Жарияланымдар

«Түрік баласы» кімнің бүркеншік есімі?

30 Тамыз 2013
273
0
«Түрік баласы» кімнің бүркеншік есімі?
«Қазақ әдебиетінің» алдыңғы сандарында зерттеушілер Ғарифолла Әнес және Сұлтан Хан Аққұлының «Түрік баласы» бүркеншік есімінің авторы туралы мақалаларына орын берген едік.

«Қазақ әдебиетінің» алдыңғы сандарында зерттеушілер Ғарифолла Әнес және Сұлтан Хан Аққұлының «Түрік баласы» бүркеншік есімінің авторы туралы мақалаларына орын берген едік. Тарихшы Қамбар Атабаевтың да осы бүркеншік есімге қатысты алып-қосары бар екен. Қазақ баспасөзінің алдыңғы шебіндегі ата басылым «Қазақ» газетінің жүз жылдығында осындай тартысты бүркеншік есімдер өзінің нақты авторына қайтып оралатынына сенім білдіріп, авторымыздың мақаласын көпшіліктің назарына ұсынып отырмыз.


«Қазақ әдебиеті» газетінің 2013 жылғы 17 мамырдағы 20-шы санында Сұлтан Хан Аққұлы өзінің «Прагадан келген хат» атты мақаласында, аталған газеттің 22-28 наурыздағы санында Ғарифолла Әнестің «Бір бүркеншік есім» деген айдармен жарияланған мақаласында өзінің бір жазбасын сынағанын айта келе: «Ғарифолла мырза «Қазақтың тарихын» жазған «Түрік баласын» үзілді-кесіл­ді Ахмет Байтұрсынұлына «жабады»... Тағы бір таңыр­қатқаны, Ғарекең менімен дауласып жүргенде міржақып­тану­шылар «Түрік баласының» «Қазақ» бетіндегі бар ма­қа­ласын үн-түнсіз Жақаңның 5 томдығына қосып жі­берген» деп, «Түрік баласының» Ғарифолла Әнес жаз­ғандай Ахмет Бай­тұрсынұлының бүркеншік есімі емес, Әлихан Бө­кейханның бүркеншік есімі екенін дәлелдеуге әре­кеттенген («Қазақ әдебиеті». 17 мамыр, 2013 ж.).
Авторын анықтауды қажет ететін жазба дерек көз­дерінің үлкен бір тобын ХХ ғасыр басында пайда болған ұлттық мерзімді басылымдарымыз құрайды. Мерзімді басылымдарда, әсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі және 20-30-шы жылдардағы газет-журналдарда мәтіндер кө­біне бүркеншік аттармен, яғни псевдонимдермен беріл­ген. Ол мақаланың (деректің) авторын анықтау пробле­ма­сын тудырады.
Псевдонимдерді шешу және шығармалардың бел­гісіз авторын анықтау деректану ғылымында атрибуция проб­ле­масы деп аталады. Бұл проблема, әсіресе, ұлттық ба­сы­лымдарды тарих дерегі ретінде зерттеушілер үшін ар­найы айналысуды қажет етеді. Себебі, объективті жағдайларға байланысты өткен ғасыр басындағы басылымдарда авторлардың көбі өз аттарын көрсетпей, бүр­кеншік аттарды жиі пайдаланған. Мысалы, 1907 жы­лы «Серкенің» таратылып үлгермей, тиым салынған екін­ші санында басылған «Біздің мақсатымыз» деген, пат­шалық отаршылдыққа қарсы ашық наразылық білдіріп, халықты тәуелсіздік үшін күреске шақырған мақаланы жазған «Арғынның», қай арғын екенін біле алмай патша жандармериясы әуре-сарсаңға түсті. Оны тек 1912 жы­лы Петербургтегі баспасөз комитетінің кеңесшісі В.Д.Смир­нов М.Дулатұлының тәркіленген кітаптарын қа­рап отырып, одан кезінде үлкен шу болған «Біздің мақ­са­тымыз» де­ген мақалаға тән тәсіл мен ұқсастықты аңға­рып қа­лып, мақала авторы М.Дулатұлы екенін анық­тауы, олар­дың бүркеншік атты бекер пайдаланбағанын көр­се­теді.
