Жарияланымдар

Ғибратты ғұмыр иелері

07 Наурыз 2018
617
0
Ғибратты ғұмыр иелері
Әйел – ғибратты ғұмыр иесі. Өмірдің мәні де, сәні де – әйел. Біз әзірге Ахаң мен Ілияс, Мағжан, Сәкен, Жүсіпбектің махаббат әлеміндегі тылсым құпияларын аша алдық

Аңдату 

Әйел – өмірдің гүлі. ХХ ғасыр басындағы «елім, жерім» деп еңіреген азаматтардың сенімді серігі, жан жолдасы әйелдері болған. Жазушының әйелі болу деген – күннің көзі болу деген сөз. Қазақ зиялылары, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары тарихта алғаш болып әйелдің хал-ахуалына баса назар аударды. Әйелдерді құрметтеуге шақырды. Бұл – ерлік еді.

Міне, осыдан кейін қазақ қызы, қазақ әйелі мәселесі көркем шығармаларда айтарлықтай орын алды. Кейіпкер болды. «Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал», «Ботагөз», «Ақ Білек», «Шұғаның белгісі», «Қорғансыздың күні», «Қаракөз», «Қалың мал» секілді көркем шығармалар осының куәсі. Мұхтар Әуезовті қазақ әйелдері галереясын жасаушы дейміз. Шындығында, Мұқаң небір қазақ әйелінің образын қара сөзбен шебер сомдады. Мұқаңнан бөлек барлық қалам ұстаған қазақ қаламгерлері қазақ қыздары мен әйелдерін жырға, көркем шығармаға кейіпкер ретінде қосты. Бұл – негізгі тақырыптың өзектілігі болса керек! 

Біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда келелі мәселені қозғағымыз келген-ді. Бұл – қазақ әдебиетіндегі кемшін мәселе. Әлем әдебиетінде мемуарлық жанр қарқынды дамыған. Бізде бұндай зерттеулер кенжелеп қалған-ды. Енді осы мәселені қолға алып, егжей-тегжей зерттеу міндет болып отыр. Қазақ әйелдері мәселесі, сезімі, махаббат машығы өз алдына бір бөлек әңгіме.

Қазақ әйелі де – муза! Өлеңге, көркем туындыны жазуға фактор, себепші болды. Әйел – махаббат фенонимі. Әлем әдебиетінде де әйелдер музаға айналғаны белгілі. Мысалға, Пушкиннің Анна Керні музасы болған. Сол секілді қазақ елінде Фатима Ғабитова деген татар ұлтының тумасы Ілияс пен Мұхтардың музасы болғаны ақиқат. 

Әйел – ғибратты ғұмыр иесі. Өмірдің мәні де, сәні де – әйел. Біз әзірге Ахаң мен Ілияс, Мағжан, Сәкен, Жүсіпбектің махаббат әлеміндегі тылсым құпияларын аша алдық. Алдағы күндері Міржақып, Әлихан бастаған қазақ зиялыларының құпиялары мен жұмбақтарына үңілу ойда бар. Енді төмендегі тармақшаларды назар аударып, қарап көрелік. 

Ахмет аялаған арулар

ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының алдыңғы шебінде көшбастап тұрған сан қырлы санаткер – Ахмет Байтұрсынұлы. Кешегі тұтас буынның төлбасы болған, кең жүректі ұлт адамының қамшының сабындай қысқа ғұмырын сөз етпеу әбестік. 

Ахметтің өз отбасылық құруы жайлы деректер де аңызға ұқсас. Көп әңгіменің ақиқаты қайсы деген сауалға да жауап берер уақыт келген сияқты. 

 

c856c0eaa6a0c301240faf7d445abed7.jpg

Ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сахыбекқызы бұл жөнінде: «Кейбір жазушылар мен зерттеуші ғалымдар Ахаңды қызға икемі жоқ, ебедейсіз жан ретінде суреттейді», – дейді [1]. Бұлай деп кесіп айту, негізсіз.Ахметтің арулар мен қыздарға арнаған қандай керемет әндері мен өлеңдері бар. Мәселен, «Аққұм» әні. Іңкәр аруға арналған. Бұл өмірде болған оқиға, жазушы Қоғабай Сәрсекеев зерттеуінде Торғай жерінде болған аштық кезінде Іңкәрдің жұт құрбаны болғандығын жазады. Сондай-ақ, Ахаңа ғашық болғандардың тағы бірі – Бадрисафа сұлу. Ол татар көпесі Мұхаммед-Садықтың қызы. Бірақ, сұм ажал балиғаттыққа енді толған бойжеткеннің өмірін жұтады. Ахметтің пешенесіне бұйырғаны – Александра. Байтұрсынұлы Әулиекөлге мұғалімдік қызметке екі рет келген. Міне, бар сырды Ахметке ат басын қайта-қайта бұрғызған Әулиекөлдің астарынан іздеу керек. Александраның әкесі Иван қазақ жеріне келген орманшы. Жергілікті жұрт Ахмет пен Александраның махаббатының куәсі ретінде Әулиекөлдің жеті көлінің бірін «Мұғалім» көл деп атаған. 

