Жарияланымдар

Шәкерім өмірге келгенде...

11 Шілде 2018
6196
0
Шәкерім өмірге келгенде...
Туғанына тура 160 жыл толған қазақтың кемеңгер ойшылы, ақын-композитор, тарихшы, аудармашы Шәкерім қажы Құдайбердіұлы жайлы белгілі ғалым Асан Омаровтың зерттеулерінен үзінді ұсынамыз

Шәкерім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыстау бөктерінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. 1931 жылдың сарала күзінде алты мүшел – 73 жасқа қараған Шәкерім қажы Бақанаста, елсіз «Саятқора» маңында ГПУ-дің жендеттері оғынан қайғылы қазаға ұшырап, отыз жыл бойы тәні көмусіз, ойпаңдағы құр құдық түбінде қалды. «...1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемді тастаған құдықты жалғыз қазып, 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі – оң жақтағы тоқпақ жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. ...7 августе қабірі қазылды, 8 августе Абай зиратының қасына жерленді» деп есіне алады Ахат Шәкерімұлы.

Бүгінгі өскелең ұрпақтың шежірені де қажетсінетіні мәлім. Сондықтан Шәкәрімнің туысы жайын өзінің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде берілген ата-тек кестеден бастамақпыз.

Арғынның Момын деген тоқалынан үш баласы: Қарасопы, Кенжесопы, Бәсентиін. Кенжесопыдан – Қанжығалы, Тобықты. Тобықтының екі баласы: Рыспетек, Дәулетек (лақап аты Жуантаяқ – А.О.) дейді шежіреші. Дәулетектің үш баласы – Байғара, Байшора, Жиеншора. Тобықтының үлкен баласы Рыспетектен: Мұсабай, Көкше, Дадан, Құлық. Мұсабай бидің екі баласы: Толымқожа, Сүйірбас. Толымқожаның (лақап аты – Жаман тобықты) екі баласы: Биянай (одан Наз, Нүрке, Бірке, Ожар аталары тараған), Шегір (одан Есболат, Жүзбенбет аталары тараған). Сүйірбастың үш баласы: Әлі, Сары, Қожаберген. Сарының балалары: Мәмбетай, Үмбетай, Мәмбетсопы және Кішік (Күшік). Мәмбетсопыдан – Жұмағұл, Қожан. Жұмағұлдың алты баласының бірі – Мамай батыр.

Кішік (Күшіктен) – Саңмұрын, Байымбет, Әнет, Әйтек. Әйтектен – Олжай, Байбөрі (Бәкең), Қалқаман. Олжайдан – Айдос (одан – Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібақ), Қайдос (одан – Бөкенші, Борсақ), Жандос (лақап аты – Жігітек). Олжайдың үш баласынан өрбіген көп ұрпақты ел «үш Олжай» деп атаған. Жігітектен Кеңгірбай би (1735-1825), ал Айдостың Ырғызбайынан Өскенбай би (1778-1850) туады.

1723 жылдың ерте көктемінде қалың қалмақ тұтқиылдан шабуылдағанда «ақтабан шұбырындыға» ұшыраған Орта жүз рулары Сыр бойынан пана тапқан-ды. Қазақ-қалмақ жаугершілігі аяқталған соң: «Біздің тобықты Орынбордың бергі жағында Ордың (қазіргі Ресейдің Орск қаласының маңы – А.О.) қара ағашына барған»  деп жазады Шәкерім қажы. Кіші жүз мекендеген қияндағы Орға Тобықты зорға жеткен. Бірақ бұл жақта орыстың орнығып, қала-бекіністер салып қазақты қыспаққа алғанын көзі көрген ел басшылары көшті атамекен – Шыңғыстауға бұрады.

ХVІІІ ғасырдың соңы – Орта жүз руларының жоңғарлардан босаған Ертіс өңірі мен Шығыс Қазақстан аумағын емін – еркін иеленіп, жаппай қоныстанып жатқан кезі-тұғын. Бірақ Шыңғыс жеріне ілінгенде Дадан тобықтының биі Қараменде Кеңгірбай биге былай деп сәлем жолдапты:

Басында Сырдан шығып Орға келдік,

Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.