Кезінде баспасөзде арғын руынан шыққан бірнеше ав­тордың «Арғын» деген атты, наймандардың «Найман», «Найманский», матайлардың «Матайлық» деген аттарды пайдалануы мақаланың кімнің жазғанын анықтауды қиындатады. Жас авторлардың танымал жазушылардың бүркеншік атын жамылып, өз еңбегін өткізіп жіберу әре­кеттері осындай қиындықтың қатарына жатады.
Ғасыр басындағы қазақ басылымдары авторларының бәрі дерлік бүркеншік аттарды пайдаланған. Мысалы, Әли­хан Бөкейхан – Ғ.Б., Ұ., Әлихан деп қол қойған. Деген­мен, оның «Қазақ» газетінде пайдаланған негізгі псев­дони­мі «Қыр баласы». Ахмет Байтұрсынұлы – А.Б., А.А.Б.; Міржақып Дулатұлы – М.Д., М., Арғын, Мадияр, Азамат Алашұлы, Мирякуб, Таймінер; Мағжан Жұмабайұлы – М.Ж., Жәжеке, Мыж-мыж, Балапан, Сахаразада – деп өздеріне ат қойған. Өз аттары мен фамилияларының бас әріптерін қойғаны немесе өздерін «Қыр баласы», «Азамат Алашұлы» деп атағандары түсінікті болса, «Таймінер», «Жә­жеке», «Мыж-мыж» деген аттарды не себептен ал­ға­нын білу, әрине, мүмкін емес. Жалпы, біздің қазақ зия­лы­­лары өздеріне бүркеншік ат ойлап табуда үлкен тап­қыр­лық танытқан сияқты. Мысалы, Бейімбет Майлин өзіне 71 ат ойлап тапса, көбі оншақты атты пайдалан­ған.
Деректану ғылымы үшін мақала авторын анықтаудың де­ректі талдауда субъективті факторларды ескеруге, сол арқылы деректің шынайылық дәрежесін анықтауға тигізер көмегі мол. Авторды анықтау ісі негізінен мұрағат қор­ларындағы құжаттық мәліметтерді іздестіруге негіз­делінеді. Сонымен қатар, текстерге стилистикалық тал­дау жасау және оларды авторы белгілі басқа текстермен салыстыру арқылы да жүргізіледі. Егер қолжазба сақта­лын­ған болса, онда қолтаңбалық талдау жасалынады.
Бүркеншік аттарды анықтауға, не авторсыз мақала­лар­дың авторын анықтауға кейде мұрағаттарда сақта­лынған әскери-цензуралық комиссиялардың жазбалары да көмектеседі. Олардың рұқсат берген, не тиым сал­ған жазуларында қолжазбаны кімнің әкелгені туралы мәлімет болуы мүмкін. Тағы бір мүмкіндік редакцияның мұра­ғаты: онда мақала үшін қаламақыны кімге төлеген­дігі туралы мәлімет сақталуы мүмкін.
Соңғы жылдары Алаш ардагерлерінің еңбектерін же­ке жинақ етіп бастыруда, ұлттық басылымдар мате­риал­дарының ғылыми-зерттеу жұмыстарына көптеп тар­тылу барысында дерек авторларын қате көрсету, бірі­нің еңбегін екіншісіне таңу сияқты, осы бастан абай бо­ла­тын фактілер де кездесіп жүр. Мұндай жағдайда, ақиқатты анықтау мақсатында, егер мүмкін болса, күдік тудырған материалды түпнұсқасымен салыстыру қажет болады. Мысалы, 1994 жылы Әлихан Бөкейханның «Қа­зақ» газетінде жарияланған мақалаларынан тұратын «Шығармалары» жарық көрді. Сол жинақтың 96-99 бет­терінде, «Үшінші Дума һәм қазақ» деген мақала басыл­ған, осы мақала, 1997 жылы шыққан Міржақып Дулат­ұлының шығармаларының ІІ томының 64-67 беттерінде, соңына «М.Д.» деген белгі қойылып, М.Дулатұлының мақаласы ре­тінде басылған. Қазақтың тағдырын қа­зақ­тың қа­тысуын­сыз шешкен үшінші Дума туралы айтылған мақа­ланың тарихи деректік маңызы үлкен. Сондықтан бұл жағдай деректанушылық қызығушылық тудырары даусыз. Авторын анықтау мақсатында түпнұс­қамен салыстырып қарау, бұл мақаланың «Қазақ» газе­тінде, 1913 жылы 2 және 13 сәуірдегі, 9 және 10 сандарында жа­рия­ланғандығын және газеттің екі санында да басыл­ған мақаланың соңында «Қыр баласы» деп жазылғанын көр­сетті. Ал, «Қыр баласы» Ә.Бөкейханның баршаға бел­гі­лі бүркеншік есімі. Демек, «Үшінші Дума һәм қазақтың» Ә.Бөкейхан туындысы екеніне еш күмән жоқ.
