Жарияланымдар

Семейден табылған сауыт

12 Наурыз 2014
62
0
Семейден табылған сауыт
Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында ондаған жылдар бойы тот басып, белгісіз болып келген сауыт сақталған.

Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз? -деп жырлаған Ақтамберді жыраудың сауыты Семейден табылды.

Журналистік қызығушылығымыз оянған біз сауыттың жай-күйін білмек болып Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайына хабарласқан болатынбыз. Мұражай директоры Теміров Бекен Нұғыманұлының бізге берген мәліметі төмендегідей болды.

db4628c3c88e89c850133eae990f06de.JPG

  «Мұражай қызметкерлері музей филиалын ашу мақсатында  2013 жылдың желтоқсан айында Аягөз қаласында іс-сапармен бірнеше рет болып, жәдігерлерді жинастыру мақсатында және жергілікті тұрғындармен, қарт адамдармен кездесулер өткізген еді. Сондай бір кездесуде келген адамдардың бірі «Сіздердің музейде Ақтамберді жыраудың сауыты бар деседі. Бұған не айтасыздар?» - деп сұрақ қойды.  «Ондай дерек музейде жоқ», - деген жауап естігенімен, «Бұлай деуге сіздерде қандай негіз бар?» - деген сұраққа ақсақалдар, осында батырдың ұрпақтары тұрады, солардың өздері айтар десті.

  Ертеңіне қасында бір-екі ақсақал бар, өзін  Асхап Жұмаділов деп таныстырған, жасы 90-ға келген ақсақал келді. Ол кісі ҰОС ардагері, екі Қызыл Жұлдыз, «Ерен ерлігі  үшін» орден,  медальдерінің иегері екен. Ол кісі сауыттың біздің мұражайда болса көргісі келетінін, өзінің оны жас кезінде көргендігін, қазір көрсетсе танитындығын айтты. Мұражай директоры қорда көне сауыттың сақтаулы екендігін, бірақ тарихы белгісіз болғандықтан қолданысқа шықпағандығынан хабардар ете кетті. Сөзімізді түйіндей кетсек, Асхап ақсақал Семейге келісімен жәдігерді көріп, оның Ақтамберді батырдың сауыты екендігін куәләндірсе дегенге сайды.

Ал біз сөз еткен Ақтамберді батырдың қысқаша өмірбаянын келтіре кетсек: 

Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы дүниеге келген, жастайынан өзінің белсенді ісімен де, жалынды жырымен де жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушы болады, қазақ жасағының алдыңғы сапында шайқасады. Батыр жырау 93 жасында 1768 жылы қайтыс болады. Кесенесі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы,Құндызды елді мекеніне тақау Жүрек Жота деген төбенің басында тұр. Алтыншы-жетінші ұрпақтары Аягөз, Жарма аудандарында тұрса керек.

  Арада аз уақыт өтісімен 2014 жылдың 26 ақпаны күні  Асхап Жұмаділов пен батырдың тағы бір ұрпағы Боран Сейсенұлы Сепбосыновты және кейінгі жас ұрпақтарын ертіп мұражайға келіп, БАҚ өкілдері және Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар, құжаттандыру басқармасының бастығы Н.Қ.Ахметжанов, музей қызметкерлері  қатысқан жиында сауытты тағы бір мәрте көріп, оны өз аталарының сауыты деп куәләндірді.

17d7931a97050da9e528a00627986e58.JPG


Жырау ұрпақтары Асхап пен Боран ақсақалдардың әңгімесіне сүйенсек:

Сауыт Ақтамберді жырау қайтқаннан кейін батырдың ұрпақтары қолында сақталады. Тағдыры ел тарихымен астасқан 1920-30 жылдары, батырдың ұрпақтары Қытай жеріне өтпек болған сәтте, шекарада тосқауылға тап болып, адамдары қырылып, дүние-мүлік талан-таражға түскен. Бұйымдар арасынан табылған сауытты белгісіз біреулер облыстық өлкетану мұражайына тапсырған. Кейіннен тірі қалған ұрпақтары аталарынан қалған құнды сауытқа іздеу салып, сұрастыра келе Семейдің өлкетану мұражайынан табады.

 1950 жылдары әскер қатарынан қайтқан Асхап Жұмаділов  ағаларымен мұражайға ере келіп сауытты екінші қайтара іздетіп, тапқызады. Тіркеу кітабында сауыт 1041 номермен, тарихы белгісіз деген түсіндірмемен 1930 жылы тіркелгендігі айқындалады.  Алайда бұл жолы да құр көргендері болмаса, еш нәтижесіз құр қол қайтады.  Кеңестік дәуір кезінде музей қызметкерлері сауытты көрмеге шығара алмаған, тек қорда сақталған. 

3150013604d56b3af937a2fba44e7d45.JPG


Кездесуге келіп отырған, батырдың тағы бір ұрпағы Сепбосынов Боран,  ҚазССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының І томында Ақтамберді жыраудың бірнеше өлеңдерін  құрастырушыларға тапсырған. Аягөз ауданы Таскескен ауылының тұрғыны, Ақтамбердінің ұрпағы Сейсен Сепбосыновтың баласы, бүгіндер зейнеткер. 

  Сауыт туралы қысқаша мәлімет бере кетсек:

Сауыттың салмағы 10 келіге жуық,  біркелкі шығыршалардан тоқылған. Кеуде тұсындағы, етегіндегі және жеңдеріндегі шығыршалардың сырты 1,2 см. ішкі аумағы 0,9 см.  Шығырлар жалпы беріктігіне қарамастан қатты күш түссе қақырап айрылып кететін. 

Олжас БЕРКІНБАЕВ


Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?