Бірақ, дала заңы әр түрлі діндегі адамдарға қосылуға болмайды. Туған өлкеде некесін қидыра алмаған қос ғашық теріскейдегі Троицкіге жол тартып, сол жерде Александра мұсылман дінін қабылдап, екі ай діни дәрістер тыңдайды. Ахметтің қалауымен Александраға жаңа ныспы – Бадрисафа беріледі. Осындай дастанға арқау болар сюжетті көргісі келмегендер Ахметті қырыққа келгенше сүр бойдақ жасап, 34 жастағы күтушісіне аяушылықпен үйлендіріп қояды. Отызында орда бұзып, қараңғы ұлтының ағартушылық диқаншысына айналған Ахмет отбасын құрғанда «айқай, сағындырған 25-те» болса, жары 19-да еді. Бұған айтар айғақтар мұрағатта жетерлік. Бадрисафа анамыз 1909 жылы 5 тамызда Дала губернаторына түрмеде отырған күйеуіне араша болуын сұрап, жеделхат жолдайды. 133 сөзден тұратын жеделхатта «күйеуім» деген сөз жеті рет қайталанады. Бұл ресми дерек туралы 1994 жылы журналист Армиял Тасымбеков БАҚ-та сенсация ретінде жариялады. мұны неге екені белгісіз, ахметтанудағы «адасушылар» назарға алған жоқ. Осы бір тарихи құжат – Ахмет пен Александра-Бадрисафаның түрмеден кейін емес, дейін үйленгендерінің айғағы емес пе?! 

 

426e4150edf8b0326235b6a79dfa0f3c.jpg

Мұны баса айтып отыруымыздың белгілі себебі де бар. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – қыркүйектің бесі. Ғажапты қараңыз, дәл сол қыркүйектің бесінде 1989 жылы Байтұрсынкеліні Бадрисафа Мұхаммедсадыққызын Жоғарғы Сот ресми ақтапты. Кездейсоқтық па, әлде тылсым құдіреттің күші ме екен? Бәлкім, Бадрисафаның Ахметке деген риясыз сезімі болар. 

Ілияс сүйген сұлулар 

Біз нысанға алған үшінші қарастыратынымыз – Ілияс сүйген арулар. Ілияс Жансүгіровтің әдебиеттегі қызметіне, қайраткерлік қырына, шығармашылығына жаңа қуат сыйлап, шалқар шабыт берген жақсы адамдар көп еді. Олар ақынның үнемі жанынан табылып, ыстық-суығына бірдей төзіп, қуанышына шаттанып, қайғысына ортақтасып жүрген асыл жарлары болатын. Қанаты қатаймаған бозбала шағында әкесі Ілиясқа Жәмила есімді сұлу қызды әперген. Алайда балалықтың әсері басымдау болып, көңіл жарастыра қоймайды. 

1922 жылы Ілияс Аманша Берентайқызына үйленеді. Алайда жастайынан дімкәс өскен Аманша ақын Мәскеуге оқуға кеткенде, ауырып қайтыс болады. Жерлеуіне қатыса алмаған Ілияс ұзын-сонар жоқтау жырын жазып, қатты қайғырады. Моласының басында азалы жолдардан тұратын «Моласында» деген өлең шығарады. Қазадан қан жұтқан ақын кейін Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады. Бәтима өнерге, білімге, бір табан жақын өскен. Әнші еді. Бәтима мен Ілияс арасында ыстық махаббат оты сақталмаса да, сыйластық өте жоғары болды. Ілиясқа Саят есімді ұл, Сайра есімді қыз туып береді. Саят Жансүгіров бүгінде Алматы қаласында тұрады. Ал Сайра шетінеп кеткен. 

 

8dd9d9a4177239ed6ad7a4c90808bc9e.jpg

І. Жансүгіровтің шынайы махаббатпен сүйіп қосылған әрі рухани серігі бола білген жалғыз сүйеніші – Фатима Ғабитова. Сұлу сөзге жақын, әдебиеттің бел ортасында жүріп, ұсақ-түйек өлеңдер шығарып, күнделік пен естелік жазатын нәзік ару. Тотыдайын таранған, еліктің лағындай келбетті татар қызы. Арғы аталары Иван Грозныйдың аласапыран заманында Қазан қаласын тастап, Қапал өңіріне көшіп келген. Фатима алғашында белгілі қоғам қайраткері, ағартушы мұғалім, ақын-драматург Біләл Сүлеевке тұрмысқа шыққан. Екінші жары – Ілияс Жансүгіров. Екеуі де кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады. Үшінші рет қазақтың белгілі маңдайалды ұлы, қаламгер Мұхар Әуезовпен бас құрайды. 

