Жарияланымдар

Ұлттық рухтың қайнары

27 Тамыз 2013
10
0
Ұлттық рухтың қайнары
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу барысында алқалы жиын өткізілді.

Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВПЕН әңгіме

– Әбдіманап Елікбайұлы, таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу барысында алқалы жиын өткізіп, тарих толқынында тұрған халыққа тастаған ойын сіз қалай қабылдадыңыз?

– Бұл игілікті істі Елбасы бастамаларының нақты өмірдегі бір жалғасы деп түсінген жөн. Олай дейтінім, 1995 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес жариялаған «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы», 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық тарихымызды жандандыру мен жаңғырту үшін жасалған нақты шара болып табылады. Ал, «Төл тарих пен ана тілі ұлттық рухтың алтын мәйегі» деген қанатты сөзді ескерсек, үстіміздегі жылдың 5 маусымында Астана қаласында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің басшылығымен өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының (жалпыұлттық кеңес) мәні де, маңызы да зор болмақ. Өйткені,Тәуелсіз Қазақстан мем­лекетінің өркендеу стратегия­сына сәйкес, яғни бүгінгі жаһандану кезеңі ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруды талап етуде. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетіліп отырған ұлттық тарихымызды зерделеуге қатысты іс-шаралары тарихшылар мен қоғамдық ғылым өкілдерін ғана емес, өз тарихына жаны ашитын, қызығушылық танытатын барша қауымның зор ынта-ықыласын тудырды. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған ұлттық тарихты зерделеуге қатысты іс-шараны өз басым тікелей қолдаймын, сондай-ақ, өзім басқарып отырған І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті тарих кафедрасының ұжымы да бұл іске атсалысатынына сенім артамын.

– Тарих баспалдағы бүгіннен бас­талады десек, сіз басқарып отырған уни­верситеттегі Қазақстан тарихы ка­федрасының қызметі туралы не айтасыз?

Тарих кафедрасы – осыдан 41 жыл бұрын университет іргесі қаланғаннан бас­тап құрылған алғашқы кафедралардың бірі. Қазіргі кезде кафедра «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура мамандарын даярлайды.

Мемлекеттік хатшының басшылығымен өткен ұлттық тарихты зерделеуге қатысты алқалы жиыннан кейін 2013-2014 жаңа оқу жылының басында кафедраның атауын «Қазақстан тарихы» деп өзгертуді дұрыс деп санап отырмыз. Бұл күндері орта мектептерде, жоғары оқу орнында тарих пәнін оқытуға қатысты жаңа бағдарламалар құрып, оқу-әдістемелік құрал жазуға тарихшы мамандарды тартып, оларды ынталандыруды қолға алып жатырмыз.

– Нақты деректерге сүйенген ғалымдар қазақ тарихы қола дәуірден бастау алатынын айтып та, жазып та жүр. Сондықтан шетелдер мұрағаттарына ғалымдарды жіберіп, құнды мағлұматтар жинап келу идеясына қалай қарайсыз?

– Ғалымдар қазақ тарихы қола дәуірден бастау алатынын айтып та, жазып та жүргенімен адамзат тарихы Қазақстан аумағында тас дәуірінен басталатындығын жоққа шығара алмаймыз. Шетелдердегі мұрағаттарға қазақстандық ғалымдарды құнды мағлұматтар жинауға жіберу идеясын қолдағанымызбен қола дәуіріне дейінгі қазақ тарихын шетелдік мұрағаттардан (Еуропа және Америка елдеріндегі) табу мүмкін емес. Қола дәуіріне дейінгі қазақ тарихын қазақ жерінен археолог мамандар іздеуі керек. Ал қола дәуірінен бастап және одан кейінгі дәуірдің тарихын көршілес жатқан Қытай, Ресей елдерінен, сондай-ақ, иран-парсы, араб деректемелерінен іздеп тауып, ендігі кезекте оларды сараптап, жіктеп ғылыми айналымға енгізу өте маңызды. Ол үшін бізге осы елдердің тілін жақсы меңгерген мамандар мен деректанушы ғалымдар қажет. Бұл жерде мынандай ұсыныс ойға келіп отыр. Еліміздің басты білім ордаларында, мәселен, ҚазҰУ-дегі тарих факультетінде қосымша шығыс елдерінің тілдері оқытылатын арнайы топтар ашылса. Бұл өз кезегінде болашақ тарихшы білімгерлердің шығыс деректерін өз зерттеулерінде пайдалана алуына мүмкіндікті арттыра түсер еді.

Мысалы, 2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылуы барысында жақын және алыс шетелдік мұрағаттардан табылған қазақ тарихына қатысты түпдеректер көптеп жинақталып, баспадан шықты. Алайда, олардың көпшілігі ғылыми тұрғыда толығымен игерілмей жатқандығы шындық. Сондықтан шет тілдерін білетін білікті шығыстанушы-тарихшы ғалымдар өз мектептерін қалыптастырса және сол арқылы шетелдік деректермен жұмыс жасайтын, терең тарихи талдаулар жасай алатын ұрпақ сабақтастығын іске асырар еді.

Университет тарапынан тарихшы мамандардың ұлттық тарихты зерделеу бойынша атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Мәселен, тарих кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Назгүл Байғабатова 2009 жылы Ыстамбұл, Будапешт қалаларында болса, 2010 жылдың сәуір-мамыр айларында Цюрих университетінің (Швейцария) әлеуметтік антропология департаментінде, 2011 жылдардың жаз айларында Монғолия территориясында далалық этнографиялық зерттеулерін жүргізіп келді. Қазіргі таңда Қытай елінде зерттеулерін жалғастырып жатыр.

– Елбасының «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген сөзі Жетісу жерінде қалай жүзеге асырылуда?

– Университетімізде «Туған өлке» өлкетану орталығы ұйымдастырылды. Орталықтың негізгі бағыты – Жетісу өлкесінің тарихын зерттеу. Кафедра оқытушылары орталықтың қызметіне айтарлықтай үлес қосып, ғылыми ізденіс жұмыстарын атқаруда. «Туған өлке» орталығы Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасымен байланыс орнатып, тәжірибе алмастыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Тарих» мамандығының білімгерлері университет ішінде ашылған «Туған өлке» өлкетану орталығының зерттеу жұмыстарына тартылып, Жетісу жерінің тарихына байланысты мәселелермен айналысуда.

Жетісу жерінде бірнеше жылдар бойы сақ дәурі кезеңіне жататын ескерткіштер зерттелуде. Университетіміздегі тарих мамандығының білімгерлері археологиялық іс-тәжірибені Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология орталығымен» бірлесе отырып, сақ қорғандарында қазба жұмыстарын жүргізеді. Экспедицияның жұмысына қатысатын ғалымдардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға зор мүмкіндіктері бар.

Университетте жаңа зерттеулерге жол ашатын «Инновация» деп аталатын ректор грантына байқау өткізіліп тұрады. Осы байқауда тарих кафедрасы оқытушыларының «Бір ел – бір тағдыр» атты бірлесіп дайындаған жобасы грантты жеңіп алды. Жоба Жетісу жеріндегі әр ұлт өкілдері диаспорасының қалыптасуы, олардың тарихи тағдырлары мен тарихын зерттеуге арналған.

Бүгінгі таңда тарих кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің ғылыми жұмыстармен шұғылданып, өлке тарихымен айналысуларына университет тарапынан қолдау жасалып отыр. Оның көрінісі ретінде жыл сайын өтетін «Жас ғалым» ғылыми жобасын атап өтуге болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ

Түпнұсқа: "Егемен Қазақстан" газеті
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?