Құл алдынан құрулы талқы деген,

Бұл жаққа баққа келмей сорға келдік.

«Сорға келдік» дегені, бұл аумақты бұрын келген матай, керей, уақ, тарақты рулары иеленіп, орнығып алған еді. Екіншіден, Ор, Тобыл бойы сияқты Ертіс бойына да орыстың бекініс салып, алдан орап алғанын көріп, күйзеліспен айтқаны. Осымен ағайынға сыйымсыз, кәпірге жем болмауды ойлаған Дадан тобықты көп ұзамай ауады. Балқаш көлінің теріскейі – Тоқырауын суы бойына. Ал, Кеңгірбай би «малға жайлы мекенім» деп не де болса Шыңғысқа табан тірейді. Көнбеген соң Қараменде оған кетерінде: «Үлкен боп сен қоныс ал, мен отау боп өріс алайын» деген екен.

Ордан Шыңғыс өңіріне көшкенде Тобықты жұрты небәрі 200 отбасы болыпты деген дерек бар. Көшті Мамай батыр бастап әкеледі, ал, елдің басшысы ел-жұрты «Қабекең», «Би атаң» деп аса құрмет тұтқан жаңағы Кеңгірбай би еді. Ел бірлігін қатаң тәртіпте ұстап, сонымен бірге жерді кеңейте берген соң: «Жерді неге кеңейте бергіңіз келеді, жетпей ме?» деген Көбей биге: «Келешек ұрпақ өспей ме, тарлықтан талқы кешпей ме?» дейді екен Би атаң.

Ұрпақ өспей ме десе дегендей-ақ, 1831 жылы бір болыс қана болған Тобықты елі жарты ғасырдай уақыт шамасында қарамы төрт-бес болысқа жетіп, іргелі елге айналған. Кеңгірбай биден соң, бүкіл Тобықты басшылығы Құнанбайдың әкесі Өскенбай бидің қолына көшеді. Шәкәрімнің шежіре кестесіне шолуымыздың соңында еске салар бір жай – әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясына арқау шырғалаңды оқиғалар мен қиян-кескі талас-тартыстар негізінен Тобықтының «үш Олжай» бұтағы ішінде өтті.

Шәкерімнің әкесі Құдайберді (1829-1866) – Құнанбайдың тұңғышы. Құнанбайдың бірінші бәйбішесі – найманның терістаңбалы тарауынан шыққан Ағанас бидің қызы – Күңке (азан аты Әйбөбек) еді. «Құнанбай туралы» деген естелігінде Ахат Шәкерімұлы: «Өскенбай Құнанбайға найман табының терістаңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің қызы Күңкені айттырады» (Абай. – 2004, №1) деп жазады. Бидің атақонысы – Қалба жотасының бөктері, Қызылсу, Шар өзендері алқабы болса керек. Шыңғыстаудағы Бауырдан бұл алқапқа дейін, сірә да 70-80 шақырымнан кем емес.

Бөлек отау, жеке шаңырақ иесі болғанда Құнанбай бірде қайын атасы Ағанас бидікіне келеді. Ел ағасы Ағанас амандық-саулық сұрап, Құнекеңнің еншіге 12 жылқы алғанын естіп: «Саған би бар жылқысын беріпті ғой. Өскенбайдың дәулеті маған белгілі ғой. Мал үлкен үйде болғаны жақсы емес пе, сенде жоқ болса, онан аласың, ал үлкен үйде мал жоқ болса ол сенен ала ала ма?» депті. Екі күннен соң Құнанбай қайтпақ болып жиналғанда, Ағанас бәйбішесі мен бас жылқышысын шақырып алып:

– Мына Құнанбай енші алып, бөлек отау шығыпты. Қазір он бес құлындайтын биесі мен бір айғыр үйірін және Күңке мен екеуі мінетін екі жақсы атты алғызып беріңдер, айдап қайтсын. Ел жайлауға шыққанда жүз қой мен үйлерін артатын алты түйе алып кетер, – деген екен.