Біз көтеріп отырған «Түрік баласы» кімнің бүркеншік аты?» деген мәселе де деректанулық талдау арқылы ше­шу­ді қажет етеді. «Қазақ» газетінің 2-ші нөмірінен бастап бірнеше нөмірлерінде (№ 3,5,7,9) «Қазақтың тарихы» – де­ген көлемді де қызықты, танымдық маңызы жоғары ма­қала жариялаған автор өзін «Түрік баласы» деп атаған. Терең мазмұндылығымен, ұлттық мерзімді басылым беттерінде көтерген мәселелерінің маңыздылығымен, өзіне еріксіз көңіл аудартқан мақала жазған, жалпы, та­рих туралы, қазақтың тарихы туралы сындарлы сөздер айтып, тарихтың ұлт келешегі үшін қаншалықты қажетті екен­дігіне дәйекті дәлелдер келтірген, өткеніміздің кей­бір көмескі тұстарына ғылыми талдау жасауға әре­кет­тен­ген мақаланың авторы «Түрік баласының», зерт­теу­шілерге «Ол түріктің қай баласы екен?» деген ой туды­рары заңдылық. Осы бір күрделі мәселенің түйінін шешу мақсатында, деректану ғылымының талаптарына сай «Түрік баласының» мақалаларына талдау жасап, оны ав­торы белгілі басқа еңбектермен салыстырып бай­қайық.
Ең алдымен көңіл аударар нәрсе, ол апталықтың 2-ші нөмірінде жарияланған «Қазақтың тарихының» «Сөз басында» «Түрік баласының» тарихтың маңызы, оның ұлт үшін өмірлік қажеттілігі туралы айта келе: «Бұрынғының тарихы жазылмай қалушы еді, ендігі тарих күн-күнімен жа­зылып тұрылады. Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тас­тап кетіп алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға ла­ғып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.
Біз әзірге сөзді осымен қысқарта тұрамыз. Мұнан соң «Қазақ» газетасында қазақтың анық шежіресін жа­зып тұрмақшымыз», – деген жолдар мен келесі нөмірдегі: «Қа­зақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып басқармаға жіберуші болса, қазақтың тарихын жазғанда пайдаланып тұрмақшымыз», – деген жолдар. Бұл жолдардан «Түрік баласының» басқарма атынан жазып отырғанын байқау қиын емес. Демек, мақала авторы не Ахмет Байтұрсынұлы, не Міржақып Дулатұлы екендігі анық. Өйткені, басқарма атынан ол кезде сол екеуі ғана жазатын. Осылай, мақала мәтінін дерек ретінде талдау, бізге «Қазақтың тарихының» авторын қайдан іздеу кере­гін көрсетіп берді. Ал, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы­ның екеуінің қайсысының қазақ тарихы туралы еңбек жазып, тарихи мәселелермен арнайы айналысқанын анық­таудың еш қиындығы жоқ. А.Байтұрсынұлы «Ше­жі­ре», «Заман хаттардың» тарих дерегі ретінде маңызын айтып, ерекшеліктерін көрсеткенімен «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп, тарихты жоғары бағалаға­ны­мен және мәдениет тарихымен айналысқанымен оның қажетті материал жинап, «Түрік баласының» еңбе­гіне ұқсас, қазақ тарихы туралы жүйелі жұмыс жазба­ған­­дығы белгілі. Ондай еңбек жазып, оны баспасөз бетінде жариялаған Міржақып Дулатұлы.
