Жарияланымдар

Алматыда "Қазақстан тарихы" веб-порталының жұмысына арналған семинар өткізілді

18 Ақпан 2014
87
0
Алматыда "Қазақстан тарихы" веб-порталының жұмысына арналған семинар өткізілді
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтында «"Қазақстан тарихы" порталы: ғылым және білім беру веб-контентін жүйелеудің тұжырымдамасы мен тәжірибесі» ғылыми-практикалық семинары өтті.

Тарих және этнология институты  директоры, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, т.ғ.д., профессоры Х.М. Әбжановтің кіріспе сөзімен ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан тарихы порталы Ұлттық тарих ғылымының ажырамас бөлігіне айналып отырғандығын, бүгінгі өткізіліп отырған ғылыми-практикалық семинар "Қазақстан тарихы" веб-порталы жұмысын жандандыру мақсатында өткізілгендігін айтып өтті. Ол сөз барысында институт қызметкерлерінің веб-порталға материалдар жинақтау мақсатымен Қазақстанның облыстарына этно-тарихи экспедицияға барып қайтқандары туралы, сол жинақтаған материалдарды алдағы уақытта порталға жариялаудың тетіктерін атап өтті. Сонымен қатар Ғылыми зерттеу институттары ғана емес, жоғарғы оқу орындарын да осы портал жұмысына атсалысуға шақырды. 

 "Казконтент" АҚ, "Қазақстан тарихы" интернет жобасының жетекшісі  Д.Р. Есдәулетов ғылыми-семинарда жасаған баяндамасында веб-порталдың жұмыс бағыттарына тоқталып, веб-порталдың қоғамдағы тарихи ой-сананы қалыптастыруда орнының ерекше екендігін нақтыласа, ал ҚР БҒМ ҒК ғылыми-техникалық саясат басқармасының бас сарапшысы С. Мырзақұлов та баяндамасында 2013 жылдың жаз айларынан бері веб-порталда жасалған жұмыстармен таныстыра келе, порталда оқулықтар мен монографиялар, ғылыми журналдарға жарияланған мақалалар, бейне материалдардың үзбей жарияланып, оны бүгінгі күнге дейін тек Қазақстандық интернет пайдаланушылар ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де пайдаланып отырғандығын атап кетті. 

«Қазақстан тарихы» веб-порталының бас редакторы С.  Қапенов баяндамасында веб-порталдың әрбір тарауының маңыздылығына тоқталып, семинарға қатысушылар тарапынан туындаған техникалық мәселелерге қатысты сұрақтарға байланысты жауап берді. Веб-порталды материалдармен толықтыруда әр ақпарат жіберген авторлардың құқығының сақталатындығын және веб-порталдан қажетті материалдарды алу үшін немесе ой-пікірін білдіруде міндетті түрде тіркелудің қажеттілігін  айтып өтті.

Мемлекет тарихы институтынан қатысқан бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. А.М. Ауанасова мен аға ғылыми қызметкері, А.М.Сүлейменов "Қазақстан тарихы" веб-порталында жарияланған материалдар Қазақстан тарихын ежелгі заманнан бүгінгі кезеңге дейінгі уақыт аралығын қамтып, барлық қоғамдық пәндерді оқытуда пәнаралық байланысты күшейтуде, сонымен қатар еліміздегі патриоттық сезімді нығайтуда аса маңыздылығына тоқталды.

Тарих және  этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Қ.Ш.  Әлімғазинов өз сөзінде веб-порталдағы материалдардың сапасына тоқтала келе, «e-history» электронды журналын шығару мәселесін қолға алып, Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты материалдарды үзбей жариялап тұрса, веб-порталды пайдаланушылардың қатарының өсетіндігін келтірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті  Э.Д. Телеуова білім беру жүйесінде ұлттық тарихты оқытуда тарихшы ғалымдар мен тарих пәнінің оқытушылары біріге отырып ортақ бір жүйеде жұмыс атқаруларына веб-порталдың әсері зор болып отыр  деген тұжырым жасады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен қатысқан аға оқытушысы Б. Ахметбек веб-порталдың жоғары оқу орындары студенттеріне тигізер  маңызына, веб-порталға осы уақытқа дейін Сыр өңірі тарихына қатысты жіберген материалдарға тоқталды.

Тарих және этнология институтынан сөз алған т.ғ.к. З.К. Ноғаева, т.ғ.к., доцент З.М. Төленова, т.ғ.к. А.Т. Абдулина жәнет.ғ.к. Г.Ү. Орынбаевалар веб-портал бойынша ұйымдастырылған этно-тарихи экспедициядан жинақталған материалдардың тарихи маңыздылығын саралады.

Ғылыми-практикалық семинар жұмысын пікір алмасулар мен келген қонақтар өз ұсыныстарын айтып қорытындылады.

918559996f19f12c117f3160d83bb997.JPG

f28e2558342602783fe0a8fbfab7c66d.JPG

9a3ed05d4bc262e9111060e02f7c32d4.JPG

ecac05fcbd8fdac1c710e6cab274bf7d.JPG

79ce14a4b9908aa44c580588ac0a8cc7.JPG


Сауалнама

Ұлттық үлгідегі қандай киімді тұтынасыз?