Осы әңгімеден Ағанас бидің малға байлығы, әділетшіл мінезі һәм асқан мырзалығы да елес берсе керек-ті. Ағанас бидің қызы Күңкеден Құдайберді –  жалғыз. Күңке Құдайберді жалғызсырамасын деп Ұлжанның Абайдан соңғы баласы Ысқақты (1847-1900) бауырына салып, өз тәрбиесінде өсіреді. Оған әйел әперіп, енші беріп шығарған да өзі болады. Айта кету керек, осыдан соң, әр шешенің балалары араласып өссін дегендіктен біреуінің баласын біреуі бауырына салу Құнанбай әулетінің бұлжымас салтына айналған.

Жасынан тықылдаған пысық, ширақ Ысқақ 1873-1882 жылдар арасында Мұқыр еліне үш сайлау, яғни жік салмай тоғыз жыл болыс болған деген сөз бар. «Біздің қажы баласының елді билеген-ай дейтұғын дәурені осы Ысқақтың болыс болып өткізген 9 жылы» дейді Турағұл белгілі естелігінде. Ысқақ Күңкенің қолында өскендіктен Құдайберді балаларына көп қарайласса керек. Ахат ақсақалдың айтуынша, Ысқақтың баласы Кәкітай, оның баласы Әрхам да Құдайберді шаңырағын «өз үйім» деп өтіпті.

Айтқандайын, Абай мен Ысқақ бір мезгілде үйленіп, Құнанбай оларға Ақшоқы, Ащысу деген елсіз қалың қорықтан бірдей етіп жер кесіп береді (Ақшоқы Семейден 120 шақырымдай жерде. Абай бұл қыстауды ұзақ уақыт мекендеген). Ысқақтың Кәкітайы мен Абайдың Мағауиясы түйдей құрдас. Қыс қыстау, жаз жайлау, күз күзеуі қатарлас болған соң олар тай-құлындай тебісіп, бірге өседі. Кәкітайдың кейіннен Абайдың әдеби мұрасын баспаға әзірлеуге құлшына кірісуінің бір мәнісі осы: оның тәрбиесін көп көреді.

Ал, Күңке мен Ұлжан ауылы арасы барыс-келіске шалғайтұғын. Күңке ауылы – Қарашоқыда (бұл жер Шыңғыстаудың ішінен бастауын алатын Хан деген өзеннің бойында), ал Ұлжандікі – Бауырдағы Жидебайдатұғын. Екі ауыл арасы 30 шақырымнан астам. Сөйтіп, қыс болса екі ауылдың адамдары бір-біріне ат ізін жиі сала алмаған.

 

***

Құнанбай мырза 1845 жылдың мөлшерінде Бауырдағы «Ескі там» деген жерден мектеп ашып, онда Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген татар мұғалімді көп жыл қолында ұстағаны мәлім. Құдайберді бастатқан балалардың бәрі сауатын осы мектепте ашып, арабша оқу-жазуды меңгеріп шығады. Әкесі туралы: «Ақырғы жылда бұрынғыдай аңға жиі шықпай, үйде болатын уақыттары көп болды. Түрікше әңгіме кітаптарды оқуын қойған жоқ»деп есіне алады Шәкерімнің өзі (осы дерек бізге кітап жинау һәм кітап оқу қыр қазағына таңсық нәрсе болмағанын аңдатса керек).

Айтылмыш дәуірдің салты бойынша Құдайберді бірнеше әйел алған. Бірінші әйелі – Дәметкен (азан аты – Төлебике). Одан Омар, Нұртаза, Шәке (азан аты Шаһмардан), Шәкерім (азан аты – Шаһкәрім). Айта кетер жай, соңғы екеуін шешесі: «Шәке» және «Шәкерім» деп еркелеткен. Сондықтан келешек ғұламаны мұқым ел Шәкәрім емес, тек Шәкерім деп атаған.

1988 жылдарға дейінгі естелік, жазбалардың бәрінде де тек Шәкерім деп хатқа түскен. Міне осы себепті біздің жазбамызда ғұлама есімінің бірде «ә» - мен, бірде «е»-мен ұшырасатынын тағы бір ескертеміз.