Мысалы, ол 1923 жылы ол: «Қазақстан Республика­сы­ның Халық ағарту комиссариаты тапсыруы бойынша ор­та дәрежелі мектептерде оқытуға лайықтап қазақ-қыр­ғыз тарихын жазып жүрмін. Сол себепті, тарихқа ке­ректі кейбір мағлұматтарды елдегі кәріқұлақ қария­лар­дан, білімді азаматтардан сұрауға тура келіп отыр. Маған керегі – қазақтың, қырғыздың анық шежіресі», – деп, халқына өтініш хат жазып, материал жинап, сол жылы «Шолпан» және «Қызыл Қазақстан» журналдары­ның беттерінде «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» деген көлемді зерттеу жұмысын жариялады. Сондықтан «Түрік бала­сының» мақаласын М.Дулатұлының «Қазақ» газетінің бет­терінде айтқан тарих туралы ойларымен және осы ең­бе­гімен салыстырып көрейік.
Егер «Түрік баласы»: «Келешек күннің қандай бола­ша­­­ғын білуге тарих анық құрал болады.
Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмыт­қан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қой­ғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туа­ты­нына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын біл­ме­­се, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – деп жазса, М.Дулат­ұлы өзінің 1914 жылы Абайдың қайтыс болға­нына 10 жыл толуына байланысты жазған мақаласында: «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақ­тап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар бас­қаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады», – деп жазса, 1915 жылы Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев туралы мақаласында: «Бір жұрттың қайдан тарауы, өну-өсуі, рес­мі, мінезі, тілі, әдебиеті – осының бәрі әрқайсысы та­рих мүшелері, барлығын жиғанда – сол жұрттың тарихы. Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт», – деген.
Міне, осы әр түрлі мақалалардан алынған үш үзін­дінің шығу тегінің бір екені, үшеуінде де айтылған «тарих­тың жоғалуының – халықтың жоғалуына» әкелетіні туралы сөздер мен ойдың бір адамдікі екені анық. Ү.Суб­хан­бер­дина өзінің жоғарыда аталған еңбегінде «Түрік бала­сы­ның» «Қазақтың тарихы» деген мақаласы туралы: «Ав­тор мақалада жалпы тарих ғылымы туралы түсінік бере отырып, қазақтың шежірелері туралы айтқан. Қазақ халқы мен қырғыз халықтарының арасындағы айырмашылық жайында мәлімет берген. «Қазақ», «Алаш» талқылаған. Қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, жалайыр, керей рулары жайында деректер берген», – деп жазған. Дәл осы мә­се­лелер Міржақып Дулатұлының 1923 жылы жария­ла­ған, жоғарыда аталған мақаласында да айтылған.
Мысалы, ол: «Тарих кітабы ғылым, білім арқасында ға­на дұрыс, я орасан қатесіз шығуы мүмкін», – деп, «жал­пы тарих ғылымы туралы түсінік» берсе, «Ел-елдің (һәм үйездің, һәм рудың) адамдары өз аталарын жазып бермесе, бүкіл қазақ-қырғыздың шежіресін қанша дегенмен, бір кісі анық біле алмайды. Қатасы бола береді», – деп, қазақтың шежірелері туралы айтады. Ал, Түрік баласының мақаласында айтылған «қазақ халқы мен қырғыз халқының арасындағы айырмашылық» туралы: «Тарих кітаптарындағы көп қатенің бірі – тарих жазушы­лар­дың ешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қа­зақ, Қырғыз өз алдына қырғыз. Түркімен мен баш­құрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа ел», – деп жазылса, одан тура он жылдан кейін жарық көрген М.Дулатұлының мақаласында: «Қа­зақ өзін қашаннан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп келеді. Қырғыз бен қазақ арғы тегі бір болғанымен, екі атаның баласы, біріне-бірі туыс, жақын түркінің екі руы екені мәлім», – деп жазылған.
Мұндай екі мақаланың көтерген мәселесі, мазмұны, сөй­лем құрылымы, жазу тәсілі жағынан ұқсастығын көр­сететін басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Әйт­кенмен, осылардың өзі де бізге екі мақаланың авторы бір адам, ол – Міржақып Дулатұлы деп қорытынды жа­сауға толық мүмкіндік береді. Демек, «Түрік баласы» Ах­мет Байтұрсынұлының да, Әлихан Бөкейханның да емес, Міржақып Дулатұлының бүркеншік есімі.

Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Атақты ғалым Әлкей Марғұлан Қазақстан тарихында қандай еңбектерімен сақталады?