Жарияланымдар

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел

13 Ақпан 2014
145
0
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел
Ғылымның дамуына жаңа мүмкіндіктерді ашатын, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқы үшін ынта ретінде болуы тиіс.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультеті магистранттарының қатысуымен Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына арналған дөңгелек үстел өткізіліп, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Д.А. Рахымқұловтың  кіріспе сөзімен басталды. Ол бұл дөңгелек үстелдің мақсатын Елбасымыздың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауда айтылған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтап қалу, жаһандану заманынында әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы елдерінің ұзақ мерзімді Стратегиялар арқылы қол жеткізген жетістіктерін үлгі етіп алуда деп атап өтті. Сонымен қатар жастардың Жолдауды іске асырудағы рөлі мен қызметіне тоқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Б. Қозғанбаева бас баяндамасында Елбасының биылғы Жолдауын ұзақ мерзімді орындалуды қажет ететін тарихи құжат дей отырып, оны екі кезеңге: «Қазақстан – 2030» Стратегиясы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясына бөліп қарастыра келе биылғы Жолдау еліміздің білім мен ғылым, экономикалық, әлеуметтік салаларын  дамытуда жасалып отырған қадам екендігін нақтылады. 

Институттың ғылыми қызметкері А.Д. Ареповада жасаған баяндамасында президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы былтырғы 2013 жылғы Жолдаудың заңды жалғасы екендігін айта келе, Жолдауда еліміздің болашақтағы даму бағдары айқын екендігін және мақсат пен міндеттер нақты көрсетілгендігін сабақтап өтті. «Бұл халқымыз үшін ерекше жолдау болды. «Мәңгілік ел» болу идеологиясы бүкіл халықты біріктіретін ұлы күшке айналары сөзсіз», - деді сөз барысында.

Ал ғылыми қызметкер Р.Д. Көбеев ғылыми хабарламасында қазіргі тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық  келісім мен тұрақтылықтың дұрыс жолға қойылғаны екендігін айтып кетті. Қазақстанға қоныс аударушылардың тарихи кезеңдерін саралай келе, «Халықтар достығының зертханасы» деп аталу себептерін түсіндірді. Елбасы Жолдауындағы «Мәңгілік Ел»  идеясы жалпы қазақстандықтардың ортақ үйі оларды, ортақ бір мүддеге біріктіретін, келісім мен бейбітшілікке бағыттайтын өскелең ұрпақты ұлтжандылық тәрбиесіне жол сілтейтін маңызды құжат екендігін атап кетті. 

Институттың ғылыми қызметкері Т. Әпендиев те сөйлеген сөзінде Елбасы жолдауында «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деп жастарды жаңа биіктер мен белестерді бағындыруға шақырып отырғандығын келтірсе, ал ғылыми қызметкер А.А. Абуов бұл Жолдаудағы ғылым мен білім жетістіктерінің инновациялық даму жолдарының әсеріне тоқталды.

Дөңгелек үстелге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан А. Қонқабаева, Е. Әбдіқалықов, У. Төлешова және басқа да магистранттар Елбасы Жолдауының білім мен ғылым саласындағы маңыздылығына, мемлекеттік тілді, сонымен қатар экономиканы дамытудағы берер бағытын саралап өтті.

Дөңгелек үстел соңында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультетінің магистранттары бірлесе отырып ғылыми ізденістерді жүргізу, өзара ғылыми байланыс орнату жөнінде қаулы қабылдады.

fca8e00b2b2e21dbd00f53ed3b4c36b0.JPG

4e65b8006314de375471fb9e1d79a4f1.JPG


Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?