімелерін бойына сіңірген шәкірттік сезіммен барлық әріптестерім атынан тебірене құттықтауымызды жеткізуді парыз санаймыз және шығармашылық, ұстаздық табыстар тілейміз.

Мұхтар КӘРІБАЙ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?