Фатима Ғабитова – әр жылдарда алаштың үш бірдей арысымен отасқан абзал ана, ақынжанды адал жар. Үш арыстың ішінде оның ең мәнді де мағыналы ғұмыры Ілияспен бір шаңырақ астында тұрған жылдар екен. Оны Фатиманың күнделіктерінен анық аңғаруға болады. «Мен кітап оқып жатырмын, – деп жазған бірде Ілияс пойызда келе жатып, – күнмен де, ұйықтаған елмен де жұмысым жоқ. Өз қызығым өзімде. Өйткені оқып жатқан кітабым қызық. Кітап қандай көңілді. Мазмұны қандай күшті. Тілі қандай тәтті. Қанымды, жанымды – бәрін осы кітабым билеп алған. Бұл кітап оқысам – қуат, ойласам ақыл береді. Ой көзімді ашады. Бұл кітап менің өмірдегі серігім... Кітабымның аты «Фатима» еді. Көзімді жұмып, соны ойлап келем. Сөздерін санаймын. Көздерін елестетем» [2]. Міне, ақынның Фатимаға деген мөлдір махаббатының қаншалықты шынайы екенін осынау жазбаларынан білсек керек. 

Фатима Ғабитова І. Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын, жеке өмірін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Ақынның өмірдегі бейнесін, жүріп өткен шығармашылық жолын толыққанды жазғымыз келсе, аяулы жары Ф. Ғабитованы айналып өту мүмкін емес. Бір-біріне жазысқан ғашықтық хаттары, сезімге толы өлеңдері екеуінің арасындағы достықты мәңгілік ұлы махаббатқа ұластырған. Ілияс үнемі шалғайда қызмет бабымен жүргенде: «Жаным, Пәтішім!» – деп басталатын сағынышқа толы хаттарды жолдап отырған. Ақын жарын: «Пәтішім, Пәтимам!» – деп еркелеткен. Оған Фатима да назға толы жауап жазып, «Ілиясым!» деп зор құрмет тұтқан. 

 

9766d12905f094d0339d7b37d0622f77.jpg

Ф. Ғабитова Ілиястан Үміт, Ильфа есімді екі қыз көреді. Ильфа – «Ілияс» және «Фатима» деген сөздердің алғашқы буындарынан құралған есім. Бұл да екеуінің махаббаттарын айғақтай түседі. 1937 жылы ақын тұтқынға алынғанда, Фатима жүкті болатын. Көп уақыт өтпей, Болат өмірге келеді. Абақтыда жатқан Ілиясқа аузынан түсіп қалғандай сүйкімді ұлды көрсетіп, бір рет кездесудің өзі ақын жары үшін үлкен қиындық туғызады. Ақыры жүздесудің сәті түсіп, тергеушіден рұқсат алады. Бар-жоғы бес минут. Нәресте әкесін тұңғыш әрі соңғы рет көретінін сезді ме екен, бар даусымен шырқырай жылап, түрме ішін азан-қазан қылады. Бұл жайлы Ф. Ғабитованың өзі жазған естелігіне сүйенуге мәжбүрміз. Тым әсерлі, тым аянышты жазылған. Оқып көрелік: 

«Ілияс біздің айқайымызды естіген болуы керек, есікті ашып жіберіп, Болатты қолына алды да: 

– Біздің тарихи алғашқы кездесуіміз осындай орында болды ма? – деді. 

Мен киімімді шешіп, Болатты емізбек болдым. Көкірегімді ашып, сүті ағып бара жатқан емшекті Болаттың аузына салдым... Ілияс мен отырған орындықтың артынан келіп, Болаттың шашалып, қомағайлана емген түріне қарап тұрып: 

– Бұл ұлымыз етікші болсын. Етік тігуге үйрет бұл ұлды, – деді. Тергеуші: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегенде Ілияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін!» – деді» [2]. Осындайда Мағжанның: «Ақын болмай, арбакеш болғанда, жүз жасар едім!» – деген бір сөзі еске оралады. Жарымен және баласымен кездескен осы сәтте Ілиястың атылуына санаулы күндер қалған екен. Фатиманың да соңғы көруі. 

 Ақынның аяулы жары Фатима Ғабитова 1937 жылы қазақ даласын жалмап өткен сталиндік қуғын-сүргіннің көп зардабын тартты. Өмірде жақын серіктері болған Б. Сүлеев пен І. Жансүгіровтен айырылды. Темір абақты екі арысын да жазықсыз жаламен ату жазасына кеседі. Алайда Фатима сүйіп қосылған жары Ілиясты сарғайып 18 жыл күтеді. Тіпті 1938 жылы 26 ақпанда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлиндермен қосақтап, атып тастағанынан да бейхабар еді. Сұм билік Сталин өлген соң, атылған арыстарды қудалауды тоқтатып, жаппай ақтауға көшеді. Фатиманың қолына «І. Жансүгіров 1949 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды» деген тілдей анықтама қағаз ұсынылады. Мұның өзі жалған еді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, дәлірек айтсақ, 1992 жылы «Ату жазасынан қайтыс болды» деген анықтама беріледі.

 

Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистрі

 

(Жалғасы бар...)

1. «Ұлт  болмысы»  республикалық  әдеби-мәдени  журнал №9 (11) 2012. – 21-б.

2. Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы, 1998. – 143-б.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Елбасы идеясымен белгіленген Ұлттық домбыра күнінің атап өтілуін сіз қалай бағалайсыз?