Жарияланымдар

Астанада «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті

21 Ақпан 2014
49
0
Астанада «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті
Фольклорда қазақ этносының дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Шараның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы саналатын аса бай фольклорын қалың жұртшылыққа, ел-жұртқа толықтай таныстыру, фольклорымыздың түр жағынан да, мазмұн жағынан да, жанрлары мен көркемдігі жағынан да баға жетпес асыл мұрасын бүкіл жаһанға паш ету.

Кеңес өкіметі кезінде де көп уақытқа дейін фольклор сериялы түрде жарияланған жоқ. Жекелеген жинақтар, кітаптар болды. Ұлттық фольклорымызды көп томдық етіп жариялау ісі тек өткен ғасырдың сексенінші жылдары қолға алынды, бірақ онда да фольклорды толық күйінде шығару мүмкін болмай, 17 томмен аяқталды.

Фольклордың бағы Тәуелсіздік жылдары жанды. Президентіміз  Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігі біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шығып отыр. Мәселен, батырлық жырдың өзі – 20 том, тарихи жыр – 13 том, діни дастандар – 7 том, хикаялық дастандар – 13 том, ғашықтық дастандар –8 том, ертегілер – 5 том болып шықты. Бұлар – ірі жанрлар. Шағын жанрлар  1-3 томнан тұрады. Осыншама қыруар еңбекті абыроймен атқарған –  М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Астанадағы «Фолиант» баспасы.

Фольклор барлық елде бар. Көптеген ел оны жинап, жариялап, зерделеуде. Алайда дәл 100 том етіп, ұлттық байлықты бір жерге топтап, жүйелеп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүргізіп, академиялық басылым ретінде 100 том етіп жарыққа шығарған мемлекет әлі жоқ. Кейбір ТМД елдерінде енді басталып жатыр. 

Тұсаукесер Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау сөзімен ашылды.

Тұсаукесер аясында «Мәдени мұра» бағдарламасы Қоғамдық кеңесінің «Фольклортану, әдебиеттану және өнертану» секциясының жетекшілігімен шыққан кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.


Сауалнама

Ұлттық үлгідегі қандай киімді тұтынасыз?