Құдайбердінің екінші әйелі – тобықты Мамай батырдың нәсілі Ботантай. Төлебике келін боп түскен соң үш-төрт жылға дейін бала көтермей, сондықтан Құнанбай Құдайбердіге осы Ботантайды айттырып, алып береді. Ботантай тұңғышы Әмірді дүниеге әкелгенде, оны Төлебике бауырына салады. «Екі жылдан кейін, – дейді Ахат ақсақал, – Төлебикенің өзі де екіқабат болып, ұл туды, оның аты Омар еді, бір жасқа толмай өлді. Онан соң Төлебикеден үш ұл болды – Нұртаза, Шаһмардан, Шәкерім. Ботантайдан – Жылқыайдар, Ырызықбай. Жылқыайдар төрт жасында шетінеп кетті». Шәке (1856-1901) мен Ырызықбай (1866-1919) – би, болыс болып ел жұмысына араласқан азаматтар.

Болашақ ақынға анық тәлім берген кісінің бірі Ботантай әже тұқымына тартқан өжет кісі бопты. Әмеңгерлік жолымен алам деп әурелеген қайнысы Тәңірбердіге көнбеуі, басқа да қайныларын ықтырып отыруы, кейін ел ағасы Шәкерімнің өзін де ұрсып алатын мінез-қылығы осыған дәлел. «Менің тілім олар түгіл Тәтеме де (Тәтесі – Құнанбай) тиді, – деп есіне алады екен ана. – Тәтем қартайғанда қарғап, «баламды (баласы Әмір) өлтірді оңбаған шал» дедім ғой. Содан тәтем өлген соң, мені аруағы атып, көзіме ақ түсіп, көрмейтін болып қалдым. Тәтемнің зиратына барып, қабірін құшақтап: «Кеш, Тәте!» деп жылап, топырағынан алып көзімді сүртіп, содан көзім жазылып, бір көзімде ғана ақ қалды». Құдайбердінің және бір әйелінен – Хакім (Ғабдулхакім).

Құдайберді жасынан жабысқан өкпе науқасынан айыға алмай, 1866 жылдың көктемі – мамыр айының басында 37 жаста дүниеден өткен. Осы ретте Қазақстанның Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған Құнанбайдың мынадай хат-қағазы қызығушылық тудырады. Онда: «1866 жылы 15 июньде осы уәкіл хатты беремін» деп басталып, «закон қарайтын күнге бек қажетті жұмысым болып қарай алмағаным үшін, би сайларда шар салар үшін» дей келе, хат иесі өзінің шар салу құқығын Күшік тобықты елінің биі – Сұлтанай Тоқашұлына тапсырып былай дейді: «Кімге салса да разы болмақлығым үшін мен хорунжы Құнанбай Өскенбай оғлы мөрім бастым» (ҚР ОМА, 1-қор, 1- тізбе, 16-іс).

Бұл хат Құдайберді мен Абай билікте тізе қосқан 1865-1866 жылдары әкелерінің де биліктен қол үзбей, Күшік тобықты болысының штаттағы биінің бірі болғанын жеткізуімен құнды. Ал, Құнекеңнің «бек қажетті жұмысым болып» деген сөзі нені білдірмек? 15-20 июнь аралығында Құдайбердінің қырық күндік асы өткізілген, Құнанбай осыған бола сұранған дейміз.

Құдайберді-Бәкем жастай дүниеден өткенде артында балалары: үлкені Әмір 14 жаста, Нұртаза 11 жаста, Шаһмардан 9 жаста, Шаһкәрім 7 жаста, Ырызықбай қырқынан шықпай жетім қалды. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір атанды. Бір анығы, кейіннен күндес әйелдер апалы-сіңлідей бір шаңырақта тату ғұмыр кешкен еді.

Сондықтан Шәкәрімнің де бал дәурен балалық шағы уайым-қайғысыз өтіп, қос шешенің аялы алақанында Абай сияқты арда, «телғара» боп өседі.

Кемеңгердің өскен ортасы мен ата-анасы туралы жиған-терген мәліметтеріміздің бір парасы осылар.

 

Асан ОМАРОВ, зерттеуші

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?